2011 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде еліміздің жоғарғы оқу орындары ұстаздары мен өзге де зиялы қауым өкілдерінің бас қосуымен «Бейбіт қатар өмір сүру философиясы: Фетхуллаһ Гүлен үндеуі және Қазақстандық үлгі» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелде ғалымдар «Ф.Гүлен идеясының мәні неде?», «Өркениет пен мәдениеттер диалогында Ф.Гүленнің алар орны қандай?» деген сауалдарға жауап іздеді. Жаһандану заманында ұлттық мәдениет пен ата дініміздің бөтен ағымдардың ықпалына түсуіне түрткі болған себептер талқыланып, төл ділімізді сақтап қалудың түрлі жолдары ұсынылды. Ғаламдық мәселелерге ұлттық руханият пен төл дініміздің ғана ем болатынын айтқан ғалымның тұжырымдары қызу талқыға түсті.
Ұрпақ тәрбиесі кеңінен сөз болып, әлемнің жүзден астам елінде қызмет етіп жатқан Ф.Гүленнің бастамасымен ашылған білім мекемелерінің жұмысына баға беріліп, сарапқа салынды. Дөңгелек үстелдің тоқтаған тұжырымы – әлемдегі небір зұлымдықтың түбінде надандық пен қатыгездіктің жатқаны, ал бұны тек Ислам дінінің ғана қауқары жетеді дегенге саяды.