Фетхуллаһ Гүлен және қазіргі мәдениеттер мен өркениеттердің өзара сұхбаты
Бүгінгі таңда өркениеттер мен мәдениеттер сұхбаты рухани бірлік пен ынтымақты нығайтып, адамдардың кешірімшіл, мейірімді, төзімді болуын насихаттайды. Кез-келген жаңа ғасыр немесе жаңа мыңжылдық жаңа үміт пен жаңашыл бастаманың нышандарын ілестіреді. Адам ата мен Хауа анадан таралған адамзат баласы сенім мен үміт жетегінде күй кешіп, кезең көшін кері тастап, ғылымды дамытып, технологияның құзар шыңына қол созып отырған ақиқат ғасырда қай күні ғаламшардың жүрек дүрсілі соңғы рет соғады деген ішкі жан үрейін жасыра алар емес. Тарих тағылымына талап қойсаңыз айтатыны – екінші мыңжылдық крест жорықтарынан басталып, оның ізінше мұсылман әлеміне монғол шапқыншылығы белең алды. Алайда соғыс пен күйзеліске қарамастан дәл осы мыңжылдықта рухани, метафизикалық және мәңгілік құндылықтарға негізделген шығыс өркениеті мен ғылымға негізделген Батыс өркениетінің дамуы өзінің шарықтау шегіне жетті. Көптеген маңызды жағрафиялық ашылымдар мен ғылыми жаңалықтар дәл осы кезде өмірге келді. Алайда Шығыс пен Батыс өз бетінше дербес, бір-бірінен бөлек өмір сүрді. Бертін келе ғаламдық колониализм, түрлі сипаттағы төңкерістер, таптық дискриминация, әлеуметтік және экономикалық әділетсіздік барынша ушықты. Билік етуші материалистік дүниетаным адамзат пен табиғаттың тепе-теңдігін бұзды. Ал бұл үндестік материалды және рухани бағыттың ортақ тіл табысуымен тұрақтанады. Қарама-қайшылықтарды дін табыстырады. Әртүрлі діндер арасындағы танымдық сұхбаттың мақсаты – рухани бірлік пен татулық, сонымен бірге діннің жан-жақтылығын қолдау болып отыр. Жалпы мұсылмандар мен христиандар он төрт ғасыр бойына бір-бірімен күресті. Батыс әлемі исламның әскери қуатын әлі ұмытқан жоқ. Бірақ соны үнемі ойда ұстап тұру қажет пе? «Қазіргі христиандық және исламдық өркениеттер қақтығысына құрылған әлемдік схеманы біз қабылдай алмаймыз, бізге қажеттісі бейбітшілік және келісім. Бұл өмір сүрудің ешқашан бұлжымайтын тұрақты қағидалары, осыларды әлемдік саясатта бұзғысы келетін саяси күштер, идеологиялар күннен күнге өсіп әрі күшейіп келеді... Террормен күресу үшін елдерді бомбалау деген әділ саясат емес. Мұндай саясат өміршең болмайды», – дейді Ғ.Есім [1. 132].
Бүгінгі ғасырымыздағы Батыс пен Шығыстың теке тіресуі ешкімге пайда әкелмейді. Керісінше мәміледе жан бағып, шат-шадыман болу қайта ғажайып қой. Мысалы, Батыс әлемі ғылыми, технологиялық, экономикалық және әскери қуатты орта, ал Шығыс қоғамы бұзылмаған таза, тамыры Құран мен сүннеттен коректенетін тірі рухани дәстүрлерді иеленіп отыр. Сондықтан да екі ғаламның адамзаты бір-біріне көз аларта бермей, татулық пен үндестіктің жолын тауып табысқаны абзал. Оның негізгі элементі – махаббат. әл-Фараби, Ибн Сина, Жүсіп Баласағұн, Яссауи, Абай, Мағжан сияқты кемеңгерлер кілтін тауып, сырын ашқан махаббаттың қайта жаңғырып, санаға сәуле беріп, дәл сол махаббат арқылы мәңгілік жанашырлық пен қайырымдылыққа ұмтылу керек. «Махаббатты терең философиялық түсінуді қайта жаңғырту қажет, ол жас адамды өз ортасында үйлесімділікке, түсіністікке әкеледі және қоғамды әлеуметтік жатсынудан құтқарады, өзіне деген махаббаты басқаға және бүкіл әлемге деген махаббатқа жеткізеді. Бұл сезімге жастарды жүйелі түрде тәрбиелеу қажет» [2. 277].
Басқаның қамын ойлайтын, басқалар үшін өзінің пайдасынан безуге дейін баратын қамқорлық іс-әрекет қана махаббатты туғызады. Қастандық пен зұлымдық ғаламды тозаққа, жеті тамұқтың түбіне айналдырады. Рухани тәртіп пен қайырымдылықтың негізгі элементі – төзімділік. Жомарт болу, әділ болу, қайырымды болу әлем мен адамзаттың мақсат мұратына айналу керек. Білім мен мінез-құлық негізгі құндылыққа айналған жерде ғана ақиқат өркениет пайда болады. Ғылымның шыңына жеткен Батыс әлемі бүгін мінез-құлықтық жағынан кемтар, ал сырын ішінде сақтайтын Шығыс рухани қуатты табиғатпен жақын. Сондықтан да болашақ өркениет Батыстың ғылыми жетістіктері мен Шығыстың сенімі мен этикасы арасындағы синтездің қалыптасуын қамсыздандырғаны қажеттілік. «Мәдениеттердің даму тарихында ортақ құбылыстарды тапқанда да, өз кезегінде, олардың шынайы кеңмәтіні мен өзгешелігін, көзден таса қылмау керек. Батыстағы Ренессанс грек-рим мұрасының кең көлеміне және әсіресе оның өнермен байланысты бөлігіне шыға алды. Шығыс Ренессансы, ең бастысы антик ғалымдығымен рухтанып, нақтырақ айтсақ, аса интеллектуалдық сипатта болды» деген пікір білдіреді А.Х. Қасымжанов. [3. 45]. Соңғы кездері Батыс пен мұсылман елдері арасындағы сұхбаттың негізгі тақырыбы – демократия мен адам құқығы болып отыр. Бұл мәселелердің жалпы тұтастығы қызығушылық тудырады. Әсіресе мұсылман әлеміндегі демократияның дамуы, сонымен бірге адам құқықтары принциптерін бекіту және әртүрлі өркениеттер мен мәдениеттер арасындағы сұхбатты қолдау өте-мөте өзекті тақырып. Әсіресе Батыс публицистері мен аналитиктерінің исламға шексіз күмәнді шабуыл жасауы қателік. Олардың пікірінше ислам принциптері мен институттары демократиялық құндылықтарға кереғар сипатта. Сол себепті мұсылман елдерінің демократияны нығайту бағыты исламның саяси және құқықтық дәстүрлерінен бас тартқан кезде ғана баянды болмақ. Бұл ұстанымды Батыс пен Ресейдегі либеральды демократия өкілдері қолдайды. Осыдан барып мұсылман экстремистерінің шектен шыққан кесірлі әрекеттері белең алуда. Түсінбеушілік осы жерден басталады. Сондықтан да шынайы төзімділік пен сыйластықты орнатқан жөн болар еді. Шығыс қоғамы онсызда әлемдік жаңаруға ұмтылып, соған бейімделуге тырысады. «Көптеген мұсылман елдері – Түркия, Иран, Сауд Арабиясы, Мысыр, Пәкістан және басқалары өздерінің ғылыми саясаттарын қайта қарастыруға тырысып келеді.
Осы мақсатпен аталған елдер өз күштерін ислам конференциясы ұйымы мен ғылым, технология және даму жөніндегі исламдық қор сияқты ұйымдардың шеңберінде біріктірді» [4. 147-148] деген қорытындыдан олардың өзіндік даму үрдісі терең және қарқынды деген ойда қаласыз. Барлығымызға белгілі ислам өркениеті ғылыми құндылықтардың әсіресе астрономия, математика, медицина, теңіз навигациясының іргетасын қалады. Қосып айтарымыз, әлемдік құқықтық ой-сананың жетілуіне ықпалды болған танымал мұсылман заңгерлері мен саяси ойшылдарының еңбегі орасан зор. Исламдық құқықтық мәдениет шеңберінде әртүрлі пайым қалыптастырып, мемлекетті басқару қызметіндегі мемлекет пен тұлға қарым-қатынасының ережелерін айқындады. Алайда бұл тұжырымдамалардың кейбіреуінің беделін түсіріп жүрген азын-аулақ топтар туралы айтпасқа болмайды, олар шала сауатты мұсылмандар. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген халық даналығы осы жерге тиесілі секілді. Саяси экстремизм өкілдерінің жаңсақ жаңылыстары бүкіл мұсылман әлеміне кір келтіруде. Соны жалпы Батыс әлемі дұрыс түсінсе керемет болар еді. Ислам құқықтық дәстүрлері мен көзқарастары бүгінгі таңда тұрақтылық, адамның өмірін, абыройын және намысын қорғау, сұхбат, өзара келісім мәселелері төңірегінде ізденіс жасауда. Бұл позицияны бірқатар мұсылман ойшылдары, заңгерлері, философтары мен саясаттанушылары құптап отыр. Олар демократияға қатысты маңызды ислам ерекшеліктерін айқындауда. Ислам саяси теориясы ерекше икемді бейімделгіш, белгілі бір биліктің қатып қалған шеңберінен шықпайтын қатал да бірбеткей емес. Керісінше ислам саяси ой-санасы теңдікке, әділеттілікке қатысты іргелі құндылықтарды құптайды. Қазіргі заманда ислам құқығы ірі құқықтық жүйе болып табылады. Басқа құқықтық жүйелермен үндес. Әрине, құқық пен мемлекетке қатысты исламдық және батыстық пікірлерді бірегей деп айта алмаймыз. Алшақтық бар. Мысалы, исламда сайлау, парламенттік құрылым, саяси партиялар маңыздылық сипатқа ие бола алмайды. Осы жерде дін, өмір, пайым, ар-намыс, меншік сияқты құндылықтар басқаша сипатта көрініс береді. Ол шығыстық менталитетпен айқындалады. Осы мәселе төңірегінде ислам әлемінің көрнекті өкілі Фетхуллаһ Гүлен [5] өте маңызды тұжырымдарды алға тартады. Гүленнің ойынша демократия ұғымын мұсылмандар «шура» – өзара кеңес яғни ұжымның тағдыры шешілетін кезде жекелеген қауымдастықтар мен жалпы барлық қауымдастықтардың өзара кеңесіне негізделген тұжырымдамасы арқылы қабылдайды.
Бұл принцип мұсылман қоғамдық өмір үлгісі мен мемлекеттік билік кезінде қолданылады. «Шура» институты мағынасы жағынан жаңашыл демократия мәнімен төркіндес [5. 292]. Басқаша айтқанда, билікті реттеу мен саясат мәселесі төңірегінде «шура» принципі демократия талаптарына сай өмір сүреді. Яғни демократия дегеніміз – халық билігі, ал «шура» өзіне тиесіліні өзі шешетін халыққа қатысты мәселелерге кепілдік беретін ислам принциптерінің тұтастығы. Олай болса, демократия негіздері мен «шура» бастамалары өзектес. Бұл екі түсінік бір-біріне қарсы емес. «Шураның» мақсаты дінді қаралап, жоққа шығармай-ақ өзара келісімге келе отырып теңдік пен ақыл-ой еркіндігін жариялау. Ұжымдық келісімге келу принципі саяси мақсаттарға қол жеткізуімізге көмектеседі. Қоғамдағы саяси нәтижелердің зорлықпен жүзеге асқаны кімнің болсын наразылығын тудырады. Жаңашыл қоғамды мәжбүр етіп, күшпен құра алмайсыз. Ұтымды дәлелдемелер мен нанымды деректер кез-келген құндылықтың өміршең болуына жол ашады. Күшіне сенетіндер интеллектуалды дәрменсіздер. Жалпы ислам жаңашыл адам құқығы тұжырымдамасына ешқандай қарама-қайшы емес. Түріне, түсіне, тіліне қатысты дискриминацияны жоққа шығаратын адам теңдігін жариялайды. Жалпы демократияның өзі әлі де болса мүлтіксіз, жетілген толық жоғары сатыға, кемелділікке ұмтыла беруі керек. Сондықтан да барлығымыз жеке құқықтар мен бостандықтар қорғалатын демократиялық институттардың жаңарту мен нығайтуға ұмтылудамыз. Демократия ұзақ уақыт бойына дамып, әртүрлі өзгерістерге ұшырап отырды. «Демократия мен еркіндік либералдық құндылықтар деген түсініктерден демократия мен еркіндік тұлғаның өзіндік дамуы мен өзіндік жүзеге асуының мүмкіндігі дегенге дейін өрбуде. Демократия категориясы және оның адам өміріндегі рөлі әр түрлі тұжырымдалады» [6. 89]. Өткен тарихи кезеңдері сияқты болашақта да талай өзгеріске ұшырап жетіле береді. Дәл осы кезде исламдағы теңдік, толеранттылық және әділеттілік принциптері осы процеске көп септігін тигізеді. Әрине, Құран мен сүннет жазбалары мен ислам юриспруденциясының тура нәтижелері қайта қаралып, қоғамдық өзгерістерге лайықталып жаңадан негізделгені артық болмайды. Сондықтан да батыс демократиясын жаңашыл мұсылман әлемі қорықпай-ақ кәдесіне жаратса нұр үстіне нұр болар еді. Тек батыстық демократия исламдық формадағы тұрпатқа енеді. Ал мұндай іштесу мен тоғысу жаңадан зиялы және діни саяси тұжырымдамалардың үйлесімділігіне мүмкіншіліктер жасайды. Сонымен бірге барлығымыз білеміз биліктің исламдық формасының жаңашыл демократиялық билік формасымен ортақ тұстары жоқ емес. Исламның саяси тұжырымдамасының өзі демократиялық мінездемеге ие. Қазіргі мұсылман қоғамында ислам мәдениеті саяси салада ғаламдық сипаттағы демократия формаларымен өзара ықпалдасып қатар өмір сүріп отыр. Осылайша модернизация мен демократизация тұжырымдамасы исламдық дәстүрлер шеңберінде батыстық саяси демократия жетістіктерін қабылдай алады. Мұсылман әлемі мен Батыс қоғамы өзара жақындасып, мәміле жасап, ғаламдық кесапатқа айналып отырған халықаралық экстремизм мен терроризм ошақтарын еркін құрта алады. Бүгінгі әлем құқықты кең мағынасында түсінгені дұрыс. Мысалы, ислам құқықтық ой-санасы өркениет дамуында белсенді және көрнекті рөлді иеленуі керек. Ислам юриспруденциясы ислам өркениетінің маңызды бөлімі екендігін ұмытпаған жөн. Батыс әлемі өздерінің құрған тәртіп ережесінен аспаймыз деуі қателік болар еді. Керісінше ғалым-заңгерлер білім мен зердесін кеңейту үшін мұсылман құқығын қарастырса, көп пайдаға кенелер еді. Зиялы және діни мұраттар мен құндылықтар бір қоғамның шеңберінде еркін өмір сүре береді. Жалпы өзіміздің еліміздегі кейбір рухани тәжірибе мен моральға мән бергеніміз дұрыс. Бүгінгі таңда әртүрлі діндер арасындағы сұхбатты тұрақтандыру өте-мөте қажеттілік. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың ықыласымен Астанада тұңғыш рет ғаламдық және дәстүрлі діндердің өкілдерінің қатысуымен съезд өткізілді. Бұл дәстүрге айналып отыр. Бірегей унитарлы мемлекет аймағындағы әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың бейбітшіл көңіл-күйі үлгілі мемлекет мұратының негізгі нысаны. Біз әлемге үлгі боламыз. Планетарлы этика принциптерін қабылдауға дайынбыз. Адамдық қарым-қатынастардың қазақстандық үлгісін әлемге танытамыз. Жаңа әлемдегі ұлттық қатынастардың жаңа түрін белгілейміз. Өйткені әлем соған кетіп барады. Терроризм мен зорлықты артқа тастап планетарлы сенім мен келісім этикасына сапар шекті. Бүгінгі таңда ұлттық гуманистік қозғалыстар адамилық мәнге ие болып отыр. Планетарлық этика дегенде адам мәнінің өзіне – оның рухани-адамгершілік бастауына тән адамгершілік нұсқаулар мен әрекеттер ескеріледі. Басқаша айтқанда, планетарлық этика – бұл бүгінгі әлемде жан-жақты және барлық жерде таратылуы қажет адамгершіліктің қарапайым әрі жалпыадамзаттық нормалары [7. 536].
Кезіндегі діни, мәдени байланыстар енді жаңаша түрде бүгінгі ғаламдық хал-ахуалдың сұранысына орай жаңаша түрдегі мәдениеттер сұхбаты жаңа кейіпке ие болайын деп отыр. Басқа мәдени рухани кеңістікке еркін бойлап өзара өзекті мәселелерді еркін шешуге жол ашылған тәрізді. Қазақстан мұндай ұмтылыстарды құшақ жайып қарсы алады. Біздің толерантты көңіл-күйімізді сезінген халықаралық қауымдастық өзінің жоғары бағасын беріп отыр. Әлемнің бізді жете тануына тағы бір себеп, ол 2010 жылы Қазақстанның ОБСЕ-ге жетекшілік етуі. Бұл үлкен жауапкершілікті жүктейді. Қазақстан дәл бүгінгі күні өркениеттер сұхбатындағы Батыс пен Шығыстың арасын жалғастырушы көпір деп танылуда. Елбасымыздың өзі осындай сенімді нықтай түсу мақсатында көптеген халықаралық және аймақтық жобалардың ынталы көшбасшысына айналып отыр. Ислам теологы Фетхуллаһ Гүлен «Казахстансакая правда» газетіне берген сұхбатында елбасымызға өзінің ерекше ілтипатын танытады. Жалпы бір түйінге келер болсақ, түркілік философия және қазіргі мәдениеттер мен өркениеттердің өзара сұхбаты туралы пікірімізді зерделей келе адамзат құндылықтары бүкіл адам баласының игілігіне айналу керек, «Шығыс та жоқ, Батыс та жоқ, тек қана Күннің шығуы мен батуы ғана бар» деген кемеңгер азаматымыз Олжас Сүлейменовтың салиқалы пікіріне сай ортақ рухани қазынаны кең пейілділікпен бөліп-жармай ортақ мұрат-мақсатқа бағыттаған қайда маңызды болар еді.
Әдебиет:
[1] Есім Ғ.Е. Тәуелсіздік философиясы [[ Тәуелсіз Қазақстан философиясы. – Астана, 2006. – 20 т.
[2] Нысынбаев Ә. Махаббат – қазақ дүниетанымының өзекті мәселесі [[ Философиялық антропология. Мәдениет философиясы. Дін философиясы. Астана, 2006. – 19 т.
[3] Қасымжанов А.Х. Оймен ұғынылған дәуір [[ Фарабитану. –Астана, 2006. –16 т.
[4] Қадыржанов Р.Қ. Ислам ғылымы мен әдіснамасы қазіргі мұсылман ғалымдарының көзқарасымен [[ Ғылым философиясы және әдіснамасы. – Астана, 2006. – 15 т.
[5] Фетхуллах Гүлен и современный мир: толерантность, диалог, взаимопонимание. – Алматы, 2009.
[6] Нысанбаев Ә. Егемендікке ие болу мен нығаюы жағдайындағы қоғамдық сананың эволюциясы және жаңа құндылықтар жүйесінің қалыптасуы [[ Тәуелсіз Қазақстан философиясы. – Астана, 2006. –20 т.
[7] Нысанбаев Ә. Жаһандану және планетарлық этиканың қалыптасуы [[ Тәуелсіз Қазақстан философиясы. – Астана, 2006. – 20 т.
А. Қабылова, философия ғылымдарының докторы, профессор
- жасалған.