Сұхбат – бейбіт қатар өмір сүрудің негізі
«Диалог» грек тіліндегі өзінің бастапқы мағынасында екі адамның арасындағы әңгіме дегенді білдірді. Оның мәні жалғыз адамның бірсарынды әңгімесі – монологпен салыстырғанда, екі немесе одан да көп адамдардың пікір алмасуын білдіретін сөздік коммуникацияның бір түрі деп есептеледі. Әдетте, диалог ұғымы драматургия мен театр саласында көп қолданылады. Сондай-ақ ол Платон шығармаларының арқасында философиялық жанр ретінде де белгілі болды. Оның рухани ұстазы Сократ ақиқатқа пікір таластыру арқылы жетуге болады деп есептеп, философиялық толғанудың диалогтық мәдениетін қалыптастырды. Ақпараттық сипаты басым тілдік комуникациялардың теориясы ретіндегі, дискурстың логикасы немесе инконтрология ретіндегі диалогтың бұл формасы қазіргі философияда да орын алып отыр. Ал тұлғалық сипаттағы диалогқа келер болсақ, субъективизм философиясы ретіндегі метафизикаға қарсы ойлаудың жаңа формасы ретіндегі диалог философиясы ХХ ғасырдың 20-жылдары Франц Розенцвейг мен Мартин Бубердің еңбектерінде көтерілсе, М.М. Бахтиннің антропологиялық және эстетикалық рефлексиясында жалғасын тауып, болмыстың бұл диалогиялық ойы мен түсінігі қазіргі әлемдік көпөрісті мәдениеттің парадигмасына айналып келе жатқандай.
Қазақ тілінде бұл термин сұхбат деп орынды аударылып жүр, жаңалыққа жаны құмар дәстүрлі қазақы түсінікте бұл қарым-қатынас үнқатысуды, дидарласуды, хабар-ошарласуды аңғартады. «Адам күні адаммен» ұстынын жоғары қойған қазақтың ауызекі мәдениетінде сөздің құдіреті жоғары бағаланып (оған көптеген мақалдары арқылы көз жеткізуге болады), «бес күн қонақ өмірде» сіз-біздік сыйластықтың адами қарым-қатынаста өте маңызды орын алатыны мойындалады. «Атақ-дәреже – ұзатылған қыз, байлық – еріп кетер мұз, қалатыны – сіз бен біз» деп ой толғайтын сайын даланы мекендеген қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарының ішінде алдыңғы орынды алатын қонақжайлылық оның сұхбатқа бейім кеңпейілділігінен хабар береді.
Алайда сұхбат сөзінің араб лексиконынан (схб – түбірінен шығады) енгенін айта кету керек және бұл диалогтың полисемантикалық мағынасының тағы бір қырын айқындайды. Сахаба сөзінің өзі Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) заманындағы кеңес құрудың қаншалықты маңызды болғанын көрсетеді. Әрбір жауапты шешім қабылдардың алдында пайғамбарымыз өзінің жанындағы серіктерімен ақылдасып отырған. Ислам рухы мен философиясындағы сұхбат адамның дәреже-деңгейі тұрғысынан өзінен үстем немесе төмен немесе тең адаммен кездесіп Алланың разылығын таптыратын және пайғамбарымыздың ұнатқан нәрселері туралы айтып, кеңесу дегенді білдіреді. Сұхбаттың мәні мен маңызы туралы ислам ғұламалары мынадай ойлар мен хадистерді жеткізеді: «Сұхбаттың мәртебесі бүкіл мәртебелерден жоғары, ұлылардың сұхбатын үлкен ғанибет деп білу керек... Қырық күн ішінде бір ілім сұхбатында болмаған адамның көңілі қараяды. Үлкен күнә істей бастайды, өйткені ілім көңілге өмір береді. Ілімсіз ғибадат болмайды» (Имам Раббани); «Ғалымдардың сұхбатына қатысыңдар, оларға жақын отырыңдар! Өйткені Алла тағала жаңбырмен өлі топырақты тірілткендері сияқты, өлі көңілдерді де хикмет нұрымен тірілтеді» (Табарани); «Бір рет салих кісінің сұхбатында болу, қаншама рет жаман адамдардың сұхбаттарында болудың күнәларына кәффарат (кешірім) болады» (Дәйләми). Ислам дініне сәйкес, сұхбат жүргізетіндей ғалым болмаған кезде бұрын өмір сүрген әһли сүннет ғалымдарының кітаптарын оқу керек. Бір ғалымның кітабын оқыған адам жартылай онымен сұхбаттасқан болады.
Дана Абайдың «жолдастық, сұхбаттастық бір үлкен іс, оның қадірін жетесіз адам білмес», дегенде де, сұхбаттың осы бір мағынасына көңіл бұрып тұрған тәрізді. «Кеңесіп пішкен тон кем болмайды» демекші, ислам дінінің көптеген елдер мен жерлерге, ұлттар мен ұлыстарға бейбіт таралуының өзі, оның мейірімділігі мен бейбітшілік сүйгіштігінің, осы сұхбатқа ашықтығы мен толеранттылығының салдарынан болар.
Ал қазіргі кезеңде бұл сөздің ұғымдық арнасы мейлінше кеңейіп, оның маңыздылығы мен өзектілігі арта түсті. Сұхбат сөзі енді қарым-қатынастың әр алуан деңгейлері мен қырларын, мысалы, әртүрлі дәуірлердің, халықтардың, мәдениеттер мен өркениеттердің, өткен шақ пен осы шақтың, Шығыс пен Батыстың, дәстүр мен жаңашылдықтың, сондай-ақ діндердің арасындағы өзара түсіністікті сипаттайтын кең ауқымды ұғымға айналды. Өйткен себебі, соңғы ғасырлардағы ғылыми-техникалық ақпараттық төңкеріс пен ғаламдық өзгерістер әлеуметтік кеңістікті «сығып» тастады және қоғамдық-экономикалық үдерістердің дамуына жарылыстық сипат беріп, уақыттың жүрісіне шектен тыс шапшаңдық қосты. Жаhандану үрдісінің қарқын алуымен Жербесік «кішірейіп», ол біртұтас адамзаттың бірге өмір сүруі үшін «тарлық» қыла бастады.
Оның үстіне, адамзат тарихындағы ең қасіретті жиырмасыншы ғасыр бізге оңай мұра қалдырған жоқ: діни экстремизм, фанатизм, терроризм, ұлтаралық соғыстар мен қақтығыстар, рухани азғындық, экологиялық және антропогендік апаттар.
Осыған орай, қарым-қатынаста орын алып келген келіспеушіліктер мен қақтығыстарды күшпен және әскери үстемдікпен реттеудің тарихи қалыптасқан практикасы көнеріп, жаңа әлемдік тәртіпке сай, қатар өмір сүріп аралас-құраластық жасаудың баламалы құрылымдарына деген қажеттілік туындады. Қақтығыстардың жаhандануына сұхбатқа негізделген өзара келісімді жаhандандыруды қарсы қою керектігі сезілді, адамзаттың мұнан басқа таңдауы да болмай тұр. Бебітшілікті, тұрақтылықты, қауіпсіздікті қамтамасыз ету әлемдегі адамзаттық болмыстың рухани негіздерін сақтап қалатын діндер мен мәдениеттер арқылы іске асатыны даусыз. Төлтума ұлттық мәдениеттер мен рухани дәстүрлерді жаhанданудың жойқын ықпалынан сақтап, олардың арасындағы өзара түсіністікті қатынасты қалыптастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Соғыстар мен қақтығыстардың орнына жоғарыдағы ойға негізделген жалпыпланетарлық этиканы қалыптастыру туралы әлемнің түкпір-түкпірінде әр алуан жиындардағы мінберлерде көп айтылуда, ЮНЕСКО тәрізді халықаралық ұйымдар да осы көкейтесті мәселе төңірегінде ауқымды шаралар атқаруда. Әрқилы діндер мен мәдениеттерді ұстанатын әртүрлі ұлт өкілдері мекен ететін біздің унитарлы мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясаты да дінаралық, ұлтаралық, мәдениетаралық сұхбат пен келісімді қолдайды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Әлемдік және дәстүрлі діни конфессиялардың Бүкіләлемдік съездерінің Астанада өткізілуі де осының куәсі.
Қазіргі экологиялық апат жағдайындағы қоршаған ортаны адамдардың одан ары ластауы және өзімшіл тұтынушылығы, әлеуметтік және табиғи сілкіністер, ғаламдық жүйелі дағдарыстың нышандарының пайда болуы, сондай-ақ адамның жаттануы мен тамырдан ажырап жалғызсырауы нәтижесіндегі сенімсіздік келешекті тұманды етіп көрсетеді. Осыған жауап ретінде бүгінгі күні дін рухани қажеттілік ретінде көзге түсіп, дінаралық келісім мен сұхбат уақыттың талабына айналып отыр.
Соңғы кездері лаңкестік ұғымы ислам дініне теңгеріліп айтылатын үрдіс байқалады. Қазақы дәстүрлі түсінікте «лаңкес» деп, әдетте, айқай-шу, ұрыс-керіс, дау-дамай тудырушы, яғни қалыптасқан тұрақтылықты бұзушы адамдарды айтқан. Қазіргі күні «лаңкес» сөзі көбіне діни төзімсіздікпен байланыстырылып, діни және саяси экстремистерге, террористерге қатысты ғылыми әдебиеттерде де, ақпарат құралдарында да, ауызекі әңгімеде де қолданылып жүр. Экстремистер мен террористер қоғамның бейбіт өміріне іріткі салатындықтан, бұл терминнің бүгінгі қолданысы өзінің дәстүрлі ұғымына сай келетін сияқты. Алайда мәселенің екінші жағы тағы бар. Адамдар арасындағы қатынас әділеттілікке негізделіп құрылуы тиіс, ал оған қол сұғылып, менмендік, өктемдік, озбырлық орын алған жағдайда оған төзімсіздік танытып, қарсы әрекетке шығу жеке адамдарға да, әлеуметтік қауымдарға да тән табиғи оңды құбылыс. Демек, әділетсіздікке қарсылықты лаңкестікке телуге болмайды.
Қазіргі әлемдік саясатта лаңкестік - өзекті мәселелердің бірі. Жаhандану жағдайында маңызды деген көптеген мәселелердің жекелеген мемлекет аясынан тыс шығып кететін тұсында жергілікті, оқшау аймақтардағы діни, ұлттық, саяси қақтығыстар әлемнің назарын еріксіз өзіне аударады. Бірақ соңғы уақыттары жаhандануды желеу етіп, солтүстіктегі экономикалық, технологиялық, әскери тұрғыда дамыған елдердің оңтүстіктегі дамушы елдердің ұлттық-мемлекеттік егемендігіне қол сұға бастағандығы байқалады. Табиғи ресурстардың сарқылуы барысында шикізат көздеріне ие болу, саяси ықпал мен гегемонияға ие болу мақсаты лаңкестікке қарсы күреспен бүркемеленіп, кейде жағдайдың шиеленісуі әскери араласумен аяқталып та жатыр. Ұлыбританияның Аргентинаға қарсы, АҚШ-ң Иракқа қарсы, Ресейдің Шешенстанға қарсы, Израильдің Ливанға қарсы таңған соғыстары, сіз айтқандай, алпауыт елдердің өзге елдерді бағындыруының құралы емес пе деген ойға жетелейді. Сондықтан да лаңкестік деп сипатталған құбылыстарды ой таразысына салып барып, әділетті түрде бағалау керек.
Дәл сол сияқты толеранттық сана мен толеранттық қатынас мәдениетін орнықтырудағы әлемдік қауымдастықтың әрекетін қалай түсінуге болады? Халықаралық қауымдастықтың қабылдаған толеранттылық ұстындарын барлық ел бірдей қабылдай ма? Толеранттылық идеологиясының астарында бір біріне қарама қайшы саяси және экономикалық мүдделер жатқан жоқ па? Осы орайда халықаралық тұрақтылыққа қайшы келетін тұжырымдамаларды жойып, оларды толерантты концепциялармен алмастыру туралы Даллестің жоспары еске түседі. Бұл жоспардың мақсаты АҚШ-ң әлемдік үстемдікке ие болып, қалған қауымдастықтарды өзінің бағынышты жағдайына көніп, төзімді болуына мәжбүрлеу екені белгілі. Бұл жағдайдан төзімділермен төзімді болып, төзімсіздермен төзімсіз болу тәсілі келіп шығады.
Десек те, бүгінгі әлемде өріс алып отырған сұхбаттастық үрдісінің алғышарттары мен тәжірибесі адамзат тарихының өн бойынан табылмай ма, адамзаттың тарихы бірыңғай соғыстардан тұра ма, адам жаратылысынан өзімшіл ме әлде иманы мен ақылына сүйене ме, төзімділік пен өзара келісімді қамтамасыз ететін не, дінаралық сұхбат мүмкін бе деген сұрақтар туындайды. Осындай сұрақтардың тұтастай кешенін философиялық пайымдау диалогтың тарихи тәжірибесін күн тәртібіне шығарады, тарихи сананың қойнауына сүңгіп, ретроспективалық өткен шақ тағылымын бүгінгі күн мен таяу перспективада қолданудың мүмкіндігін іздестіруге итермелейді.
Адамдар арасындағы диалогтың рухани және тарихи негіздерінің түбірі дінде екенін баса айту қажет. Адамзат тегінің тағдырларының қалыптасуына, адамдардың бір бірімен өзара қатынасына ықпал етіп келген және оны одан ары жалғастырып келе жатқан факторлардың арасындағы анағұрлым күштісі діни әсер болып табылады. Діни фактор барлық әлеуметтік институттардың негізінде жатыр және ол – адамдарды біріктіретін аса күшті импульс. Өте көптеген жағдайларда діни байланыстар нәсілдік, территориялық немесе тіпті отбасылық байланыстардан да мықты болып шығады. Бір Құдайға табынатын, бір сенімді ұстанатын адамдардың бір-бірімен қатынасы бір отбасының мүшелерімен салыстырғанда, тіпті туған бауырларға қарағанда мығым әрі орнықты келеді. Дін адамның ішкі сенімі мен оның өмірінің экзистенциалдық мәнін анықтап қана қоймай, оның сыртқы өмір сүру тәртібін де айқындайды. Оның үстіне, кез келген дін (алғашқы қауымдық тұрпайы наным-сенімдерді айтпағанда) адамдарды иман мен сенімге, береке мен бірлікке, әділдік пен бейбітшілікке, өзара сыйласымды қарым-қатынасқа шақырады.
Адамдар арасындағы диалогқа жетелейтін жолды ислам дінінің негіздерінен де табуға болады. Бұл дін бойынша, Мейірімділік Аллаhтың негізгі сипаттарының бірі және оның шуағы адам баласының бейкүнә жаратылған сәтінен де, тіпті мал екеш малдың төліне деген аналық махаббатынан да, тамылжыған табиғаттан да көрініс беріп тұр. Мейірім мен сүйіспеншілік сезімі кез келген күшті тойтарып, оны жеңе алатын ұлы қуат әрі толассыз нұр.
«Ислам» сөзінің өзі «амандық», «бейбітшілік», «мойынсұну» деген ұғымдарды білдіреді. Ислам адамнан Алладан басқаға тәуелді болмауды талап ете отырып, оның қажеттілік жағдайына қарай, отбасымен, қоғаммен, ұлтпен, мемлекетпен және, тіпті, бүкіл адамзатпен органикалық байланыста болу ұстынын ұстанады. Оған қоса, ислам басқа діни жүйелермен салыстырғанда, метафизикамен, тек жалбарынумен, медитациямен немесе құлшылықтың басқа да индивидуалды түрлерімен шектеліп қалмайды, ол адам өмірінің әлеуметтік, саяси, құқықтық, экономикалық және адамгершілік қырларында белсенділік танытуды құптайды. Ислам тек діни дүниетаным ғана емес, ол өмірдің тәртібі, белсенді өмір сүрудің мәдениеті. Исламды сыртқы формалды түрде ғана емес, ішкі мәнін түсіне ұстанған жағдайда, ол көркем мінезді тұлға, адал азамат, салауатты отбасы, ізгі қоғам қалыптастыруға оң әсерін тигізеді.
Осы орайда бүгінгі біздің заманымыздағы ең көрнекті әрі танымал ислам ойшылдарының бірі (тақуалық өмірді құп көретін оның өзі мұны мойындамаса да), жоғарыда аталған ислам ғұламаларының дәстүрлі жолын қазіргі заманға сай жалғастырып, диалогтың теологиясын негіздеп, дінаралық сұхбат, толеранттылық пен келісім жолын насихаттап жүрген түрік қайраткері Фетхуллаh Гүленнің ойларына құлақ түрудің реті келіп тұр: «Сүйіспеншілік адам жанын көктерге шарықтатып, оны мәңгілікке дайындайды. Адам жүрегіне бастайтын жол сүйіспеншілік арқылы ғана іске асады. Тіршіліктегі барлық нәрсе мейірімділік пен жанашырлықты жоққа шығармайтындықтан, мұны бір мейірімділік симфониясы деуге де болады... Кешірімділік те ең ұлы құндылық. Кешірімге ие болу – пенденің тәубесіне келіп, іштей тазаруға, бастапқы болмыс бітіміне қайта оралуға тырысуы. Біз біреулердің кемшілігіне көңіл аудара бергеннен гөрі, өзгелердің ой-пікірлерін құрметтеуді үйреніп, кешіруге болатын нәрселерді кешіре білуіміз керек. Рухани жанымыз бен ойымызды кіршіксіз ұстауға септігін тигізетін бұл қазыналардың пайдалы жағын ала білуіміз керек... Рухани тәртіп пен мейірімділіктің қайнар көзі болып табылатын сабырлық – рухани күштің ең маңызды бөлігі. Ол жақсы адамды жаңа бір тереңдік пен кемелдікке жеткізгенде, кемшіліктер мен қателіктер көзге көрінбей кетеді... Біз Аллаhтан сүйіспеншілік пен мейірімділік, сабырлық пен кешірімділік, жомарттық пен жақындықты күтеміз. Ал біз өзгелерге осы айтылғандардың бірін де көрсетпей тұрып, осылардың орындалуын күтуге құқылымыз ба?». Осылайша түрік ойшылы сүйіспеншілік, кешірім және сабыр тәрізді үш ұлы қасиеттің ислам дінінің өзегін құрайтынын және адамдарды рухани сұхбатқа жетелейтінін көрсетіп береді.
Кез келген діннің, оның ішінде ислам дінінің терең рухани мазмұны қоғамға көптеген пайда бере алады. Біздің қоғам ең алдымен рухани салауаттылыққа мұқтаж. Және діндердің, егер олар саясаттандырылмаған жағдайда, қақтығыстан гөрі сұхбатқа жақын екендігі айқын.
Осындай «дөңгелек үстелдер» мен конференцияларда дінаралық сұхбат мәселесінің көтеріліп, талқылануы қазіргі әлемде діннің өте маңызды рөл ойнайтынын, діннің ізгілік пен бейбітшілік негізінде адамдар мен қоғамды топтастыра алатынын, діннің заман талаптары мен қауіптеріне лайықты жауап бере алатынын, діннің адамгершілік мәдениетті көтеретінін, дінаралық келісімнің игілік екенін мойындауға әкеледі.
Б. Саттершинов, философия ғылымдарының докторы, доцент
- жасалған.