Фетхуллаһ Гүлен шығармашылығындағы ұрпақаралық сабақтастық мәселесі

Фетхуллаһ Гүлен

Адамзаттың өміршеңдігі – ұрпақ жалғастығында. Адамның өмірі мәңгілік емес, оны мәңгілік ететін – ұрпағы. Қамшының сабындай болған өмірі, артында қалған лайықты ұрпағы болса, жалғасын табады. Жас буын алдына қарап, үлгі алса, артына қарай, үлгі беруге тырысады. Бұл ретте ұрпақаралық сабақтастықтың болуы басты шарт болып табылады. Өскелең ұрпақ – ел болашағы. Ертеңіне үмітпен қарайтын ел, бар күш-қайратын жас буынды қалыптастыруға арнауы тиіс. Ғылым мен технологияның озық үлгілерін меңгерген, бәсекеге қабілетті, креативті және инновацияшыл жастар буынын тәрбиелеу, оларға жағдай жасау басты ел мүддесі болып отыр. Бүгінгі таңда «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы тұжырымдама», «Интеллектуалды ұлт–2020», «Ғылым туралы заң», Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары және осы бағыттағы мемлекеттік маңызы бар шаралар осы мақсатты көздеп, ел болашағын қолға алатын білікті жастарды қалыптастыру ісін көздеп отыр. Ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруда білім, ғылымның, дәстүрлі құндылықтардың, діннің, мәдениеттің маңызы зор. Ата-бабадан келе жатқан дәстүрлерді бойға сіңдіре отырып, жаңа заман сұраныстарымен сабақтастыра алсақ, елдің жарқын болашағы баянды болары анық.

Қазіргі таңда өз елінің күйін күйттеп, елін қайткенде де жоғарыдан көрсетсем дейтін азаматтар әлемде баршылық. Әсіресе, жаһандық әлемде өз елінің бірегейлігін сақтап қалып, материалды құндылықтарға қарағанда, руханилықты басты ұстаным ретінде санайтын, сонымен қатар, жоғары технологияны заманауи сұраныс ретінде анықтайтын ғалымдар ел мүддесі үшін өмірлерін арнап келеді. Солардың қатарында Фетхуллаһ Гүленді атауға болады. Гүленді тану руханият мәселелеріне жаңаша қарауға мүмкіндік ашады. «Мәуләна, Гүленді түсіну дегеніміз – бүгінгі әлемді және сол әлемнің ішіндегі исламды түсіну», – деп ресей ғалымы В.И. Шеремет атап өткендей, Гүлен шығармашылығының жаһандық мәнінің басым екенін түсінуге болады.[1]

Фетхуллаһ Гүлен – интеллектуалдылықты руханилықпен, интелектуалдылықты даналықпен және өмірлік белсенділікпен сабақтастыра отырып, бойына жинақтаған жас буынды қалыптастыруды көздеген ғалым. «Түрік философы және педагогы өз жан тазалығымен тартымды болуының арқасында жан-жағына махаббат, қайырымдылық, келісім және үміт сияқты рухани құндылықтар арқылы жас ұрпақты жинай алды. Көбісі нарық пен бәсекелестік заманында мұның қалайша орын алып жатқанына таң қалады, дегенмен Гүленнің соңынан ерген жас интеллектуалдардың жаңа буынын қалыптастырып келеді», – деп Ә.Н. Нысанбаев атап өткендей[2], Фетхуллаһ Гүлен жастар тәрбиесінде ғылымның басым рөліне басымдылық береді. Ол: «Адамның басты мақсаты – кемел адам болса, оған тек білім мен таным арқылы ғана жетуге болады, шынайы адамзаттық прогресс тек қана білім арқылы ғана болмақ», – деген берік ұстанымда қызмет етеді.[3] Фрэнсис Бэкон «білім – ел мен халыққа пайда әкелгенде ғана күш» десе, Гүлен «білім бізге бақыт сыйлайтындай кепілдік бере алса ғана және адамгершілік шыңдарына жетелей алса ғана білім» болатынын айтып, білімді жинақтаған кезде оның рухани кемелді болуына басты назар аударған. Л. Сюкияйнен: «Фетхуллаһ Гүленнің интелелектуалды белсенділігінің өзі мұсылмандардың өз мұраларын дамыта отырып, рухани және ғылыми жаңару арқылы өз болашақтарын құра алатындықтарын айқын көрсетеді», – деп бағалағанындай, мұсылмандар прогрессі біздің уақытта ислам ғылымы мен білім беру жүйесіне тікелей байланысты екенін көруге болады[4] және Н.Ж. Байтенованың: «Фетхуллаһ Гүленнің позициясын байсалды деп сипаттауға болады, себебі қайсыбір доктриналық мәселені қарастырғанда немесе практикалық мәселені шешуде ол әрқашан салмақты позицияны ұстанады», – деген бағасына жүгінсек, кез келген іске таразы болғанда Гүленнің салқын ақылға жүгініп, нағыз діндар адамның сабырлығымен, шыдамдылығымен байыпты шешім қабылдайтыны байқалады.[5]

Гүлен шығармашылығына зер салсақ, ұлт мүддесі, ұлтты жоғары деңгейге шығару, осы мақсатқа жетуде жастардың рөлі, ұрпақаралық сабақтастық мәселесіне аса терең мән беріледі. Өз ұлтының елеулі азаматы, соның тірегі болуға ниеттенген азаматтың жеке мүддесін ұмытып, елдік мүддеге келгенде кішігірім нәрсені де есте шығармауы керектігін баса айтады. Барлық мәселелерді бірге талдап, көпшіліктің көзқарасын сыйлайтын ұлт қана ең пісіп жетілген саналады. Әрине бұл ретте «бұл адамдар бір діни және тілдік дәстүрде тәрбиеленіп, ортақ тарихи санаға ие болулары керектігін» Гүлен басты іргетас ретінде тұжырымдайды.

Ұлт мәселесі көтерілген кезде қоғамдағы неке институты, әйелдің тәрбиедегі орны, бала тәрбиесі, отбасы мәселесі жаңа қырынан көтеріліп, ұлтты құрудағы олардың маңыздылығы негізделеді. Балалардың тәрбиесі мен білімін жетілдіру туралы сөз қозғалған кезде, адамның ең алғашқы ұстазы мен тәрбиешісі ретінде әйел баласының рөлі жоғары қойылады. Ал отбасының маңыздылығы ұлт болашағын қалыптастыруда негіз болып табылады. Ф. Гүлен: «Үй – миниатюрадағы ұлт, ал ұлт – бұл үлкен бір отбасы. Үлкен немесе кішігірім жанұяны басқарып, өз үйінде нағыз адамдарды тәрбиелеуде жетістікке жеткен адам, шын тырысса, бұдан да жоғары масштабтағы қызметте нәтижеге жете алады», – деген сөздері отбасының қоғамның негізін құраушы элемент ретінде негізделетінін білдіреді.

Гүлен ұлт болашағы ретінде балаларға, жас ұрпаққа аса мән береді. Оларға деген болашақ иесі ретінде артатын сенімі мол. Ол болашақ іргесі ретінде лайықты ұрпақ тәрбиелеуді ұлтының баға жетпес капиталы ретінде түсінеді және «өз балаларына жеткілікті назар аудармайтын ұлттардың тағдырына артта қалушылық жазылса, оларды бөтен қолға беріп, бөтен мәдениеттерге бергендері ұрпағын мүлдем жоғалтатынын» [6, 181 б.] ортаға салып, ойлануға шақырады. Қазіргі кезде билік басындағылар өзінен бұрынғылардың жасап кеткенін мұра етсе, өздерінен кейінгілерге не қалдыратынын естен шығармау керектігін айтады. «Өзіне жарқын болашақ тілеген әрбір ұлт өз қаражаты мен энергиясын қайда болса, сонда емес, балаларының ұлы адам болып қалыптасуына күш салуы керек. Басқа салаға салынған қаражаттың көбі көп жағдайда далаға кетсе, лайықты адамдарды тәрбиелеуге жіберілген нәрсе уақыт өте келе кірістің бітпес қайнар көзіне айналады» [6, 181-182 бб.], осы ретте «болашақ тағдыры техника мен әр түрлі технологияларда басымдылығы бар ұлттар қолында емес, неке институтына және жас ұрпақты тәрбиелеуге лайықты назар аударатын ұлттардың қолында» [6, 182] деген ойлар айтылады.

Біздің елдің тәжірибесіне қарасақ, Елбасының ұстанған саясаты жас буынды болашақтың кілті ретінде түсінуге негізделген. Сондықтан да мемлекеттік жастар саясаты жастардың білім, ғылым алуға, отаншылдық рухта тәрбиеленуіне, дәстүрлі құндылықтарды бойына жинақтап, елдік мүдденің қорғаушысы ретінде қалыптасуына мүмкіндік жасап отыр. Биылғы жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» деген тақырыппен Қазақстан халқына арналған Жолдау да осы бағдар басым болды[7]. Әлеуметтік бағдарлану, «әлеуметтік жаңғырту – жаңа әлеуметтік саясатты» бекітуді көздеген Жолдауда білім мен ғылым саласындағы модернизациялардың анықталуы қазақстандық ғалымдар үшін, жастар үшін аса маңызды. Елбасы өз Жолдауында «бизнес қуатты болса, мемлекет те қуатты деген қағидаттың жақ­тау­шысы» екенін атап кетті. Ал бизнестің қуаттылығы сапалы білім арқылы жүзеге асады, мұны көрегендікпен түсініп отырған Елбасы білім мен ғылымға үлкен сенім артып отыр. Елбасының «Назарбаев университеті» іргесінде бүгінгі бәсекеге қабілетті нарық сұранысына бағдарланған жоғары оқу орнының инновациялық моделін негізге алуы – осының дәлелі. Бұған қоса, «инновациялық қызметті жүзеге асы­ра­тын және ғылыми зерттеулердің нәти­желерін өндіріске енгізетін жобалардың үлесін 5 пайызға дейін арттыру» білім мен ғылым саласының ренессанстық кезеңін белгілеп отыр. Үздік әлемдік университеттер рейтінгіне кем дегенде екі жоғары оқу орнын қосу міндеті – батыл да сенімді қадам. Бұл дегеніңіз біздің жастардың ең үздік деген білім ошақтарында білім алу мүмкіндіктері туды дегенді білдіреді.

Бүгінгі таңда білім беру саласында көптеген модернизациялар жүргізіліп жатыр: бағдарламадағы өзгертулермен қатар, мектептердің, жоғары оқу орындарының материалдық базасы жетілдірілуде. Алыстай қоймаған өткенімізде жалпылай компьютерлендіру елес секілді көрінсе, бүгінде қолжетімді дүниеге айналды. Орта білім берудің 12 жылдық моделі, кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнының жаңартылуы, электронды оқыту, зияткерлік мектептер арқылы жоғары оқу орындарына дарынды шәкірттер дайындау, жоғары оқу орындарына қойылатын жаңа талаптар, магистрлар мен PhD докторларды дайындау арқылы университеттік білімді жаңа деңгейге көтеру бірқатар инновациялық жобаларға бастама болатыны анық.

Заманауи беделді университет нарық қажеттілігіне жұмыс істеу керек. Алынған білім кәсіпорындарда жалғасын тауып, ғылыми ашылымдар ел экономикасын жаңа деңгейге көтеруге ықпалдасса, мемлекет қуаттылығының көзі осында. Осы ретте Елбасының «өмір бойы білім алу» әрбір қа­зақ­стандықтың жеке кредосына айналуы тиіс» деген сөздері әрбір саналы азаматтың ұстанымы болуға міндетті. Данышпан ақын Шәкәрім бабамыз айтқандай «Құбылған әлем жарысы. Ақылды жанның табысы», білім жолында ізденген адам белеске жетеді. Ал Фетхуллаһ Гүленнің қоғамдық маңызы бар мәселелерге арналған ой-түйткілдерінің ең басты ерекшелігі – кез келген жетістігінде рухани байлықтың басым болуына басты назар аударуы. Ғылымның ең шығар шыңына жеткенмен, рухани дүниесі бос болған ғалымның кемел болуы мүмкін емес, керісінше, ғылымнан алшақ болғанмен, жасаған істерінің барлығы адамзат баласының мүддесіне жараса, оның кемелдігі артығырақ болатыны анық. Кез келген ғылым жетістігі адамзат баласының игілігіне жарағанда ғана ғылым атымен атала алады. Осындай ғылым жинақтауда, ғылым мен руханилықты қатар бойына қатар бітірген жас буынды қалыптастыруда «ескі» мен «жаңаның», «өткен» мен «бүгінгінің» үйлесімділік табуы маңызды және ұрпақаралық сабақтастықтың басты діңгегі.

Фетхуллаһ Гүлен «әрбір «ескі» кез келген «жаңаны» құрбан етуге лайық» [6, 185 б.] екенін ескеруге шақырып, «өткеннің қателігінен сабақ алу және өткен адамдарға кешіріммен қарап, олардың қателігі мен күнәларын қазбаламау – парасаттылық белгісі. Ал өткенді және өткен буындарды қаралау – ақымақтық сипаты» [6, 188 б.] деп түсінген. Адамзат баласы тарихи санасын, тарихи жадын жоғалтпай, ғасырлар бойы жинақталған руханиятын бір ұрпақтан келесі ұрпаққа беріп отырса, сол елдің өшпестігі осымен өлшенеді. Жақын арада академик Ғарифолла Есімнің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқыған «Қазақ елі – 2030» тақырыбындағы лидерлік лекциясында тарихи жадыға байланысты майя халқы туралы келтірген мысалы тыңдаған студенттерге әсерлі болды. Бұрынғы тарихында керемет өркениет иесі болған майя халқы қазіргі кезде өзінің сол кереметтігі туралы ешбір мәлімет білмейді, яғни тарихи жады жойылған. Ал қазақтар он ғасырдан артық бұрын тарихтан өткен Қорқыт туралы «қайда барсаң Қорқыттың көрі» деген сөз осы күнге дейін жетіп отыр. Бұл ұрпақаралық сабақтастықтың белгісі, өткенді дәріптеу, өткенді ұмытпаудың нәтижесі, осы орайда Гүленнің айтқанына қайта оралсақ, «өткен – шынайы өмірден алынған тәрбиелік маңызы бар мысалдарға толы мектеп. Және осы мектептен өз уақытында көп нәрсеге үйренген адамдардан болашақты анықтайтын буын өсіп шығады, себебі өткен күндер мен келер күндердің түстері ғана бөлек болғанмен, қалған жағы бірдей» [6, 209 б.] және «ұлттың негізгі діңгегі дін, тарихи сана және дәстүр» [6, 189 б.] болып табылады, бұл жерде маңызды тағы айта кететін нәрсе – ұлтқа қызмет еткенде, ұлттың жаман өкілдерін жоюға тырысудың орнына, жаңа ұрпақтарды көтере отырып, оларды ең үздік ұлттық дәстүрлерде тәрбиелеу керек дегені құптарлық. Қандай ұрпақ өсіріп шығарсақ, болашақта сондай ұрпақпен тағдырлас боламыз. Сол себепті бұл істе таңдампаздық, көрегендік керек.

Әдебиет:
[1] Шеремет В.И. О парадигмах турецкого мыслителя [[ Фетхуллах Гүлен и современный мир: толерантность, диалог, взаимопонимание. – Алматы, 2009. – C. 282.
[2] Нысанбаев А.Н. Философия диалога и надежды [[ Фетхуллах Гүлен и современный мир: толерантность, диалог, взаимопонимание. – Алматы, 2009. – C. 483.
[3] Кэррол Дж. Диалог цивилизаций. – Алматы: Издательство «Көкжиек-Б», 2009. – C. 128-130. [4] Л. Сюкияйнен. Демократия и далог культур: взгляд Фетхулаха Гүлен а [[ Фетхуллах Гүлен и современный мир: толерантность, диалог, взаимопонимание. – Алматы, 2009. – C. 300.
[5] Байтенова Н.Ж. Тюркская идея [[ Фетхуллах Гүлен и современный мир: толерантность, диалог, взаимопонимание. – Алматы, 2009. – C. 471.
[6] Фетхуллах Гүлен . Критерии, или огни в пути. – Алматы: Издательство «Көкжиек-Б», 2009. – 258 с.
[7] Болашақтың іргесін бірге қалаймыз! Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. – Егемен Қазақстан. – 2011 жыл. – 29 қаңтар.

А. Құрманалиева, философия ғылымдарының докторы, профессор

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.