Хаққа жеткізер жол мен қазіргі заман
Сұрақ: Жұртқа Жаратушыны таныту жолында қызмет еткенде қандай нәрселерге мән беруіміз керек?
Жауап: Бүгінге дейін дін Исламның рухы мен негізін өз биігіне көтеруде сан түрлі жол мен әдістер өмірге келді. Мысалыға, Нақшибанд тариқатының өзінше бір жолы бар:
«Дүниені тәрк ету, ақыретті тәрк ету, бар болуды тәрк ету, тәрк етуді тәрк ету».
Мұның мағынасы былай: аталмыш тариқатта төрт нәрсені тәрк ету бар. Алғашқысы дүние қызығын тәрк ету болса, ақыретті тәрк ету дегеніміз орындаған құлшылығымызда жұмақты мақсат етіп емес, Аллаһтың әмір еткені үшін орындап, Аллаһтың разылығын мақсат ету емес пе?
Ықыластың жолаушысы өз нәпсісін де тәрк етуі керек. Тойымсыз құлқынын асқан сабырлықпен бірбеткейлікпен жеңу керек. Ақыр соңында кісі осы тәрк еткендерін де түгелімен тәрк етіп, «мен мыналарды тәрк еттім» деген ойдан да айырылуы керек. Әйтпесе рияға ұшырау қаупі тумақ. Ондай кезде бірден истиғфарға бас қойғаны абзал.
Өзімшілдік заманы
Бүгінгі таңда адамзаттың индивидуализмге еріп, өзімшілдігі асқынған кезде қолайына жаққан әлденені тәрк етуі өте қиын. Сондықтан болса керек, ғалымдардың бірі өзінің еңбегінде пақырлық, әлсіздік, шүкірлік, мейірім деген төрт қасиетті сезінуіміз керек екенін айтады. Яғни, адам алдымен өзінің абсолютті әлсіз екенін қабылдай отырып, «Аллаһ қаламайынша, мен ештеңе де істей алмаймын» деген түсінікте болуы керек. Сонымен қатар өзін тіптен пақыр сезініп, мына өмірде иелік еткенінің барлығы жалғыз Жарылқаушының бергені екенін саналы түрде түсінуі керек. Әлсіздігі мен пақырлығын ескеріп нығметтің сансыз түрін төбесінен жаудырған Аллаһ тағалаға барынша молынан шүкір етуіміз керек-ақ. Жиырма алтыншы сөзде жоғарыдағы төрт қасиетті «әлсіздік», «пақырлық», «мейірім» және «тәфәккүр» деп түрлендіреді.
Менің ойымша, қазіргі заман адамының ақылын сендіріп, жүрегін тыныштандыратын бұл ой біздің рухани өміріміз үшін өте құнды. Оның еңбектерін оқыған бүгінгі күннің мұсылмандары заманымыздың дінсіздік сойқанына жүрек атаулыға ақиқаттың шуағын сеуіп, Аллаһтың ұлы есімдерін шартарапқа жаюда ол кісіге қарыздар. Хадисте де адамдарға алғыс айта алмағанның Аллаhқа шүкір ете алмайтыны айтылмай ма? (Тирмизи, Бирр, 35; Әду Дәуіт, Әдеп 11). Демек алдымен адамда шүкірлік пен жақсылыққа жақсылықпен жауап бере білу қасиеті болуы шарт. Ондай қасиетке ие адамның Аллаға шүкір етуі, пайғамбардан бастап ғалымдар мен тура жолға сеп болған жандарға алғыс айтуы орынды. Алайда мұндай қадам ешқашан да жамағаттың өзімшілдігіне бастау болмауы керек. Сонымен қатар ұстаз бен жолбастар жандарға қарсы дөрекі ойға сеп болмауы керек. Өйткені Исламның ұлы жолында бірнеше жол болса, сол жолда Аллаһтың бірнеше сүйікті құлы бар. Сондықтан жамағат басшысына алғыс айтарда оны жарнамалау мен біржақты пікірге әкелмегені жөн. Қай жолда болса да негізгісі жамағаттың емес, Аллаһтың разылығына жетуің екенін түсіну керек.
Хижрет арқылы Аллаhтың разылығына қауышу
Аллаһтың ұлы есімін төрткүл дүниеге жаю жолында туған жерін тастап хижрет еткен жандарды Аллаһ разылығының жолаушылары дерсіз. Аллаһ жолындағы еңбектің қаншалықты маңызды екенін білдіру үшін айтайын, бұл жолдағы жандардың кейде түсінде, кейде өңінде пайғамбарымызды көруі үлкен бір сүйінші болып табылады. Мысалы, арамыздағы бір кісі түні бойы мыңдаған салауат оқығанын айтады. Ақырында пайғамбарымыз келіп күлімсіреп, «Мен сендердің бұл қызметтеріңнің артынан демеп жүрем» дегенін айтады. Ал екінші бір ағайынымыз түсінде жыланның осы жамағатты жалмауға шақ қалғанын, осы кезде пайғамбарымыз күлімсіреп келіп құтқарып қалғанын айтады. Негізінде кісінің жеке басына қатысты осындай дүниелерді айтқанда қиналамын. Бірақ мәселе маған қатысты болмағандықтан осы секілді оқиғаларды айтқаннан сауап алам деп үміттенем. Ақиқатында Аллаһтың мейірімі мен көмегі бұйырған осы қызметіміз тарапынан қарағанда мен өзіме дәйім: «егер мен осы қызметім мен айналамдағы адамдардың қадірін біліп орынды пайдаланғанда қызметіміз бұдан да жақсы дамыр еді. Жұрттың ықыласы артып, орындалған іс көбірек болар еді» деймін. Оның үстіне мұндай жағдайларды бейне бір үлкендердің балаларға беретін тәттілері деп қабылдаймын. Ересектер бүлдіршіндерді ынталандыру үшін осылай азын-аулақ сыйлық бергеніндей. Сондықтан мына сөзді жиі айтамын: «Аллаһ тағалам, дүниеде берген осы сыйлықтарың арқылы біздің ақыреттік азығымыздан қақпа. Жиған-тергенімізді осында түгесуден сақта. Бізді:
أَذْهَبْتُمْ طَيِّبَاتِكُمْ فِي حَيَاتِكُمُ الدُّنْيَا
«Берілгеннің бәрін дүниеде түгескенсіңдер» (Aхқаф сүресі, 46/20)
аятының пәрменіне қатысты етпе!» Дегенмен, кей адамдар заманның қиын кездерінде осындай жағдайларды руханияттың күшеюіне сеп болар деп санаса және пайғамбар хабарламасы ретінде таныса, мұның жұртқа айтылуында ешқандай да әбестік жоқ.
Екінші жағынан дін Исламның кісі көңіліне жол табуы үшін хижрет еткен адамдарды барған жері жылы қабылдай алса, оны да Аллаһтың бір кеңшілігі деп білген жөн. Сол сияқты түрлі мәдениет пен ұлт өкілдері арасында жүріп өздерінің негізгі мақсатынан ауытқымай, алға қойған мұраттары шеңберінде әрекет етіп, онымен қоса жетістікке жетулері де біздің қызметіміздің Аллаһ мұратына сай келуі деп білеміз. Өйткені сахабалардан кейінгі замандардан мұндай жетістіктерді табуымыз қиын. Иә, әлсіздік, пақырлық, шүкірлік, ықылас, тәфәккүр мен мейірімге сүйене отырып, қарапайымдылыққа негізделген жамағаттың бұл ісі Аллаһ разылығына бастар кеме секілді.
Асылында, иманды жандар үшін Аллаһ – негізгі мақсат, адам – жолаушы іспетті. Осы тұрғыдан алғанда біздің мойнымызда Аллаһ разылығы жолында қызмет еткен адамдарға қолдау көрсету және солар үшін дұға ету бар.
- жасалған.