Дүниедегі мүмкіндіктер мен келешектің жоспары
Сұрақ: Пайғамбарымыз (с.а.с.) баршамызға бұл өмірде жолаушы секілді ғаріп болуды тапсырған. Осы әмірді бұлжытпай ұстанған айналдыра білген тау тұлғалы сахабалар ертеңгі күн жеп-ішерін уайым қылған адамды өмір қызығын арман етіп, жалғанның ләззатын мақсат еткен жан деп ұққан. Алайда бүгінгі заманның шарттарын ескере отырып, оқу бітіру, білім алып, жақсы маман болуды болашаққа деген жоспар деп түсіну керек. Осы екі ара теңдікті сақтай алу үшін нені өлшем етуіміз керек?
Жауап: Пайғамбарымыз бір хадисінде “Дүниеде ғаріп немесе жолаушы секілді болыңдар” дейді(Бұхари, Риқақ 3). Ғаріп дегеніміз – үй-жайынан қашықта, дүние мен байлық жинаудан аулақ, айналасындағы көпшілікпен де қарым-қатынасы болмаған адам. Хадисте айтылған «абиру сәбил» деген тіркес «жолаушы» деген мағынаны білдіреді. «Абир» сөзі – «абәра» деген етістіктен туындаған «бір жерден екінші бір жерге орын ауыстыру» дегенді білдіреді. Негізінде адам баласы рух әлемінен осы дүниеге, сәбиліктен қарттыққа, бұл дүниеден бәрзахқа, одан мәңгілік мекенге бет алған жолаушы. Пайғамбарымыз да осы өмірді аталмыш жолдың бір аялдамасы деп білген.
Және бір хадис-шәріпте пайғамбарымыздың (с.а.с.) қамыстың үстінде жатып көз шырымын алғанын көріп хазірет Омар (р.а.) Сасанидтер мен Римдіктердің дүние қызығына малынып жүргенін айтқанда пайғамбарымыз былай деген еді: “Менің бұл дүниемен қандай байланысым болсын! Менің бұл өмірде өтіп бара жатып ағаштың көлеңкесінде дем алған адам секілдімін ғой.” (Tирмизи, Зүһд 44). Бәріміз де білеміз, егер пайғамбарымыз сұраса, сахабалар үйлеріндегі бар дүниесін ол кісінің алдына әкеліп төгер еді. Алайда пайғамбарымыз ешқашан да керегінен тыс дүние жинамай, көз жұмғанша сол тақуалығынан танбаған.
Хақ жолында жұмсалған дүние
Тақырыпты кеңінен қарастырып, діннің әмірі мен тыйымдарын ескере отырып зерделесек, пайғамбарымыздың бұл сөзі дүниеден біржола базкешу емес, тек дүниеқұмарлыққа бой алдырмау керектігін айтқанын көреміз. Мысалы, «Әнфал» сүресінің бір аятында: «Екі жақтың бетпе-бет келген күнінде хақты жалғаннан айыратын Аллаһқа және құлымызға түсіргенге иман етсеңдер, тапқан олжаның бестен бірін Аллаһтың, пайғамбары мен жақындарының, жетімдердің, мұқтаждар мен жолаушылардың үлесіне тиесілі. Аллаһ бар нәрсеге құдіретті» делінеді. Егер пайғамбарымыз өзіне тиесілі ғаниметтің бәрін болмаса да, жартысын өзі қолданғанда шалқып өмір сүрер еді. Бірақ ол өмір бойы құжра деп аталатын кішкене ғана бөлмеде өмір сүрді. Айша анамыздың айтқанындай, ол кісі түнде намаз оқығанда сыймайтын болғандықтан, анамыз аяқтарын жинап бүгіліп жатушы еді. Сәжде етуге де орын табылмас сол қуықтай құжраларға шыбын жанымыз пида болсын! Ол кісінің бұл тақуалығы бәрімізге үлгі боларлық. Жаратушы иеміздің “Бұйырылғанындай турашыл бол” (Худ сүресі, 11/112) деген әмірін пайғамбарымыз өз дәрежесінде бұлжытпай орындағанын көреміз.
Қанағатшыл рух мұрагерлері
Сөзсіз, пайғамбарымыз Аллаһпен байланысы мен шын берілгендігі жағынан көз жетпес биікке жеткен қаһарман еді. Ол кісінің құлшылыққа берілгені соншалық, біздің басқадан алатын ләззатты пайғамбарымыз ғибадаттан алар еді. Сол себепті Аллаһқа деген іңкәр көңілін басу үшін түн баласы құлшылық ететін. Ол кісінің ғибадатын біз түгілі сахабалармен де салыстыра алмаймыз. Пайғамбарымыздың құлшылығы жер бетінде теңдессіз еді. Тіпті періште Жәбірейілдің өзі ол кісіге жете алмақ емес. Соған қарамастан пайғамбарымыз өзінің жоғары дәрежесінен біздің дәрежемізге сай, біздің ұғымымызға негіздеп дінді кәміл жеткізе білді.
Осы өлшемдерді негізге ала отырып қарайтын болсақ, ол кісімен ешкімді салыстыруға келмейтінін білсек те, ол кісінің үмбетіне берген насихат тұрғысынан адамдардың жеке өмірінде қанағатшылдықпен, көңілі тоқтықпен, разылыққа сүйеніп өмір сүру керек екенін көремсіз. Онсыз да пайғамбарымыздың жолын ұстанған жандар қанағатшылдықтан ауытқымағанын білеміз. Мысалы, белгілі ғалымның жеке өмір салтына қарасақ, оның өмірінен қанағатшылдықты ажыратып ала алмайсыздар. Кейде тау-тасты мекен етсе, енді бірде қу тақтайдың үстінде түнеп күн кешкен. Ол кісілерді былай қойғанда, басқа дін мен мәдениет өкілдерінің де сондай өмір сүргенін көре аламыз.
Осы тұрғыдан, адамның мәңгілік құндылықтары саналған осы қасиеттер барша адамның табиғатында бар дей аламыз. Тек иман еткен адамда бұл нақты көрініс тауып, саламатта қызмет етеді. Өйткені олар Аллаһ құдіретіне сүйенгендер. Ал басқадай адамдарда ол мәңгі қалмай, оның үстіне жанкештілік, көркем мінез секілді қасиеттерден мақұрым болады. Алайда мына бір нәрсені де ескеруіміз керек, Аллаһ тағала мүмин сипатына ие болған кісілерді бар нәрседе озық етеді. Өйткені Аллаһтың емі сипатқа қарай беріледі. Сол себепті кісі көкке ұша алатын әулие болса да, жалқаулық қылса, өзімшілдік танытса, кәміл иман иелері секілді әсер көрмейді. Негізінде кәміл адам болу үшін дүниеге байланбай, тән қалауларын ұмытуы шарт. Әйтпесе пайғамбар сүннетіне қайшы әрекет жасаймыз.
Өткінші мүмкіндіктерді мәңгіліктендіру жолы
Әрине, бұл сөзіміздің мағынасы жұрттың бәрі баяғының дәруіштері секілді дүниеден біржола базкешуі деген сөз емес. Өйткені біздің, мұсылмандардың жан-жақты дамыған күшті мемлекет болуымыз керек. Осы тұрғыдан мұсылмандар мына өмірде барлық басымдылыққа иелік етуі керек. Алайда бір шарты, біз оны мәңгілік бақытқа апарар құрал ретінде пайдалануымыз керек. Осы жерде өзімнің бір сезіміммен бөліскім келеді. Кейде, шіркін-ай, пәлен мыңдаған ақшам болса, соның бәрін мектеп пен басқа да тәрбие орындарын ашып адамзаттың иман қызметіне жұмсасам деп қиялдаймын. Әрине, оның бәрі бос қиял. Дегенмен мына бір нәрсені айтқым келеді. Егер осы қиял менің емес, сіздерге тән болып, осы арқылы менің кешіріміме себеп болғандарыңызда, ғибадат еткендей сауап алар едіңіздер. Өйткені пайғамбарымыздың есімін күннің туып-батқан барлық жеріне дейін жеткізу үшін ниет қылудың өзі үлкен жетістік.
Негізгі тақырыбымызға келер болсақ, қолда бар күш пен мүмкіндікті тура жолда, игі ниетте қолданудың ешбір әбестігі жоқ. Алайда дүниеқоңыздыққа байлану кісіге үлкен күнәларды жасатуы мүмкін үлкен қасірет. Адам тек туралыққа сүйенгені жөн. Аллаһтан басқа нәрсенің бәрін жүрегінен сыпырып тастауы керек. Әйтпесе Аллаһқа махаббатқа негізделмеген қызмет пен билік оны құрдымға құлатады. Егер дін қызметіне арналмаса, Стамбулды азат ету де кісіге титтей де ақыреттік сауап әпермейді. Істің құндылығы ниеттің тереңдігінде деген осы болса керек.
Ниеттің күші
Негізінде жоғарыдағыдай жағдай, жақсы мектепті бітіру, жақсы маман иесі болу жағынан да маңызды. Егер мемлекет пен адамзаттың игілігі үшін кез келген арамыздағы адамның белгілі бір қызметке орналасып, белгілі бір жұмысты атқаруы керек болса, Аллаһ разылығы үшін орындауы керек. Кейде көріп жүрген күнделікті тұрмысымызда, кез келген сала үшін өкініш айтып, бұрындары бұдан да жақсы етіп істегенде қазір бізге кесірі тимес еді деп жатамыз. Бізден кейінгі ұрпақ та бізді осылай кінәламаулары үшін өз ісімізді жоғары дәрежеде орындауымыз керек. Ол үшін алдымен иманымыз кәміл, ғибадатымыз толық, жауапкершілігіміз жоғары болуы керек. Осындай болған жағдайда кісінің ғылымда алда болуы, жұмыста жетістікке жетуі Аллаһ қызметіне арналғандықтан құлшылық сауабындай болады. Өйткені сыртқы көрініс ішкі ниеттің сипатына кенеледі.
Мұсылман ешқашан да мақтау мен мадаққа қызығып, сол үшін жұмыс істемеуі керек. Мадақ тек Жаратушыға тиесілі. Анығында мақтау дәмету ықыласқа қайшы. Атқарылған титтей де іс дінді кәмілдікке апару үшін, Аллаһ разылығы үшін, айналып келгенде өзіміздің ақыретіміз үшін жасалады.
- жасалған.