Рухани өмірімізде мүршидтің алар орны
Сұрақ: Кей адамдар мүршидтің артынан еріп, ұстаз етуді қиындық көріп, оны кейін шыға алмас қапастай көреді. Осы жайлы не айтар едіңіз?
Жауап: Мүршид сөзінің жалпылай, тасаууыф ұғымында жекелей де мағынасы бар. Жалпылай мағынада мүршид дегеніміз адамды теріс жолдан қайтарып дұрыс жолды көрсететін, көңілдерімен Аллаһқа бағынған, шәкіртін кәмілдікке тәрбиелейтін адам. Осы тұрғыдан мешітте уағыз айтатын адамға да, тұрақты түрде сізге уағыз айтқан басқа бір ұстазға да, болмаса бір рет келіп сізге насихат еткен кісіге де мүршид деуге болады.
Тасаууыф термині ретінде айтар болсақ, мүршид болатын адамның алдымен өзі де мүршид алдынан өткен, әрбайын мен шиледен өткен (қырық күндік оңашалану), рухани дәрежелерге жетіп, нәпсісін белгілі бір дәрежеде бағындырып, Аллаһты тану жолына түскен адамға айтылады. Әлдебір адамға осындай қасиеттердің берілуі халифалық делінеді. Сұрақта айтылған мүршид осы жайлы болуы керек, мен де осы тұрғыдан жауап берейін.
Мүршидтің парасаты – мүридтің қабілеті
Бүгінге дейін Нақши, Қадири, Шазили, Рифаи, Бәдауи секілді ақиқатқа жеткен түрлі тариқаттан шыққан үлкен дәрежеге жеткен қаншама үлкен кісілер болған. Әсіресе, ерекше қабілетке ие кей адамдар кәміл мүршидті тапқанда бірден көз жетпес биікке ұласып, аз уақытта көп іс тындырып үлгереді. Мысалы, әкелі-балалы екі Сеид Алвар имам мен Хүсейін Қындығылар Күбрәул пірдің артынан еріп Битлистегі ғибадатханаға барғанда қабілеттіліктерінен екеуі де халифа болып сала береді. Бұл жағдайға куә болған Күбрәуи хазірет: «Молдалар, молдалар! Хүсейін мен Мұхаммед Лүтфу маған мұқтаж емес еді, олардың қабілеттері осы жерге дейін әкелді, «Кей адамдар сондай үлкен қабілеттер бар» وَلَوْ لَمْ تَمْسَسْهُ نَارٌ نُورٌ عَلَى نُورٍ (Нұр сүресі, 24/35) аятының ишарасындай олар белгілі бір дәрежеге жеткен. Бірақ кей мүридтер мүршидтік дәрежеге жетсе де өзінің мүршидіне қызмет етуді жөн көреді. Мысалы, Мәулана Ислам ғұламасы Халиди Бағдадидан дәріс алғанына қарамастан Абдуллаһ Дәхләуи хазіреттің жанына барып жиырма жыл еден сыпырып қызмет еткен. Одан кейін Бағдатқа қайта келген. Халиди Бағдади хазірет заманының мүжәддиді еді. Оның мүридтеріне жазған хатында айтылған «Ешқашан да құн төлеуге мәжбүр ететін істерге бастарыңды сұқпаңдар. Кісі дүниесіне көз сұқпаңдар. Дүниені жандарыңа жақын тұтпаңдар. Қызмет ету үшін екінші әйел алуды ойламаңдар» деген секілді ықылас, бауырластыққа шақырған даналы сөздеріне қарағанымызда бұл ойдың дәл «Ықылас» пен «Бауырластық» рисалелерінде айтылған сөздер екенін көреміз. Міне, осы бір үлкен тақуа кісі жиырма жыл кісінің үй күтушісі болып қызмет атқарған.
Кәміл мүршид болса да
Негізгі тақырыбымызға оралсақ, иә, сопылық дәстүрде мүршидтік дәреженің болғаны анық. Осындай биік дәрежеге жеткен кісілер шәкірттерін терең танып, қабілеттерін анықтап, соған қарай уақыты келгенде түрлі жерлерге қызмет етуге жұмсаған. Осы тұрғыдан қарағанда, егер бүгінгі күні Гейлани, Мәулана, Нақшибанди, Аладдин Аттар мен Шазили секілді шын мағынада барлық жағынан кәміл мүршидтер болғанда, олардың шәкірті болу өте қажет-ақ болар еді. Тәлімін алмақ абзалы болар еді. Бірақ Аллаһ тағала уақыт пен кеңістіктің талаптарына сай әр заманда түрлі кісілерді түрлі әдістемелермен міндеттеп дінді жаю үшін жіберіп отырған.
Осы тұрғыдан, егер бүгінде Абдулқадыр Гейлани хазірет пайғамбарымыздың қасиетті тәлімін өз заманының түсіндіру тәсілімен бізге айтқанда, бүгінгі қоғамға бұл айтарлықтай ем болмас еді. Сол секілді Хужжетүл Ислам аталған имам Ғазали да өзінің қызмет ету тәсілі мен ілімін, сұрақтарға жауап беру тәсілін бүгінде бізге ұсынса, дертімізге дәрмен болмас еді. Көкейіміздегі сұрақтарға қанағат етерліктей жауап ала алмас едік. Бұдан мені ол кісілерге құрметсіздік көрсетіп отыр деп түсінбеулеріңізді өтінемін. Өйткені ол кісілер өз заманында діннің міндетін артығымен орындаған тұлғалар. Ал менің айтқым келгені, Аллаһтың аяны сол қоғамның сұранысы мен таным деңгейіне қарай түскен. Әрине, дінін кәмілдікке жеткізу жолында бүгінгі күннің бар мұсылманы ол кісілердің қадірлі еңбектерін оқуы керек. Алайда бүгіннің ғылым мен пәлсападан келген күпірлік пен күмәніна жауап беру жолы басқаша болуы керек.
Мысалы, ақиқатты оқып, зертханаларда Құран мен сүннет үкіміне қарсы келмейтін, діннің мерейін үстем етіп, Аллаһтың шариғатын қуаттай түсетін теориялар тудырып, дінді ғылымға басшы ететін ғалым мүршидтер керек-ақ. Осындай ғұлама кісінің артынан ел болып еру өте маңызды. Халық болып артынан ергенде мұндай мүршидтерге қанат бітіп көз ұласпас биіктерге шығады.
Бірақ бүгінгі заманның ғұламасы, мүжтәхиды болса да, ол кісі өзім білем, мені жұрт тыңдаулары керек деген ойға түспеуі керек. Егер осындай адамдар жайлы жұртқа «Бұл ғұламаны міндетті түрде оқуларың керек, егер мұның артынан ермесеңдер адасқандарың, ғапылдыққа ұрынғандарың» деу тіпті де жөн емес. Ондай жағдайда әділдіктен айнып, өзгелер жайлы суизан еткен болып та саналасыңдар. Өйткені сіз секілді ойламаған, сіздің өмір сүру ғұрпыңыздан өзгешелеу өмір сүретін мұсылман да ұстаздардың ұстазы пайғамбарымыздың соңынан еріп, жолын ұстанып жүр емес пе? Осы жағынан дін жолын мықты ұстану өте маңызды болса да, өзгелер жайлы жаман ойлап, істі шиеленістіріп жіберу дұрыс емес.
Бірлік пен ынтымақтың түбіне балта шабу
Кей адамдардың аузынан «Мүршиді жоқ адамның мүршиді шайтан болады» деген секілді сөздерді естігенім бар. Бұл, әрине, қате пікір. Тариқатқа ерудің, мүршидтің мүриді болудың ешқандай да міндеттілігі жоқ. Мұндай тар мағынада сөз айту суизанға жатады. Исламның әмбебаптығына қарсы келіп, дінімізді ұнамсыз етіп көрсету деген сөз.
Белгілі ғалымдардың бірі өз пікіріне қатып қалып, өзгені мойындамауды нәпсінің қалауынан бастау алатынын айтады. Өз ойын жоғары санау өзімшілдік болып табылады. Яғни, шын ақиқатты өзінің ұстанған тариқаты немес қозғалысының шеңберінде ғана көріп, біржақтылыққа ұрыну кісіге орны толмас өкініш әкелер суизанға сеп болуы әбден мүмкін.
Кісінің жеке басының өзімшілдігі жамағаттың бірлігіне негізделгенде ғана қуат алады. Осы тұрғыдан белгілі бір тариқатты ұстанып, ұстазға ерген адам өз жолы мен ұстазын артық көрумен қатар, өзгелердің де ақысына құрметпен қарап, әділетсіздік етпегені жөн. Бұл қауіп бәріміздің басымызға келуі мүмкін. Егер бүгінде хазірет Ғазали, Әбдісалам, әр-Рази, Нәжмеддин Күбра секілді ұлы кісілер өздерінің ғана жолдарын дұрыс деп айтатын болса, мен ақиқат үшін басымды ол кісілердің аяғының астына дейін иіп, аяқтарын сүйіп тұрып: «Хазірет, бұл жерде сіз қателесесіз» дер едім.
Негізінен мұсылман баласына міндетті түрде тариқатқа еріп, пірдің шәкірті болу міндеттелмек емес. Аллаһ тағала Мұхаммед пайғамбарымның үмметін мұндай адасулардан сақтасын!
- жасалған.