Сенім ұялату және таза істеу
Сұрақ: «Болашақ ұрпақтардың сынына ұшырататын жағдайлардан аулақ болу талабымен тыңдаушыларға сенім ұялатудың маңыздылығы сөз болуда. «Сұхбаттастарға сенім ұялату» деген не әрі бұл міндетті атқарғанда болашақ ұрпақтар алдында сын мен сөгіске қалмау үшін қандай тұстарға көңіл бөлу керек?
Жауап: Бұдан бұрын түрлі себептермен тілге тиек етілгендей, мүмин: Аллаға, Пайғамбарымызға (саллаһу алайһи уә сәлләм) және оның хабар бергендеріне құлай сеніп, қабылдап әрі мақұлдаған адам деген сөз. Бірақ сонымен қатар сол сөздің өзінен де аңғарылғандай, ашық-жасырын барлық жай-күйімен маңайындағыларға сенім ұялататын, жер бетінде қауіпсіздік пен амандықтың өкілі ретінде өтірік пен алдаудан бойын тым аулақ салатын, сөзі мен ісі қабысатын, толықтай сенім мен қауіпсіздік адамы деген сөз. Осы себепті біз «сенім ұялату» дегенде, «басшылық жасау», «оппортунистік мінез-құлық», «сенуге болатын адам бейнесін» тастап маңайындағыларды басқару» секілді түсінікті ешқашан меңземейміз, оны тіпті қабылдамаймыз да. Қабылдамаймыз, өйткені бұндай түсінікті мұсылмандыққа, дініміздің негізгі ұстанымдарына сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан иманымыздың талабы ретінде біздің барлық жүріс-тұрыс, іс-әрекетімізде дұрыс болуымыз, отырсақ та, тұрсақ та дұрыстықтан таймауымыз әрі үнемі барлық адам келіп жүгіне алатындай сенім қайнары жағдайына келуіміз керек. Міне, біздің «сенім ұялатудан» меңзегеніміз осы.
Күдіктерді жою және ортақ платформалар
Алайда бүгінгі таңда сенім арту сезімі жермен-жексен етілгендіктен, жұрттың басы қатып, барлық жерде дерлік тура бір параноя орын алуда, бір параноя билеуде. Сондықтан адамдар бір-біріне айтарлықтай сыңаржақ қарап, ешкім ешкімге сенбеуде. Бұдай жағдайда сіз сеніміңіздің талабы ретінде үнемі туралықтың соңында болсаңыз әрі өтіріктен жерініп, өміріңізді туралықпен сүрсеңіз де, бәрібір әлемнің түрлі елдерінде бірқатар адамдар қазіргі аласапыран жағдайдың ықпалымен жақыннан танығанға дейін сізге деген белгілі бір қорқыныш, сезік пен сыңаржақтықтан арыла алмайды. Міне, осы себепті, бір жолын тауып, міндетті түрде жүріс-тұрыс тілімен, әрі түсіндіру қабілетініңізбен дұрыстыққа кодталған, қауіпсіздік уәде етіп тұрған жан дүниеңізді, табиғи халіңізді айтуыңыз, көрсетуіңіз, сөйтіп басқаларға өзіңіздің сенуге тұрарлық адам екеніңізді түсіндіруіңіз керек. Кері жағдайда мейлі әулие, мейлі асфия болсын, егер сұхбаттасыңызда сізге деген бір сеніммен қарау сезімі туындамаса, ешкімге оң нәрсе түсіндіре алмайсыз, рухыңыздың шабыттарын жеткізе алмайсыз әрі көңілдерге өз құндылықтарыңызды қадіріне сай естірте алмайсыз.
Осы себепті жасалуы керекті істердің бірі – түрлі мәдениеттер мен түсініктегі адамдармен бірге бола алатындай алаң мен платформалар құру. Айталық, сұхбаттасыңызды өз орындарында зиярат ету, шайын ішіп, оларды шай ішуге шақырып, тамағын жеп, өзіңіз де асқа шақырып, сөйтіп ортақ алаңды кәдеге жаратып, өзіңізге деген ойша қалыптасуы мүмкін қате түсінік пен қате пайымдауларды болдырмауға тырысасыз. Иә, түрлі мәдениет пен түсініктегі адамдармен араңызды жалғап, арада көпір орнатуыңыз маңызды. Өйткені ылғи сөзбен айта алмасаңыз да, ортақ алаң мен бірлескен платформаларда көбіне іс-әрекет, жүріс-тұрыс тіліңізбен өзіңіздің сенуге тұрарлық адам екендігіңізді көрсететін мүмкіндікке ие боласыз.
Бұдан бөлек, тыныштық пен қауіпсіздік тұрғысынан қажетті талаптарды орындау шартымен мейлінше тұнық болу керек, мөлдірлікпен әрекет жасап, өте бір құпия көрінген істеріңіздің өзі сіз араласатын адамдар үшін құпия болмауы керек. Сөйтіп баршаға қатты сенетіндігіңізді, ешкімнен қауіптенбейтіндігіңізді көрсетіп, осы негізде адамдардың сенімін иеленіп, олардан сезіктенуді кетіресіз. Менің әлсіз ғана пайымдауымша, түрлі-түрлі параноялар белең алып отырған бүгінгі таңда осындай түсінік аса қажет. Иә, басылымдардан мектепке, отбасылардың бір-біріне барыс-келісінен, мекемелер арасында көпірлер құруға дейін әр салада осындай сенімділік сезімін қалыптастыру зәрулікпен парапар қажеттілік.
Жұмақ сарайларын ойлау болса да…
Өйткені бұдан бұрын да түрлі себептермен өз әлімше айтуға тырысқанымдай, әлдекімдер әлемнің түрлі жерлерінде белгілі жолдармен билікке бағыт алып, билікке жетіп, халықтарға билік жүргізуде. Олар осыған жетуде заңды-заңсыз қолдарындағы әр түрлі мүмкіндіктерді қолданып, белгілі орындарға құпия өтіп, сөйте келіп әлгі елдің бар мүмкіндіктерін басып қалған. Міне, осындай адамдар маңайларына қарағанда, үнемі өз жан дүниесі тұрғысынан қарап, түрлі қозғалыс пен қалыптасуларды, әрекет пен қимылды өз істегендерімен салыстырып, солай бағалап, нәтижеде өз жамандықтарын өзгелерге де ойша таңып, жұртпен қарым-қатынастарын осы түсінікке қарай реттейді.
Бір ұры дүкеннің алдынан өтіп бара жатып, терезе не қақпасын қалай бұзып, қалай ашуға болатынын, қандай жолмен ішке кіріп, жылдам қалай іштені заттарды алып шығуға болатыны секілді нәрселерді ойлайтыны бар ғой. Яғни ол жерден өтіп бара жатып, бастапқыда көзбен ұрланып қарау арқылы жасамақ ұрлығына орын ыңғайлы жағдай дайындайды, соны ойша құрастырып әлек болады. Бірақ әлгі дүкеннің иесі де дүкеннің алдынан өтіп бара жатып, қақпасына қарап, құлпысы қаншалықты сенімді я сенімсіз екенін ойлайды. Бұл жағдайды байқаған әрі әлгі кісінің дүкен иесі екенін білмеген ұрылар болса, оны өздерімен салыстырып «Бұл да біз секілді біреу» дейді.
Міне, осы мысалдағыдай, әлдекімдер қырық қарақшы секілді ұлттың тағдыры шешілетін орындарға отырып, белгілі мекемелерге астыртын өтіп, сіңіп алып, сол жерлерді қолға түсіру арқылы өзара бөліскен болса, таза ойлармен әрі адами қасиеттерді өсіру үшін жүгіріп еңбек етіп жатқан адамдарды да солар қатарында есептеп, оларға да сондай көзбен қарайды. Ал шынтуайтында ол жанқияр жандар барынша кіршіксіз таза идеялармен әрекет жасауда. Керек десеңіз, шен-шекпен, билік тәрізді дүниелік қалау мен әуестіктерді түстерінде де көрмеген. Болмайтын нәрселерді, қаламаған жағдайларды адам түсінде көруі мүмкін. Алайда олар ондай қалау мен әуестіктерден алыс болғаны соншалықты, кейбір түстер түпкі санада жиналған мәліметтердің сыртқа көрініс беруі болса да олардың түпкі санасында бұндай жайттар болмағандықтан, ондай ойлар олардың түстерінде де өздеріне орын таппайды. Алайда бірқатар адамдар үнемі сондай түс пен мақсатпен жүретіндіктен, жазықсыз адамдарды да өз түсініктеріне қарай бағалайды, оларды өз түсініктерімен шамалап қабылдайды. Міне, кейбіреулердің осындай қате түсініктерін кетіру үшін сол адамдармен жүздесіп, оларға сізді көретін, жан дүниеңізді тану мүмкіндігін беріп, сөйтіп өздері сезіктенген әлгі жағдайлардың сіздерде жоқтығын көруге жағдай жасалуы керек. Иә, дүниемізге сұқтанып, қол соза ма деген күдіктеріне бұндай қалауыңыздың жоқтығын, дүниелік мүмкіндік пен биліктерін олармен бөлісу секілді бір аңсарыңыздың жоқтығын тіліңіз жеткенінше айтып, оны жүріс- тұрыс, іс -әрекетіңізбен көрсетуіңіз керек.
Талай мәрте айтылған бұл жағдай әдісінше қажеттілік туған барлық жерде қайталап-қайталап айтылуы тиіс. Және былай делінуі керек: біз ешқашан дүниелік шен-шекпенге және мансапқа құмартқан жандар емеспіз. Әлгі адамдардың дүниесіне де, байлықтың соңынан жүгіруге де құмартпаймыз. Егер Жаратушы ие бізге заңды аяда ақша табу мүмкіндігін берсе, өз абыройымызбен тауып, әрі абыройлы түрде ғұмыр кешуімізді жалғастыруға тырысамыз. Жұртқа алақан жайып, масыл болып, жалынышты боп өмір сүруді әрине ойламаймыз. Ойлау былай тұрсын, оны өлімнен де сорақы деп білеміз. Осы себепті заңды аядағы табыс жолында тер төгіп, тапқандарымызды Алланың қалауымен Оның жолында, ұлтымызды көтеру жолында жұмсауға талпынатын боламыз. Алайда бұны да былай қойғанда, белгілі шен-шекпен, лауазымға жету арқылы дүние- мүлік табу, байлық иесі болу секілді қалаулар мен әуестіктер түсімізге де кірмеген жайттар. Пәни әрі өткінші дүниелік нәрселерді ойлауды былай қойғанда, біз жұмақтағы сарайлар мен жағдайларды ойлаудың өзін уақытымыз үшін ысырап деп санаймыз. Әрине, Жұмақты қалап, Тозақтан сақта деп Аллаға сиынамыз. Бірақ ой-аңсарымызды сондай нәрсені күтумен, кешіріңіздер сол сөзбен айтайын, ешқашан кірлетуді ойға алмаймыз. Егер біздің ақырет үшін ойлағандарымыз осы болса, онда дүниеге тән мәселелермен ойымыз бен түсімізді кірлетпейтіндігіміз анағұрлым жақсы түсінікті болады.
Алайда біздің осы шынайы ойларымызды, сәл ғана бұрын айтқанымыздай, тағы бір рет айту жеткілікті емес. Яғни, «Біздің ойларымыз таза, ешкімнен дүниелік еш нәрсе күтпейміз, бұны бұған дейін айтқанбыз» демеу керек. Демеу керек, әрі бізді бақылап жүргендер ұдайы іс-әрекеттерімізде ылғи осы мағына мен мазмұнды аңдағанындай, сөз бен айтуларымызда да осы мағына мен мазмұнды байқататындай жайттарды естуі керек.
Бұл жағдай адамдық жолында жүгіріп жүрген, жанұшырып қызмет еткен адамдардың жол сенімділігі мен маршрут қауіпсіздігі тұрғысынан маған өте маңызды болып көрінеді. Өйткені жүріп өткен жолға сезікпен қаралуда, тіпті кейбіреулерінде ол сезік параноя деңгейінде бар болса, ол адамдар айтарлықтай кедергі келтіреді, әр бұрышқа қарақшы қойып, момақан істердің өзіне жол бермей, жанқияр адамдарды етбетінен құлатуға тырысады. Бұл үшін бір жағынан тұтас өмір бойы сенімділікті паш ететін, сенімді әрі сенуге болатын адам болу керек, тек бұнымен шектелмей, басқаларға да осы жағдайды түсіндіріп, орынсыз сезік пен күдіктерді жою керек.
Болашақ ұрпақтар және тарихқа жазба қалдыру
Сұрақтың екінші бөлігінде болашақ ұрпақтардың сынына ұшырататын жайттарға жоламау үшін не істеу керектігі сұралды. Сіздер Алланың қалауымен жүректеріңізде діннен туындаған адамды жақсы көру, мейірім туралы ой, тілдеріңізде «толеранттылық, диалог, әркімді өз қалпында құрметтеумен» жолға шығып кетіп бара жатырсыздар. Құшақтарыңыз баршаға ашық екенін, көңіліңізден баршаға орын беретініңізді, ешкім елеусіз қалам деп алаңдамауы керектігін айтасыздар. Міне, істелген осы жақсы ниетті істердің болашақта сөз болмауы, түрлі жазғырулар мен жалаларға негіз болмауы үшін жасалған істер мен шынайы ниеттерді жазып, тарихқа естелік жазып, папка арнап, мұрағатта сақтауға болады. Жасалған осы тіркеулерде бүкіл осы істердің астарындағы ниетіңіз ешкімді басқарайын не қолданып қалу емес, ешқандай «тақийя» жасамағандығыңыз, діни сана-сезімнен де тайқып кету ойыңызда еш болмағандығы, жұрттың ойындағы сезік пен паранояларды жою үшін әрі олардың адамдығына көрсеткен құрметіңіз үшін ортақ алаң мен бірлескен платформаларда олармен диалог құруға тырысқаныңызды айтасыз. Сөйтіп болашақ ұрпақтардың алғашқы деректен әрі алғашқы бастаудан оқиғаларды дұрыс аңдап, дұрыс зерделеулеріне мүмкіндік әзірлеген боласыз. Иә, қазіргі күні әрі бұдан кейінгі күндерде кейбірі осы мәселелерден жік іздейтін болады. Ендеше, бұндай адамдардың қай кезде де болуы мүмкін екенін есепке алып, олардың сіздерді кінәлағандарын, нақақтан-нақақ сіздер туралы жаман ойлағандарын қаламасаңыздар, онда бүгіннен бастап шара қолдану керек. Алдында да айтылғандай, дүниелік лауазым мен мүмкіндіктерді уысында ұстаған адамдарды бәсекелестік пен қызғанышқа итермелемеу үшін қолдарындағы мүмкіндіктерді жоғалтып аламыз ба деген қорқыныштарына сіздердің ондайларда ойларыңыз жоқтығын айту үшін осыларды істегеніңізді әрі бұны зәрулік деңгейіндегі қажеттілік деп есептегеніңізді қаламмен түртіп, қағазға түсіріп, мұрағатқа сақтаған бұл материалдарды болашақ ұрпақтардың ақылы мен ұжданына қалдырасыз. Бұдан бөлек, өзіңіз сыртынан жақсы ойда жүрген адамдығы бар әрі ұждан иесі адамдардың жанына барып, оларға таза ниет пен шынайы ойларыңызды тікеден тіке ақтарып, сол адамдар арқылы болашақ ұрпақтарға үніңізді естірте аласыз.
Бұл тұста ойға мынандай сұрақ оралуы мүмкін: «Біз бір ғана Алла разылығы үшін әрі шынайы ниетпен осы істерді істеп жатырмыз деп сенеміз. Бұндай жағдайда болашақ ұрпақтардың біз жайлы жаман ойға баруына жауапты боламыз ба?»
Объективті жауапкершілік тұрғысынан тек ойға үкім беріп, нашар жорамалдап әрі нашар түсіндіруге барған адамдардың жасаған күнәсі себепті сіз обалға қалып, жауапкершілік арқаламассыз. Алайда субъективті жауапкершілік тұрғысынан мәселенің мейірімділік пен мейірбандық жағы да бар. Егер біз бүкіл мүминдерге деген терең мейірбандық танытып, олардың ауыз, көз, құлақ, тіл мен еріндерінен жағымсыз нәрсе шықпауына себеп болмауды ойласақ, бұл мәселеде басқаларға күнә жасатпау да субъективті жауапкершілік тұрғысынан біз үшін өте маңызды. Егер ойларда сезік, күмән мен күдіктер болса, оларды жою мүмин үшін мейірім мен мейірбандық соны талап етеді. Осы тұрғыдан басқалардың жаман ойға баруына әрі қызғануына мүмкіндік бермеу, іштарлық пен қызғанышын қоздырмау үшін өте абай әрі мұқият болу керек.
Өйткені адам кей уақыттарда өзі аңғармаса да өзгелердің қызғанышын қоздырып, нәпсілік әрі шайтани сезімдерін түрткілеуі мүмкін. Айталық, Еріктілер қозғалысы ішінде ештеңесін аянбайтын бір досыңызды жақсы қызметтері үшін сондай мақтап, қошаметке бөлесеңіз, өзіңіз еш аңғармауыңыз мүмкін, бұл қол шапалақтау, мақтаумен бір құбылаға бағыт түзейтін, бір сәждеге маңдай тигізетін басқа мүмин бір бауырыңыздың қызғанышын қоздырып алуыңыз мүмкін. Осы себепті баршаның сезімін есепке алу, сіздің тірі жүргеніңізді көре алмайтын адамдардың қызғаныш, іштарлық, бәсекелестік пен көре алмаушылық сезімін қоздырмау өте маңызды. Бұл үшін біздің бүкіл мүминдерге деген барынша терең кішіпейілділік пен қарапайымдылық түсінігінде болуымыз, «қатысты болу пікірінен» немесе «қатысты болу пікірі» деп қабылдануы мүмкін сөз бен іс-әрекеттерден, жүріс-тұрыстан барынша бойды алыс ұстауымыз керек. Иә, ешбір мүминге жағымсыз сөз айттырмау және оларды қате пайымдауларға итермелемеу біздің мүмин бауырларымызға деген жанашырлық, мейірбандық және қамкөңілділігіміздің бір талабы. Ендеше, Алла разылығы бағытында жасалған ең момақан істердің өзінде осы мәселе ешқашан елеусіз қалмауы керек.
- жасалған.