Көрегендік керек
Сұрақ: Сұқбаттар мен жазған дүниелерде жиі тоқталатын көрегендікпен әрекет ету мәселесін қалай түсіну керек? Оны өмірде қалай іске асыра аламыз?
Жауап: Басирет (араб тілінде) сөзі білім мен тәжірибемен қатар мәселелерді жүректің ізгі өлшемдерімен қолға алу, сараптау мен синтездеу, сөйтіп оларды басы әрі соңымен, алды артымен бағалайтындай кең ұғымталдыққа жету деген сөз. «Басар»: материалды көзбен заттар мен оқиғаларды оқу болса, «басирет»: жүрек көзімен заттар мен оқиғаларды ұғыну. Осы тұрғыдан басирет адамның әрі шындық пен ақиқатты табуында, әрі өзгелерді ақиқатпен табыстыруында шұғылалы жолбасшы тәрізді. Оның нұрынан мақұрым адамның жөні түзу түрде заттар мен оқиғаларды бағалауы, синтез және анализ жасауы әрі олар жайлы дұрыс шешімдер қабылдауы мүмкін емес. Құран Кәрімнің айтуынша, бұндайлардың жүрегі бар, бірақ онымен ұғына алмайды, көзі бар, бірақ онымен көрмейді, құлағы бар, бірақ олармен естімейді (Aғраф сүресі, 7/179) Шынтуайтында, әр мүше о баста не үшін жаратылған болса, сол мақсатта (ма һұлиқа ләх инда) қолданылуы керек. Көз көруі қажетті нәрселерді көруі, құлақ естуі керекті нәрселерді естуі, ақыл ұғынуы керекті нәрселерді түсінуі үшін жаратылған. Бірақ көрегендігі жоқ адамдар жүрек есіктерін уахи нұрына және пайғамбар үндеуіне жабық ұстағандығы себепті бар бола тұра жоқтың күйін кешеді. Иә, олардың көз, ауыз, құлақ, ақылы мен қол-аяқтары жоқ емес, бірақ бұларды жаратылыс мақсатына сай қолданбайды. Құран Кәрім мен Сүннеттің әрқайсысы жаратылыстағы жұмбақтарды шеше алатындай сырлы кілт. Бірақ олар осы екі кілтті қолда ұстап тұрмағандықтан, ғаламның сырлы есіктерін де аша алмайды, жеке адам мен қоғам өміріндегі түйткілді мәселелерді де өз лайығында шеше алмайды.
Көп баламалы шешім жобалары
Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) бір хадис шәріпте «Әрбірің малшы тәріздісіңдер, қоластыларыңдағылардан жауаптысыңдар» (Бұһари, Жұма, 11; Mүслим, Имарат, 20) деген сөзімен адамдардың жауапкершіліктеріне назар аудартқан. Әркімнің жеке, отбасылық және қоғамдық өмірі тұрғысынан түрлі-түрлі міндеттері бар. Біреу отбасы, біреу аудан, бірі қалашық, бірі қала, енді бірі ірі мемлекет үлкендігіндей жауапкершілікке ие болуы мүмкін. Осы тұрғыдан әр адам деңгейіне қарай түрлі салаларда жауапты болған адамдарын басқару, бағыттау, олардың тәрбиесімен айналысу міндетімен ұшырасады. Мойнына артқан жауапкершілікті толықтай орындау болса, жоғарыда сәл де болса түсіндіруге тырысқан көрегендік шамын қолға алып әрекет етумен байланысты.
Тағы біраз ашатын болсақ, белгілі бір деңгейдегі адамдар өз иеліктеріндегі осы деңгейдің үдесінен шығу әрі істерінде жетістікке жеткісі келсе, алған барлық шешімдерді ақыл, қисын және талқылаумен қатар жүрек пен ұждан сүзгісінен өткізуі тиіс. Олар ойдың үдесінен шығумен қатар маңайларына мейірім мен сүйіспеншілікпен қарауы тиіс. Ешбір тіршілік иесін мейірімнен мақұрым етпей, ешкімнің ақысын жемей, туралық пен әділеттіліктен ешқашан айрылмауы тиіс. Біз үшін дара үлгі иесі Расулалланың (алайһи акмалу таһая) өміріне көз жібергенімізде, барлық іс-әрекеттерінде басар мен басиретке қайшы ешқандай мәселе жоқтығы байқалады. Әрі осы ақиқатты бізге білдіру, әрі ол кемел жолбасшыны үлгі алуымыз үшін Алла тағала Құран Кәрімде елшісіне былай деп айтуды бұйырады: «Былай де: Міне, менің жолым осы. Мен Аллаға соқырша емес, көрегендікке негіздеп шақырамын. Маған ергендер де осылай…» (Юсуф сүресі, 12/108)
Бұл тұста Алла ардақты пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уә сәлләм), әрі ізінен жаңылмай оның соңынан ергендердің үндеуін көрегендікке сүйеп жасағандарын әрі жасауы керектігін білдірген. Бұның мағынасы болса, жасалатын үндеудің біліп, көріп, естіп жасалуы әрі кездесуі мүмкін мәселелерді есепке ала отырып, бұлардың әрбірі үшін балама шешімдер әзірленуі деген сөз. Тіпті кездескен мәселеге тек бір шешім ғана ойластырмай, жағдайға қарай екі, үш, төрт немесе одан да көп балама шешімдер әзірленуі тиіс. Неге десеңіз, шешім жолдары қаншалықты көбейсе, мәселе сол шамада дұрыс қолға алынып, яғни дұрыс ақыл, дұрыс жүрек, дұрыс жан-сезімнің талабына сай әрекет жасалған болады.
Сахабаның көрегендік өресі
Бұл аят пайғамбарлар падишасымен (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) қатар оның соңынан ергендердің де үндеуін көрегендікпен жасағанын, жасауы керектігін білдіруде. Иттиба (араб тілінде) біреудің соңынан еру, ізінен жаңылмау, артынан жүру деген мағынаны білдіреді. Пайғамбарымызға лайықты түрде ергендердің әуелгісінде Әділетті халифалар тұр. Расында Расулалла (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) олардың бұл ерекше жағдайына назар аудару үшін былай деген: «Сіздер менің әрі тура жолдағы Әділетті халифалардың жолын ұстаныңыздар. Азу тіспен тістегендей етіп бұл жолдан айрылмаңыздар» (Tирмизи, Илим 16; Әбу Дәуіт, Сүннет, 5; Ибн Мәжә, Мұқаддима 6)
Бірақ мынаны да айта кеткен дұрыс, әділетті халифалармен өзге сахабалар арасында өмір сүру дағдысында айтарлықтай ұқсастық бар. Егер олардың арасында үйлеспейтіндей үлкен айырмашылық болғанда, ол орта әділетті халифаларды өздеріне қабылдай алмас еді. Демек, Әділетті халифалар мен ашара и мубашшара (жұмақпен сүйіншіленген он сахаба – ауд.) арасында болсын, олармен алғашқы сапта тұрғандар арсында болсын әрі кезегімен өзге де сахабалар арасында болсын айтарлықтай гендік үйлесім болғаны шындық. Бұл үйлесім де түп негізінде Алламен байланысқа, жіберген елшісін мойындауға, Құран Кәрім мен Сүннетттің бұйрықтарын ішке сіңдіруге барып сүйенеді.
Осы тұрғыдан қарағанда, әуелде Алла елшісінен бастап (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) кейіннен оның ізінен ерген ардақты сахабалардың өмірін айтарлықтай көрегендікпен өткізгенін айтуға болады. Олай болмаса, мейлі Бақытты ғасырда, мейлі Әділетті халифалардың ел басқарған кезеңінде белең алған сонша келеңсіздіктерді біржақтылы ету мүмкін болмас еді.
Көрегендікпен реттелген 11 иртидат оқиғасы
Ол кезеңде туындаған келеңсіздіктердің ірілігі әрі бұлардың қалай реттелгенін түсіну үшін қазіргі уақытпен салыстыру жасалуы керек. Біз бүгін көп жылдар бойы елемеу әрі ғапылдыққа салынумен туындаған террорлық оқиғаларды дұрыстай алмаудамыз. Бірақ сол күндері үшеуі Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) уақытында, сегізі хазірет Әбу Бәкірдің (радиаллау анһу) кезеңінде орын алуымен тура он бір иртидат (діннен шығу – ауд.) оқиғасын реттей алған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) бақиға аттанғанда, артында көзі тірі жүз мың сахаба қалғаны айтылады. Бірақ бұлардың бірқатарын балалар, науқастар, кәрілер мен исламмен енді ғана танысқан адамдар құраған. Айтқандай, ең көп сахаба есімі аталған Ибн Хажар «әл-Исаба» атты еңбегінде он мың сахаба туралы әңгімелеуде. Ол кезеңнің адамдары қазіргі террор мәселесі секілді тура он бір ірі келеңсіздікті шешкен. Осы шындықты көрмейтін көр көздер, естімейтін саңырау құлақтар, мәселені сараптап әрі сұрыптай алмайтын жүрексіздер өз таяздықтарының сорын тартуда.
Хазірет Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһу) атқарған істеріне қарағанымызда, әрбірін атқару үшін жоқ дегенде он бес, жиырма жыл қажет екені байқалады. Бірақ оның халифалығы екі жылдан сәл ғана асқан. Барлық істерін осы аз ғана уақытқа сыйғызған. Бұл не деген парасаттылық, бұл не деген көрегендік, бұл не деген сұңғылалық десеңізші?! Иә, сахабаларымыз биік көрегендігі бар жандар болғандықтан, оқиғаларға дұрыс қарап, дұрыс бағалап, Алланың қалауымен дұрыс шешім де қабылдай білген. Қандай да бір туындауы мүмкін келеңсіздіктің өзіне он түрлі балама шешімдер әзірлеген. Осы себепті жауапкершіліктеріне алған міндеттерін еш кемшіліксіз орындаған.
Көңіл көрегендігі Әрине
Пайғамбарымызға ергендер тек сахабалармен шектелмегендіктен, кейіннен келген Мұхаммед үмбетінің де аятта айтылғандай, жұртты көрегендікпен Алла жолына шақыруы әрі бүкіл істерін көрегендікпен қолға алуы керек. Неге десеңіз, мәселелер дұрыс ақыл, дұрыс жүрек әрі дұрыс сезіммен қолға алынбаған жағдайда келеңсіздіктерді шешу мүмкін емес. Айталық, қазіргі таңда көбіміз көрегендік нұрынан мақұрым болғандықтан, көбіне ұшырасқан мәселелерді шеше алмаймыз. Шешім іздеп жолға шыққанмен, бірақ қолға алған мәселелерді келеңсіздіктер ошағына айналдырып, тура бір шешілмейтін есеп қыламыз. Айталық, бүлік пен хаос оты түскен бір аймақта келеңсіздікке ауыр балға тәрізді күшпен барған кезімізде адамдарды жөнге саламыз деп ойлап, алданғанбыз. Неге десеңіз, біз оларды ауыр балғамен ұрған сайын олар мейлінше қатая түскен. Бүгін де бір-бірімен қиюласқан, жымдасқан, қордаланған көптеген мәселелер еңсеруге келмейтіндей, шешімі қиын жағдайға қарай ойысып бара жатыр.
Иә, Пайғамбарымызға (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) алғаш ергендер сол ергендерін шынайы түрде жүзеге асырған. Кейіннен келген біздерге де сол мақсатты көрсеткеніне қарағанда, жеке адамдық, отбасылық, қоғамдық түйткілді мәселелерді шешкіміз келсе, міндетті түрде көргенділікпен әрекет етуге мәжбүрміз. Егер біз ұдайы көрегендікке, ұдайы сезімталдыққа және ұдайы сергектікке қол жеткізсек, кездескен келеңсіздіктер граниттей қатты болса да, Алланың рұқсаты әрі қолдауымен бұларды жұмсартып шешіп, жолымызды жалғастырамыз.
Әсілі, Құран Кәрім бізді әр оқиғада көрегендікпен әрекет етуге шақырғанына қарағанда, біздер адамдардың табиғатын оқып, мінез-құлықтарының сараптамасын жасап, бір жағынан геосаяси жағдайларын жақсы анықтап, отыз жылдан кейін туындауы мүмкін оқиғалардың өзін қазірден көруге тырысуымыз керек. Қажет болса, мәселелерді think-tank мекемелерінде, стратегиялық орталықтарда сараптатып, олардың бұл мәселеде анықтаған нәтижелерін салыстырмалы түрде талқыға салуымыз керек. Егер біз осы мәселеге ми жұмсап, содан басымызды ауыртатын болсақ, ұстаз Нежіп Фазылдың айтқанындай: «Миымыз мұрнымыздан шықса», Алла да біздің осы талпынысымызды қайтарымсыз қалдырмайды, бізге ең орынды әрі ең дұрыс жолды көрсетеді.
- жасалған.