Рамазан айында адам жүрегінің жұмсаруы
Сұрақ: Жыл сайын көктен түскен сәкинадай[1] көңілімізді жібітіп, жайландырған, белгілі бір қалыпқа түсіретін Рамазан айын жекелей және қоғамдық өміріміз үшін барынша толық пайдалану үшін не ұсынар едіңіз?
Жауап: Ораза, ауызашар, сәресі, тарауих секілді арбайтын әсемдіктерімен санамызда қылаң беріп, өзіне тән қасиетті ауан қалыптастырған Рамазан айының үсті-үстіне қысым үдеп, зорлық пен қатігездік әлінен асып, дауласуды артық көріп, көпшілік арасында айтарлықтай суық қатынас орын алған кезеңдердің өзінде адамдардың жан дүниесін қайтадан дұрыстап, жүрек, сезім және ой-пікірлердің оңалуы әрі қаталдықтың барлық түрі мен жауластықтарды басу тұрғысынан ерекше әсері бар. Өйткені жан тыныштығы, жұмсақтық пен нәзік сезімдер анық сезілетін осы мүбәрак айға деген халқымыздың айтарлықтай құрметі бары шындық. Осы тұрғыдан дәл қазір біз түрлі келеңсіздіктердің бел ортасында қалсақ та, егер еркімізді тиісінше қолға алып, осы бір құтты уақыт аралығына бар көңілімізді салып, берекетіне жүрегімізбен сеніп, оған тағзым әрі құрмет сезімімен бет түзей алсақ, ол да бізді бауырына тартып, төбемізден толайым рақымын төгіп, қатігездік пен зорлық, ашу-ызаның алдын алады, ал бұндай қоғамда бейбітшілік пен тыныштық қайтадан орнайды.
Дәмнің көп түрі емес, қонақтың көптігі
Осы бағытта атқарылуы керек істерге келер болсақ, мәселен, көпқабатты үйде тұратын кісі көрші-қолаңдарын, мейлі олар қандай мәдениет пен түсінікте болмасын, бірнеше күн бұрыннан хабар беріп, дастарханға шақырып, қолынан келгенше өзінің сыпайылығы мен мәрттігін көрсетсе болады. Тіпті астан кейін «Сіздерді асқа шақырып әуреледік. Сол үшін кішігірім сыйлығымыз да бар еді, қабыл алыңыздар» деп, алдын ала дайындап қойған кішігірім сыйлық та берсе құба-құп. Жағдайы көтерсе, әсіресе, бала-шағаларына сыйлық ұстату арқылы кінәсіз балдырғандарды қуантуға болады. Осы секілді мектепте мұғалім, университетте ұстаздық жасаушы немесе басқа да мекемелерде жұмыс істейтін кісі де ешкімді әлеуметтік мәртебесіне қарамастан үйінің есігін бәріне ашып, ауызашар дастарханын бөлісу арқылы қоғамдық бейбітшілікке үлес қоса алады.
Біз осынау берекелі әрі нұрлы айды барынша тиімді қолдануымыз керек. Тіпті үйде қонақ келмеген ауызашарымыз болмауы тиіс. Иә, ауызашар дастарханы тағам түрлерінің көптігінен гөрі келген қонақ санының көптігі және әртүрлілігімен байытылуы тиіс. Өздеріңіз де білетіндей, ардақты Расулымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм): َ طعَامُ الإثنينِ كافي الثَّلاثَةِ، وَطَعَامُ الثَلاثَةِ كافي الأَربعَةِ «Екі кісілік тағам үш кісіге, үш кісілік ас төрт кісіге жетеді» деген (Бұхари, Әтғима 11; Мүслим, Әшриба 179). Осы тұрғыдан келгенде өзіне тән алабөтен берекесі бар Рамазанда айында конақтың көптігін ауырсынбау керек.
Осылай әрекет ету – әр түрлі топ арасындағы алшақтықтарды болдырмай, қате түсініктерді дұрыстауда маңызды дипломатиялық жол. Анығында күш-қуатпен шешілмеген, механизмделген жасақтармен реттеуге келмейтін көптеген түйткілді мәселелерді осы жолмен шешуге болады. Иә, сіз баршаға көңіліңізді ашық ұстап, адамгершілікті істеріңізбен араласқан жандардың жүрегін жаулап, баршаға көңілден орын ұсынсаңыз, сонша адамның көңілін өзіңізде ұстау арқылы еңсеруге келмейтін небір кек пен жеккөрушілік, ашу мен ыза, қан төгістер мен кісі өлімдерінің алдын аласыз. Оның үстіне, тарихта ешқашан қорқытумен мәселелердің шешілгені, қиындықтардың тігісі жатқаны байқалмаған. Қайта қорқытқан сайын адамдар ызаға булығып, өз білгендерінше одан әрі қызбаланып қиратпа әрекеттерге барған.
Бір мақалда айтылғандай, бір күн дәм татқан жерге қырық күн сәлем. Осы себепті біздің берген бір ауызашарымыз көп уақыт есте тұрады. Осы тұрғыдан қайтарымы мүлдем басқаша болатын бұндай жомарттық міндетті түрде жасалуы тиіс. Біз біле бермейміз, мүмкін Рамазанның алабөтен берекесі де осында жатқан шығар. Яғни біз ораза ұстап, тарауих оқып ақыреттік азық жинағанымыздай, кісілердің көңілін жібіту арқылы да өзгеше табысқа кенелеміз.
Көктің әрісінен жетіп, көңілде жаңғырған дауыс
Екінші бір жағынан әлемнің түкпір-түкпірінде адамзатқа қызмет жолында тер төгіп жүрген қызмет ерлері де өзгелердің көңілін жібітіп, жүрегін жаулауда Рамазанды өте маңызды себеп ретінде игілікке жарата алады. Қалай Құрбан айтта шалған малдарды елдің кедей-кепшігінен бастап Азия мен Африкаға, төрткүл дүниенің төрт бұрышына жеткізу арқылы халқымыздың жомарттығы мен қамкөңілдігі көрсетілсе, құрбан шалып етін таратуды себепкер етіп талай жанның көңілінің кілті табыла басталса, осымен қатар, сенім артуға болатын халықтың бар екеніне деген оларда сенімге қозғау салынды. Дәл осы секілді Рамазан айында сәресі мен ауызашар мүмкіндігін баршаға ашық ұстау арқылы Рамазанда ұйымшыл іс бастап, небір адамдардың тілін тауып осы мүбәрак айды Алла разы болатын жағдайға жеткізуге болады. Неге десеңіз, өте-мөте шетелдерде ауызашар немесе сәресіге шақырылған қонақтар осындай іс-шаралардан әсер алатыны соншалықты, алған әсерлерін естіген кезіңізде істің маңызын жақсырақ түсінесіз. Мысалы, ауызашар алдында оқылған азан олар үшін тосын дауыс ретінде, жаңа әрі өте қызық көрінеді. Сондықтан араласып жүрген таныстарымызды өз әсемдіктеріміз бен өз байлықтарымызбен таныстыру үшін бұндай мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану қажет.
Жасалған бүкіл осы іс-шаралар араласқан жандардың мүмкін мұсылмандыққа жылы қарауына ғана түрткі болуы мүмкін. Алайда осы жайттың өзіне, меніңше, жеңіл қарамаған жөн. Кім біледі, барлық нәрсені таза қалпында естіген ол кісілер уақыт өте келе исламның әсемдіктерін одан да басқаша сезініп, демде өз кемелдіктеріне бойлауы мүмкін. Осы тұрғыдан бұндай нәтиженің туындауы үшін бір реттік ауызашар емес, олардың алдына күніне үш-төрт рет дастархан жайылса да, соған татиды деп ойлаймын.
Бүгінгі адамзат, өкінішке қарай, мұсылмандықтың игіліктерінен мақұрым күн кешті. Өйткені олар мұсылманша іс-әрекет пен жүріс-тұрысты көрмеді. Сондықтан біздің ең басты міндетіміз отбасы кейпімізбен, әке-шеше мен бала қарым-қатынастарында, қонаққа шақыруымызбен, сыпайылығымызбен оларға шынайы мұсылмандықты көрсету. Егер әлдекім мұсылмандарды құбыжық секілді көретін болса, оны болдырмаудың жолы олармен қоян-қолтық араласуда. Осы себепті қасиетті Рамазан айында мұсылмандар қоғамдағы жағдайға байланысты ақыл, қисын, пайым және ақылдасумен әрекет етіп, құптарлықтай түрде осы істерді жүзеге асыруға тырысу керек.
Ешбір амал рамазанда орындалмаған амалдардың орнын толтыра алмайды
Жаратушы ие жауапкершілік ретінде бізге парыз еткен құлшылықтар орындау түрімізге қарай өзгеше мән иеленіп, Алла алдында біз үшін куәлік етеді. Біз осы кешірім айын қаншалықты қуантсақ, оның куәгерлігі де сол бағытта соншалықты зор болмақ. Тиімді өткізе алсақ, қасиетті Рамазан бізбен қоштасып кеткеннен кейін өзімізге жақсы куә болады, мүмкін біздің Райянға лайық екенімізді білдіретін болар. Осы тұрғыдан біз Алланың біздерге белгілеген құлшылықтарына құрмет көрсетіп, бәрін қадір тұтып, оларды барынша тиімді өткізуге талпынуымыз керек.
Бұдан бөлек, адам ақыретте Алланың өзіне нәсіп еткен игіліктері қай амалдарының қайтарымы екенін біледі, бұл да ол адамға игіліктің өзіндей ләззат сыйлайды. Мүмкін өзі кенелген сонша нығметтерді көріп былай дейді: «Жаратушы иеме көп шүкір айтамын! Әуелі мені осы амалдарды жасау абыройына бөледі, енді соның марапатын алу абыройына бөледі». Иә, адам ол жақта ұстаған оразасын аузымен, мұрнымен, құлағымен таниды. Осы секілді ашыққаны, шөлдегені, тарауих намазында шаршағаны, сәресіге тұрудағы жан тебіреністері, ауызашардағы сый-құрметтерін ақырет әлемінің өлшемдерімен танып, соның ләззатын бастан кешетін болады.
Кейбір құлшылықтардың тереңдігі әсіресе уақытына, орнына және жағдайына байланысты. Рамазан айында жасалатын ғибадаттар да осындай. Осы себепті Рамазан айында жасалған амалдар өзгеше бағаға жетеді. Бұл айда пенделер түрлі кейіпте Аллаға жақындайды. Бұл айда ұсталған оразаның сауабына ешбір ораза жетпейді. Жай уақыттардағы түнгі жиырма рәкат намаз да тарауихтың орнын алмастыра алмайды. Дәл осы секілді Рамазаннан тыс түндерде жасалған сәресілерден де Рамазандағы сәресінің сауабын ала алмайсыз. Сондай-ақ Рамазанның тысында ауызашар уақытындағы азанды күтулеріңіз де Рамазанға теңеспейді. Қысқаша айтқанда, басқа уақыттарда жасаған іс-амалдарыңызбен дәл Рамазанда жететін марапатқа жете алмайсыз. Ешбір амал Рамазаннан қалған олқылықтың орнын толтыра алмайды. Міне, осы себепті бұл ақиқатты ар-ұждандарында терең сезінген шынайы мүминдер бұл айдың кеткеніне кәдімгідей өзегі өртеніп, келесі Рамазанға дейін оның сағынышты зарын тартады. Кім білсін, дәл осы сағыныш оларды өзгеше бір Рамазан сауабына бөлеуі де мүмкін.
[1] Сәкина: жүректің тыныштығы, жанның жай табуы – ауд.
- жасалған.