Ренжігіштік дерті және оны емдеу шарасы
Сұрақ: Қазіргі таңда адамдардың өзара бір-біріне ренжуі себепті ұзақ уақыт бет көріспей кетіп жатқан жағдайлар бар. Жеке тұлғаға, отбасыға және жалпы қоғамға кері әсер беретін мұндай рухани дерттен айығудың жолдары қандай?
Жауап: Ренжу бұл – адамның біреуден көңілі қалып, онымен арадағы қарым-қатынасқа шек қою. Бұған қоса, жүрегімен, рухымен және бүкіл сезімдерімен ол адаммен байланысын үзу деген сөз. Орынсыз ренжи беру көбінесе өзімен бірге басқа да рухани дерттерді ала келеді. Мәселен, бауырына ренжіген адам тек сол ренжіген күйі қалмайды, ол жайлы әртүрлі сөздер айта бастайды. Тек осы жағдайдың бір өзі адамды ғайбат, өсек секілді күнәларға итермелейді. Оған қоса, кісі өзін ренжіткен адамның аяғының сүрінгенін, омақаса құлағанын қалап тұрады. Ең қауіптісі, ренішті адам осындай қателіктерге жол берумен қоймай өзін ақтап, сол қателіктерін өзінше жөн санау арқылы одан да үлкен қателік пен күнәға бой алдырып жатқандығын білмейді. Бұл Аллаһ тағаланың құзырында жеккөрінішті қылық әрі адамның ақыретін оңдырмайтын жағдай.
Бұл тақырыпта Аллаһ елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ескертпелері мен өсиеттері аса маңызды. Мәселен, бір хадис шәріпте былай делінеді: لَا يَحِلُّ لِمُسْلِمٍ أنْ يَهْجُرَ أَخَاهُ فَوْقَ ثَلَاثَةِ أَيَّامٍ «Қандай да бір мұсылманның өз бауырына үш күннен артық ренжуі дұрыс емес»[1]. Демек, мұсылман адам қандай жағдайда болмасын өзара ренжіскен бауырына өкпесін үш күннен асырмауы тиіс. Бірақ бұл жерде ескеретін бір жайт бар. Егер де реніш белгілі бір шариғи негізге немесе усул фиқһтың аясындағы бір қағидаға сүйенбесе, оның тысындағы кез-келген реніш жөн емес. Иә, адамның реніші шынайы себеп арқылы немесе шариғи негізде болған кезде ғана үш күн бойы жалғаса алады. Шариғат иесі реніштің мерзімін үш күнмен шектеген. Себебі бұл аралықта сіздің алқынған жүрегіңіз баяулап, астаң-кестең болған сезімдеріңіз қалпына келеді. Булыққан ашуыңыз су сепкендей басылып, рухыңыз жайлы бір күйге келу арқылы кісі ақысын ескере бастайсыз. Әлгі адамның орнына өзіңізді қойып көре аласыз. Нәтижеде бойымыздағы бауырластық сезімі қайта жанданып, арадағы кедергілер бауырластықтың аясында зым-зия жоғалады. Сөйтіп ренжіскен бауырыңызбен құшақ айқастыра қауышып, арқа-жарқа боласыз да қаласыз. Міне, хадис шәріп бізге осындай өлшемдерді бере отырып реніштен қалай құтылу керектігін көркем түрде үйретеді.
Шынайы ренжу мен астарлы ренжу
Осы кезге дейін бұл мәселені шынайы және астарлы деп екіге бөліп қарағандар болмаса да адамның ниет-мақсатына қарай біз бұл мәселеге осылай екі тұрғыдан қараймыз. Сол себепті шынайы мағынадағы «реніш» айыпты, күнәлі іс болғанмен де, астарлы мағынадағы «реніш» бұл қажет жерінде қолдануға болатын стратегиялық тәсіл, жол. Мәселен, әкенің өз баласына «сенен мұндай нәрсені күтпеп едім» деп ренжіген сыңай танытуын астарлы реніш дейміз. Бақыт ғасырында (пайғамбар заманы) орын алған «Иғла оқиғасына» осындай өлшеммен қарау қажет. Осыған байланысты тағы бір оқиғаны баяндай кеткенді жөн көріп отырмын. Бастауыш сыныптағы ұстазым бір жағдайға байланысты менің құлағымды бұрап «Сен де ме?» дегені бар. Сірә, мені отыз рет таяқпен ұрса, осыншалықты әсер етпес еді. Өйткені, оның бұл сөзінде мені аздап мақтау әрі маған деген ерекше назар аудару және де мен үшін сол арадағы өзара сыйластықты бұзып алу қаупі бар екендігін ескерту жатыр. Ұстазымның бұл әрекеті бәлкім елеусіздеу көрінуі мүмкін. Алайда оның бұл ескертпесі менің бұрыс жолға түсіп кетуімнен сақтануыма себеп болды. Міне, біз «астарлы ренішпен» осыны мақсат етудеміз. Яғни, ескерту керек болған адамға қателігін ескерту мақсатында оң нәтиже алу тұрғысынан реніш білдіруді тәрбие әдісі ретінде қолдану.
Ата-ана хақы және «астарлы» реніш
Алайда ата-ана жоғарыда айтқандарымызға кірмейді. Себебі Ұлы Жаратушы олар жайлы былай деген: وَقَضَى رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِنْدَكَ الكِبَرَ أحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُلْ لَهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُلْ لَهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا «Раббың Өзінен басқаға құлшылық етпеулеріңді және ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды. Егер де олардың бірі немесе екеуі де сенің жаныңда қартайса, тіпті оларға «Үф» деме және олармен жақсы мәміледе болып, жақсы сөз сөйле!»[2]
Бұл аятты намазда оқыған сайын ішімен біреу қанжар сұғып алғандай күй кешемін. Өйткені, кім біледі, өзіміз білмейтін қандай да бір әрекетімізбен ол кісілерді ренжіткен кезіміз болған шығар. Мойнымда өзіндік борышы болған ата-анам, ата-әжем, әпкелерімді өзімнің дөрекі мінезіммен қанша рет ренжіттім екен. Осылардың барлығын есіме алсам өзегіме ащы нәрсе құйылғандай сезінем. Сондықтан да осы үлкен кісілер есіме түскен кезде: «Раббымыз! Мені және ата-анамды кешіргейсің!»[3] деп дұға етіп, олардың менде кеткен хақылары болса, Жаратушыдан мені кешіруін сұраймын. Әрі Аллаһ тағаланың берген мүмкіндігі арқылы кейбір адамдарды жіберіп ата-анамның атынан қажылық және умра өтеп келуін өтініп жатамын.
Сондықтан ата-ана мен жасы үлкен кісілерге деген реніштің «астарлы» түріне де жүгінбеуіміз қажет. Иә, әркім ол кісілерге қатты көңіл бөлуі ләзім. Ренжуге орынды себеп болып тұрса да ренжуге хақысы жоқ. Өзін қатты ренжіткен болса да оларды ренжітпеуі керек. Керісінше ол кісілерді үнемі қуантып жүру шарт. Әйтпесе сондай бір күн туады, адам өзінің жіберген қателіктеріне өлердей өкінеді, бірақ бәрі кеш болады. Осы тұрғыдан алғанда адам өмірін бір жүйеге келтіруі қажет. Әрі «қап, олай етпеуім керек еді, былай жасауым қажет еді» деп айтпасын. Себебі, адамзаттың мақтанышы (алейһиссалату уә сәлләм) «қап, әттең» деген сөздердің қауіпті екендігін ескерткен[4]. «Егер..» сөзі бір жағынан қарағанда тағдырға қарсы келу болып табылады. Сондықтан қажет болса адамның жанында бір менеджері болуы керек. Ол «қап, әттең..» дегізетін істерді істемей тұрып оған ескерту жасап, дұрыс бағыт береді. Бұрынғы заманда алып патшалар өздерімен бірге көмекшілер ұстаған. Олар патшаның қате қадамын, бұрыс шешімін дөп басып еркін айтатын болған. Себебі патшаның өзі оларға қателіктерді бұқпай айтыңдар деп рұқсат беріп қойған. Сол арқылы патша дұрыс бағытынан айнымай ел басқаруға мүмкіндік табатын. Қазіргі таңда да адамдардың жандарында қателіктерін ескертетін адамдардың болуы артық емес. Өкінішке алып баратын істерден қайтарып, дұрыс бағытқа итермелеп отыруы қажет. Өйткені, адам өз бойындағы қателіктерді қанша тырысса да байқауы қиын. Ал өзін-өзі түзету одан да қиын.
Негізгі тақырыбымызға келер болсақ, кейбір мәселелерде жақсы нәтижені көздеп аздап жеңіл түрде ренжуге болады. Бұл «астарлы ренжуге» жатады. Мұны жалынуға да жатқызуға болады. Мәселен, бір әке не бір ана баласын бір қателіктен қайтару үшін оның құлағын жеңіл түрде бұрап немесе ұлының мінезіне көңілі толмай жүрген болса оған ескертуді ұрсып емес, мейіріммен, жалынған кейіпте жеткізеді. Алайда бұлардың барлығы жүйелі түрде ретімен жасалуы керек болған әрекеттер, әдіс-тәсілдер. Некелескен жас жұбайлардың үйленбей тұрып жеткілікті деңгейде сол мәселенің қыр-сырын ұғып, кеңеспегенінің кесірінен, өкінішке қарай, көптеген қателіктерге жол ашатынын көріп жүрміз. Иә, мұның барлығы әйел, бала-шаға, ата-ана құқығын білмеуден туындайды. Сол себепті мен үйлену мәселесінде жастарды сол мәселе төңірегінде жан-жақты ақпараттандыратын бір курс беріліп, сол курс соңында арнайы құжат (сертификат) берілгеннен кейін барып оған үйленуге рұқсат етілгені дұрыс дер едім.
Ғибадат сауабына кенелдіретін амал
Кейде айналамыздағы адамдар сізді шынымен ашуландырады. Ашуланбасқа болмайтындай жағдай туады. Бірақ осындай жағдайдың өзінде Аллаһқа және ақырет күніне иман еткенімізді еске алып, өзімізді, сезімдерімізді ауыздықтап, сонымен күресу арқылы жиһат етуіміз қажет. Мына бір нәрсені естен шығармауымыз керек, адамның ренжитін жерде ренжімей қоя салуы оны ғибадатының сауапты болуына алып барады. Өйткені, адам бұл жерде асау нәпсісінің екпініне төтеп беріп оған қарсы жүреді, нәтижесінде рухының қалауын орындайды. Мұсылман ғалымдардың сабырды үшке бөліп қарастырғанын еске алсақ, оның бірі басқа келген бәле мен қиыншылықтарға сабыр ету болып табылады. Міне, осындай жағдайда сабыр ету бір жағынан адамды құлшылық сауабына кенелтетінін айтуға болады. Иә, кейде ренішке себеп болатын елу түрлі түрткі тауып алуға болады. Бірақ біз мұның барлығына уақытша қиыншылық ретінде қарап, оған сабыр етуіміз ләзім. Бізге ренжігендерге ренжімеуіміз, бізді өкпелеткендерді өкпелетпеуіміз қажет. Себебі бізді ренжіткендерге төзімділік танытып, олармен көркем қарым-қатынаста бола алсақ, дін үшін, адамзат үшін үлкен жанкештілік жасап, үлкен бір істі тындырған боламыз.
Ренжу мәселесіне қоғамдық өмір тұрғысынан қарағанымызда, оның әртүрлі адамдар арасында әсіресе саяси тұлғалар арасында көрісін табуы қазіргі таңда қарама-қайшылықтар мен түрлі кикілжіңдердің орын алып жатқанын көре аламыз. Саяси алаңдағы мұндай мінез-құлыққа әсер ететін нәрсе бұл шен-шекпен, мансап деген нәрселер. Осы негізде қарсыласына тізесін батыру, айтпауы қажет сөздерді айту әрекеттері орын алады. Нәтижесінде көптеген реніштер, ашу-ызалар пайда болады. Алайда мансап қалауымен әрекет етпеген жағдайда халқымызға, адамзатқа қызмет ету әркімге ортақ бір жол, бағыт екендігіне көз жетеді. Иә, бір топтың ішінде болып соған пайдаңды тигізіп, өзгелер басқа топта болса да жүрген жолы бір болғандықтан қажет жерде иық тіресіп тұрып бірге қызмет ете аламыз, бір сапта тұрып бір мақсатқа ұмтыла аламыз. Мұндай жерде бәсекелесу сезімі, біреуді шаң қаптырып кету деген мақсат жоқ, болмауы да керек. Керісінше «мен де осындай игі істерді жасаудан шет қалмайын, ең азы осы адамдардай жетістікке жетейін» деп игілікке ұмтылуы қажет. Осылайша жүрер жол кең болса, онда ол жерде ешқандай да тартысу да, ренжісу де болмайды.
Иман мен Құранның ғажайыптарын дәріптеу ісінде де осы мәселе өте маңызды. Себебі, Ұлы Жаратушы былай деген: وَالَّذينَ جَاهَدُوا فِينَا لَنَهْدِيَنَّهُمْ سُبُلَنَا «Егер олар адамдардың жан дүниелері мен Менің арамдағы кедергілерді жоюға тырысып, олардың көңілдерін Маған бұрар болса, сол жолда жиһад етсе, Мен де оларды Өзімнің тура жолыма саламын»[5] дейді. Мынадай бір сөз бар: الطُّرُقُ إلَى اللهِ بِعَدَدِ أَنْفَاسِِِ الخَلَائِقِ «Аллаһ тағалаға бастайтын жолдар жаратылыс санындай көп»[6]. Иә, Аллаһқа бастайтын жолдар көп болғандықтан адам баласы бірімен бара алмаса басқасымен барады. Мәселен, сопылық көзқарас тұрғысынан мысал берер болсақ, былай деуге болады: Нақши жолы да, Қадари жолы да, Шазили мен Руфағи, Бәдәуи мен Халиди, Мәламилер жолы да – барлығы адамды Ұлы Жаратушыға бағыттайды. Сондықтан әртүрлі топтар бірін-біріне ренжімеуі керек. Сонымен қатар бұл мәселеде қызғаныш пен бәсекеге жол бермеу қажет. Оған қоса «бізге зиян келтірді» немесе «біздің шекараға кіріп кетті» деген секілді дау-дамайдың шығуына себеп болмауымыз ләзім.
Иә, иман еткен жандар ретінде біз бауырларымызға қарсы жұмсақ мінезді, кішіпейіл болып, өзіміздің сезімдеріміз бен нәпсі қалауларымызға ие болып, олармен жақсы мәміледе болуымыз маңызды.
Аллаһтың қолы (жәрдемі) жамағатпен бірге
Реніш кейде өзін ілім жолына, адамзатқа қызмет етуге арнаған ізгі жандар арасында да кездесіп қалып жатады. Сол себептен адамдардың өзара бір келісімге келіп, ымыраласып өмір сүруі Жаратушының үлкен нығметтерінің бірі. Мұны нақтылай түсетін аятта былай делінеді: يَدُاللهِ فَوْقَ أَيْدِيهِمْ «Аллаһтың қолы (жәрдемі) олардың қолдарының үстінде»[7] Яғни, Аллаһ тағаланың жәрдемі, назары, бақылап қолдауы, ізгілігі, мейірімі оларда деген сөз.
Аллаһ елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) осы аятпен үндес хадисі бар: يَدُاللهِ مَعَ الجَمَاعَةِ «Аллаһтың қолы жамағатпен бірге»[8].
Басқа бір хадисте былай делінеді: مَنْ أَرَادَ بُحْبُوحَةَ الجَنَّةِ فَلْيَلْزَمِ الجَمَاعَةَ «Кімде-кім Жаннаттың ортасына шатырын тіккісі келсе, жамағаттан айрылмасын»[9].
Яғни көпшілікпен қарама-қайшылыққа түсіп, таласпасын. Себебі, көпшіліктен бөлінген адам Аллаһтың жәрдемінен де алыстайды. Иә, ренжу, өкпелеу, түйсіксіздік, сабырсыздықтың кесірінен Жаратушының жәрдемінен алыстайды.
Кішкентай нәрсе болмайды
Жалпы реніш, өкпелеу, бет көріспей кету секілді қылықтардың қаншалықты зиянды, қауіпті нәрселер екендігін есепке алсақ, адамдарды өзара татуластырып, табыстырудың қаншалықты сауапты іс екендігін байқаймыз. Оның үстіне дінімізде ешбір жақсылыққа, ешбір игілікке атүсті қаралмайды. Себебі, Аллаһ тағала кейде адамдарды жасаған кішкентай бір ісі себепті Жаннаттың қақ төріне шығарып, оған көз көрмеген, құлақ естіп білмеген нығметтерді үйіп-төгеді. Тақырыбымызға қатысты мына бір хадисті келтіре кетейік: اِتَّقِ اللهَ عزَّ وَجَلَّ وَلَا تَحْقِرَنَّ مِنَ المَعْرُوفِ شَيْئًا «Тақуалық шеңберінде бол және жақсылық атаулының қай-қайсысын азсынба»[10]. Мәселеге осы тұрғыдан қарайтын болсақ кішкентай нәрсе болмайтындығын түсінеміз. Адамзаттың мақтанышының (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) осы мәселе төңірегінде айтылған басқа да хадис шәріптері бар. Онда адамның бауырына қарап күлімдеуі[11], оған жақсы сөз айтуы[12], жарының аузына бір үзім тағам салуы[13], ел жүретін жолдан зиянды затты алып тастаудың[14] садақа есебінде болатындығы айтылады. Яғни, егер жолда бір шұңқыр болып, сіз сол шұңқырға көліктердің доңғалағы кіріп кетпесін деп бір таспен толтырсаңыз немесе жолда жатқан тікенекті жүргіншілерге зиян бермесін деген мақсатпен алып тастасаңыз, құлшылық еткен боласыз. Мінекей, осындай ұсақ секілді көрінген біз мән бере бермейтін амал-әрекеттердің қайсысы арқылы жаннатқа кіреріміз белгісіз.
Тақырыбымызға қатысты бір оқиға келтіре кетейін: Харун Рашидтің жұбайы Зубәйдә ханым маңызды мемлекеттік қызметтер атқарған шенді әйел болған. Бірде қажылар Арафат пен Мұздалифаға бара жатып, Меккеден алған сусындарын иықтарына арқалап кетіп бара жатады. Зубәйдә анамыз сол кездегі жағдайға ыңғайлап Меккеден Минаға, Муздалифа мен Арафатқа дейін су жүргіздіреді әрі фонтандар жасатады. Осылайша үлкен бір игі іске мұрындық болады[15]. Миллиондаған адамдардың сол судан ішуіне әрі дәрет алуына мүмкіндік жасады. Әлбетте, Аллаһ тағала мұндай маңызды амалды қайтарымсыз қалдырмайды. Мен 1968 жылы қажылыққа барғанымда, сол ізгі әйелдің жасатқан су бұрқағын көрдім. Османдықтар бұл су жолын қызғыштай қорып, ұзақ мерзім сақтап келген екен.
Міне, дін жолында осыншалықты үлкен іс тындырған анамызды бір жолы бір кісі түсінде көреді. Одан «Ұлы Жаратушы саған нендей мәміледе болды?» деп сұрайды. Ол былай деп жауап береді: «Мен осындай-осындай амалдар жасадым. Алайда менің құтылуыма себеп болған амалым мынау болды. Бір күні мешіт мұнарасынан азан айтылып жатқанын естіп қалдым да жанымдағыларға «Қанекей, азанды тыңдайық!» деп оларды тынышталдырдым. Міне, ақырет дүниесіне келгенімде маған: «Аллаһ тағала осы амалың себепті сені кешірді» делінді»[16].
Иә, бұл дүниеде бізге елеусіз ғана нәрсе болып көрінген істер Ұлы Жаратушының құзырында қаншалықты құнды болатындығын білмейміз. Аллаһ тағаланың біздің қандай амалымызға разы болатынын, нендей амалымызды рақымына себепкер ететіндігін және де Өзінің жаннатына кіруімізге нені себепкер ететінін де біле алмаймыз. Сондықтан да үлкен-кіші деместен Оның бұйрықтарының әрбірін шама келгенше өз деңгейінде орындауға тырысуымыз қажет.
Әлем көрінісі
Жалпы реніш атаулыны емдеудің, адамдардың арасын жарастырудың маңыздылығына назар аудару үшін мынаны айтқым келеді. Алайда бұл ауқымды мәселе болғандықтан бір ғана тұсына тоқталып, қалғанын арнайы зерттеу тобының еншісіне қалдырамыз. Бұл мәселеде кісі адамдардың іс-әрекеттерінен дұрыс қорытынды шығара білетін психологтардың, логика, қазылық ету, айтып түсіндіру секілді қабілеттерге ие мамандардың көмегіне жүгіну арқылы ренжу мен өкпелеу дертіне шалдыққан жандарға жәрдем берулері керек. Қоғамымызда қаншалықты кемшін тұстар болып, дін саласында қандайда бір кемістіктер, надандықтар орын алғанменен халқымыздың жүрегі Аллаһ пен елшісіне байланған, дінге деген құрметі шексіз. Сол себепті баршаға құшақ жайған дініміздің әмбебап ұстанымдары арқылы адамдар арасындағы әртүрлі реніш-өкпелерді жоюға, болдырмауға, нәтижесінде адамдардың бір-біріне құшақ жайып ымыраласуына себеп болуға болады.
Мұндай жарастырушылықты, ымыраластырушылықты жекелеген адамдармен қатар бүкіл ауыл, қала, облыс көлемінде тіпті тұтас халқымыздың арасында іске асыра білу маңызды. Керек болса ұлтаралық ымыраластыру шараларын да қолға алу керек. Бұл міндетті орындағандардың сауапқа кенеліп, игілікке жететіндігін баяндаған Аллаһ елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) уәдесі бар: أَلَا أُخْبِرُكُمْ بِأَفْضَلَ مِنْ دَرَدَةِ الصِّيَامِ والصَّلَاةِ والصَّدَقَةِ قَالُوا بَلَى قَالَ إصْلَاحُ ذَاتِ البَيْنِ وفَسَادُ ذَاتِ البَيْنِ الحَالِقَةُ «Сендерге ораза, намаз және садақадан да сауапты істен хабар берейін бе? - дегенде, сахабалар «Әрине, уа, Расулаллаһ» деді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Адамдардың арасын жарастыру».
Асылында қазіргі таңдағы Анадолы халқының дүние жүзінде ұйымдастырып жатқан диалог әрекетін осыған жатқызуға болады. Иә, «диалогты» тарату үшін дүниенің төрт бұрышына таралу, өзара қақтығысқан халықтарды жарастыру, осы мәселеде маңызды қадамдар жасау сол арқылы соғыс, қақтығыстардың, тәртіпсіздіктің алдын алу аса маңызды. Қазіргі таңдағы қарама-қайшылық пен пікіралуандығының негізгі шешімі ағартушылықта, білімде жатыр. Яғни ымыраластыру, төзімділік таныту және диалог жасау секілді адамдарды ізгілік пен әмбебап құндылықтарға баулитын мамандар жетілдіресіз. Осылайша олар бірнеше тіл білумен қатар басқа да жаратылыс пәндерінен хабардар болып, рухани құндылықтарға бай, адамға өмір сыйлай алатындай жарақтанған тұлғалар болуы керек. Өмір сүріп жатқан елдеріңде адамдарға пайдаларың тиюі үшін докторлық диссертация қорғаңдар. Сөйтіп саусақпен көрсетер ондай тұлғалар халықтың ішіндегі әртүрлі фитнәлар мен түрлі азғындықтарға тосқауыл болады. Бұл өте маңызды фактор. Бір жағынан қарағанда бұл ымыраластыру, татуластыру әрекеті. Осылайша кішкентай көлемде қолға алынған осындай әрекет ұлтаралық деңгейде де қолға алынуы қажет.
Мемлекеттің азаматтарының арасында әртүрлілікке байланысты кикілжің, түсініспестіктер болмасы үшін мәдениеттер келісімі түсінігі арқылы бірауыздылыққа келіп, бірге әрекет етулері керек. Әлбетте, мұндай әрекет адамзат үшін өте маңызды болғаны үшін оны жоғары бағалау қажет. Алайда мұндай түсінік халықтың санасына орнықпаса, бүкіл тамырына сіңіп жайласпаса, оған кеткен қажыр-қайрат пен еңбек ауаға ұшады деген сөз. Сол үшін де бұл мәселені халықтың саналы түрде түсінуіне ықпал жасау қажет. Тіпті сіз бұл мәселені мемлекет басшылары бастаған игі бастамаларды халықтың әрі қарай іліп алып кетуіне демеу болу арқылы да шеше аласыз. Ең маңыздысы, бұндай істің үзіліп қалмай жалғасын табуында.
Қырғи-қабақ соғыс кезеңінде коммунистік ілім мен капиталистік ілім арасында үлкен қақтығыстар болды. Оның арасындағы ұсақ-түйек елдердің кейбірі коммунистерге, екіншілері капиталистерге барып қосылды. Бұл елдердің әрбірі ыдырау мен бөліну нәтижесінде жылдар бойы көптеген қиыншылықтарды бастан кешірді. Сол кездегі ғалымдар мен философтар тарапынан мұндай түйткілдердің дау-дамай, айқай-шусыз шешілу сенімді түрде айтылды ма? Осыншалықты ымыраластыру мәселесі көтерілді ме? Меніңше, ондайдың бірі де болмады. Керісінше мемлекеттердің бірін-бірі қанау мәселелері орын алды. Әр ел өзінің адамдарын қанады, нәтижеде оқ ату жарысына түскендей күй болды. Әрбір ел белгілі бір жерді иемденіп, ол жерге жақындағандарға сес көрсетіп, халық арасында үрей туғызды. Осындай байланыс құралдарының келуі мен қан төгетін қарулардың да ең бір шыңына жеткен кезеңінде ымыраластыру, жарастыру мәселесін алға қоюды жан-жақты қарастыру өте маңызды.
Таза жүректі болу
Ренжіскендерді өзара татуластырып, табыстыру ісі бір жағынан Ұлы Жаратушының ахлағымен өз бойында көрсету[17] болып табылады. Себебі біршама хадис шәріптерде Аллаһ тағаланың кейбір құлдарының арасында ымыраластыру әрекетін болдыратыны айтылады. Мәселен, бұл дүниеде кісі ақысын арқалаған кісі ақырет дүниесіне көшті делік. Алайда бұл адам Құдай тағаланың алдында құрметті адам. Ақыретте Аллаһ тағала ақысы желінген адамға былай дейді екен: «Сенің мына құлымнан алашағың бар. Бірақ осы ақыңды бұл құлымнан кешірсең, Мен де сенің мынадай, мынадай күнәларыңды кешемін». Міне, осындай әрекетті біз дүниеде жеке тұлға, отбасы тіпті қоғамдық тұрғыда атқара білсек, иләһи ахлақпен мінезіміз әрлене түспек. Иә, егер де Аллаһ тағала ақыретте адамдар арасында осындай мәміле жасаған болса, бұл біз үшін де өте маңызды мәселе. Меніңше, бұл иләһи ахлақты аса жоғары бағалау қажет әрі әрдайым арамыздағы реніштерді барынша жоюға тырысуымыз керек.
Менің біреуге ренжіген кезім есімде жоқ. Қырық, елу жылдан бері мені жамандап әртүрлі мақала жазып келе жатқандар бар. Олар мен күлсем де жамандап жазады, жыласам да жамандап жазады. Екеуінің арасында болсам, құдай біледі, бір нәрсе ойлап тауып жамандайды. Мен бұл кісілерге ренжімедім, ренжімеймін де. Керісінше олардың жағдайына жаным ашиды. Демек, жазатын басқа тақырып табуда қиналатын шығар деп ойлаймын. Мен мұндай адамдар жайында «құрып кетсін» немесе «тозаққа түссін» деген емеспін. Себебі ондай мінез табиғатымда жоқ. Тіпті сондай бір кездер болды, бір адамның мені жамандауы шектен асып, қатты қиналдым. Сол кезде ойыма «Алла жазасын берсін» деп айтайын деген ой келді. Алайда мен оған қарамастан бөлмеме кірдім де өзіме «ей, сенің олай деуге қандай құқың бар» дедім. Аллаһ куә, өксіп-өксіп жыладым. Себебі бір адамды тозаққа таңу оңай іс емес. Оның саған жасаған қиянаты сені тозаққа душар етпейді ғой. Солай болған күннің өзінде ол сені тозаққа итерді деп сен де оны тозаққа итермейсің. Осы тұрғыдан қарағанда, меніңше, өкпе-реніштің, бір-бірімізге қырғи-қабақ болудың еш реті жоқ. Ұлы Жаратушының алдына жүрегіміз таза қалпында, ешкімге кеудемізде кірбің болмай баруымыз ләзім. Тілімізге арап тілінен енген бұл сөздің мағынасы кеудеде қылпықпай да нәрсе болмау керектігін білдіреді. Алайда мұның негізгі мағынасы ішімізде ешкімге қарсы жаман пиғыл, теріс ой болмауы керектігін білдіреді. Сүйген адамның сүйіктісіне асыққаны секілді Ұлы Жаратушының пендесін күтуде. Оған тап-таза жүрекпен бару керек[18].
Меніңше, «сен барынша тазаруға тырысып бақтың, енді кел!» деген шақыруға саф, таза бір күйде бару керек. Раббым, баршамызға осындай парасат, осындай кең түсінік нәсіп етсін!
[1] Бұхари, Әдәб 57, 62, Истизан 9; Мүслим, Бирр 23, 25, 26.
[2] Исра сүресі 17/23.
[3] Исра сүресі 14/41.
[4] Мүслим, Қадар 34; ибн Мәжә, Муқаддима 10.
[5] Әнкәбут сүресі 29/69.
[6] Ибн Араби, әл-футухатуль Мәккийә 3/549; әл-Алуыи, Рухуль мағани 1/396, 6/165, 14/160.
[7] Фәтх сүресі 48/10.
[8] Тирмизи, Фитән 7; ибн Хиббан, әс-Сахих 10/438.
[9] Тирмизи, фитән 7; Ахмәд ибн Ханбал, әл-Муснәд 1/26; әл-Бәззар, әл-Мүснәд 1/269.
[10] Ахмәд ибн Ханбал, әл-Мүснәд 5/63; әл-Бәззәр, әл-Мүснәд 9/380;
[11] Мүслим, Бирр 144; Тирмизи, Бирр 45; Ахмад ибн Ханбал, әл-Мүснәд 3/360.
[12] Бухари, Жиһад, 128, Әдәб 37; Мүслим, Зекет 56.
[13] Бұхари, Иман 41, Жәнәиз 37, Усиә 2, Мәнәқибыл әнсар 47; Мүслим, Усийәт 5.
[14] Бұхари, Жиһад 128, Әдәб 34; Мүслим, Зәкәт 56.
[15] Ибн Жәузи, әл-Мунтазам 10/277; ибн Халлиқан, Уәфәиәтул әғиән 2/314.
[16] Халил ибн Шахин, әл-Ишарат 871-бет.
[17] әл-Калабазы, әт-Таарруф 1/5; әл-Ғазали, Ихиә у улумуддин 4/306.
[18] Шуғара сүресі 26/88-89.
- жасалған.