Өтірік жайлаған қоғамда шыншыл бола білу
Сұрақ: Сидқ (туралық) және садақат (шынайылық) сөздері қандай мағыналарды қамтиды? Турашылдар мен шыншылдардың сипаттары қандай болады? Жалған сөйлеуге рұқсат берілетін жағдайлар бола ма?
Жауап: «Сидқ» деген кезде ең әуелі ойға оралатыны тура сөз бен тек ақиқатты ғана айту қасиеті. Алайда «сидқ» негізінде тура сөзбен қатар тура істі, дұрыс қарым-қатынасты да қамти келе әр түрлі жасанды қылықтар мен негізі жоқ бөспе жарнамалардан қашықтау, адамның ішкі жан дүниесі мен сыртқы келбетін, анық және астыртын барлық болмысын бір сызықтың бойына тізбектеп, табиғилыққа қарсы келетін жасандылықтың қақпасын мықтап бекітіп, өмірін туралық шеңберінде өрбіту, соған қарай алдына жоспар құру деген мағыналарды қамтитын ауқымы кең сөз.
Ал «садақатқа» келер болсақ сөз бен істің өзара бірлігі мен сезім, пікір һәм ниетте туралықтан танбау, ақиқатқа шын жүректен құлай сеніп, сол жолда табандылық таныту, рухы әрдайым дос-жарандарына деген опалылыққа толы, қандай жағдайда да сатқындық жасамау, серттен тайып кері адым жасамау, көңіл қойып қаққан есігінің алдынан кетіп қалмай ыждаһаттылық таныту және рия, жасандылық, одан келіп-кетер рухани-материалдық пайдалардан өзін алыс ұстау арқылы терең ықыласпен Алланың берген жолына түбегейлі байлану деген мағыналарға саятын өресі биік сөз.
Сөзінде һәм бүкіл іс-әрекетінде туралықты өз болмысының айнымас бір бөлшегі ретінде табиғатына сіңірген, адамдармен қарым-қатынас барысында үнемі жағымды әрекет жасайтын, күнделікті ауызекі сөйлесу сәті мен әзіл-қалжыңдарында да, тіпті жастар болып құрбы-құрдастарымен бірге жиналып отырған кездерінде де туралықтан еш танбайтын, достық байланысы мығым әрі опалы, уәдеге берік және сенімділіктің үлгісі болған аманатшыл адамға «садық» деп айтылады.
Сидқ пен садақаттың шыңына жеткен, бар арман-қиялдарымен, ой-санасымен, сан түрлі сезіммен жаратылысқа ой жүгіртулері, тіпті, тұтас іс-қимылдарына дейін барлық болмыс-бітімі туралыққа табанын нық тіреген нағыз ержігіттерге «сыддық» делінеді. Сөзіне ісі сай, әр әрекетіне айналасы сенім артатын ондай қаһармандар пейілдері пәк, ықыластары терең, шыншыл тұлғалар екені даусыз. Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) және Оның дәріптеген әрбір ақиқатына илануда кәмілдікке жеткен, өзіне ұсынылған ақиқаттарға мысқалдай да күмән келтірместен иман еткен, Ұлы Жаратушының есімін шартарапқа жаю һәм ұлықтауды өмірінің мызғымас мақсаты деп білетін сыддықтардың ұстазы Әбу Бәкір (р.а) екені анық. Асылында сахабалардың әрбірі жекедара сыддық сипатына ие жандар. Десе де садақат жалауын желбіретіп, олардың ең алдында жүретіні Әбу Бәкір (р.а.) болатын. Аллаһ тағала қасиетті Құранда «ақиқат пен шындықты әкеліп, оны шын көңілден растағандар бар емес пе, міне солар әр түрлі бәлелерден құтылған тақуа жандар» мағынасындағы аятпен Исламның бастапқы кезеңдерінде, хақ діннің жаршыларына және иләһи ақиқаттарды ести сала «иә» деп мойынсұнып, өзіне қарай ұмтылғандарға сыдық, садақат сипаттарын таңған.
Оның өмірі жеткізген хабарларының ақиқат екеніне дәлел
«Рисале» атты шығарманың авторы: «Мусайламаны ең төменгі дәрежеге жеткізген нәрсе өтірікшілік, суайттық болса, Мұхаммаду әл-Әминді (алейһис салату уә сәлләм) ең жоғарғы мәртебеге көтерген де шынайылық болып табылады» дейді. Иә, шынайылық пайғамбарларға тән бір сипат. Көркем мінездің қақпасы турашылдық арқылы ашылады. Ең таңдаулы құлдардың сапынан табылып, Жәннаттың шыңына тек шыншылдық арқылы ғана қол жеткізуге болады. Сонымен қатар шыншылдық Аллаһ тағаланың елшілері өз міндеттерін атқару барысында иек артқан адамдардың сеніміне ие ететін дара қасиет. Осы қасиетті берік ұстану себепті олардың соңынан ерген небір ерекше қабілетке ие адамдардың тура жолға түсуіне себепкер болды.
Шыншылдық сарайының сұлтаны Аллаһ елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) туралық пен өзіне деген сенімді орната білуі арқылы қаншама жанның көңілінің кілтін тапты. Әбу Жәһил, Утба, Шәйбә және Умәйя секілді күпірліктегі жандардың өздері «Уаллаһи, біз бұл кісінің жалған сөйлегенін көрген емеспіз» деген. Адамзаттың ең сенімдісі болған пайғамбарымыз (алейһис салату уә сәлләм) Меккеліктерді Әбу Қубайыс төбесіне жинап «Ей, Абдулмутталиб әулеті! Ей, Фиһ әулеті! Ей, Луэй әулеті! Мен қазір мына таудың арғы жағынан дұшпан қаптап келе жатыр, қазір сендерге шабуыл жасайды десем, сенер ме едіңдер?» деп сұрағанда, сол жердегілер түгел дерлік бірауыздан «әрине, сенеміз» деп шуласқан болатын. Өйткені, сол күнге дейін оның бірде бір рет жалған сөйлегенін кездестірмеген. Дүниеге еш қызықпаған сондай бір адамның жасы қырықтың қырқасына шығып, жер ортасы жасқа келгенде, жалған сөйлеп, ақиқатқа қарсы шығуы ақылға сыйымсыз нәрсе. Осы жасқа дейінгі сенімділігі мен туралығы оның былайғы өміріндегі әрбір әрекеті мен әр сөзінің кепілдемесі іспетті болды.
Осылайша дұшпандарының өзі оған мін таға алмаған, тіпті (Құдай сақтасын) оны «ақын», «сиқыршы», «жындыға» балап мойындамаудың амалын қарастырып, қасарысты. Көздеріне шұқып көрсеткен мұғжизаларды да жоққа шығара алмай сасқан мүшріктер оны «сиқыршы» деп айыптады. Оның Ұлы Жаратушыдан жеткізген пәрменін мойындамаған мүшріктердің өздері «Мұхаммед рас айтады» деуге мәжбүр болды. Алайда оған берілген пайғамбарлықты тәкаппарлықтың себебінен еш мойындамай «Пайғамбарлық құрметті адамдарға келмей неге қайдағы бір қу жетімге келеді?» деу арқылы оған мойынсұнып қоюдан сақтанатын.
Сөзіміз бен ісіміз бір ме?
Біз үшін аса құрметті болған сәләф салихиндар пайғамбарлардың сипаттарынан үшеуіне ерекше мән берген, алдымен турашылдық, сосын аманатқа беріктік, содан кейін өзгеге ақиқатты жеткізу (тәблиғ) қасиеттеріне ден қойды. Тәблиғты туралық пен аманаттан соң айтуы үлкен мәнге ие. Демек, тәблиғ міндетінің кемшіліксіз атқарылуы үшін оны орындаушының алдымен туралық сипатымен танылуы, сонан соң сенімді тұлғаға айналуы үшін аманатқа беріктік сипатын қалыптастыруы қажет. Ақиқатты жаюға құштарлық тек пайғамбарлық турашылдық пен пайғамбарлық аманатшылдық арқылы болса ғана оның айтарлықтай құны болады. Бұл екі қасиеттен жұрдай болған тәблиғ адамы ақиқат жолында жасаған ісі үшін қайтарым күтетін болады әрі халыққа айтқан сөзіне ешкімді сендіре алмайды.
Сондықтан осы мәселеде біз терең ойлануымыз қажет және өзімізге қайта үңілуге тиіспіз. Шын мәнінде туралықпен және аманатшылдық негізінде өмір сүріп жатырмыз ба? Жасырын-жария бүкіл ісімізде туралық пен шыншылдықтың ұшқыны бар ма? Ісіміз бен сөзімізді бір нүктеге түйістіре білдік пе? Айналамызға аманатшылдықты сезіндіре алдық па, жұрт бізге сене ала ма? Бізді сыртымыздан сөз еткенде «ол қолы мен тілінен ешкімге залал келтірмейді» дей ала ма? Міне, осы және осы секілді сұрақтарға жауап бермей жасаған тәблиғымыз не дүниеде, не ақыретте пайдалы болуы неғайбыл.
Саид Нұрси «Исламның негізі — туралық, шыншылдық. Иманның діңі туралық. Барлық кемелдіктерге жететін жол турашылдықта. Жоғары көркем мінез де туралықта. Құтылудың жалғыз жолы туралық» деу арқылы осы мәселеге назарымызды аударады. Мұсылмандардың жеке әрі қоғамдық өмірде жоғары өрлеуі сөз бен мінез-құлық және қарым-қатынаста туралық танытуы, тіпті ықылас-ниеттерінде де Аллаһтың алдында шынайылықта, туралықта болуы қажеттігін айтады. Иә, рухани тепе-теңдігі жоқ, былқ-сылқ етіп жүрген тұрақсыз адам не айтса да тыңдаушылары оған күдіктеніп қарайды, шүбә келтіреді. «Мұның қай сөзі рас?» дегендей сенімсіз қарайды. Мұндай адамдар ешқашан басқаларға үстемдік етіп, сөзін өткізе алмайды. Өкінішке қарай, қазіргі таңдағы жер-жерде айтылып жүрген уағыз-насихаттардың әсерсіз болуының негізгі себебі осындай рухани дерттер екені шүбәсіз. Насихат айтушының сөзі өтімді болуы үшін оның өзі алдымен Ұлы Жаратушыға көңілі байланған, турашылдық пен шыншылдықты ту еткен болуы қажет. Сонда ғана оның әрбір сөзі мен іс-әрекеті айналасына әсер беретін болады.
Аса қорқынышты қыңырлық
Адам туралықтан айнымауға бекініп, жалған сөйлеудің ең ұсағынан да бойын аулақ ұстауы қажет. Себебі ең үлкен өтіріктер туралықтың ішіндегі елеусіз болып басталған қарама-қайшылықтардың нәтижесі. Сүйікті пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бұл мәселеге де назарымызды аударып былай дейді: «Сендерге туралық жарасады. Туралық адамды жақсылыққа, ал жақсылық Жәннатқа жеткізеді. Адам баласы мейлінше тура болуға тырысып, өзін солай бейімдесе, түзу әрекет жасап, тура сөйлейтін болады. Осылайша ол Аллаһ тағаланың құзырында «сыддық» деп жазылады. Өтіріктен сақтаныңдар. Өтірік адамды жамандыққа, ал жамандық Жәһаннамға түсіреді. Адам баласы өтірікке жол берсе, оған үнемі құмартып алады. Нәтижесінде Аллаһ тағаланың құзырында «кәззәп» (өтірікші) деп жазылады».
Бұдан түсінгеніміз, сөздіктерде өтірік сөйлеу дәлел-дәйекке сүйенбеген негізсіз сөз. Ондай сөз болмаған нәрсені болғандай етіп айту немесе адамның өзінің білімін, ой-пікірін білдіруге құштарлық деген секілді әртүрлі анықтамалар беріледі. «Бәләға» (шешендік) ілімінде осы өтірік сөзіне берілген анықтама өте қорқынышты. Бұл тұрғыда жалған айту Аллаһ тағала тарапынан бізге білдірілген ақиқатқа қарсы сөйлеу, Ұлы Жаратушының біліміне әдейі қыңырлықпен қарсы сөйлеу секілді мағынаны алға тартады. Мәселен, Хақтың құзырында салихтар қатарынан табылатын ізгі бір жанды жерден алып жерге соға жамандап, оны жаман адам етіп көрсетудің астарында мынадай мағына жатады. Ұлы Жаратушының құзырында бұл адам «шыншыл» деп жазылған, бірақ мен оны жалғаншы, жаман адам деп есептеймін, менікі дұрыс деп ойлаймын. Бұл өтірік айтудың күпірлікке өте жақын түрі.
Сондықтан да Хақтың достары болған ізгі жандар үнемі өзгелер жайында жаман ойда болу, ғайбат, өсек-өтірікті былай қойғанда, басқаларды мақтау мәселесінде де өте қырағылық танытып сақтанған. Біреуді мақтағанда «менің ойымша пәленше осындай жақсылықтары бар жан. Алайда барлығын Аллаһ жақсы білуші, мен тек осылай ойлаймын» деп айтады.
Өтірік күпірліктің досы
Ең кішкене мәселелерде де туралықтан таймауыңыз қажет. Тіліңізді жалған сөйлеуден тыю үшін қажетсіз бос сөздерден бойды алыс ұстау керек. Тіпті біреу сізден сағат сұраса, сағатыңыз сол сәтте үштен он жеті кеткен болса, сіз жобалап «он бес кетті» немесе «жиырма кетті» дей салуыңызға болмайды. Сағат тілі қаншаны көрсетсе соны дәл айтуыңыз жөн болады. Көп жағдайда елеусіз қалатын осындай ұсақ мәселелердің өзінде сіз тұп-тура болыңыз, тіліңіз өтірікпен былғанбасын, тіліңізден өтірік төгіліп жүрегіңізді жараламасын. «Ұсақ-түйек өтірікте тұрған еш нәрсе жоқ» деп ойлау көптеген өтіріктерге жол ашады.
Дегенмен ондай өтіріктен де алыс болу қажет. Себебі адамның сөзі мен әрекетінде шыншылдық, туралық азайса, оның жан дүниесінде кереғарлық күшейеді. Мұнафықтың белгілерінің бірі өтірік айту екені белгілі. Аллаһ елшісі (алейһис салату уә сәлләм) мұнафықтықтың белгілерін былайша тізіп айтады: «Аманат тапсырылса қиянат жасайды, Сөйлесе жалған айтады. Біреумен уәделессе, уәдесін бұзады. Адаммен пікірталаста шектен шығады, дұшпандық қылып, дауласады». Иә, пайғамбарлар Сәруары (алейһис салату уә сәлләм) мұны айтып болғаннан соң былай деді: «Кімде осы белгілер түгелімне болса, ол адам мұнафық болғаны. Ал кейбірі ғана болса, ол адамда мұнафықтықтың белгісі бар болғаны». «Жалған айтуы жеткілікті» деген ғалымдар да бар. Осылайша өтірік күпірліктің негізі, екіжүзділіктің белгісі екендігін айтып, одан барынша сақтану қажеттігін ескертеді. Олай болса өтіріктің мұндай қатерлі дерт екендігін білген мұсылман әрқашан шайтанның азғыруынан Аллаһқа сыйынғаны секілді күнде қажет болса жүз рет өзін-өзі бақылап, Ұлы Жаратушыға өтіріктен мені сақта деп жалбарынуы керек емес пе?
Астыртын өтіріктер
Бұл мәселеге басқа қырынан да қарауға болады. Бүркемелеп, аса білдірмей айтылатын өтіріктер болады. Мұсылман адам ондай да өтіріктен алыс болуы керек. Оның ең көп тараған түрі бір нәрсені айтқанда асырып айту, кінәсін мойындамай ақталу және екіұшты сөйлеп алдау. Мұндай мінез турашыл болғысы келген адамға кері әсер ететін дүниелер.
Асыра сілтеу — бұл бір нәрсені айтқанда тым асырып айту не кемітіп айту, бір заттың бағасын өсіру, құнын арттыру үшін қосып айту деген сөз. Мәселен: атқарылған бір істі ауқымды етіп көрсету үшін оған жүз адам қатынасқан болса, оны жүзден аса адам қатысты немесе мыңға тарта кісі қатысты деп асырып айту. Немесе сол іс-шара жайлы «тамаша болды» деп айтқан пікіріне қарама қарсы «жоқ, өте нашар болды» деп кемітіп айту. Міне мұның барлығы да өтірік айтуға жатады. Бұл әрекеттер тыңдаушының жан дүниесіне әсере ете алмауы өз алдына тіпті атқарылған істің берекетін де қашырады. Көбісі әңгімесін асырып айтып адамдардың сезіміне әсер етіп, ынтықтырам деген ниетпен асырып айтады. Алайда сол арқылы қаншама адамда күмән, сезік қалдырып кететінін білмейді. Ғалымдар бұл мәселеде былай дейді: «Қандай да бір нәрсені сипаттағанда, оны қалай бар болса солай ғана айт. Мақтауда асыра сілтеу астыртын жасалған күнә».
Бүркемеленген өтіріктің тағы бір түрі «кінәсін мойындамай ақталу». Өз қолымен істеген қате ісін, шалыс басқанын немесе аңдамай айтқан ауыр сөзін мойындамай барынша өзін ақтау. Меніңше, күнә жасау, қателікке ұрыну жақсы іс емес, алайда сол істеген ісін мойындамай қасарысу одан да жағымсыз, жаман әрекет. Олар түрлі сылтаулар арқылы жасаған қателігінен тазарам, күнәларымнан жуылам деп ойлайды. Сондықтан ақталу үшін қолдарынан келгенді жасайды. Бәлкім олар айтқан сөздерінің дұрыс болуына мән береді, бірақ қарсы тарапты өзіне сендіру үшін айтқан сөздері мен іс-әрекеттері жағдайға сәйкес болуын қадағалай алмайды, сылтаулары адам сенгісіз, уәждері салмақсыз болады. Осылайша алғаш рет өтірікке жол бере бастайды, өтірік айтқан тілі жүрегін жаралайды. Негізінде мұндай жағдайда ең дұрыс шешім нәпсісін тазартуға тырысып, ақталудан арылып «Аллаһ кешірсін, сіз де айып етпеңіз. Жаздым, жаңылдым, менен расында қателік кетті, кешіріңіз» деп кінәсін мойнына алу.
Өтіріктің үшінші соңғы түрі – екіұшты сөйлеп алдау. Бір нәрсені айтқанда сөйлеген сөзінен тыңдаушының басқа мағынаны түсінуін көздеп, ал өзі басқа нәрсені меңзеу. Сол арқылы мәселені өз пайдасына шешу. Басқаша айтқанда бұл бір сөздің қосымша мағынасын мақсат етіп, ал айтқанда тікелей мағынасын қолданып айтатын астарлы сөз. Сәләф салихиндар мұны да өтіріктің қатарына қосқан. Мұндай өтіріктің өзіне бас ұрмаған жөн екендігін насихат еткен.
Өтірік айтуға рұқсат берілетін жағдайлар бар ма?
Иә, мұндай сұрақ хазірет Саид Нұрсиге қойылғанда ол «иә, зәру жағдайларда жалған айтуға рұқсат бар. Алайда уақыт оның үкімін жойды» деп кесіп айтқан. Асылында кейбір ғалымдар өте зәру жағдайда шектен шықпау шартымен өтірік айтуға рұқсат екендігін, оның өтірікке жатпайтындығын алға тартқан. Олар ренжіскен адамдарды татуластыру, ерлі-зайыпты адамдардың арасын жарастыру және соғыс жағдайында дұшпанды айласына түсіру мақсатында айтылатын өтіріктер. Алайда Саид Нұрси бұл пәтуаның уақытша болғандығын, қазір оның үкімі жойылғандығын айтады.
Иә, қазіргі таңда жалған сөйлеудің көп тарағандығы және адамдардың болмашы нәрселерде де өтірікке бой алдыратындығы ақиқат. Баз бір топ адамдардың өрескел өтірігінің кесірінен жер жүзінің тыныштығы мен халықтарды арасындағы бейбіт қарым-қатынасқа сызат түсуде. Өкінішке орай, бұл жаман мінезден мұсылмандар да құр алақан емес, ең қиыны олар өздерінің айтқан өтіріктерін бүркемелеу үшін әртүрлі әдемі сылтаулармен қорғанатындығында. Мұндай жағдайда қатаң қағида мен нақты үкімге жүгінбесе, жоғарыдағы уақытша пәтуаның нәтижесі зиянды болуы ықтимал.
Асылында біз пайғамбар дағуасының мұрагері болуды шынайы қаласақ, онда Аллаһ елшісі секілді туралық пен шыншылдық қасиеттеріне ерекше мән беруіміз ләзім. Жалған сөздің кең тараған әрі барша адамның жалған сөйлеуге құштар болып тұратын мынадай уақытта туралықты тұмар етіп, намысымызды қорғағандай шыншылдықты қызғыштай қорғауға мәжбүрміз. Әсіресе өзге дін өкілдері мен мұсылман емес басқа да адамдардың арасында өмір сүрсек әрбір ісімізде барынша тура болуға тырысуымыз қажет-ақ. Ірілі-ұсақты кез-келген мәселеде титтей де өтірікке жол бермеуіміз әрі басқа жұртқа «мұсылмандар да өтірік айтады» дегізбеуіміз керек. Егер жағдайды осыған жеткізер болсақ, одан кейін көктен кітап түсіріп, алдарына жайып салсақ та олар бізге сенім артпайтын болады.
Иә, біздің алдымызда тек екі ғана жол бар. Тура сөйлеу немесе үндемеу. Қаншалықты шындық болса соның барлығын бір демде айтып салуға міндетті емеспіз, бірақ егер сөйлесек тек шын сөйлеуге тиіспіз.
- жасалған.