Күнә, тәубе және рухани жаңару (қайта тірілу)
Сұрақ: «Адам күнәсі үшін шынайы тәубе ететін болса, ол күнәні мүлдем істемегендей болады. Егер Алла тағала қандай да бір құлын жақсы көрсе, ол құлға ешбір күнә зиян келтіре алмайды» деген хадис-шәріптің мағынасын ашып берсеңіз.
Жауап: «Адам жасаған күнәсі үшін шынайы тәубе етсе, сол күнәні істемегендей болады» деген хадистің арабша мәтініндегі «тә'иб» сөзі өмірде қандай да бір қателікке бой алдырып, сүрінген соң қайта тұрып, қателігі үшін қатты өкініп шынайы тәубе еткен, шалыс кеткенін мойындап Хаққа бет бұрған, одан кейін де өз-өзін қайта-қайта жазғырып тәубе етуін тоқтатпаған адамға айтылады. Хадис-шәріп есімдіктен басталып тұр. Ал араб тілінің қағидасы бойынша есімдікпен басталған сөйлем ол нәрсенің тұрақты екенін және үнемі жалғасып тұратынын білдіреді. Демек, хадистен тәубе мен Алла тағаладан кешірім тілеудің үнемі жалғасып тұру керектігін түсінуіміз керек. Яғни кісі өмірде абайсызда күнәнің батпағына батса, еш күдер үзбестен Хақтан кешірім тілеп, күнәсі үшін қынжылып, шынайы тәубе етіп және сол тәубені үнемі қайталап отыруы тиіс. Хадисте «күнә» мағынасын беретін араб тілінің «зәнб» сөзі мен «құйрық» мағынасын беретін «зәнәб» сөздері бір түбірден шығады. Бұл жерден біз күнәнің адам табиғатына мүлдем үйлеспейтін, жаратылысына теріс тағылған бір құйрық іспетті екенін аңғарамыз. Асылында құйрық хайуанға жарасқанмен адамға жараспайды. Сондықтан адам баласы қандай да бір күнә жасап қойған кезінде өзіне жат бір құйрықтың тағылғанын білсін және тез арада тәубе етіп сол құйрықтан құтылсын. Олай істемеген жағдайда адам ол құйрығына тағы құйрықтар жалғап, ақыр аяғында ол құйрығын қия алмайтын болады. Бұндай адамның жағдайы басқа бір хадисте былай деп баяндалады: «Кісі күнә жасаған сәтте жүрегінде бір кішкентай қара дақ пайда болады. Егер дереу тәубе етсе, ол дақ өшіріледі. Ал егер күнә жасауын тоқтатпаса, қара дақ үлкейіп бүтіндей жүрегі қарайып кетеді». Құран кәрімдегі «Алла тағала олардың жүрегіне мөр басты» деген аятта осы ақиқатты меңзеп тұр. Сол үшін біз әрбір күнәнің ішінде күпірлікке бастар бір жол бар екенін білуіміз керек. Пайғамбарымыз (с.а.у) «тә'иб» сөзін келтіру арқылы бізге тәубе етудің қаншалықты маңызды екенін білдіріп, бізді үлкен бір азапқа душар боп қалудан сақтандыруда.
Жүректі кірден арылтатын терең тәубелер
Аталған хадисте тәубе еткен кісінің ешбір күнә жасамағандай болатыны айтылған. Дегенмен сөйлемге тағы бір зер салып қарайтын болсақ, бұл жерде «күнә істемегендей» дегеннің мағынасы «күнә істемеген секілді болады» делінген. Демек, тәубе еткен кісі үнемі үміт пен үрейдің арасында күн кешуі тиіс. Сондықтан бұл жерден «қап, адам ол күнәні істемегенде ғой, жүрегіне қара дақ түспегенде ғой» дегендей мағынаны аңғарамыз. Иә, тәубе мен кешірімнен қол үзбеген ізгі мүмин жүрек дағын тәубемен қанша кетірсе де ол дақтың ізі қалмасына кепіл бола алмайды. Жаратушы Хақ тағала кір шалған рухымыз бен жүрегімізді бірте-бірте тазалайды. Бірақ бұның да дәл осылай болатынына толық сенімді болуға да болмайды.
Кейде базбір адамдар күнәні құмартып істегені соншалықты, сол күнәні жүрегі тағы да істеуді қалап тұратындай хәлге жетеді. Пендені нәпсі қалаулары жеңіп немесе жүрегін бақталастық пен қызғаныш шоқтай қарып, оттай күйдірсе, адам шошырлық күнә жасауы мүмкін. Сондықтан күнә қаншалықты ауыр болса, тәубе мен кешірім тілеу де соншалықты терең болуы керек. Сол кезде ғана ол тәубе күнә дағын кетіре бастайды. Әйтпесе тәубе күнәнің жанында жеңіл тартса, жүректің ластықтан тазаруы мүмкін емес. Сондықтан терең тәубе жасаған пенде күнә кірінен арылып хадисте айтылғандай «күнә істемеген секілді» болады.
Күнәдан сақтану және Алланың сүйіктісі атану
Хадистің жалғасында Алла елшісі (с.а.у.): «Алла тағала қандай да бір құлын жақсы көрсе, оған ешбір күнә зиян бере алмайды», – дейді. Бұл жерде біз түсінуіміз керек болған маңызды нәрсе Жаратушы иеміз қандай да бір құлын сүйгенінің белгісі оны күнәлардан сақтауы болмақ. Себебі Алла тағала сүйген құлының жүрегіне күнәнің жаманшылығын сездіреді және оны ойлағанда жүрегі тіксініп қалатындай сезім ұялатады. Егер ол құл қателікке ұрынса, Алла тағала оның жүрегіне өкініш сезімін ұялатып, тәубеге барар жолдарды ашады. Иә, Алла тағаланың қамқорлығының арқасында тіпті сіз күнә жасауға беттеген кезде ерік-жігеріңіз ерекше күшейіп, сол жасағалы тұрған күнәдан кері қайтасыз. Ал алда-жалда бір күнә жасай қалсаңыз, Алла тағала жүрегіңізге өкініш сезімін ұялатқаны соншалықты, сіз ол күнәні құдды бір жиырма жылдың әрбір күнінде істеп жүргендей қынжылумен боласыз. Жасаған ағаттығыңыз ойға оралып, санада жаңғырғанда, сіз ол күнәні тағы істегендей күйге түсесіз. Онан соң «Уа, Жаратушым! Мені кешіре гөр», «Уа, Алла тағалам! Қатемді мойындап өзіңе бет бұрдым» деген секілді истиғфарлар (кешірім тілеу) айтып, сәт сайын Хаққа жалбарынумен боласыз. Жаратушы Хақ тағала да бұл тәубелеріңізді зая кетірмей әрқайсысына сауап жазады. Бұл мәселені мен былай деп түсінемін: «Бәлкім Алла тағала бір рет жасалған тәубе мен бір рет тіленген кешіріммен де құлының күнәсін кешер. Дегенмен жасаған күнәсі үшін шын қынжылып, бүкіл болмысымен бір рет емес мың рет тәубе ету нағыз құлдың ісі және бұл Аллаға жақындаудың шынайы көрінісі болып табылады».
Алла тағаланың сүйікті құлы болудың маңыздылығын хазірет имам Шазили секілді ізгі құлдардың ауыздан тастамай үнемі айтып жүретін мына бір дұғасынан аңғарамыз: «Уа, Аллаһ тағалам! Егер күнәм болса, өзің сүйген құлдарыңның күнәсындай қыла гөр. Өзің сүймеген құлдарыңның сауабындай қыла гөрме».
Себебі Алла тағаланың сүймейтін құлдарының да жақсы іс-әрекеттері бар. Яғни кейбір адамдар мұсылман болмаса да бойларында мұсылмандық сипаттар болады. Бірақ иман сауаптар сарайының алтын кілті болғандықтан имансыз пенде қанша қайырлы іс істегенмен ақыретте оның сауабын ала алмақ емес. Сондықтан Құдай сүйген, иманды құл болу өте маңызды нәрсе. Өйткені Хақ тағала өзі сүйген құлының жүрегін кірлеген күйі қалдырып қоймайды; оған тәубе ету мен кешірім тілеуді жақсы көргіздіріп, жүрегіне күнәнің әсерінен жиіркентіп, одан барынша тез арылуды қалау сезімін ұялатады.
Мысалы, бөбегіне қамқор ана баласының кір-кір күйінде көшеге ел-жұртқа масқара күйде шығаруы мүмкін емес. Баласы көшеден үсті-басын сан мәрте кірлетіп келсе де анасы оны тазалаудан жалықпайды; қолдарын, жүзін, көзін сүртіп, таза күйге келтіріп қайта көшеге жібереді. Ал, Алла тағаланың құлдарына деген махаббаты мен мейірімі ата-ананың мейірімінен мың сан есе артық екені белгілі. Хақ тағала сүйген құлдары үшін күнәға апарар жолдарды бөгеп тастайды. Тіпті дәрежелеріне қарай кейбір құлдарын мүлдем күнә жасай алмайтындай етеді. Иә, Жаратушы Жаббар иеміз құлын күнә жасағалы отырған күйінде қалдырмайды. Сүйген құлының жүрегіне күнәлі іс есіне түскенде үстіне бейне бір тау құлап кететіндей қорқатын сезім дарытып, ол құлының терең тәубесі арқылы өмірге қайта келгендей қылады. Осылайша құл әрбір тәубесі арқылы «ба'су ба'дәл мәутты» (өлгеннен соң қайта тірілу) ақиқатын бастан кешіреді. Осылайша ол өмірге бір рет қана келмейді. Алла тағаланың жәрдемімен, мейірімімен мүмин әрбір тәубесі үшін қайта тірілгендей болып отырады.
Хадистің соңында Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Шүбәсіз Алла тағала тәубе етушілер мен тазаланушыларды жақсы көреді» деген аятты оқиды. Бұл аятта пенде өзін дүниелік һәм рухани кірлерден тазарту арқылы Алланың сүйген құлы бола алатындығы айтылған. Аяттағы «терең әрі көп тәубе ету» мағынасын беретін «тәууәбин» сөзінің астарында терең мағына бар. Яғни, шынайы тәубе етушілер өз-өздерін қоярға жер таппай, шын жүрегімен өкініп, көз жасына ерік беріп Хаққа жалбарынады, күнәлары еске түскен сайын жандары күйзеліп, сан мәрте тәубе жасайды және сол арқылы әуелгі таза күйіне қайта оралады.
Сұрақ: Жанымыздағы адамға күнәнің жаман екенін түсіндіріп, оны тәубе етуге қызықтырып, бойындағы үмітсіздіктен арылту үшін не істеу керектігіне тоқтала кетсеңіз.
Жауап: Меніңше, бұл тақырыпты жастар мен үлкендерге бөлек-бөлек түсіндіру керек. Мәселен, жастарға осы мәселені түсіндіргенде, оларды қызықтыру мен сүйіншілеу әдісін басты назарға алу шарт. Күнәлі істердің қаншалықты ауыр азап алып келетіндігі мен жақсы істердің ақыреттегі сауабын тілге тиек етуіміз керек. Сонымен қатар оларға Алла мен елшісіне (с.а.у.) деген сүйіспеншіліктің маңыздылығын және сол үшін ақыреттегі сыйдың қаншалықты үлкен болатындығын түсіндіру ләзім. Осылайша жастармен сұхбат оларды жақсы іс-әрекеттерге қызықтыру, ақыреттегі сыймен сүйіншілеу, сүйіспеншілікті ояту негізінде өрбу керек.
Ал, үлкендермен бұл тақырып төңірегінде сөз қозғауда да өте ыждаһаттылық танытуымыз керек. Олармен әңгімелескенде қорқыту мен қызықтырудың алтын діңгегін ұстап отыру маңызды. Бір жағынан олардың үмітсіздікке салынып кетулерінен сақтандыру әрі күнәлі іске де жеңіл қарап кетулеріне жол бермеу керек. Адам харам-халал мәселесіне атүсті қарап, күнәлардан қатты сақтанбай, жақсы мұсылман болу қиынның қиыны болған кезде күнәлар арқылы оның бойында жамандық пен пасықтық пайда болады. Ал ол жамандық өз кезегінде адамның жүрегіндегі рухани тамырларды өлтіріп тынады. Негізінде бұл рухани тамырлар адамға Алла тағаланың ұлықтығын сезіндіретін нәрселер еді. Сол себепті адамдарға «қысқа әрі жалған өмірдің арзан ләззаттары үшін мәңгілік өмірге лайық жаратылған жүректерді күнәлармен өлтіру ақылға қона ма?» деу арқылы осы мәселені жеріне жеткізе, жүректен өткізе түсіндіру керек. Себебі жүректегі күнәнің әсерімен өлген рухани тамырларды тәубемен, Алладан қайта-қайта жәрдем, кешірім тілеумен тірілту мүмкін болса да кейбір рухани тамырларды тірілту мүмкін емес екенін де ескеру керек. Ал егер адам жоғарыдағы айтылған мәселелерді түсіне отыра, күнәға саналы түрде баратын болса, онда бұл өз алдына өте қауіпті мәселе.
Негізінде біз Алла тағаланың кешірімі мен мейірімін ел-жұртқа тарататын қалтадағы тәттідей көрмеуіміз керек. Керісінше Алланың кешірімі мен мейірімі біздің жасаған жақсылықтарымыз, құлшылықтарымыз және бойұсынушылықтарымыздың қарымтасы деп білуіміз лазым. Әйтпесе, Алла тағала жомарт, мейірімді деп үздіксіз айта беріп құдды бір Оның бұл ұлы сипаттарын өзіміз иеленіп алғандай боп көріну Жаратушы Жаббар иемізге құрметсіздік болып есептеледі.
Адамдардың харам мен халалдың парқына жете білуі өте маңызды. Мысалы, бір адам үкімет мүлкіне қол салғанда күнәһар атанып, Алланың жазасына душар болатынын ескеруі керек. Сол үшін де адамдардың күнә мен қатенің қаупін және олардың жақсы нәрселерді жоқ қылатынын білуі өте маңызды. Егер бұл тақырып өз дәрежесінде түсіндірілмесе, пенде Алла тарапынан берілетін ерекше, иләһи сыйдан мақұрым қалуы мүмкін екендігі де әңгімеге арқау болуы тиіс.
Асылында тәубе жайында сөз қозғалғанда Алла тағаланың мейірімін айтып, адамдарға үміт сыйлау керек және күнәлар себепті өлген жүректегі рухани тамырлардың қайта қалпына келуі қиын екені ойға келуі керек. Себебі біз осы мәселені біріншіден өз-өзімізге одан кейін бір-бірімізге үнемі айтып отыруға мұқтажбыз.
- жасалған.