Жастардың ең жақсысы...
Сұрақ: Бір хадис-шәріпте жастардың ең жақсысы және қарттардың ең жаманы кім екені айтылған. Осы хадистегі жас жеткіншектің Алла тағаланың разылығына бөленуіне, ал кәрі кісінің Алла тағаланың ашуына ұшырауына олардың қандай қасиеттері себеп болатынын тарқатып айтып берсеңіз.
Жауап: Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Жастарыңыздың ең жақсысы (ойын-күлкіге берілмей, ойлы, байсалды боп) қарттарға ұқсағандары. Ал кәрілеріңіздің ең жаманы (жеңілтектікке салынып, нәпсінің жетегіне кетіп) жастарға ұқсағысы келгендері», дейді.
Ойын үшін жаратылдың ба?
Бұл хадисте жас жігіт немесе бойжеткен болсын бойындағы күш-қуаты сарқылып, бір аяғы жерде, бір аяғы көрге жеткен қарттардай ұдайы өлімді және өлімнен кейінгі өмірді еске алып, ақыреттің қамына кіріскен, бойындағы нәпсі қалауларын ауыздықтаған, арзан күлкі, ойын-сауыққа алданбаған жастар жайлы айтылған. Олар өз нәпсілерінің жамандыққа итермелеп тұратынын түсініп оны тия білген, өздерінің Жаратушы алдындағы негізгі борыштарын терең ұғынып Хаққа бет бұрған жандар.
Өрімдей жас болса да Алла тағаланың ерекше мейірімі түсіп жүрегіне хикметтің дәні себілген Яхия пайғамбардың (а.с) өмірі жастар үшін керемет үлгі. Бізге жеткен риуаяттарда кішкентай Яхияға өзі қатарлы балалар «Яхия, кел, бірге ойнайық» дегенде, хазірет Яхия: «Жоқ, мен ойнау үшін жаратылмадым», деп жауап берген. Асылында ойын ойнау бала табиғатына тән қасиет бола тұра Яхия оған қызықпай, бойын арзан дүние күйбеңінен мейлінше аулақ ұстаған, жас та болса төңірегіндегі жаратылыстарға ой жүгіртіп және өзінің жарық дүниеге келуіндегі мақсатына сай жолды таңдаған.
Міне, жастардың ең жақсысы деп хазірет Яхия (а.с.) секілді өмірінің гүл көктемі жастық шағында құлшылықты серік етіп, дүниені жай ғана ақыретке ашылатын есік ретінде көретін жастарды айтамыз. Олар иман нұрымен қуаттанған, бойларындағы нәфсәни қалауларды өлтіріп, күн сайын өз-өздерін қатаң сынға алып бірнеше рет есепке тартатын, рухтары дененің тар қапасынан босанып көкке самғаған, жастардың шын мәніндегі рухы қандай болуы керектігін көрсете білген қаһармандар.
Иә, жастардың қарттарға ұқсауы-қанының нағыз қайнап тұрған шағында қызылды-жасылды дүние қанша қызықтырса да өзінің бұл фәниден ақыретке бет алған жолаушы екенін ұмытпай, бейне бір сақал-шашы ағарып ақылы кемеліне келген қарт адамдай шайтанның мың бір түрлі азғыруларына пысқырып та қарамаған, саналы ғұмырын Құран мен иман жолындағы қызметке және адамзат бақыты үшін арнаған, тән қалауларын шетке ысырып, бойдағы құмарлықты тежеп, күнәларға қарсы дұшпандық туын көтеру деген мағынаға саяды.
Тәубешіл жас Хақ тағаланың сүйіктісі
Жоғарыда біз сипаттаған жастардың қателікке ұрынуы мүмкін бе?
Әрине, ең қайырлы деген жастардың өздері де өмірдің кейбір қалтарыстарында абайсызда қателікке ұрынуы мүмкін. Себебі күнә жасап қателікке бой алдыру, шайтанның арбауына түсіп аяғын шалыс басу пайғамбарлардан тыс адамдардың бәрінде болатын нәрсе. Ал жақсылық жаршысы боп жүрген жастардың бір ерекшелігі, абайсызда күнәнің апанына түсіп кетсе дереу тәубе етуге асығады. Олар күнә оты лап етсе тез арада тәубемен сол отты сөндіруге тырысып, намаз оқып, ораза ұстап, имандылық жолында қызмет ету және тағы осы тектес сауапты іс-әрекеттермен жүрегіндегі күнәнің ыс-шалаңынан құтылуды қалап тұрады.
Жастар құлшылығының Хақ тағала құзырында қаншалықты мақтаулы екенін пайғамбарымыз (алейһис салату уә сәлләм) бір хадисінде былай деп баяндайды: «Тәубе ету жақсы қасиет. Ал жас адам тәубе етсе, ол одан да жақсы. Алла тағала тәубе еткен жасты жақсы көреді». Осы тұрғыдан алғанда Хақ тағала разылығын көздеп оның әмірлеріне бойұсынған жастардың абайсызда күнә жасап қойса, құдды бір құрдымға кеткендей зәресі қалмай тез арада жүрегін күнәнің кірлерінен тазартуға бар күшін салуы хадисте мақталған іс.
Өз басым осы күнге дейін талай жастардың титтей харамға көзі түсіп кеткендіктерінен өз-өздерін қоярға жер таппай, сол күнәларын жуып шайғылары кеп қайта-қайта садақа беріп, Алла тағаладан кешірім тілеп, сәждеден бас алмай қойғандарына сан мәрте куә болғаным бар. Міне, аз ғана сәтке босаңсудың себебімен көзі харамға түсіп кеткені үшін өкініш құрты өзегін өртеп «қап, әттең мен құрдымға кеттім. Алла тағаланың осыншама игі істерінің арасында жүріп күнә істеу маған лайық әрекет пе еді?! Ендігі хәлім не болмақ?» деп шынайы тәубе қылып, жатса-тұрса Хақ тағаладан кешірім тілеп, Раббысына бет бұрған, бейне бір қарт адамдай айналасына ойлы көзбен қарап, шайтанның шабуылына төтеп бере білген жастарды жастардың ең жақсысы дейміз.
Асылында егер адамның жүрегі сау болатын болса, күнә атаулыны жек көріп тұрады. Саналы мұсылман әрбір күнәні рухты жаралайтын, иманды әлсірететін ібілістің улы оғы деп біледі. Сондықтан мүмин қандайда бір күнә істеп қойған болса жүрегі өкініштен қан жылап, сәт сайын тәубе етіп өз-өзін қоярға жер таппайды. Егер адам жасаған күнәсі үшін іштей қатты өкініп, шын қынжыла алмаса, оның құр тілімен «я, Құдайым, тәубе еттім» дегені тәубе боп есептелмейді. Оның ол сөздері күздің күні қурап, желге ұшқан жапырақтай пайдасыз. Ал шынайы тәубе адамның ар-ожданын, иманын бейжай қалдырмай шын өкіндіріп пұшайман күйге түсіреді де, ол адам Хақ тағалаға қалтқысыз мойынсұнып, сәждеден бас алмай қояды. Ал адамның сөзі сол сәждеде жатқан күйінде ғана айтылуы керек. Иә, шынайы тәубе етіп, ағаттығына шын мәнінде өкінген жан күнәдан саналы түрде жиреніп «Уа, Раббым, жаздым, жаңылдым. Мендей бейбақ құлыңды кешіре гөр» деп Хаққа бет бұрады.
Хазірет Жүсіп пайғамбардың ақыретке құштарлығы
Замананың ұлы ғұламаларының бірі өзіне бір сұрақ қойылған кезде жоғарыдағы хадисті келтіріп оған өз тарапынан түсініктеме берген және өзінің еңбектерінде осы мәселе кеңінен қозғалғандықтан кейбір тұстарын келтіре кетейік. Себебі біздің тақырыбымызға сай кеп тұр:
Өнегеге толы оқиғаның өте көркем тілде баяндалғандығымен ерекшеленетін және қиссалардың төресі деген мағынаға саятын «әхсәнул-қасас» деген атпенде мәшһүр болған «Юсуф» сүресі хазірет Жүсіп пайғамбардың (а.с.) тағылымы мол өмірінен сыр шертеді. Аталмыш сүренің соңында Жүсіп пайғамбардың мына бір дұғасы келтірілген: «Уа, Раббым! Сен маған билік пен мансап бердің. Түс жору мен қасиетті сөздердің астарын ұғынатын ғылымды үйреттің. Уа, көктер мен жердің Жаратушысы! Екі дүниедегі ием де Жәрдемшім де өзіңсің! Саған толықтай бойұсынған құл қып жанымды ала гөр және мені ізгі құлдарыңның қатарына қоса гөр!» («Юсуф» сүресі 12/101)
Бұл аят соншама мехнатты күндерден соң перғауынның уәзірі болған, көп жылдан соң сүйікті әкесіне қауышқан, бауырларын қайта тапқан хазірет Жүсіптің қанша бақытты бола тұра ақыретке және Алла құзырына ашылатын есік іспетті болған өлімге қаншалықты құштар болғанын білдіріп тұр.
Негізінде хазірет Жүсіп (а.с.) құдыққа тасталып артынша құнсыз бір заттай сатылған, құл секілді ауыр жұмысқа жегілген, ар-ұятын сақтап жалаға ұшыраған, қылмыскер атанып зынданға тасталып көрген ауыр азаптарынан жаны күйзелген сәттерінде дәл осылай Хақтан өлім тілемеген еді. Қайта сондай күйіне қарамастан пайғамбарлық міндетін жоғарғы деңгейде атқара білген. Бірақ күллі дүние оның табанының астына келіп қолына үлкен билік берілген кезде, отбасымен қауышып, бақытқа қол жеткізген кезінде Алла тағаладан ақыреттің игілігін тілеп жалбарынған.
Демек, өлімнің артында дүние бақытынан да артық бақыт бар және хазірет Жүсіптей Хаққа құштар пайғамбар бақ-дәулеттің арасында болса да өзгелерге суық көрінген өлімді аңсауы ақыреттік бақыттың қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Құран кәрім «Юсуф» сүресінің соңындағы ұлық пайғамбардың осы бір жан қалауына назар аудартады және де біздерге: «өлімнен кейінгі өмір үшін әрекет қылыңыздар. Анығында нағыз бақыт пен шын рахат сол жақта» деп үн қатуда.
Міне, ізгі жастардың тағы бір маңызды қыры сұлулардың сұлуы хазірет Жүсіп (а.с.) пайғамбардай атақ-абырой, бақ-дәулетке мас болып дүниелік рахатқа алданбауларында, нәпсі қалауларына еріп ақыретін құртатын дүниеге берілмеулерінде.
Қадірлі күйеу бала
«Мәжмәуль-әнһур» еңбегінің авторы Мұхаммед ибн Сүлеймен «қадірлі күйеу бала» деген лақап атпен танымал болған кісі. Себебі бұл Алланың арлы құлы білім алып жүрген кезінде түн жарымда сығырайған шаммен де ілім ізденетін, көп оқитын. Бір күні осындай білімге арналған кештердің бірінде оның үйінің есігі қағылады. Беймезгіл уақытта есігінің қағылғанына таңырқап жолаушы болар деп есігін ашады. Ашса, келіп тұрған сұлу әрі өрімдей жас қызды көреді. Бұл жолаушы қыз өзінің алыс сапардан шаршап келе жатқанын және осы үйден басқа өзге үйлердің шамдары сөнулі екенін, шарасыздан есік қаққанын айтады. Не істеу керек?! Әрине, қыз баланы түн жарым, тас қараңғыда көшеге қалдырсын ба?! Басқа қылар қайран болмағасын үйіне кіргізеді. Үйге кірген соң жолаушы қыздың хал-жағдайын сұрап, алдына жүрек жалғар ас қойып қайта сабақ оқуға кіріседі. Арлы жігіттің бұл әрекеті оған ұялып көзінің астымен қарап отырған қызды қайран қалдырды. Үй иесі сабақ оқып отырып сұлу қызды ойлап, ойы бұзыла бастаса, дереу алдындағы шамға саусағын күйдіріп қайта алып, қайта күйдіріп ойын басқа жаққа аударғысы кеп отырады. Осылайша саусағын шамға қайта-қайта күйдіріп отырып таңды атырады.
Таң атқан соң қыз үйден кетеді. Сөйтсе қыз Османлы патшалығы уәзірлерінің ішіндегі біреуінің қызы екен. Уәзірдің сарайындағы адамдар қызды көрісімен оны кеше түні бойы іздеп таппағандарын және дін аман оралғанына таң қалғандарын айтады. Қыз түнде бір жас жігіттің үйін амалсыз паналағанын және сол түні болған таңғаларлық оқиғаны айтып береді. Әкесі қызына қамқор болған жас жігітті дереу құзырына алдырып неліктен түні бойы саусағын шамға күйдіріп отырғанын сұрайды. Жүсіптей жүзі нұрлы жас жігіт: «Жолынан адасып есігімді қаққан жолаушыны сыртқа қуа алмадым. Сол себепті оны үйіме қабылдадым. Түні бойы шайтан менің ой-санамды сан-саққа бөліп арбаумен болды. Мен өзіме егер ерсі бір әрекетке барсам, жаһаннамның оты бұдан да қатты болады деп саусақтарымды алма-кезек отқа сап күйдірдім», деп жауап береді. Жігіттің бұл жауабына риза болған уәзір оған қызын үйлендіреді.
Иә, ізгі жас деп бейкүнәлілігімен, арлылығымен уәзірдің көңілінен шығып артынша оның қызына үйленген соң «қадірлі күйеу бала» деген лақапқа ие болған Мұхаммед ибн Сүлеймен секілді жандарды айтамыз. Ол пәни дүниенің арзан рахатына қызықпай жаны тек қана ақыреттегі мәңгілік бақытты аңсады және сол жолда талмай тер төкті.
Жақынымды жоғалттым
Бұған қоса, жастардың ең қайырлысы жайында сөз болғанда Хақ сүйіктісі пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Алла тағала жастық шағын Хаққа мойынсұнушылықпен өткізіп және дүние ләззатының соңына түсіп кетуден сақтанған жасты жақсы көреді», деген хадисі еске түседі және жастар өткінші өмір рахаттарын ұмыттырып жіберетіндей етіп мынадай нәрсені сүйіншілейді: «Алла тағала құлшылықты серік еткен бір жасты періштелеріне көрсетеді де, сол арқылы періштелердің алдында құлдарын мақтан тұтып: «Ей, бойдағы құмарлықтарын мен үшін тыйған жас! Ей, жастық шағын маған арнаған жігіт! Сен мен үшін кейбір періштелерім секілді қадірлісің!» дейді.
Осындай қасиетті сөздерге лайық болу үшін жан берсе де артық болмас сірә. Асылында ақылды мүмин күнәнің соңынан кетіп шайтанға ойыншық болмай, бар күш-жігерін Алла жолында сарп етіп, жаннаттың дәмін тату арманымен ғұмыр кешуі керек емес пе?!
Нағыз жалын атқан жас шағын ақиқаттан алыс өткізген, өмірлерінің жарымынан астамы бос кеткен, руханияттан жұрдай, тек қарақан басын ойлайтын менмендіктен аса алмай күн кешкен талай адамдардың кейіннен ақиқатқа жүрек көздерінің ашылуы көңіл қуантады. Аллаға шүкір, олардың көбісі ақиқатты танығаннан кейін бұрынғы ғапылдықпен өткізген күндері үшін қатты қынжылып, Хаққа шын беріліп, ендігі жерде жан дүниесін иман шуағымен нұрландыруға, төңірегіндегілерге жақсылық жасауға ұмтылуда. Тіпті олардың рухани әлемнің құзар шыңына биік самғағаны соншалықты басым көпшілігі дін жолында өзгелерге үлгі болатындай алдыңғы сапта жүргендерін көргенбіз.
Иә, бұл сипаттағы жастар өздерін рухани әлемнің жауһарларымен жан дүниелерін безендіріп өздерін жеке тұлға ретінде қалыптастырып, қоғамдағы түрлі дерттердің емін іздеп өздерінің елге деген жанашырлықтарымен, өзінен гөрі өзегелерді көбірек ойлап ғапылдықта жүрген адамдарды иман нұрымен қуаттандыру жолында аянбай қызмет етіп келе жатқандарын көргенде жанымыз сүйсінеді. Бірақ кейде өкініштісі сол пендешілікке салынып, атаққұмарлық, мансапсүйгіштік дертіне салынып үміт аспанынан ғайып болған жастарымызды көргенде жанымыз қынжылады.
Рас, бір жастарымыз шайтанның құрған тұзағына қарсы тұрып ел үшін, дін үшін қызмет етіп жатса, өзге бір жастардың ібіліс ойынына алданып, оның тәтті боп көрінген улы оғымен мертігіп жатқандығы да ащы шындық. Демек, жалпы адамзаттық тұрғыдан алғанда біз сәт сайын орасан, орны толмас шығынға ұшырап жатырмыз. Иә, орасан зор шығынға ұшырап жатырмыз. Көзді арбаған нәпсәни рахаттардың балшығына белшесінен батқан, азғындыққа ұрынып күпірліктің тас қапасына қамалған жастарымыз біздің орны ойсыраған, үміт аспанынан ғайып болған, жоғалтып алған ең асыл құндылығымыз. Сондықтан біз де өз кезегімізде күпірлік тұманында адасқан жастарымызды тауып, оларға жамандықтан құтылудың жолын көрсетіп, олардың иманды жастар сапына қайта оралуынан көп күш салуымыз керек.
Өздеріңізге белгілі, он бес-он алты жас шамасында Ислам әдебінен бейхабар кезінде төңірегіндегі әйелдерге сұқтана қарап жүрген Жүләйбиб есімді жас пайғамбарымызбен (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жолығып, ақиқатты танып, ақиық елшінің дұғасын алып Мәдина қаласының ең арлы жігітіне айналған. Көп уақыт өтпей Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оң жақта отырған қызы бар үйге құда түсіп оны үйлендіреді. Арада үш-төрт апта өткен соң мұсылмандар шайқасқа аттанады. Осы шайқаста Жүләйбиб (р.а.) шейіттіктің шәрбатын татып, ерлікпен қаза табады.
Шайқас біткен соң сахабалар денелерін қанмайданға тастап, рухымен көкке самғаған шейіттердің денелерін жинап, арулап, жаназаға дайындап жатты. Сол сәтте пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) көпшілікке қарата: «Уа, халайық! Араларыңызда іздеген адамын таппаған немесе жақынын жоғалтқандар бар ма? деп сұрайды. Сол сәтте сахабалар бірауыздан: «Уа, Алланың елшісі, жоғымызды таптық!» деген кезде мейірім пайғамбары: «Ал мен болсам жақынымды, Жүләйбибімді жоғалттым», деп баласынан айрылған көңілі жарым әкедей қымбатты досын іздей бастады. Біраз уақыт сарыла іздеп жүріп ақыры Жүләйбибті тауып басын мүбәрак тізесіне қойып: «Уа, Алла тағалам бұл менің бауыретім, жақыным, мен де оның жақынымын», деп, ол үшін Жаратқаннан жарылқау тілеп еді. Иә, пайғамбарымыз ешкімді назардан тыс қалдырмаған. Оның достарына деген адалдығы мен опалылығы осындай болатын. Осы оқиға бізге көп нәрсені ұқтырса керек. Сондықтан біз де мұқтажға көмек қолын ұсынып, жабырқаған пендеге демеу болып, әрбір жүректі иман нұрымен нұрландыру жолында аянбай қызмет етуіміз керек.
Қарттықтың белгісі
Жоғарыда келтірілген хадиске қайта оралар болсақ, Алла елшісі (алейһис салату уә сәлләм) аталмыш хадисте жастардың ең жақсысын сипаттағаннан кейін қарттардың да ең жаманын яғни, біраз жасқа келгеніне қарамастан ғапылдықта қалғып-мүлгіп, ойына өлім кіріп шықпайтын, бағзы бір азғындыққа салынған жастарға ұқсап арзан ләззаттың соңына кеткен қарттар жайлы сөз етеді. Өмірінің өткендігін білдіретін шашы мен сақалын ақ шалғанына қарамастан өзін өмір бақи өлместей көрген, тек жастарға ғана тән кейбір мінездерден арыла алмаған, ақыреттің иісі мұрнына бармаған, дүниенің һәм дүниелік ләззаттарға мастана берілген қарттарды Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қарттардың ең жаманы дейді.
Адам өмірінің кейбір кезеңдері ауырпашылық пен мехнатқа толы болатыны секілді дәл сол адамның қуаныш пен бақытқа толы сәттері де болады. Қарт адам қоғамда елеусіз қалғанмен, еңбек етер қауқары кеткенмен Алла тағала мейірімімен оған да өзіне тән ігі істерді нәсіп етеді. Бұған қоса, пайғамбарымыз «ақ шаш мүминнің нұры» десе, өзге бір сөзінде «мұсылманның шашындағы әрбір аққа сауап жазылады немесе сол шашының себебімен дәрежесі көтеріледі, болмаса күнәлары кешіріледі» дейді.
Әсіресе пайғамбарымыз (алейһис салату уә сәлләм) үмбетін егер кімде-кімнің шашы ағарған себепті нұрланып, сол арқылы күнәлары кешіріліп, рухани дәрежесі өскен бір қарт Алла тағалаға дұға қып қол жайса, дұғасы міндетті түрде қабыл болатынын, тіпті ол дұғаны жауапсыз қалдырудан ұялатындығымен сүйіншілейді. Осылайша ақиық елшіміз Алла тағала қарт кісілерге ешқандай ауыртпалық артпайтынын, қайта қартайған шағында мейірім мен қамқорлыққа көп мұқтаж болатын қария кісілерге Рахманның мейірімі де ерекше болатындығын жеткізген. Оған қоса хазірет Ибраһим (а.с.) пайғамбар ағарған шаштың кемелділік пен парасаттылықтың белгісі екенін періштелер арқылы біліп Раббысына: «Уа, Алла тағалам, парасатымды арттыра гөр!» деп дұға қылған.
Иә, қарттардың ең жақсысы Құдай жолын ұстанғандары. Олар пайғамбарды (алейһис салату уә сәлләм), туған-туысқандарын және ақыретке деген сүйіспеншіліктері арқылы дәрежелері жастармен теңеседі. Олар көңіл қалауларынан бас тартып, материалдық дүниені өзіне бағындырып қолында ұстаған бақытты жандар. Олар жүрек нұрының жарығымен жүріп ешқашан аяқтарын шалыс баспаған, имани дәрежесінің жоғары болғандығы соншалықты өмірде кездесетін түрлі сынақтардан сүрінбей өтетін, өздеріне дейінгі ақыретке аттанған тақуа достарына деген сағыныш отымен жанып-күйген, Рахманның мейірімінен үміт үзбестен жолына кезіккен кедергілерді алмас қылыштай тіліп өтетін, өлімге күлімсіреп құшақ ашып қабірге жимия кіретін иман жолындағы қаһармандар.
Асылында хадис түсіндірмесіндегі жастардың ең жақсысы қариялардай өлімді көп еске алып ақырет үшін еңбек еткен, жастықтың буына масаттанбай, ғапылдыққа салынбаған жастар. Ал кәрілердің ең жаманы болса азғындық пен ғапылдықта жастарға ұқсап, көңіл қалауларына балаша мәз болып, арзан қызыққа алданған қарттар.
- жасалған.