Орталықтағылар жайлы өлшем
Сұрақ: Орталықтағы кішкентай ғана бір кемшіліктің теңіздей үлкен қателіктерге себеп болатынын ескере отырып, орталықтарда қызмет ететін кісілер қандай заңдылықтарды мықтап ұстанғаны дұрыс?
Жауап: Ұлы істің бастамашысы, үлкен идеяның қызметшілері болып жүрген адамдардың мінез-құлқы мен өзін өзі ұстауы өте маңызды. Өйткені кейінгі ұрпақтың өнеге алатын адамдары солар болады. Егер алдыңғы толқын дұрыс жүретін болса, олардан үлгі алатын кейінгілер де адаспайды. Құдай сақтасын, егер бастапқыда көпшілік қателесетін болса, уақыт өте келе ол дерт қоғамға тарап, ұлғайған үстіне ұлғая түседі.
Көпшіліктің ақысы
Өкінішке қарай, небір ұлы істерге бел шеше кіріскен көптеген біртуар тұлғалар айналасындағы адамдардың ақысын толық бере алмағандықтан кейбір аңдамай айтылған сөз бен ойдың құрбанына айналған. Осының кесірі өте үлкен қиындықтарды туындатқан. Кейде орынсыз сөз, орынсыз қылық пен орынсыз дауыс көтеру айналадағы адамдардың жеккөрінішіне жол ашып, кейін орны толмас өкінішке айналары анық. Алдыңғы толқынның осындай кемшіліктері болып жатқан кездері кейінгі ұрпақ оны дереу түзей қойғанымен, тарихта бір сәттік қана қателіктің өзінің зияны аз болмағанын білеміз. Бірден бір тәсіл – мұндай кемшіліктердің орын алуына ешқашан жол бермеу. Адамдар өздерінің табиғаты мен өресіне қарай осындай кеселдерге ұрынады да, нәтижесінде кемшілік барша қоғамға тарайды. Сол себепті әлдебір дәрежеде көшбасшы немесе жетекшілік етіп жүрген адам жүріс-тұрысы мен өзін өзі ұстауында өте мұқият болуы керек.
Өткеннің есебін жасап, өмірімнің естеліктерін есіме алғанымда көп ісіме өкінетінім жасырын емес. «Әттеген-ай, сол кезде олай етпеуім керек» деп бармағымды тістеймін. Алайда қанша өкінгеніммен өткенді қайтарып ала алмайтынымды да білемін.
Негізінде адам баласы болар іс болғаннан кейін осылай өкінбеуі үшін өмірін дұрыс өткізіп, «әттеген-ай» дегізетін жағдайлардан, мінез-құлық пен іс-әрекеттен қашық болғаны жөн. Жеке адамның бұған әлі жетпейтінін ескере отырып, мұсылмандар өздерінің басшы немесе жетекші есебіндегі кісілерен ақылдасқаны жөн. Иә, қандай да бір шешім қабылдау үшін кеңес алатын топтың болуы міндетті түрде керек. Және осы топтың шешкен шешімінен тыс әрекет етпеген жөн. Қанша жерімізден өзіміздің төл мәдениетіміз, өз дереккөздеріміз, тарихымыз бар дегенмен, осылардың өзінің бүгінгі күннің жағдайымен сараптай отырып қарастырылуы керек.
Сонымен қатар өмірінің басты мақсаты адамзатқа ақиқатты жеткізу болған әр адам алдымен көпшілікті атынан әрекет етіп жүр деген сөз. Сондықтан да ондай адамның бойындағы кемшілік көпшіліктің де жаманатты болуына әкеп соғуы әбден мүмкін. Ислам құқығы бойынша, көпшіліктің ақысы Аллаһтың да ақысы болып табылады. Және де Исламның жаманатты болуы себеп болған адам пайғамбар мен бұрынғы ата-бабаларымыздың да ақысын аяққа таптайды.
Өз бетінше өмір сүру
Негізінде ақылдасу – адамның өз пікірі бойынша шешім қабылдау дегенге де саяды. Кісінің өз бетінше әрекет етуі әрқашан оған зиян болып тимейді. Кей кездері өз бетінше әрекет еткен адам ұтатын болса, енді кейде өзімнің пікіріммен ғана шешім қабылдаймын деген адам қателесіп жатады.
Бір хадисте пайғамбарымыз (с.а.с.):
«Ешқандай да көлеңке табылмайтын есеп күнінде Аллаһ тағала мына жеті адамды Арштың көлеңкесіне алады» дейді де: إِمامٌ عادِلٌ деп, әділдікпен бақарған басшыны бірінші айтады (Бұхари, Азан 36; Mүслім, Зекет 91). Демек, басшының әділетті болуы өте маңызды. Өйткені бар жағынан көпшілікке басшылық еткен, бір жағынан мол мүмкіндікті қолында ұстаған адамның әділдіктен, ақиқаттан, адамгершілік қасиеттерден айырылмауы кісінің өзіне ғана байланысты.
Басқа бір хадисте Аллаһ елшісі:
ثَلاَثَةٌ لاَ يُكَلِّمُهُمُ اللَّهُ يَوْمَ القِيَامَةِ وَلاَ يُزَكِّيهِمْ وَلاَ يَنْظُرُ إِلَيْهِمْ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ. شَيْخٌ زَانٍ ومَلِكٌ كَذَّابٌ وعَائِلٌ مُسْتَكْبِرٌ
“Үш түрлі адаммен Аллаһ тағала есеп күні тілдеспейді, оларды тазаламайды, тіпті түрлеріне де қарамайды. Оларға қорқынышты азап бар. Олар: зинақор кәрі, өтірікші басшы және тәкаппар кедей” дейді (Mүслім, Иман 172).
Бұл жерде жағымсыз мысалдар арқылы сабақ беріліп отыр. Зина ету барша адам үшін харам етілген. Алайда егер кәрі кісі осындай күнәға бой алдыратын болса, ол тіптен қорқынышты, сорақы әрі жиіркенішті.
Хадисте айтылған ауыр азапқа ұшырайтын екінші топ – өтірік айтуға әбден дағдыланған билеуші. Бәріміз үшін күнә саналатын осы қасиет басшының бойынан табылса, онда жазасы да ауырлай түспек.
Үшінші айтылған нәрсе кедейдің тәкаппарлығы. Мақтануға тұрарлық ештеңесі болмаса да кісіге менсінбей мұрнын шүйіретін мұндай кісілердің менмендігі өте жаман.
Осы екі хадистің алғашқысында адамның өзінше өмір сүруі айтылып тұрса, екіншісінде нәпсісіне ерік беріп қойғаны сөз болады. Жаһаннамдық қасиеттер кісі көзі қызығарлық болып көрінетін нәпсілік қалаулар болса, сырттай қарағанда жұмақтың төріне жетелейтін салиқалы амалдар кісінің өз табиғатына сай өмір сүруіне байланысты.
Кеңесіп пішкен тон келте болмас
Пайғамбарымыз бір хадисінде «Ақылдасқан өкінбейді» (Табарани, әл-Мұғжамул кәбир, 6/365; әл-Күбаи, Мүстәду уиһаб, 2/7) дейді. Сол үшін өткенін өкінішпен еске алғысы келмейтін жан өзгелермен кеңесе білуі керек.
Ең ұсақ деген мәселенің өзінде де айналасындағы екі-үш адамның пікірін білген артықтық етпейді. Кейде түннің бір уағында ойыма әлдене келгенде Түркиядағы жақындарыма қоңырау шалып жатамын. Бүгінге дейін мұнымнан еш жамандық көрмедім. Егер алда-жалда қателесіп кетіп жатсақ, көппен жүріп адасқан боламыз. Ертең ақыреттік күнінде Раббымызға «мен Өзің бұйырғандай жұрттың ақылына құлақ астым» дей аламыз.
Кей адамдар пәлен мәселе жөнінде менен артық ешкім білмейді деп тәкаппарлыққа ұрынуы да мүмкін. Алайда жағдайды сырттан молынан қамтып көре алатын көреген адамдардың да болатынын естен шығармау керек. Ондай адамдар тек бір ғана жағдайға байланысты ой қорытпай, тәжірбиесі мен салқын ақылын да іске қосады. Нәтижесінде болып жатқан оқиғаны мүлде басқаша көре алады.
Негізінде кісінің әлдебір нәрсеге сүйеніп, өзінше дұрыс деп тапқан шешімі, ол шешімнің дұрыстығына дәлел емес. Өйткені шын ақиқат жалғыз. Шын ақиқат көпшіліктің ортақ ойының шешімінен шығады, Құран мен Сүннеттің аясынан алыстамайды. Сол үшін кісі әлдененің дұрысына көз жеткізгісі келсе, алдымен Құран мен Сүннеттен соны іздеуі керек. Өйтпеген жағдайда кісі өзінің нәпсісіне еріп, өзін өзі алдады деген сөз. Құрандағы «Фатиха» сүресінде:
إِيَّاكَ نَعْبُدُ وَإِيَّاكَ نَسْتَعِينُ
“Тек Саған ғана құлшылық етіп, Сенен ғана тіленеміз” (Фатиха сүресі, 1/5)
деген аятта «біз» деп бірінші жақтың көпше түрімен айтқызып тұрғаны тегін емес. Өйткені кісі жалғыз өзі жасаған құлшылығымен құтқарыла алмайды. Кісінің алатын негізгі сауабы араласқан ортасында, көпшілікпен еткен кеңесінде және көпшілікпен бірге істеген қайырлы істерінде жатыр. Сол секілді әлдебір басшының жалғаннан алыс, ақиқатқа барынша жақын болуы үшін де «біз» деген ұғымның төңірегінде көпшіліктің пікірімен санасуы маңызды.
Әсілі, қазіргі таңда жасап жатқан қызметтеріміздің бұдан да кеңінен етек жаюы үшін жетекшілік орындағы кісілер адамдықтан айнымай, «өз ойым мен пікірім маған жетеді» деген түсініктен аулақ болып, істеген әр ісін жүйелі түрде көпшіліктің талқысына салып отыруы керек. Хадисте айтылған «әділ имам» болғысы келген мұсылман айналасындағы адамдардың пікіріне құрметпен қарап, олармен де санасып, реті келгенде өзінің пікірінен бас тарта білуі керек. Көпшіліктің кеңесіне салынған ой елді ешқашан адастырмайды. Ал егер қанша жерден сол саланың маманы десек те жеке кісінің пікірімен әрекет етілсе, онда қателіктен құтылу өте қиын болады.
- жасалған.