Рамазанда жұмсарған жүректер
Сұрақ: Жыл сайын көктен түскен сәкинадай (жүректің тыныштығы, жанның жай табуы) көңілімізді жібітіп, белгілі бір дәрежелер сыйлаған Рамазан айының жекелей және қоғамдық өміріміз үшін барынша толық пайдаланып, мүмкіндіктерді барынша қолдану үшін не ұсынар едіңіз?
Жауап: дініміздің тоқыраған, қаталдық пен қатыгездіктің күшіне мінген, бөліну мен қырқысу белең алып ел ішінде салқындық пайда болған кезде ораза, ауызашар, сәресі, тарауих намазы арқылы қасиетті нығметтермен руханиятымызды дамытып, көңіл көкжиегімізді кеңітетіп, рамазанның рухын барынша пайдалануға мүмкіндік бар. Жұмсақтық, жан тыныштығы мен Аллаһтың асқан мейірімі төгілген бұл айға деген қарапайым халықтың өзіндік құрметі жоқ емес. Неше жерден азғындықтың арасында жүрсек те, ерік-жігерімізді қолға алып рамазанның руханиятын бойға сіңіре алсақ, жүрекпен сезініп осы айға толық берілсек, ол да бізді құшақ жая қарсы алып, төбемізден төмен қарай нығметі мен берекесінен жаудырары анық. Нәтижесінде қоғамда бүлінушілік пен жеккөрушілік азайып, бауырластық пен бейбітшілік салтанат құрады.
Бастысы дастарханның байлығы емес, қонақтың көптігі
Осы тұрғыда атқарылуы керек істерге келер болсақ, көпқабатты үйлерде тұратын кісілер көрші-қолаңдарын, мейлі олар қандай ұлт пен дін өкілдері болса да, дастархан жайып ауызашарға шақырғаны жөн. Осылайша арада бауырмалдық қалыптастырып, адамдар арасында сыйластыққа мұрындық болуы керек. Тіпті керек десеңіз, қолына кішігірім сыйлық ұстатып жіберу де артықтық етпейді. Мүмкіндігінше бала-шағасына да сыйлық ұсынып олардың да көңілін аулаған дұрыс. Сол секілді мектептердегі мұғалімдер мен өзге де мекемелерде жұмыс істейтін кісілер әріптестерімен де рамазанның руханияты мен берекесін бөлісіп, ауызашар ұйымдастырғаны жөн.
Осынау берекелі де нұрлы айды барынша оңтайлы қолдануымыз керек. Қонақсыз дастарханымыз жайылмайтындай болу керек. Ауызашар дастарханының артықшылығы тағам түрлерінің байлығында емес, келген қонақтың көптігінде. Пайғамбарымыз: “Екі адамдық дастархан үш адамға, үш адамдық тамақ төрт адамға жетеді” (Бұхари, Әтғима 11; Мүслим, Әшриба 179) дейді. Сол үшін рамазанда дастархан жаюда тарылудың еш жөні жоқ.
Ауызашар беру, сыйлық сыйлау секілді осындай кісінің көңілін жібітетін әрекеттер адамдар арасында достық пен бауырмалдықты арттырып, Исламның шын бейнесі, яғни сұлулықтарымен өзгелерді таныстырып, арадағы суықтықты сейілтудің таптырмас жолы десек болады. Негізінде қара күшпен шешілмейтін дүниелер осындай шын мейірім мен руханияттың күшімен ретке келеді. Сіздер жұртпен сыйластық орнатып, көңілдерін жібіте алсаңыздар, келешекте болуы мүмкін келіспеушілік пен қақтығыстардың алдын аласыз. Және де тарихтың ешбір кезеңінде адамзаттық мәселелердің дау-дамаймен, ұрыс-керіспен шешілгені жоқ. Қара күшке жүгініп, «ә» дегенге «мә» деп бас салу мәселені керісінше ушықтыра түспек.
Әлдебір адамға шын көңілмен қара су берсеңіз, ол кісі сіздің бұл мәрттігіңізді қырық жыл есте сақтайды. Жомарттық бұл айдың ең басты ерекшелігі шығар, бәлкім, рамазанның берекесі де осы жомарттықта жасырынған болар. Біз ораза тұтып, тарауих оқып ақыреттік азық жинағанымыздай, кісілердің көңілін жібіту арқылы да үлкен іс тындырамыз.
Көңілде жаңғырған көктің дауысы
Екінші жағынан әлемнің түкпір-түкпірінде қызмет етемін деп жүрген қызмет ерлерінің бұл айды пайдаланып адамдардың көңілін жібітуге, жүректерін жаулауына мол мүмкіндігі бар. Құрбанда шалған малдарымыз елдің кедей-кепшігінен бастап Азия мен Африка мемлекеттеріне жөнелтіп, халқымыздың жомарттығы танылып, осы арқылы талай жанның исламға көңілі жібіді. Өзгелердің бізге деген көзқарасы түзелді. Сол секілді рамазан айында сәресі мен ауызашар дастарханы арқылы бұл уақыттарды да Алланың ұнатқан ісін істеп дін қызметін үдетуге мүмкіндік бар. Өзімізге байқалмағанымен, өзге адамдар сіздің ауызашарыңыз бен сәресіңізден ерекше әсер алады. Оның қаншалықты маңызды екенін сол кісілермен сөйлескенде байқайсыз. Мысалы, ауызашар алдында оқылған азан олар үшін өте қызық көрінеді. Сондықтан өзіміз айналысып жүрген достарымыз бен таныстарымыздың көңілін табу үшін рамазанның ерекшелігін жақсылап қолданайық.
Көңілдерін жаулау жолында адамдармен осылайша айналысу оларда мұсылмандыққа деген жақсы ой мен жақсы көзқарас қалыптастырады. Тек қана көзқарастарын жақсартып қоймай, кұндердің күнінде иман етіп, ары қарай руханияттың көкжиегіне қанат қағуына себеп болар. Сол үшін күніне бір рет емес, бірнеше рет тамаққа шақырып, оларға қызмет етсек те артықтық етпейді.
Бүгінгі адамзат, өкінішке орай, мұсылмандықтың игіліктерінен мақұрым күн кешіп жатыр. Өйткені олар мұсылмандардан мұсылманша өмір сүру салты мен мұсылманша қарым-қатынас жасаған адамды көрмеді. Сондықтан біздің ең басты міндетіміз отбасымызда, бала-шаға мен әке-шешемізге, келген қонақтарымызға, барған жерлерімізге шын мұсылмандықтың бейнесін көрсету, көркем мінез бен сыпайылық, инабаттылықтың үлгісі болу. Сол кезде өзге адамдар Исламның игіліктеріне көз жеткізіп, Исламға жібиді. Егер әлдекім мұсылмандарды құбыжық секілді танитын болса, оның емі біздің ол адаммен барынша жақсы қатынасып, сыйласып, керек кезде алдында жайылып жастық, иіліп төсек болуымыз керек секілді. Сол үшін мұсылмандар қоғамдағы жағдайға байланысты кеңесе отырып осы істерді жүзеге асыруы керек.
Ешбір амал рамазанда орындалмаған амалдардың орнын толтыра алмайды
Аллаһ тағала бізге парыз еткен міндеттер біздің мұқият орындауымызбен үлкен құнға ие болып, ертең машхарда Аллаһ алдында біз үшін куәлік етеді. Біз міндеттерімізді қаншалықты түзу орындасақ, Аллаһ алдында соншалықты дәрежеге ие боламыз. Уақытты жақсы өткізіп, рамазанның руханиятын пайдалана білсек, күні ертең сол руханиятпен о дүниеде қайта қауышамыз. Сол үшін Аллаһтың бекіткен парыздарына ерекше ұқыпты болғанымыз жөн.
Ақыретте Аллаһ тағала адамға қай сауаптың қай амал үшін бергенін көрсетеді. Сонда: «Өзі осы амалдарды жасатып, осынау сауаптарды Өзі берген Аллаһқа мың да бір шүкір» делінеді. Адамның ұстаған оразасы ана жақта затқа айналады. Сонда адам өзінің ұстаған оразасы екенін бірден таниды. Сол секілді тарауих пен жұрттың көңілін жаулау жолында еткен қызметтері де көз алдына келіп, иесін қуанышқа бөлейді.
Әр ғибадаттың өзіндік орны бар. Рамазанда жасалған ғибадаттарды да басқа ешбір ғибадат алмастырмайды. Әр адамның Аллаһқа жақындау жолы да әр түрлі. Бұл айда ұсталған оразаны болса да басқа ораза теңестіре алмайды. Жай уақыттардағы түнгі жиырма рәкат намаз да тарауихпен теңеспейді. Рамазандағы азанға деген құштарлықтың да құны ерекше. Қысқаша айтқанда, Рамазанда жететін дәрежеге сіз басқа уақыттарда жете алмайтыныңыз анық. Ешбір амал рамазанның кетігін жамай алмайды. Сол үшін мүминдер бұл айды ерекше күтіп, тым тақуа түрде өткеру үшін барын салып, ай біткенде қимастықпен қоштасады. Рамазанды қимастық сезімі мұсылмандарға қасіреттей тиіп, сол қасірет келесі рамазанның сауабына сеп болады.
- жасалған.