Адал рызық пен салиқалы амал қатынасы
Сұрақ: Бір аятта “Адал және таза нәрселермен қоректеніп, салиқалы амал етіңдер. Мен сендердің барлық істеріңді көріп тұрмын” (Mүмин сүресі, 23/51) делінеді. Адал ас пен салиқалы амал арасындағы байланыс қандай?
Жауап: Құран кәрім мен сүннетте адал мен арам арасы анық ашылып көрсетіледі. Осы екі негізгі қайнар көзді жақсы игерген Ислам ғұламалары мұсылмандықты адал мен арамды ажырату және соған сай өмір сүру деп түсіндіреді. Қысқаша айтқанда اَلدَّينُ اَلمْعُاَمَلَةُ «Дін (мұсылмандық) қарым-қатынастан тұрады». Хазірет Омар да осы ойды былай деп өрбітеді: «Кісінің тек ұстаған оразасы мен оқыған намазына ғана қарамаңыздар. Өтірік айтпай ма, аманатқа қаншалықты адал, дүние-мүлікке келгенде халал-харамды сақтай ма, соған да мән беріңіздер» дейді (Бәйхақи, Сүннәтүл кубра, VI, 288; Шуаб, IV, 230, 326). Әрине, намаз, ораза, зекет, қажылық секілді парыздар Аллаһтың алдында өте қадірлі. Тиісінше ешкім де бұл ғибадаттарды ысырып тастай алмайды. Алайда кісінің ішіп-жемі мен күнделікті тұрмысында, жеке кісі мен көпшіліктің ақысына қатысты мәселелерде дінге томпақ келетін қылықтардан аулақ болып, өмірін тек қана ақиқат жолында өткізіп, арам мен адалды ажыратқанда, қара қылды қақ жарардай көреген болуы керек. Ары-беріден соң, осы заңдылықтардың аясында өмірін өткізу жеке басының ғибадатын орындаудан анағұрлым қиынға түсуі әбден мүмкін. Олай болса, Ислам ақысына сай өмір сүре алу үшін қашанда арамның арбауына түсіп кетпеудің қамын жасап, тақуалығын бағумен болғаны абзал.
Үлкен тұлғалардың өміріне қарайтын болсақ, олардың көпшілікке жол көрсетер көшбасшы болғанын байқаймыз. Солардың еңбектері мен елді ұйыстыра алу қабілеттерінің себебімен керемет қоғам орнаған, нәтижесінде олардың кейбір нарселерді аңғармай қалған кездерінде де Аллаһ тағала оларды харамнан сақтаған. Ондай кісілердің арасында тіпті байқамай арамға қол созғанда қолының дірілдеуінен әлгі нәрсенің арам екенін түсіне қоятындай әулиелікке жеткен жандар болған. Сол секілді аузына салған арам асты да бір түрлі жұта алмайтындар кездескен. Байқамай жұтып қойғандар болса, дереу истиғфар етіп, қалайда асқазанынан арам асты шығаруға тырысқан. Оған мысал қызметшісінің надандық дәуірінде көріпкелдікпен тапқан малын аузына салған Әбу Бәкір, зекетке арналған түйенің сүтін білместікпен ішіп қойған Омар хазіреттер астың арам екенін білер-білмес дереу саусағын аузына жүгіртіп, ішкен-жегенінің бәрін ақтарып тастап, Аллаһтан кешірім тілеген.
Ең үлкен даму себебі
Екінші жағынан арам-адалды айыра білудің негізі Аллаһтың әмірлеріне толық бағыну мен шариғатқа деген құрметте жатса керек. Және де Аллаһтың белгілеген түрлі ғибадаттарынан бөлек, арамнан алыстап, барынша адал жолмен жүру де өз алдына бір ғибадат болып есептеледі. Әлдебір мұсылманның тыйымнан қашуы, пәлекеттерге ұшырағанда сабырмен төзе білуінің ғибадат саналатыны секілді, адал рызық іздеп еңбектену де сауабы мол ғибадатты амал. Мұны Аллаһтың
إِلَيْهِ يَصْعَدُ الْكَلِمُ الطَّيِّبُ وَالْعَمَلُ الصَّالِحُ يَرْفَعُهُ
«Сөздің ең таза және ең әдемісі Оған көтеріледі. Оны көтеретін салиқалы амал» (Фатыр сүресі, 35/10) деген аятынан да көреміз. Бұл жерде тәсбих, мадақ, тәкбір, салауат секілді мүбарак сөздердің тек салиқалы амалдар арқылы ғана сауапты болатыны айтылған. Демек, мейлі, ораза, намаз, зекет секілді парыздар болсын, мейлі арамға қарсы жан-тәнімен қарсы тұру секілді жанама ғибадаттар болсын, екеуі де Аллаһқа бағытталған мүбарак сөздерді алып ұшатын қанат секілді. Осы тұрғыда кісі мұндай ғибадатқа атүсті қарамауы керек.
Иә, күнделікті тамағының кірленбеуіне мән беру, аз да болса арам немесе кір нәрсені дастарханына қоймау адамға ғибадат сауабын әпереді. Мысалы, ауырған кезде ішетін дәріміздің құрамында қандай нәрселер бар екеніне мән бермеу, дүкеннен алған тауарымыздың ішінде діннің харам еткен нәрсесінің болғанына атүсті қарау, сатып алған еттің ислам шарттарымен сойылған-сойылмағанын анықтамау мен алған еңбекақысының толықтай адал екенін қадағаламау кісінің иманын жұқартып, рухани кеселге ұрындырады. «Маида» сүресінде:
سَمَّاعُونَ لِلْكَذِبِ أَكَّالُونَ لِلسُّحْتِ
«Олар тек өтірікке құлақ асып, арам жейді» (Mаида сүресі, 5/42) деген аятта арам ас жеу қоғамның ең үлкен ластықтарының бірі екені айтылған. Аятта «суһт» деп айтылған арам ас адам бойынан шықпайынша, оның ғибадаты қабыл болмайтыны кейбір хадистерде айтылған. Мысалы, Аллаһ расулының бір сөзінде ол былай келеді:
مَنْ أَكَلَ لُقْمَةً مِنْ حَرَامٍ لَمْ يُقْبَلْ لَهُ صَلَاةٌ أَرْبَعِينَ لَيلَةً وَلَمْ يُسْتَجَبْ لَهُ دَعْوَةٌ أَرْبَعِينَ صَبَاحًا وَكُلُّ لَحْمٍ يُنْبِتُهُ الْحَرَامُ فَالنَّارُ أَوْلَى بِهِ وَإِنَّ اللُّقْمَةَ الْوَاحِدَةَ مِنَ الْحَرَامِ لَتُنْبِتُ اللَّحْمَ
«Кімде-кім бір түйір арам ас жесе, қырық түн намазы, қырық таң дұғасы қабыл болмайды. Араммен өскен етке ең лайық жер жаһаннам. Ескеру керек, харамның бір түйірінің өзі адамның денесіндегі етті өсіреді» (Суюти, Жамиуль ахадис, 20/55; Али Муттақи, Кәнзул уммал, 4/15).
Арам астың ақыры
Тирмизидің Әбу Һурайрадан жеткен хадисінде арамның зияны былай деп түсіндіріледі: Пайғамбарымыз әлдебір үсті-басы алба-жұлба жолаушының көкке қолын жайып дұға еткенін көргенде:
وَمَطْعَمُهُ حَرَامٌ وَمَشْرَبُهُ حَرَامٌ وَمَلْبَسُهُ حَرَامٌ وَغُذِّيَ بِالْحَرَامِ فَأَنَّى يُسْتَجَابُ لِذَلِكَ
«Мына жолаушының жегені арам, ішкені арам, кигені арам. Бұндай кісінің дұғасы қалай қабыл болсын» (Mүслім, Зекет, 65; Tирмизи, Тәпсір 3) дейді.
Екінші бір хадисте адал еңбегімен тапқан дүниесін жұмсап қажылық еткен кісіні меңзеп:
لَبَّيْكَ وَسَعْدَيْكَ زَادُكَ حَلَالٌ وَرَاحِلَتُكَ حَلَالٌ وَحَجُّكَ مَبْرُورٌ غَيْرُ مَأْزُور
«Қош келдің, бақытты жан! Сенің жегенің адал, мінгенің адал, қажылығың да күнәсіз қабыл болады» деп қабыл алынып, ал арам ақшамен қажылық қылған кісіге
لَا لَبَّيْكَ وَلَا سَعْدَيْكَ زَادُكَ حَرَامٌ وَنَفَقَتُكَ حَرَامٌ وَحَجُّكَ غَيْرُ مَبْرُور
«Ләппайың» өзіңе, сен қош келмедің. Тазалық әкелмедің. Сенің жегенің арам, нәпақаң арам және қажылығың да қабыл емес» делінетіні айтылады (Tабарани, Мұғжамул әсуад, 5/251).
Жегені мен ішкені, кигені мен мінгені арам болған адамның дұғасы қайдан қабыл болсын. Қалайша кешірім тілей алады. Кешірім тілеп дұға еткеннің өзінде оның осы бір сөздері жүзіне лақтырылып, бетіне салық болмай ма? Осы тұрғыда ғибадаттың Аллаһқа жетуі үшін кісі алдымен таза өмір сүріп, харамға қол созбауы керек. Сұрақта айтылған
يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا إِنِّي بِمَا تَعْمَلُونَ عَلِيمٌ
“Адал және таза нәрселерді жеп, салиқалы амал етіңдер. Мен сендердің барлық істеріңді көріп тұрмын” (Mүмин сүресі, 23/51) деген аят та осыны меңзейді. Кісінің адал азықпен өмір сүруі оны Аллаһ разылығына жеткізетін ғибадаттардың қабыл болуына апарар негізгі жолдардың бірі.
Осы жерде мынаны да айта кету керек, Құранның бірнеше жерінде адал рызықты ғана тұтыну керектігі бұйырылады. Бұл болса өз кезегінде адамның әу бастан адалды іздеуге деген құштарлығына байланысты. Негізінде кез келген арамның екінші бір арамға бастау болатыны секілді, әлдебір сауапты іс те келесі сауапты амалдың орындалуына алғышарт. Өйткені сауапты істеген жанның болмысы тазартып, адалға деген құштарлығы арта түсіп, тағы да сауап жиғысы келіп тұрады. Адам баласы да өзіне ұқсайтын жандарды жақын тартып тұрады емес пе, сол секілді амал да өзінің сипатына сай істерді шақыртады. Бір аятта айтылғандай, табиғатынан лас адамдар лас нарселерге бейім келеді, табиғатынан таза адамдар тазалыққа бейім келеді (Нұр сүресі, 24/26). Осы тұрғыда әу бастан адалға жолдас болып, арамнан алыстау керек.
Арамның кеңінен тарауы сылтау емес
Өкінішке қарай, бүгінде адал мен арам әбден араласып, мұны айырар жұрттың тақуалығы төмендеп кетті. Алайда кісі өзгелердің істеген күнәсіне қарап өзін өзі жұбатпауы керек. Көп адасса, қосыла адасу жөн емес. Бір ғалымның айтқанындай, «көпшілікпен бірге адасқан адам осы өмірде өзін жұбата алғанымен, қабірге түскеннен кейін жалғыз қалғанда онысынан ешқандай да пайда көрмейді» (14 сөз). Осы тұрғыда елдің харам жеуі, харам сөйлеуі, харамға қарауы, ысырап етуі, астамшылдыққа баруы осы әлемде кісіні белгілі бір дәрежеде жұбата алғанымен, ақыретте оны бұл сезімі құтқара алмайды. Адасуда көпшілікпен бірге болу, ана жақта адамның өкінішін жеңілдетпейді. Олай болса, мүмин жан қандай ортада жүрсе де арамға бір қадам да аттап баспауы керек.
Осы өмірде кісінің қалай болса солай еренсіз өмір сүруі ақыретте оны азапқа душар етеді. Ол жақта бір түйір дәннің өзінің есебі беріледі. Бидай былай тұрсын, Құранда:
فَمَنْ يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ خَيْرًا يَرَهُ وَمَنْ يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ شَرًّا يَرَهُ
«Кімде кім шаңның тозаңындай жақсылық істесе, соның сыйын алады. Кім шаңның тозаңындай жамандық істесе, соның зардабын тартады» (Зілзәлә сүресі, 99/7-8) делінеді. Осыған қарағанда асқазанға түскен түйір астың, ауыздан шыққан екі ауыз сөздің, көзге түскен бір көріністің, құлақпен тыңдалған сөздің – барлығының сұрауы болмай қоймайды. Сол үшін кісі осы дүниеден аттанбай тұрып өзінен есеп алып үйрене бергені абзал.
Сөз соңында айта кетейін, айналадағы ат төбеліндей ғана аз адамның немқұрайлы әрекеттеріне қарап, мәселені ұлғайтып жіберуге де болмайды. Көпшілік арасындағы рухы биік, намысы мығым көшбасшылардың күпірлікпен күресі біз секілді қайтсек иманымызды әлсіретіп алмаймыз деген уайым соңындағы көпшілікке рухани күш бітіріп, азық болады. Біз тек қана иманымызды жоғалтпау жолында, арамға алданып қалмау жолында қолдан келгенімізді істеп бақсақ болғаны.
- жасалған.