Біртуар жандардың жанкештілігіне деген адалдық
Сұрақ: Біздің ақиқатпен қауышуымызға себеп болып, елдің сүйіктісіне айналған құрметті кісілер жайлы айтқанда не нәрселерге мән беруіміз керек?
Жауап: Иманды жандар рухтарындағы илхамды айналадағы жұртшылықпен бөлісу үшін күндіз-түні дінді насихат еткенде сезінген кейбір сезімдері мен кешкен күйлерін де жұртшылыққа жеткізуге мәжбүр болады. Алайда сол қалыптасқан орта мен топтасқан адамдардың жалпы сезімі мен көзқарасы есепке алынуы тиіс. Өзгелер сол ұстаз немесе көшбасшының керемет қасиеттері мен оның кейбір жағдайларын өздерінше бағалап, өздерінше тон пішуі мүмкін. Ал иман еткен мұсылмандар болса, елдің сүйіктісіне айналған ондай адамдар жайлы асыра сілтеуден, қосып айтудан аулақ болғаны жөн. Ең бастысы, кез келген мақтау мен жақсы сөз діннің рухына емес, жекелеген кісі басына қатысты болып, көпшілік тарапынан түрлі пікірге ие болатын, таласқа түсетін нәрселер болса, ондай тақырыпқа кірмей-ақ қойған жөн.
Айталық, әлдебір кісі Мұхаммед Бахауаддин Нақшибанди хазіреттің жолына өзін арнаған болуы мүмкін. Алайда сол Нақшибанидің өз ішінде де Мүжәдиддиа, Халиди, Күбрәуи, Тағсияқты бірнеше тармақтары бар. Сол тармақтар да бірімен бірі бәсекелес болуы мүмкін. Бірақ дінімізде бәсекелесу деген басқалармен жарысу емес, «бауырларымнан қалып қоймайын», «бауырларыммен бірге мен де жұмаққа кірейін» деген секілді жақсы оймен әрекет ету. Ал жарысты жарысқа айналдырып, бәсекеге кіріп кеткенде кісінің санасына қызғаныш секілді жаман ой пайда болуы ғажап емес. Бұл иманға өте зиянды. Сол себепті мұсылмандар «пәленнің жамағаты», «түгеннің жамағаты» дегенге саятын «пәленші», «түгенші» деген ойдан да, сөзден де аулақ болу керек. Және ел де солай бөлінбеуі керек.
Ең жоғары атақ
Басты нәрсе жекелеген тұлғаларды көкке көтеру емес, сол тұлғалардың өміріндегі ғибратты дүниелерді мысалға келтіре отырып, Исламның рухын жандандыру. Өйткені пенде өткінші, дін мәңгілік. Оның үстіне Исламның сол мектебіне адалдығымыз да біздің кісілігіміздің көрінісі. Әлдебір аятта адалдықтың шейіттік пен әулиеліктен де жоғары екені айтылған (Ниса сүресі, 4/69). Пайғамбарлардан кейін тақуалықтың шыңына шыққан хазірет Әбу Бәкірдің басқа басқа емес, «сыддық» аталуы да тегін емес. Осы тұрғыдан ұстаз тұтып, жақсы көрген кісілер жайлы «Мәсіх», «Мәһді» деп асыра сілтегеннен гөрі, олардың ұсынған жолынан адаспай жүрсе болғаны.
Және де әлдебір ғалымды ғашық болардай жақсы көрген адам оның жүрген жолын толық ұстанбаса, есіне алған кезде көңілі босап, көзіне жас келмесе, түнделетін тәхажжүд оқып: «Алла тағалам, мені о дүниеде сол кісімен бірге қыла гөр» деп дұға етпесе, махаббаты толық емес деген сөз. Әрине, бұл айтылғандар риядан саф болып, кісі өзін өзі дәйім есепке тартып жүргенде ғана шынайы болады. Әйтпесе көз қылып, пәленді ұстаз тұттым, тұлғасын сүйдім деп ешкімді ешкімнің алдауында пайда жоқ.
Тағы бір ескеретін мәселе, әлдебір кісінің азын-аулық ісін батырлар жырындай қылып жырлайтын болсақ, ел арасына бүлік тудырып, арандату әрекетке барған болып саналасыз. Сөйтіп ел арасында өсек-аяңның тууына жол ашасыз. Тіпті сіздің ондай сөзіңіз тек дін дұшпандарының ғана емес, мұсылмандардың да қытығына тиюі әбден мүмкін. Және де асыра мақтау мен мадақтаулар өзгелерді былай қойғанда сол кісінің өзіне де кері әсерін тигізеді. Рия мен мақтанға елітіп, ақыр аяғында кісінің төменге құлдырауына алып соғады. Сол үшін тағы да айтайын, мәселе кімнің атының аталуында емес, сол іске, қызметке былайғы жұрттың адалдығы мен тұрақтылығы болар.
Қиянат болып тиетін асыра мақтаулар
Исламның нұрынан тараған ізгі қасиеттерді тек қана бірді-екілі адамдарға теліп, онымен қоймай оларды көкке көтеру әділетсіздіктің пен зұлымдықтың үлкені. Егер әлдебір адамның бойында қандай да бір қасиет болса, ол жамағат пен бірлік үшін Аллаһ тағаланың берген сыйы. Сондықтан істеліп жатқан дін қызметін тек жамағаттың ішінен бір танымал адамға ғана таңу шірк күнәсіна апаруы мүмкін қауіпті нәрсе.
Жамағаттың көшбасшысы, имамы болуға құштарлыққа келер болсақ, ең алдымен біздің өзара бауыр екенімізді естен шығармауымыз керек. Кейбіріміз дүниеге ертерек келіп, енді біріміз одан кейінірек өмір есігін аштық. Мұның бәрі біздің еркімізден тыс бір Аллаһтың қалауымен болды. Сол себепті қай заманда, қай жылы дүниеге келуі кісінің дәрежесіне өлшем бола алмайды. Пайғамбарымыздың «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес» (Tирмизи, Бирр 15) хадисін біліп өскен біз үлкенді құрметтей білеміз. Алайда ол үлкендердің мойнына көтере алмас жүк артып, олардың атын аңыз қылып көкке көтеру деген сөз емес. Мысалы, иманға келуіне себеп болған адамдарды кей кісілерді әулиедей санайды. Енді сол кісілер жайлы бұлар жер-жерде айта беретін болса, алғыс емес, қиянат еткен болады.
Бүгінгі таңда да төрткүл дүниенің түрлі түкпіріне хижрет етіп кеткен хас мұсылмандар бар. Енді сол кісілер жайлы таза ниетпен айтылған артықтау сөз бен асыра сілтеу рух адамдары қозғалысына жасалған қиянат болады. Өйткені бұл ықыласқа зиянын тигізеді. Жұрт болмағанды болдырып, түймедей қасиетіңізді түйедей етіп мақтай жөнелуі де кездеседі. Ондай кезде сіз елдің аузына қақпақ бола алмайсыз. Қолыңыздан келері, тіліңізді әлгіндей асыра сілтеу сөздерден аулақ ұстау. Бұл біздің қызметіміз үшін өте маңызды. Сол үшін жамағат болып жиналудың маңызы жоғары. Мүмкін болса, мұны қызметтің уәжібі деп қабылдай аласыздар.
Ештеңеден де өткен ештеңе
Екінші жағынан, өзге сала өкілімен сөйлесе қалған жағдайда олардың құрмет тұтатын адамына сіз де жылы ілтипат білдіргеніңіз жөн. Ол кісілердің артықшылықтарын айтысу да артықтық етпейді. Өйткені сіз құрмет көрсеткенде ғана құрметке ие боласыз. Ал егер өзіңіз бірбеткейлікке салынып, менікі ғана жақсы деп өзіңіз жайлы айта берсеңіз арадағы сыйластықтан айырыласыз. Олай болса, өзінің саласы мен тобын жанындай жақсы көретін және басқалардың да оның құрмет еткенін құрмет етуін қалаған адам өзінің айналасын алға шығарып елге қабылдатуы керек пе, әлде жұрттың да пікірін қабылдап оларға да құрмет ету керек пе, оны жақсылап ойланғаны дұрыс.
Негізінде Хаққа қызмет жолында түрлі мектептерде жүрсек те, бәріміздің көтеріп жүргеніміз бір нәрсе. Дін насихаты. Алайда «Осы қазынаның ең ауыр жағын пәлендер арқалап жүр» деу бәсекеге жол ашатындықтан, қауіпті саналады, дұрыс емес. Егер шын ақиқат болса, Аллаһтың әділдігі бойынша, о дүниеде де көп сауап соларға берілмей ме? Алда-жалда біз өзімшілдікке салынып, өзіміздің арамыздағы адамдарды алға шығарсақ, Аллаһтың кешірімін жекелеген адамдарға телу арқылы шіркке түскен боламыз жәнe бауырластық пен бейбітшілік рухына балта шабамыз. Тәухид насихатына қызмет еткен адамның шірктің титтей де болса түріне бой алдырмауы керек. Жоқтан бар ететін жалғыз Аллаһ тағала ғана. Құранда бізді де, ісімізді де жаратқан Аллаһ екені айтылады. (Саффат сүресі, 37/96). Олай болса, «істеген мен» деген грек пәлсапасының Ислам әлеміне әкелген пәлесіне ұрынбауымыз керек.
Адамның Аллаһ алдында нәпсісіне қарсы қаталдығы тәухидке толық жетуде өте маңызды өлшем. «Әй, рияқор нәпсім, дінге қызмет еттім деме. Өйткені пайғамбарымыз айтқандай «Аллаһ қаласа бұл дінді күнаhардың қолымен де кемеліне келтіреді» (Бұқари, Жиһад 182). Сол үшін өзіңді мұсылманмын деп сенімді болма» деген ойда болудың пайдасы дінге иелік етуден гөрі, қызметкер болуды бірінші орынға қою тұрғысынан маңызды. Сол үшін біз өзімізді «ештеңеден де өткен ештеңе» деп санауымыз керек.
- жасалған.