Нәпсіні тәрбиелеу мен дін қызметі
Сұрақ: «Өз нәпсіңді тәрбиелемей тұрып, көпшілікті тура жолға сала алмайсың» делінеді. Адамның өзін өзі тәрбиелеуі мен көпшілікті тәрбиелеуі арасында қаншалықты байланыс бар?
Жауап: «Нәпсі» дегеніміз сөздіктегі мағынасы жағынан әлдебір нәрсенің негізі, өзегі деген сөз. Термин ретінде «әлдебір хикметке негізделген адамның жаратылысындағы жеккөрушілік, құмарлық, азап секілді сырттай зиянды мінездердің орталығы, негізі. Шайтанның уәсәсасы мен азғыруына икемді жаратылыстың бір бөлшегі. Алайда адамның бойындағы бұл жаратылыс кісінің дамуы мене руханиятының биікке көтерілуіне де себеп болады. Енді нәпсінің осы пайдалы жағын қолдану, адамның тән қалауы мен құмарлықтарына бағынбай, нәпсінің қалауларын белгілі бір дәрежеде тежеп отыруға байланысты. Өйтпеген жағдайда нәпсі өзінің үкімін жүргізіп, адамды өткінші қызылды-жасылды дүниеге қызықтырып, рухани әлемін құрдымға ұшыратады.
Омыраудан шықпаған сәби
Имам Бусири өзінің атақты шығармасында тәрбие көрмеген нәпсіні былай деп жырлайды: «Нәпсі деген емшектегі нәресте секілді. Егер уақытында оны «емшектен шығармасаң», бірте-бірте сүтке деген құмарлығы арта береді. Бір рет болса да емшектен шығаруға әрекет етсең, ол дегеніңе көнеді».
Нәпсі еріктің күшімен уақытылы тұсалатын болса, оның шексіз құмарлықтары мен құштарлықтарының түбіне балта шабылады. Егер нәпсі тәндік құмарлықтардан тыйылмаса, қомағайлық пен тойымсыздыққа бір үйреніп қалса, руханият пен парасатты бойымыздан алшақтатып, кейін ырқымызға көнбей кететін болады. Одан кейін сіздің оған сөзіңізді өткізе алуыңыз неғайбыл. Керісінше сіз оның «айтқанын» орындап отыруға әдеттеніп кетесіз. Бұл адамның ақиқаттан алыстауына, күпірлікке ұрынуына әкеп соғады. Сол себепті өз нәпсісіне сөзі өтпей, құмарлықтың құлы болған адамды өзгеге үлгі болып, жұртқа шариғатты үйретіп, жақсылыққа шақыра алмайды. Ендеше, адамның міндеті алдымен өзін тәрбиелеу. Мұның жолы ерік пен жігерді жани отырып, нәпсінің шексіз құштарлықтарын тоқтату, харамға бармай алдын алу. Осылайша адамның нәпсісі әрдәйім жамандықты әмір ететін «әммара» дәрежесінен құтылып, өзін өзі есепке тарта алатын «ләууама» дәрежесіне жетеді. Тіпті бара-бара Аллаһпен байланысы кемелдікке жетіп «мүтмәинаға» аяқ басады. Және де кісі зиянды нәрселерден Аллаһқа сиынып сақтанғаны секілді, шайтан үшін адамды аздырудың бір құралы болып табылатын нәпсі мен өзімшілдіктен де күні-түні Құдайына жалбарынғаны жөн. Әйтпесе нәпсінің пәлекеті бітпейтіні секілді, нәпсіге ерген адам да сол бәлелерден құтыла алмайды.
Ең үлкен жиһад
Пайғамбарымыз әлдебір соғыстан қайтып келе жатып «Кіші жиһадтан үлкен жиһадқа бара жатырмыз» (әл-Бәйхақи, «әз-Зүһд» 1/165) деп, адамның өз нәпсісімен күресін ең ауыр деген соғыстан қайтар жолында айтуының да өзіндік хикметі жоқ емес. Бұл біздің нәпсімізбен күресуіміздің маңызын көрсетсе керек. Екіншіден бұл сөзді мұсылмандардың соғыс ауыртпалығын анық сезініп келе жатқан кезде айтуы да оларға әсер етудің, дәл ұғындырудың ұтымды жолы дерсіз. Өйткені сөздің дәл уақытында айтылуы да маңызды. Осы жағынан да хадистің осындай жағдайда, осындай күйде айтуы мұсылман әскерінің жеңіске масаттанып кетпеуінің де алдын алғандай. Негізінен біз: «Олардан кейін келгендер былай дейді: «Раббымыз, бізді және иманы бізден жоғары, бізден бұрын иман еткен бауырларымызды иман еткендер үшін титтей де өшпенділік қалдырма» (Хашр сүресі, 59/10) аятындағы үкімге сай сахабаларды тек жақсы жағынан танып, жақсы ойға барамыз (хүснизан). Бірақ пайғамбарымыз оларды тәрбиелеуге міндетті болғандықтан мұсылмандар арасында болуы ықтимал қандай да бір керітартпа қылықтардың алдын алып, әрқашан ескертіп отырған. Хүнәйін соғысына аттанып бара жатқанда кей сахабалардың ойына «Бізге енді төтеп беретін күш бұл атырапта жоқ» деген ой келеді, алайда пайғамбарымыз мұсылмандардың ойына келер қандай да бір пендешіліктердің алдын алған.
Осы бір оқиғаны тақырыбымызбен байланыстыратын болсақ, кейде адам баласы хақ жолында қыруар еңбек етіп, небір ауыр сынақтарға ұшырайды. Нәтижесінде Аллаһ тағала ондай адамдардың рухани дәрежесін биіктетеді. Содан жетістікке жеткен кезде көкейлерінде өзімшілдік пен мақтанышқа негізделген ойлар бой көтеруі мүмкін. Ондай кезде дереу пенделіктің алдын алу керек. Бір ғұлама: «Дінге қызмет еттім деп мақтанба. Сен өзіңді ештеңе де санамауың керек» дейді. Тарихқа көз жүгіртсек, талай әулиелердің өзі белгілі бір дәрежеге жеткеннен кейін мастанып кеткендері болған.
Негізінде нәпсісін тәрбиелей алмаған адам қос дүниеде көп нәрсе жоғалтады. Өйткені адам өзінің тәнімен емес, нәпсісімен адам. Пайғамбарымыз: “Аллаһ тағала сендердің түрлеріңе қарамайды. Жүректерің мен амалдарыңа қарайды” (Мүслим, Бирр 34; Ибн Мажә, Зүһд 9) дейді. Егер адамның құрмет сезімі бар болса, оның сыртқы амалдары мен әрекетінен көрініс табады. Тағы да пайғамбарымыз: «Егер оның жүрегінде Аллаhқа деген бағыныш пен құрмет болғанда, өзі де сүйіспеншілікке ие болар еді» (Хаким, Тирмизи, Нәуадирул Усул, 2/172) дейді. Осы тұрғыдан адамның өзіндік адамшылдығына барынша жақындауы, нәпсісімен күресіп, өзінің нәпсілік мәселелерін шешуі керек. Маңыздылығынан болса керек, пайғамбарымыз нәпсіге қарсы күресті үлкен жиһадқа балағаны.
Бәлеге айналған нығметтер
Кісіні нәпсі күнәға бастауымен қатар адамның төбесінен жауған нығметтерді де құнсыз етіп, керісінше кесірлі қылады. Мысалы, Құранда: «Қарун Мұсаның қауымынан еді. Қарун оларға қарсы азғындық етті» (Қасас, 28/78) деген сөздермен хазірет Мұсаның қауымындағы Қарунның бастан-аяқ барша нығметтерге ие бола тұра адасқанын айтады. Өйткені ол Аллаһқа иман етпеген және өзінің нәпсісіне қарсы қауқарсыздық танытқан. Бәрін біле тұрғанмен, сол білімін амалға айналдыра алмады. Нәтижесінде күндердің күні: «Ол байлық менің білімім мен мағрифатым үшін берілді» (Қасас, 28/76) дегенді де шімірікпей айтқан еді. Хазірет Мұсамен қатар өмір сүргеніне қарамастан, дүниелік нәрселерге мастанып кетті.
Хазірет Мұсаның қауымындағы Самири де өте қабілетті, жан-жақты сыйлы кісі еді. Алайда ол сол қабілеттерді пұт жасауға қолданды. Құранда ол туралы: «Маған жақындамаңдар, маған тимеңдер» (Tаһа, 20/97) деп өмірінің соңына дейін өткен екен.
Байқағанымыздай, кінәні кісі алдымен өзінен іздемесе, Аллаһтың берген нығметтері ол үшін бәле болып та келеді. Нығмет нығмет емес ауыр сынаққа айналады. Мұса пайғамбар тап болған мына бір оқиғаны да айта кеткім келіп отыр. Хазірет Мұса тауға бара жатып үстінде киімі жоқ болғандықтан құмға көміліп жатқан әлдекімді көреді. Әлгі кісі хазірет Мұсадан Құдайға мен үшін дұға ет, маған дүние берсін деп өтінеді. Хазірет Мұса ол өтінішті Аллаһқа жеткізгенде Аллаһ тағала ол адам үшін кедей болғанның әлдеқайда қайырлы екенін айтады. Мұса Аллаһтың айтқанын әлгіге жеткізеді. Алайда ана кісі қоярда қоймай, дегенінен қайтпайды. Нәтижесінде Аллаһ тағала Мұсаға әлгі адамға көмек бер деп бұйырады. Сөйтіп пайғамбар ол кісіге көмек беріп, ана адамға бір қой бітеді. Аз уақытта бейбақтың дүниесі молайған үстіне молаяды. Күндердің күнінде хазірет Мұса Тур тауының етегінен қара құрым көпшілікті көреді. Мұса(а.с.) келіп мән-жайды сұраса, көпшілік ішінен біреуі: «Осы маңда бір кедей адам бар еді. Бүгінде ол байып, ішімдікке салынды, кісі өлтірді. Енді жұрт қысас қылғалы жатыр» дейді.
Негізінде тарихта, тіпті бүгінгі таңда да көріп жүргеніміздей, өз нәпсісін жеңе алмаған, құмарлықтың құлы болған адам небір қиындықтар мен бәле-жалаға ұшырайды. Қандай да бір нығмет адамды Аллаһтан алыстатып, ғапылдыққа итермелесе, ол нығметтер бәлекетке айналмақ. Тіпті Стамбулдың азат етілуінің өзі адамды Аллаһтан алыстатар болса, адамды сырттай ұтқан секілді көрсететін қасірет болып табылады. Ал бұдан құтылудың жолы үлкен жиһадқа шығып, яғни өзімізді өзіміз тәрбиелеп, нәпсілік қалаулар мен құштарлықтарға алданбауымыз керек.
- жасалған.