Ғылымға құштарлық, ізденіске іңкәрлік
Ғылымға құштарлық пен ізденімпаздық-тың түпкі мәні – Жаратушының көркем сипаттарының тереңіне бойлап, «Ұлы Құдіретке» деген жақындықты сезіне түсуде. Өйткені, талмай ізденіп, тынбай еңбектенген адам жанды-жансыз кез келген жаратылыстан Жаратқанның ұлықтығы мен шеберлігін көреді. Осылайша, бейне бір көңіліне ғажайып күй мәуілжіп құйылғандай алабұрта толқып, ләззатқа бөленеді. Терең тебіреніс пен ізденіске басыбүтін берілген жан түннің қараңғылығына, күндіздің қым-қуыт ырду-дырдуына дес бермейді, санасы сан-саққа ұрынып жасымайды. Ол күндіз бен түнді бейне бір арғымақтай арындатып, рухының ізденісіне арқау етеді. Күндіз жанартаудай жалын шашқан жігермен тау қопарып, тас уатса, түнде қараңғылықтың түндігін түріп, рухани кемелдену үшін көз тіккен көкпен таласқан шыңдарына қанат қағып, талпынумен болады. Мұндай тынымсыз жан иләһи нығметке бөленіп, ақиқатқа көзін ашу үшін шырғалаңы көп, шыңырауы иек астындағы жолдарды басып өтуі керектігін жақсы біледі. Өйткені, пайғамбарлар жолының мән-мазмұны, қадір-қасиеті дәл осындай тар жол, тайғақ кешулерден білінеді. Ол қараңғылық көгінде күн боп жарқырап, жүректерді нұрға бөлеу үшін шырағдан пілтесіндей жанып, жарық шашуға ынты-шынтысымен бейіл. Ғаламның сырларын өз алақанындағы сызықтардай жақыннан танып, мәнін ашу үшін ғұмырын ізденумен өткізеді. Ғалам жайлы оқығаны мен көңіліне тоқығанын жүректегі асыл қазынасына айналдырған сайын иманы күшейіп, болмыстың қат-қабат өткелдерінде нағыз ғалымдарша ізденіп, шарқ ұрады.
Рухына дендей енген ізденімпаздығы дамыл таптырмай жаңа белестерге жетелейді. Діттеген меже-сінің қашықтығы мен биіктігі соншалық – талмай қанат қақса да, бел жазып, аяқ суытпай жылжыса да, жеткізбейтіндей көрінеді. Алайда, рухындағы осынау дабыл қаққан, алға сүйреген талпынысы мен ұмтылысы көз тіккен асыл мұратының жанында телегей теңіздегі бір түйір тамшыдай ғана елеусіз қалады. Осыған қарамастан арайлап атқан ақ таңдай асыл арманынан көз жазбай үмітпен алға қарай нық қадам басады. Жүрегін терең сезім мен отты ой кернегендіктен, дүниенің сән-салтанатына алданып, бой алдырмайды. Сондықтан да, жүрегіндегі осынау асыл сезімдердің ақ туын желбіретер жарқын болашаққа деген сенімі кәміл, есебі түгел.
Бұл жолда замандастарының жар жағалап кеткенін көріп-біле тұра оның ой-санасы рухани ояздықтан дін-аман қалпын сақтайды. Ғаламның тылсым сырларын сарыла іздеп, ізденуден танбайды. Замандастары тіршіліктің соңында ит мініп, ирек қамшылап, ас ішіп, аяқ босатып жүргеніне қарамастан, ол күн са-йын болмыстың қатпар-қалың жыныс-жықпылынан жаңа ақиқаттардың іңкәрлік ұялаған ізін тауып, барша жаратылыстың өзегі болған Жаратушыға қарай ұмтылады. Иә, асқақ рухпен асқар биіктерде қаншама ғасыр шарықтаған едік, алайда тау қопарар есіл екпініміз кенеттен су сепкендей басылды. Неліктен мұндай күйге тап болғанымызды түсіну қиын. Алайда, бізге тән осы асқақ рух пен асыл мұрат қазір басқалардың еншісінде екендігі анық. Осылайша ұшқыр уақыттың дүбірлі екпініне ілесе алмай шаң қаптық, ал бір кездері ата-бабаларымыз негізін қалаған асыл құндылықтарымызды өзгелер қанжығасына бөктеріп, елеп-екшеп, ғылыми жаңалықтар аша бастады. Әрине, жаратылыстың өзегіне, қайнар бастауына жақындап, ақиқатты тап басып, дәл таппаса да, қазіргі заманның ғылыми-технологиялық жетістіктері түгелге жуық батыстың басыбайлы еншісі екендігі де шындық.
Тарихымызға зер салсақ, өркениетті өрге сүйреп, даңқты болғанымызға қарамастан, қазіргі таңда көш-тен қалған жағдайымыз өзекті өртейді. Ал батыс әлемі жіберіп алған есесінің орнын толтыруға шындап кірісіп, қазіргі таңда есіл-дерті ғылым-білімге ауып, бізден оқ бойы озып, бәйгеге қосқан аттай қара үзіп барады. Адамгершілік, рухани жағынан ақсап жатқа-нына қарамастан, ғылым-білімге мықтап ден қойған қарқыны көш ілгері екендігін мойындау қажет.
Иә, айдарымыздан жел ескен өткен тарихымыздың тағылымдарын көкейге түйдік пе? Көштен қалып, айдалада жүген-құрығымызды ұстап, жаяу қалуымызға не себеп болды? Бұл тығырықтан шығар қандай жол бар? Ханға сәлем бермейтін айхай дәурен өткені-мізге зер салайықшы, әрдайым томағасы сыпырылған қырандай дүр сілкініп, жаңғырып тұруға бейім сергектігіміз бен ғылыми-зерттеуді ғибадат санаған діни құндылықтарымыз болатын. Ғылым мен білім десе ішкен асымызды жерге қоятынбыз. Қазіргі күйімізге қарасаң қарның ашып, қабырғаң қайысады. Надандық пен бойкүйездіктің, жатып ішер жалқау-лықтың тұзағына оңбай түстік, көзсіз еліктеушіліктің құрбанына айналдық.
Ғылымды рухани құндылықтармен бір арнада тоғыстырған айрықша дүниетанымымыз қандай ғажап еді?! Тарихымызда ойлауды, үйренуді, ізденуді, үйренгенін өзгелерге үйретуді ғибадаттай дәріптеген, еркін ой мен азат пікірді ту етіп, ақиқатқа құштарлық-пен ұмтылған, ғылым жолында жанын шүберекке түйген, заңғар ғұламаларымен ғылымның сан-сала-сында мерейіміз үстем түсіп, мейманамыз тасыған кездер болатын. Ғаламда бүркемеленген ақиқаттың сыр пернелерін табу үшін барымызды салып, осы жолда басымызды бәйгеге тігуші едік. Алайда, Мехмет Акиф[1] атап өткендей, «сол күндер көзден бұлбұл ұшып кете барды».
Алғашқы мұсылмандар бүкіл ынта-ықыласымен Исламның асыл құндылықтарын жер-жаһанға паш ету барысында талай жүректі руханиятпен сусындатумен қоса түрлі зұлымдық пен озбырлықты жеңудің жолдарын да көрсетіп кетті. Сонымен қатар, барған жерлеріне жаңаша ойлау, жаңаша іздену үлгісін көрсетті. Исламның нұр шашқанына бір ғасыр өтпей жатып Мехмет Акиф айтқандай: «Қанау мен езуді ғана білетін қандықол қарақшылар құрдымға кетіп, жәбір-жапа көргендер адамдық құқықтарына қол жеткізді. Осылайша, зұлымдықтың тамырына балта шабылды» – деген болатын. Иә, алғашқы мұсылмандар жүрген жерінде әділдіктің ақ туын желбіретіп, қаншама «перғауын» мінезді залымдардың озбырлығын ойрандады. Пұтқа табынудың орнына бір Аллаһқа деген шынайы сенім салтанат құрып, жетесіздік пен надандықтың орнын ғылым-білім мен ізденімпаздық басты.
Ол дәуірде ғылымға айрықша құрмет пен қошемет көрсетілгені соншалықты – ойы ұшқыр, қаламы жүйрік ғалымдар адамзаттың игілігі үшін күллі әлемнің бар тауқыметін өз мойындарына алған жанкешті батырлардай елестейтін. Бір жақтан, тәпсір, хадис, фықыһ, хадис әдістемесі, фықыһ әдістемесі, дін әдістемесі, қисын ілімдері мен шешендік өнер секілді әрбіреуі өз алдына мектеп боп қалыптасқан діни саладағы ғылымдар қарыштай дамып, жаңаша ойлаудың, жаңаша өмір философиясы мен ақырет ілімінің іргесі қаланып, академиялық жүйе пайда болды. Ал, екінші жағынан, математика, геометрия, химия, медицина, астрономия ғылымдары, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мен сәулет өнері секілді сол дәуір үшін тың бағыт болып саналатын құбылыстар ізденістің мүлдем басқа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Сол дәуірлерде аталған ғылым салаларының баршасында аты адамзат тарихында алтын әріптермен жазылатын алып ойшыл, философ, өнертапқыштарды көптеп көрсетуге болады. Мәселен, Мұхаммед ибн Зәкәрия әр-Рази, Куфалық Жәбир, әл-Фараби, Ибн Сина, Фәзәри, әл-Баттани, Ибн Юнус, Зәхрәуи, Ғаззали, Ибн Рүшд секілді жұлдыздар шоғыры сол дәуірдің жемісі болып табылады. Аталған ғұлама-лар көбіне химия, математика, геометрия, медицина, астрономия, музыка, фықыһ, фықыһ әдіснамасы, тасау-уыф (сопылық) секілді ілім мен өнер салаларында аты шыққан алыптардың бір шоғыры ғана. Бұлардан бөлек, аты аталмай қалған қаншама ғалымдарымыздың бар екендігін де айта кеткен жөн. Бұл ғұламалардың адамзат өркениетіне қосқан үлесінің қомақтылығы соншалықты – олардың еңселі еңбектері мен өнегелі ғұмырлары ғасырлар бойы мән-мағынасы мен құндылығын жоймақ емес. Батыста Ренессанстың басталуына гүлденген Ислам мәдениетінің тікелей ықпалы болғанын жоққа шығару мүмкін емес. Мұны базбір батысқа басыбүтін бағынып, өз мәдениетінен ат-тонын ала қашатын кейбір замандастарымыз мойындамағанымен, өзге жұрттың ақты ақ, қараны қара деп әділ баға беретін ғалымдары жоққа шығармайды.
Бұл ойымызды Хайдар Баммад, Джозеф Бертранд және Густав Ле Бон секілді ойшылдардың пікірлеріне сүйене отырып, тарқатып көрейік. Олардың айтуынша, VIII–IX ғасырлар Ислам әлемінде ғылым-білімнің жұлдызы жанып, мұсылмандардың асығы алшысынан түсіп тұрған алтын ғасыр еді. Төрткүл дүниенің басқа түкпірінде надандық пен қараңғылықтың «ысқырығы жер жарып» тұрғанына қарамастан, Ислам әлемінде ғалымдардың ғылыми ізденістері мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау тауып, қоғамда абыройлы да қадірлі орын иеленді. Мәселен, Аббаситтік басқарушы Мамун кезеңінде жердің дөңгелек шар тәрізді екендігін ғы-лыми тұрғыдан дәлелдеу үшін мемлекет арнайы ғылыми зерттеулер жүргізуге шешім қабылдайды. Ғылым тарихында көпке мәлім бұл зерттеу әуелде Бәну Мұса (Мұхаммед, Ахмед, Хасан) жетекшілігімен Санжар сахарасында жүзеге асырылмақ болады. Алайда, зерттеу аймағы өзгеріп, ғылыми тәжірибе Куфа сахарасында іске асады. Ғылыми-зерттеу нәтижесінде қазіргі ғылымның ұстанымына жақын дерлік ғылыми жаңалықтар ашылған еді.
Ислам діні келгенге дейін Таяу Шығыстағы ғылым-білімнің ошағы саналған Александрияда барша ғылым салалары құлдырағаны соншалықты – астрономия ғылымы астрологиядан немесе бірқатар сәуегейлік сөздерден ары аса алмайтын мүсәпір күй кешкен еді. Ғылыми зерттеулердің аясы тарылып, ой тоқырап, ғалымдардың ізденуге деген құштарлығы өшкен болатын. Мәселен, мықты ғылым орталығы болып есептелетін Константинопольдегі ғалымдар “рухтардың жынысы бар ма, жоқ па” деп болмайтын күлкілі мәселелермен бас қатыратын. Ал Еуропаның ахуалы болса, тіптен аянышты жағдайда еді.
Міне, Таяу Шығыста ғылым-білімнің осылайша кенжелеп қалғанына қарамастан, мұсылман ғалым-дары VIII–IX ғасырлардан бастап, адамзаттың ортақ ғылыми мұраларын қайта қолға алып, саралап, пысықтап, жөнге келтірді. Мұнымен шектелмей, болашақта талай ұрпақты қайран қалдыратын ғылыми жаңалықтарды да ашты.
Мұсылмандар ғылымға эмпирикалық әдістемені ең алғаш рет енгізумен қатар, бүгінгі таңда Еуропа елдерінде күні бүгінге дейін қолданыстағы кейбір құрал-жабдықтар мен ғылыми жүйелерді жаңалық ретінде ашып, өндіріске енгізгені де белгілі. Мәселен, астролябияны[2] алғаш ойлап тапқан Мұхаммед ибн Ибраһим әл-Фәзәри болса, жұлдыздардың қозғалысы мен орын ауыстыруының картасын алғаш рет Әбу Абдуллаһ Мұмаммед әл-Бәттани жасады. Ғылыми ортада алгебраның атасы ретінде әл-Жәбир аталады. Мұнымен қоса, Бәну Мусалық Мұхаммед бірінші дәрежелі, Омар ибн Ибраһим екінші дәрежелі теңдеулердің шешуін тапты. Атақты ғалым Али ибн Жүніс алғаш рет ай мен күннің тұтылуының асқан дәлдікпен есептелген астрономиялық күнтізбесін жасады. Ол – мұнымен қоса Насируддин әт-Тусидің «Зижжи Илхани» атты еңбегін пайдалана отырып, «Зижжи-Хаким» атты еңбегінде уақытты дәлме-дәл есептеуді, жұлдыздардың қозғалысын белгілеуді және сағат тілін жүйелі түрде қозғалысқа келтіретін құралды ойлап тапқан ХІ ғасырдың ең атақты астроном ғалымы.
Ғылым тарихында өшпес із қалдырған осындай әйгілі ғалымдарымыздың ғылыми жаңалықтарын, еңбектерінің мән-маңызын, қадір-қасиетін өзіміз бағаламағанымызбен, кейбір батыстық ғалымдар оларды көптеген ғылымның негізін қалаушылар ретінде мақтанышпен еске алуды ар санамайды. Еуропалық ғалым Лаплас өзінің ғылымға енгізген жаңалықтарын Ибн Жүніс пен Бәттәнидің ғылыми тәжірибелерін қолдана отырып ашқаны мәлім. Батыс әлемі күні кешеге дейін Ибн Жүніс пен Бәттәнидің ғылыми жүйесін пайдаланғаны, университеттерде Ибн Рүшдтің философиясы мен Ибн Сина және Разидің медицина ілімін оқытып келгені де тарихи шындық. Қала берді, Зәһрәуидің хирургиялық құрал-жабдықтары мен хирургиялық әдіс-тәсілдерін де күні кешеге дейін қолданып келгені жасырын емес. Көз анатомиясы бойынша бүгінгі окулистикаға жақын дерлік жаңалықтарымен белгілі болған әл-Хазинді ғылыми ортада білмейтін жан жоқ десе де болады.
Мұсылман елдеріндегі ғылыми ізденістің ауқы-мы ұлғайып, ғылым-білімнің қарыштап дамуы тек жаратылыстану ғылымдарымен шектеліп қалмады. Мұндай игі беталыс әдебиетпен қоса барлық өнер салаларында, ауыл шаруашылығында, бағбандықта, суғару, канал қазу жүйесінде, миуа ағаштарын будандастыруда, басқаша айтқанда, сол дәуірдің ғылыми ортасына мүлдем таңсық көптеген салаларда ғылым мен өндіріске жаңалықтар енгізіп, адамзат тарихында айтулы із қалдырған еді. Сол дәуірлерде философиялық ой Антикалық грек мифологиясымен ғана шектелген еді. Алайда, Исламмен бірге адам-дардың дүниетанымы, ой-өрісі кеңейді. Батыс әлемі «мистикалық реализмге» негізделген дүниетанымның өнерді асқақтата түсетінін, өнерде абстрактілеу тәсі-лінің жүректі баурап алатын тылсым сырларын мұсылмандар арқылы танып-білгендігі және белгілі. Осы тұрғыдан бау-бақша бейнесіндегі нәзік әрі маз-мұны терең пейзаждық бейнелеу өнері батысқа Ислам елдерінен барғанын айта кеткен жөн. Ал Еуропа ел-деріне Азияның тропикалық аймақтарында өсіп-өнетін көптеген жеміс-жидек түрлерін жеткізген Андалусия[3] мұсылмандары болатын. Сонымен қатар, хайуанаттар бақшасы мен аквариумды да батысқа Андалусия мұсылмандары үйретті. Олардың дүлей табиғатты асау атты бас білдіргендей игеріп, ғажайып бақтар салғаны соншалықты – мұндай бақтарда ең жыртқыш деген жан-жауарлардан бастап, сирек ұшырасатын құстарға дейін кездесетін. Мұндай аумағы зор бақтарды әдетте адам баласы қиялы жеткенше сәндегендіктен, былайғы елдің аузының суын құртып, есіл-дертін алатын. Ал енді сарқырамаларға келсек, олардың сән-салтанатпен сарқырап аққан сиқырлы көрінісі мен сырлы дыбысы көрген жанның бәрін таңқалдыратын.
Алғашқы мұсылмандар ерік-жігерімен, ғылым-білімге құштар қасиеттерімен табиғат пен қоғамдық мәселелерді жан-жақты зерттеп-зерделеп, ғасырлар бойы адам баласының игілігіне жарайтын, ғылымның қайнар көзіндей болған құнды мұралар қалдырды. Мұнымен қоса, мәдени құндылықтары арқылы болмысына сіңген тағылымды талғамдарына қарай табаны тиген барлық жерді айрықша сәнге бөлеп, өздері ойша жобалаған жаннат сарайының кішігірім көшірмесіне айналдырды. Жүректерін өшпенділік пен дұшпандық шелі баспаған талай жұрт мұсылмандардың бойындағы асыл құндылықтарды бағалап, өз еріктерімен олардың қанатының астына кіріп жататын. Өйткені, билік шынайы сүйіспеншілік пен әділдікке негізделмесе, ғасырлар бойы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмірді қамтамасыз ету, салт-дәстүрі сан алуан халықтарды ың-шыңсыз басқару мүмкін болмас еді.
Бұрынғының тереңнен қармаған тағылымды ілімі гүлі солып, шырағы сөнген тұлдырдай өлімсірей жанып, ақыры өшіп тынғанының куәсі болдық. Ізденіп, ілім қуып, үздіксіз ғаламның тылсым құпияларынан сыр шерткен бұрынғының сары алтындай салмақты ойларының ұмыт қалып жататыны көңілді құлазытады. Халықтың жанын жегідей жеп бітірген бойкүйездік секілді мең-зең ететін әлеуметтік мерез қоғамның тұла бойына дендей еніп, айдың-күннің аманында дел-сал қылды. Ертеректе қас-қабағымызды бағып, надандық пен қараңғылықтың шекпенін жамылған, біздің шаңымызға да ілесе алмайтын ұлт пен ұлыстар бүгінде ғылымға адалдығы мен еңбекқорлығы нәтижесінде қол жеткізген материялдық-технологиялық жетістігі арқылы біздің төбемізден қарайтын жағдайға жетті. Олар күллі дүниені ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын осынау зор күшке қалай қол жеткізді? Бұл сұрақтың бір ғана жауабы бар, ол – күні кеше біз өткен жолдардан өтіп, біз асқан асуларды бағындыра білуінде.
Ендеше, қазіргі ұрпақтың мойнында аса ауыр жауапкершілік жүгі барын баса айтқым келеді. Халқымыз ата-бабаларының жолын қуып, олардың ғылым-білімге деген құштарлығы мен салмақты әрекетін жаңғыртып, ұлттық сана-сезімін оятуы қажет. Алайда, көштен қалған өркениетімізді қайта жаңғырту үшін көкірегі ояу, жүректің оты мен ойдың уытын терең қабыстырған, елім деп еңіреген ерлер, бар ғұмырын елі үшін атап-арнаған ізгілік жаршылары, қара бастың қамын емес, қалың елдің зарын арқалаған азаматтар, қиыншылық атаулыға дес бермейтін жүрегінің түгі бар қаһарман жандар, яғни, жеке немесе отбасылық болсын, саяси-экономикалық болсын, түрлі мүдделерді былай қойып, нәпсінің құрығынан рухын азат еткен нағыз қаһармандар қажет!
[1] Мехмет Акиф Эрсой (1873-1936) – белгілі түрік ақыны, ойшыл әрі қоғам қайраткері. Түркия Республикасының қазіргі әнұран сөзінің авторы. (Ауд).
[2] Астролябия – жұлдыздарды бақылауда әрі геодезиялық өлшемде пайдаланылатын бұрышөлшеуіш аспап. (Ауд).
[3] Андалусия – (арапша әл-андалус) 711-1492 жылдар аралығында қазіргі Испания еліне қарасты Иберия түбегінде өркендеген араб-Ислам мәдениеті мен мемлекетінің атауы. (Ауд).
- жасалған.