Жолдар

Тіршілік атаулының тірсегін қағып, ағыл-тегіл тиегін ағытқан сансыз жол бар ғаламда. Күллі әлемді сағыныш сазымен тербеп, мәңгілікке қанат қаққан небір тарау-тарау жолдар. Судай сырғып, сылдырап, бұлақ секілді бұраңдай аққан сиқырлы, сырлы жолдар. Есепсіз жолда сапырылысқан сан мыңдаған жолаушы. Мәңгіліктің мұнартқан жағалауына тыным таппай, өмір атты өткелдің тар қолатын адым аштырмаған азапты жолдар. Жарық пенен жылудан жігер алып, жөңкіле аққан жолдар. Белес асса бір белес, құба жонда сағым қуалап, ұзақ сапарға арқау болған жолдар. Күннен жерге, одан жұлдыздар әлеміне қайта сапар шегу... Дәлірек айтсақ, жаратылыстағы мәңгілікке дейін тізбектелген салқар көштің сан қырлы жолдары...

Тіршілік атаулы діттеген межесіне тістей қатып, тағдыр талайына біткен жолмен тырмыса жылжып, маздай жанған мақсат-мұратына ұмтылуда. Бауырымен жорғалаған ұлудың да өз жолы бар. Тырбыңдаған тасбақаның, желдей жүйткіген сәйгүліктің, көкте самғаған құстың да өзіне тән өмірлік жолдары бар. Қас қағымда жарқ етіп, жарқылдаған найзағайдың жолы мен кеңістікте шерлене аққан жұлдыздардың тылсым жолдары өзінше бір ғажап...

Мың-сан жолдың ішінде жол анасы бір жол бар... Адамзаттың дара жолы. Бұл жол адам баласымен бірге туып, біте қайнасып, адамның санасы арқылы мәні ашылып, нұрға бөленді, ой-сезімімен мәңгілік жол болудың шарапатына қауышты. Бір ғажабы, ғаламды көктей өрген осыншама жолдан өз жолын таба алмау да – адам баласына тән қасиет. Жұлдыздардың арасынан даңғыл жол салып, сапар шеккендермен қатар, басы сайран, түбі ойран жолға түсіп, ми батпақта малтығып, шыға алмаған, маңдай соры бес елі бақытсыздар да аз емес. Негізінде, жол – жолда жүру мен жол жөнін білу үшін жаратылған. Бура сан, бұқа мойын замана көшінен қалып, ашық күнде жол таппай әлек болғандар оның қадірін қайдан ұқсын? Жолға түскеніңді сезіну жүрекке сенім ұялатады әрі діттеген межеге жетудің алғышарты. Сондықтан да, көңілге көктем әкелетін көркем үміт, жүрекке балдай ләззат сыйлайды. Дегенмен, тақтайдай тегіс, оқтай түзу даңғыл жолдардың да кедір-бұдыры мен ой-шұқыры бар... Жүніс Әміре айтқандай: «асу бермес шыңдар мен өткел бермес сулар тәрізді ұшына жеткізбейтін ұзақ жолдар».
 
Жүрегі жалын атып, осы салқар көшке, жолға асық болғандар мен жөн сілтеп, бағыт берушісін тапқандар үшін адымын аштырмайтын асқар таулар мен терең ойпаттар жазықтайын жайылып, жолына төсеніш болмақ. Қан мен ірің қатар аққан күрең-қызыл дариялар да еңку-еңку жер шалған қаһармандардың жанына қаяу сала алмайды. Өйткені, жаһаннамның жалмап жұтатын жалынын сөндіретін жігер бар бойларында... Олар – осынау киелі сапардың тарамыстай жаны сірі жолаушылары. Мақсатына жете алмау, жетпей жатып жолдан тайып, жалтару оларға жараспайды. Халық арасында біреуден ілгері, біреуден кейін жүргенімен Хақтан (Жаратушы) үміт үзбейді. Жол машақатынан тауы шағылып, тауаны қайтпақ емес. Талай қиындықты көрсе де дамыл таппай алға, тек алға ұмтылады. Кез келген сәтте кемеден түсіріп кете баратын өлім мен ажалды сырлас досындай жақын көретіндіктен үрейленіп, қорықпайды. Қабірге кірдім дегенше айдаһар аузына түстім деп, тар қапаста қараңғылықты құштым деп, қабырғасы қайысып, қамықпайды. Қайта, қабірді ұлы Досқа қауышатын мейірім мен нұр қақпасы деп біліп, аңсаумен болады.

Бұл жолда барар жеріне, озар төріне жете алмай, маңдайын тау-тасқа ұрғандар, тапа тал түсте жолдан жазып, адасқандар, аяғына батқан бір жөңкеден жігеріне құм құйылып, атының басын бұрып, кері қайтқандар да бар. Сапар шегудің ләззатын тата алмағандар, сірә, бұл дүниенің жылуы мен жұғымы жоқ сұрқай тұрмысын ақыреттің әділ тұрмысынан артық көріп, пәни жалғанда мәңгілік тұрақтаймын деп алданады. Мұндайлардың аяқ астына жұлдыздан жол төселсе де, бәрібір қадіріне жетпейді.

Әр жолдың алға сүйрер қызығы мен артқа тартар шыжығы, ақсұрлау азабы мен шырын ләззаты қатар жүреді. Адам сапарының сәтті не сәтсіз болуы, осы жолда көрген қиындықтарына қаншалықты төтеп бергеніне байланысты. Ал мәңгіліктің сара жолының жөні тіптен өзгеше...

Мәңгілік бақытқа бөлену – күшікей үміт емес, мәңгілік нығметке кенелу – мысықтың көмбесі емес. Ендеше, ізгілікке қауышу – асқар биік шыңдарды асқанда, ал әрбір нығметке қол жеткізу – қиын-қыстау жолдарды басқанда болмақ.

«Тас – түскен жеріне ауыр». Нығмет атаулы «тар жол, тайғақ кешулі» сапардың үстінде туады. Ал, бақыттың ақ таңы талай асылыңды құрбан еткенде ғана арайлап атады.
 
«Жол азабын жүрген білер...» Жүсіп пайғамбардың Мысыр уәзірі болып, бағы жанғанға дейін қауға боп құдыққа, тұтқын боп құлдыққа түсуі, базарларда құлдық қамытынан қабырғасы қайысып, талай қорлық-құқайды көруі, қаншама жыл зынданда жатуы қажет еді. Мұратыңа жету үшін ат арытып, жолға шығу, табаныңды тасқа тілдіріп, қиындықты бастан өткеру өзінше бір заңдылық секілді. Ал мұндай заңдылықты өзгертуге ешкімнің құдірет күші жетпейді.

Жаратушы белгілеген осынау даналық пен сырға толы «жол дәстүрін» кім өзгерте алмақ? Мұны өзгер-тем деп екілену, адам болмысы мен жаратылысына қырын қарап, қарсы шығу болмақ. Табиғаттың жалпы заңдылықтарына үңіліп, ғаламда барлық тіршіліктің  дәл осы «жол дәстүрін» ұстанғанын көріп, еріксіз қайран қаласың. Жауар алдында бұлттардың буырқануы, құс екеш құс пен қарапайым өрмекшінің ұя салудағы, өрмек тоқудағы машақаты, өмірге белін үзіп ұрпақ әкелу барысында ананың көретін қиындықтары, міне, мұның барлығында терең ғибрат, ақиқатқа ишарат бар!

Адам рухының кемелденіп, шыңдалуы да бол-мыстың жалпы заңдылықтарына бағынады. Адам баласы құлдилай отырып, материяның тар құшағына таңылған күннен бастап[1],  өзінің асыл болмысымен қайта қауышқанға дейін, иленген саз балшықтай иіні қанып, икемге келгенше етектен тартып, иықтан басқан талай тауқыметті бастан өткереді. Осынау көз көрмесе көңіл сенбейтін материялық әлемде жүріп, мәңгілік бақыты үшін күреседі. «Адам баласы қиындықты бас-тан өткеру үшін жаратылған» деген сөздің жаны бар. Осы тұрғыдан келсек, қилы-қилы кедергі алға басқан қадамын кері кетіріп, жолына бөгеу, аяғына тұсау салып, жол азабын тартқан ғаріп жолаушы десе де болғандай. Сол себепті, жолындағы сәл қиыс кетсе желкесін қияр кедергілер мен қиындықты жеңгенде ғана жасампаз ерлікке қол жеткізбек!

Әттең, осының барлығын ой-танымы жер бауыр-лаған былайғы жұрттың санасына сіңіріп, рухын оята білсек... Жолына құрылған қанқұйлы тұзақтар мен еңсесін езген қиындықтарды, жамбасына аяздай бататын әділетсіздік пен қатігездіктің темір құрсауынан құтқарып, ақиқатқа көзін жеткізудің жолын тапсақ...
Иә, мәңгілік бақытқа кенелу жолында ит тұмсығы батпайтын талай қиындықты қара нардай еңсеру қажет. Бұл – ақиқат, сонымен қатар, осы жолдың жақпар тастай заң-қағидаты. Халқына қызмет ету үшін шыбын жанын шүберекке түйген ізгілік жаршылары мұны жақсы білгені абзал. Егер олардың өзі мұны терең түйсінбесе, жол туралы да, жолаушы туралы да сөз қозғап, ой айту мүмкін емес...


[1] Автор Құран Кәрімде баяндалған адам баласының жаннаттан жер бетіне түсірілуі оқиғасын тілге тиек еткен (Ауд).


Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.