Кешірімділік
Адам табиғатында ардақ тұтар артық-шылықтармен қоса бір басына жетіп артылатын кемшіліктері мен олқылықтары да жоқ емес. Адам баласы жаннаттың самаладай көгіне қанат қағып, шырқау биіктерге әуелеумен қатар, күтпеген тосын әрекеттерімен тозақтың түпсіз шыңырауына құлдилайтын таңғаларлық тіршілік иесі. Дәл осындай қарама-қайшылықтарға толы басқа ешбір тіршілік иесін табу мүмкін емес. Бір қиырдан екінші бір қиянға қас қаққанша көтерілетін немесе бір сүрінсе еңсе тіктей алмай құлайтын адамға ғана тән дәл осы ерекшелігіне қарап, мұның себебін іздеудің өзі бос әурешілік. Өйткені адам баласы үшін себеп-салдар сырының басқаша көрініс тауып, мүлдем басқаша жүзеге асатынын ұмытпаған абзал.
Адам баласы бірде жасылға оранған егістік алқабындай жайқалса, енді бірде қуарған қу тақырдай құлазиды. Кейде алып бәйтеректей қайратты көрінген күннің өзінде көлденең соққан дауылдан еңсесін енді қайтып тіктей алмастай тамырынан қопарылып кете барады. Бірде періштелерді тамсандыратын күйге кенеледі, енді бірде шайтанның өзі жағасын ұстап, жаны түршігетін жауыздыққа бой алдырады. Иә, бұл тек адамға ғана тән шындық болса керек.
Адам баласы жаратылысынан күнәһар боп тумаса да, күнәға бой алдыруы, жаза басып жаңылып, өткінші ләззаттан рухын кір шалуы әбден мүмкін. Ендеше, пәк болмысын күнәмен кірлетуге әбден бейіл адам баласы үшін жалғыз ғана жол бар. Ол – кешірім.
Кешірім тілеу, кешірімнен үміт ету, жіберген қателіктері үшін опық жеп, өкіну – ізгіліктің нышаны әрі қадір тұтар қасиет. Міне, дәл осы секілді кешірім жасау да үлкен ізгілік, тіпті кешіру – кешірім тілеуден әлдеқайда жоғары ізгілік. Ізгілік пен кешірім – қамшының өріміндей егіз ұғымдар. Бұларды бір-бірінен бөле-жара қарау мүлдем қате. «Кішінің тәубесі болса – үлкеннің кешірімі бар» – деген даналық сөзді білмейтін жан жоқ шығар. Тауып айтылған сөз.
Кешірімге бөлену – адамның күнәмен кірленген еңсесін қайта тіктеуінің, өзінің таңғы шықтай пәк табиғатына қайта оралуының, өзін-өзі қайта табуының нышаны. Сондықтан да болар, Шексіз Рақым Иесінің алдында ең ізгі қасиет – дәл осы кешірім тілеу, өз-өзін қайта табу үшін шынайы тәубеге келу.
Барша жаратылыс кешірімнің не екенін адам арқылы таныды. Хақ тағаланың кешірімділігі адам арқылы аян болды. Ұлы Жаратушы оны кешіру арқылы кешірімділіктің қаншалықты ізгілік екенін сездірді. Адам атаның жаза басып, жаңылуы арқылы адам баласының табиғатына тән осалдық алғаш рет көрініс тапқанда, оның өзегін ауыр өкініш пен тәубе кернеп, жалбарынғаны мәлім. Міне, осы сәтте көкті тебіренткен Аллаһтың пәрмені келіп жетті. Кешірім!
Жаратушының алғаш рет Адам атаға жасаған осынау қадірлі тартуын адамзат ғасырлар бойы көңілге үміт, жүрекке жұбаныш етіп келді. Жаза басып, жаңылса болғаны қашанда осы үкілі үміті арқылы күнәнің еңсені езген ауыртпалығын еңсеріп, тәубе ету арқылы шексіз Рақым Иесінің кешіріміне иек артты. Қала берді, өзгелердің күнәсін паш етпейтін кең пейіл кешірімділікті де үйренді.
Жұмыр басты пенде кешірімнен үміт ету арқылы көңіл көкжиегін тұмшалаған қара бұлттарды бұзып-жарып, ішкі әлемін нұрға бөлей алады. Кешірімнің рухани кемелдікке серпін беретін осы бір алапат қуатын сезе білген жандар бақытты ғұмыр кешеді.
Кешірім тілеп сарғайған жанның өзгелердің жанын жаралайтындай мейірімсіз болуы әсте мүмкін емес. Мұндай жан кешірілудің қандай ғанибет екенін білгендіктен, өкініштен өзегі өртенген өзгенің де қателігін кешіре алады. Жан дүниесінде қателіктерінен тұтанған қасірет өртін сөндірудің жолы – кешірімнің кәусар бұлағына бас қою екенін түсінген жанның өзгені кешірмеуі мүмкін бе?
Кешірілудің жолы – кешіруден бастау алады. Сондықтан да, кешіруді білгендер ғана кешірімге қол жеткізеді. Адам баласының кем-кетігіне көзжұмбайлық танытып, кешірімді болуды ар санайтындарды адамдық қадір-қасиетінен айрылған мақұлықтар деуге әбден болады. Ғұмырында бір рет болсын күнәсі үшін қабырғасы қайысып, тәубе етіп көрмеген мұндай қатігез жандар кешірудің күншілік жерден күлімсірей қол бұлғайтын сыры мен ләззатын қайдан ұқсын?
Иса пайғамбар (а.с.) бір адамды күнә жасап, қия басқаны үшін тасборан етіп, жазаламақ болған қалың көпшілікке: «Ең алғашқы тасты ешбір күнәсі жоқ жан лақтырсын» – дейді. Оның осынау астары қалың пәтуасының түп-төркінін түсінген жан өз басының аяқ алғысыз қателіктері тұрғанда, өзгені соққыға жығуы мүмкін бе? Бар өмірін қылдан қиқым айырып, өзгенің кем-кетігін тіміскілеумен тауысқан бүгінгі күннің бейбақтарының осы ақиқатты түсіне алмауы өкінішті-ақ...
Әрине, қылмыскер қылмысының жазасын тартуы қажет. Қылмыскердің жазасы берілгенде мейірімділік, кешірімділік секілді сезімдер үкімнің орындалуына кедергі болмасы анық. Алайда, өзімізге кішкене ұнамаған, суқанымыз сүймейтін адамды жазалау арқылы әділ үкім шығардым деп көлгірсу бос әурешілік. Турасын айтқанда, өз ішіміздегі менмендік атты ішмерез «пұттарды» Ибраһим пайғамбар (а.с.) секілді батыл қимылдап, қирата алмасақ, өзіміз үшін де, өзгелер үшін де әділ, тура байлам жасау мүмкін емес.
Кешірім ұғымы адам баласы арқылы жарыққа шықты. Адам баласы арқылы шыңдалып, кемелденді. Сондықтан да болар ғаламның рақым нұры болған Ұлы Тұлғаның (с.а.с.) өнегелі өмірінен кешірімнің талай үлгісін көріп, тамашаладық.
Өшпенділіктен қаны қарайғандар жер бетіне бейне бір жаһаннамның дәнін сеуіп, жауыздықтың шоғын қоздатып жатқандай әсер қалдырады. Тоят таппай жер-жаһанды тозаққа айналдырған мұндай қатігездікке қарсы кешірімділікті, төзімділікті қалқан етіп, жан-дүниесі өшпенділікпен әбден уланып, жар жағалап қалған адамзатты бойына дәл осы кешірімділік, бір-біріне төзімді болу қасиетін дарыту арқылы қасіреттің қалың қапасынан алып шығуға болады. Өткенге көз жүгіртсек, мейірімділіктен мақұрым, қатігез жандар арқылы соңғы екі ғасырдың жүзін әжім шимайлап, әбден ойрандалғанын көріп, қарадай қамығасың. Ал енді мұндай қатігездік келешекте де тыйылмайтын болса, мұның салдарын ойлаудың өзі қорқынышты.
Міне, сондықтан да бүгінгі ұрпақтың кейінгі толқынға беретін ең үлкен тағылымы – кешірімді, кеңпейіл болуды үйрету. Басқаша айтқанда, адам жанын жаралайтын, жеке басын қаралайтын өрескел әрекеттерге төзіп, кешіре білуді үйрету қажет. Алайда, кешірудің жөні осы екен деп қылмыскерді ақтап, қарақшыны жақтап кетпеу керек. Жүрегін жауыздық жайлаған немесе өзгелерге зұлымдық жасауды әдетке айналдырып, осыдан ләззат алатын жандарды кешіруге, төзімділік танытуға болмайды. Өйткені, мұндай ұстаным кешірімділік, төзімділік секілді қастерлі ұғымдарға кір келтіріп, адамгершілік құндылықтардың аяққа тапталуына көз жұмғанмен бірдей. Бұған қоса, ешбір жанның зұлымдыққа төзуді мақұл көрмейтіні айдай анық.
Қазіргі ұрпақ қатігездік пен өшпенділікке толы заманда өсіп жетілді. Сондықтан да, қоғамдық өмірден көрген-білгені – бір-бірін жағадан алып, жауласу болды. Ақыл-ойы мен сана-сезімі қанмен былғанған мұндай тағы ұрпақтан тағылым күтудің өзі қиын. Қоғамнан көрген-білгені, алған тәрбиесі мен ар-ұжданындағы адамдық құндылықтар, асыл армандарының арасы алшақтап кетті. Қоғамдық сананы жайпаған осынау індет жылдар бойы асқына келе адам табиғатын әбден бұзды. Әлі күнге осы дерттің қаусатып кетер қасіретін түсіне алмай жатқанымыз қандай өкінішті!
Кешірім мен төзімділік жан дүниемізді кертіп біткен талай дерттің дауасы болатынына сенімдімін. Осынау иләһи күштің қадірін білетіндер мұндай бастаманы өздері көтерсе екен деймін. Өйткені, мәселелердің түпкі себебі анықталмай жатып, асығыс шешім қабылдау жағдайды ушықтыра түсетінін ұмытпаған жөн. Сөзімді Зия Пашаның[1] : «Ауруды анықтамай жатып емге жүгірме, өйткені, барлық кеселдің емі бір емес», – деген даналық сөзімен аяқтағым келеді.
[1] Зия Паша (Абдулхамид Зияеддин 1825-1880) – ақын, жазушы, қоғам қайраткері. Осман мемлекетінде жүзеге асырылған «Танзимат» реформаларының әсерімен әдебиетте қалыптасқан «Еуропашыл кезең» деп аталатын батысшыл ағымның көрнекті өкілдерінің бірі. (Ауд).
- жасалған.