ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ҒАЛАМДЫ РАҚЫМ НҰРЫНА БӨЛЕГЕНІ ТУРАЛЫ

Адамзаттың ең ардақтысы, пайғамбарлар сардары хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ғаламға рақымдылықтың жаршысы ретінде жіберілгенін қалай түсіну керек?

Құран Кәрімнің бірнеше аятында пайғамбары-мыздың ғаламға рақымдылықтың жаршысы ретінде жіберілгені айтылады. Мысалы, «Әнбия» сүресінің 17-аятында: «Біз сені барша әлемге рақым ретінде ғана жібердік» – делінген. Адамзаттың ардақтысына (с.а.с.) деген құрметтің ең жарқын үлгісі болып табылатын осы аятты мұсылмандар көбінесе дұға-тілектердің алдында оқуды әдетке айналдырған.

Иә, Аллаһ тағала пайғамбарымыз арқылы күллі әлемді рақым нұры мен иман шуағына бөледі. Осы аяттың алдында келетін екі аятта Аллаһтың салих (ізгі) құлдарының жер шарының мұрагері «болғаны» және «бола алатыны» баяндалуының астарында терең мән бар[1].

Қасиетті Құранда осынау ақиқатты айғақтайтын басқа да аяттар кездеседі. Осыларға қарап, жер-жаһанға мұрагерлік жасау мәртебесі сынаптай сырғыған ауыспалы құбылыс екенін байқау қиын емес. Алайда, мұндай абыройлы мәртебе түбінде жүрегі ізгілікке толы, иманы күшті кәміл құлдарға бұйырмақ. Құранда тарихтың құмсағаттай сусылдап, ауысып отыратынын баяндаған аяттардың бірінде: «Біз адамдар арасындағы жеңіс пен жетістікке жетер күндерді алма-кезек ауыстырып тұрамыз» – делінген[2]. «Дүние – кезек» демекші, бүгін біреуге бұйырған бақ, ертең өзгенің қанжығасына байланбақ. Бүгінгі күні асып-тасып, атой салғандардың дәурені күні ертең басқаға ауатыны шындық. Бұл заңдылық адам баласы жаратылғалы бері жүзеге асып келеді. Осыған қарап, күндердің күні жер-жаһанның тізгінін салих құлдар ұстап, ізгілік салтанат құратынын пайымдауға болады. Аллаһ тағала жұмаққа баратын жандардың салих құлдар екенін білдірген. Олар күллі адамзатты тәлейсіздіктен, сормаңдай бақытсыздықтан арылтады. Міне, осы екі аяттың соңын ала Ардақты елшінің (с.а.с.) бүкіл әлемге рақым ретінде жіберілгені жайлы аяттың келуі ерекше назар аудартады. Ислам тарихында ең алғаш ізгі қоғам құрушылар – сахабалар еді. Иншаллаһ, мұсылман үмбеті сахабалар жаққан ізгілік алауын болашақта қайта жалындатады деп үміттенеміз. Сонда ғана пайғамбарымыздың (с.а.с.) шын мәнінде ғаламға рақым ретінде жіберілгенін әлем мойындап, бас иеді.

Енді хазірет Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) рақым ретінде жіберілуінің мәнісін жеке-жеке мысалдармен түсіндіруге тырысайық. Аллаһ елшісі ең әуелі адамзатты мейірімділік пен рақымдылық шуағына бөледі[3]. Өйткені, Ислам дінінің келуімен надандық түп тамырымен жойылып, ізгілік үстемдік құрды. Қайғы жұтып, қан қақсаған әлемнің қар жауған қабағы лезде жадырап, мерекеге, сән-салтанатқа, берекеге кенелді. Хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) арқасында адамзат есін жиып, еңсесін тіктеді. Бордай тозып, құрып кетуден аман қалды. Санаға үрей салған ажал пәниді бақиға жалғайтын арадәнекер ретінде қабылданып, талай жүректің үкілі үміті оянды. Хақты танып, жүрек көзі ашылғандар иманның арқасында қамшы сапты тірлікте өлімнен тайсақтау былай тұрсын, керісінше мәңгілік бақытқа бастайтын өткел ретінде қарайтын күйге жетті. Өйткені, ақыретті «Аллаһтың сүйікті құлы әрі пайғамбары хазірет Мұхаммедпен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) және о дүниеге аттанған барша достармен қауышатын мекен» деп білді. Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әкелген рақым нұры қарттар мен науқастардың да құлазыған көңілдеріне үміт самалын желпіді. Ауру-сырқау һәм қабырға қайыстыратын түрлі қиындықтарға тап болу – тауқымет ретінде емес, қайта рухани тұрғыдан тазарудың дәнекері ретінде пайымдала бастады. Иә, табиғат пен барша тіршілік иелері де осы рақым нұрының шуағына бөленді. Оның нұрлы баяндарының арқасында тау мен тастың табиғаттағы мәні айшықталып, күпірлікке негізделген сыңаржақ дүниетанымның өзегі суалып, өрісі тарылды. Ғаламдағы барлық нәрсе кенеттен өзгеріп сала берді. Табиғатқа тіл біткендей ғажап құбылыстар орын алды. Жанды-жансыз тіршілік иелерінің барлығы түпкі жаратылыс мақсатын ұғып, ғаламды өзгеше бір сазды әуен кернеді.

Бәрінен маңыздысы, адамзат хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) арқасында күпірліктің шырағын сөндіріп, иманның шамшырағын жақты. Оның нұрлы баяны мен өнегелі өмірін үлгі алып, адам баласы кемелдіктің заңғар биігіне бағыт түзеді. Сүйікті пайғамбарымызды (с.а.с.) үлгі тұтқан жанның кемелдіктің заңғар шыңдарын бағындыра алатыны аян болды. Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) арқылы Жаратушы Хақтың шексіз рақымдылығы мен мейірімділігін жер-жаһанға паш етті. Өмірге келудегі мақсатын дұрыс пайымдап, өз таңдауын ар безбеніне тартып қараған талай жан осының арқасында екі дүниенің бақытына бөленді. Адамзат күпірліктің қара түндігін түріп ашып, иман бұлағынан қана сусындады.

Әз елшінің жарық дүниеге келуі жан-жануарларды да рақымға бөледі. Мәселен, сиыр, қой, ешкі, түйе секілді т.б. жануарлардың бәрінің жаратылыс мағынасы айшықталды. Аллаһ тағала жер мен көктегі жаратылғандардың бәрін адамзаттың игілігіне ұсынғанын хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) арқылы паш етті. Әрі оны қалай игілікке жарату керектігін үйретті. Бүгінде адамзат ғаламдағы барлық нәрсені өз игілігіне жаратуды толық меңгере қоймаса да, болашақта осы межеге қол жеткізетініне сеніміміз мол. Иә, адамзат болашақта жұлдыздарға сапар шегіп, ғарышта қалалар салып, жермен қоса ғарышты да мекендеуі әбден мүмкін. Өйткені, қазірдің өзінде кейбір жаратылыстар ғарышқа табан тірегені белгілі[4]. Бірақ ғарышты қаншалықты игілікке жаратып жатқаны белгісіз. Алайда, болашақта адам баласы да ғарышты олардан кем игермеуі бек мүмкін.

Бүгінде Аллаһ расулының иләһи үндеуіне сүйеніп, ғаламдағы жанды-жансыз нәрселердің бәрі бекер жаратылмағанын, яғни Аллаһтың әрбір ісінде терең мағыналы хикмет бар екенін мойындаймыз. Жаратушының мүлтіксіз құдіретіне қайран қалып, иманымызды қайта жаңғыртқандай «Ұлылардың ұлысы Сенсің, уа, Жаратушымыз!» дейміз. Ардақты елшінің (с.а.с.) қасиетті үндеуіне құлақ асу арқылы ғаламдағы жанды-жансыз, үлкенді-кішілі барлық жаратылыстың хикметіне дендей түсеміз. Сондай-ақ, адам баласының теңдессіз жаратылыс екенін де хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жеткізгендері негізінде аңғарамыз.

Иә, шынында да Әз елші барша жаратылысқа мейірімін молынан төкті. Тіпті, жан-жануарларға қатысты көптеген мұғжиза көрсетуі, бәлкім, пай-ғамбарымызға жаратылу мәнісін түсіндіргені үшін сол жануарлардың айтқан алғысы деп ұққан жөн шығар. Жан-жануарлар арқылы жүзеге асқан мұғжизалар хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбар-лығын тайға таңба басқандай етіп айғақтаған. Мысалы, Құрандағы: «Олар түйенің қалай жаратылғанын көрмей ме?»[5]  – деген аятта түйе бойындағы ерекше қасиеттер баяндалған. Осы оқиғадан кейін бір түйе келіп, пайғамбарымыздың аяғына сүйкеніп, өзінің құрметі мен алғысын жеткізгендей кейіп танытқан. Сірә, мұғжизаға куә болып: «Уа, Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)! Сенің арқаңда менің де мән-мағынам ашылды. Өзіңе алғыс білдіріп, құрмет көрсетуді борыш деп білемін» дегісі келген шығар.

Хазірет Айша анамыздың (р.а.) айтуынша, ардақты елші үйде жүргенде «Дажин» атты құсы тыныштық сақтап, әрбір айтылған сөзге зейінмен құлақ қойғандай кейіп танытып, ал үйден шығып кеткенде бір орында тыным таппай, шиқылдап жұрттың мазасын алады екен. Тағы бір мысал, пайғамбарымыз бақилық болған соң «Адуа» атты түйесі бірнеше күн нәр татпай жатып алған. Көп ұзамай, ол да арғы дүниеге жол тартқан.
Иә, пайғамбарымыздың жарық дүниеге есік ашуы арқылы жан-жануарлар мен хайуандардың да Ұлы Құдіреттің шебер туындысы екені мәлім болды. Тіпті, қара тас пен тілсіз ағаштар да осынау рақымдылықты сезінді. Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жерден бір уыс құм алса, құм түйіршіктерінің өзі: «Саған мың да бір алғыс, уа, Жаратушы Иеміз!» деп, Аллаһ тағалаға шүкір етіп, зікір айта бастайтын.

Ағаш екеш, ағаш та жаратылу мәнін ашқаны үшін Пайғамбарымызға деген алғысын айрықша білдірген. Аллаһ расулы бір бәдәуиді иманға шақырғанда елші-лігін растау мақсатында жазық далада өсіп тұрған ағаш қара жерді қақ жара хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдына келіп, хал тілімен: «Уа, Расулаллаһ! Табиғатта өзімізді мәнсіз-мағынасыз сезінетіндей едік. Сенің арқаңда Аллаһтың шеберлігін ұқтыратын қымбат туындылар екеніміз мәлім болды» дегендей сыңай танытқан.

Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мұнан Аллаһ расулының жалпы жаратылған мақлұқат үшін тек қана рақым ретінде келгенін көреміз.

Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) періштелер-ге де рақымдылық нұрын сыйлады. Өйткені, олардың да қымтаулы құпиясы ашылып, жаратылыста өзінше бір әлем екені баршаға аян болды. Тіпті Жаратушы мен пайғамбарды байланыстырушы Жәбірейіл (а.с.) періштенің өзі осынау рақымның шарапатын көрді. Мұны Жәбірейіл періштенің Пайғамбарға айтқан: «Мен де өзімнің ақыретімді қатты уайымдайтынмын. Құран саған түсті. Мен оны жеткіздім», – дегенінен аңғарамыз. «Тәкуир» сүресінде: «Көкте оған (Жәбірейілге) мойынұсынылады, уахилер оған аманат етіледі»[6]  делінеді.

Әрине, пайғамбарға Құран Кәрім аяттарын жеткізуде атан түйенің белін қайыстырар ауыр жүкті арқалаған періштенің тегін болмасы аян. Өйткені, уахиды жеткізу асқан жауапкершілікті қажет етеді. Демек, Аллаһтың әмірлеріне мойынұсынуда Жәбірейіл періште өзгелерден көш ілгері тұрғаны даусыз. Бір қарағанда, өте пәк періштенің ақыреттегі жағдайын уайымдап, қам жеуі түсініксіздеу көрінуі мүмкін. Алайда, Жәбірейіл періште пайғамбарға: «Уа, Мұхаммед! Саған түскен Құран көңілімді жайландырды. Рақым-шарапатың маған да тиді», – деген.

Шынтуайтында, Жәбірейіл періште Аллаһтың ұлылығы мен айбарынан қатты сескенетін. Құзы-рына көтерілгенде қорқынышқа бой алдыратын. Алайда, пайғамбарымыздың арқасында Жәбірейіл періштенің өз болашағын ойлап, қамығуы сейілді. Иә, пайғамбарымыздың ғаламға рақым нұры боп келуінен періштелер де өз үлесін алды.

Хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) күллі әлемді рақым нұрымен айрандай ұйытып, бейбітшілікке себепкер болғанын ақыретте анық көретін боламыз. Махшар күнінде күнәһар үмбетіне қол ұшын созып, шапағат етеді. Осы шапағаттың аясында кейбір ғұламалар мен мүбәрак шейіттер де мүминдерге шапағатшы болады. Әрине, махшар майданында Ұлылардың ұлысы Аллаһ ақ ниетті құлдарын ардақты елшінің шапағатына бөлеу арқылы мерейін үстем етіп, миллиондаған адамды ауыр азаптан құтқарды.

Тәпсіршілер махшар күні хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шапағатына барша жан бөленетінін айтады. Тіпті кәпірлердің өзі оның рақым көлеңкесінің саясынан ықтасын іздеп, махшардың жан түршіктірер азабынан, қаупінен, қорқынышы мен үрейінен тезірек азат етіліп, жедел қисаптасып, барар мекеніне дереу жөнелтілетін көрінеді. Жоғарыда да айтып өткендей, әз елші ақыретте мүмин құлдарға міндетті түрде шапағат жасайтынына сенеміз. Бұл жайында бір хадисінде: «Әрбір пайғамбардың қабыл болатын дұғасы бар. Мен өз дұғамды махшар күні үмбетіме шапағат ету үшін сақтадым», – деп сүйіншілеген.

Басқа бір хадисте ақыретте үмбетінің ішіндегі ауыр күнә жасағандарға шапағат ететінін айтқан. Бұл ауыр күнәлардың құрығына ілінгеніне қарамастан, жүректегі иманын қызғыштай қорыған күнәһар мүминдер де Аллаһ елшісінің (с.а.с.) шапағатына бөленетініне қатысты ишарат болса керек.

Аллаһ тағаладан: «Шапағат қыл, шапағатың қабыл болады» деген сүйінші хабар жетсе, Аллаһ расулы жаны жабырқаған үмбетінің жанынан табылары сөзсіз. Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Жаратушы Раббысының құзырында сәждеге жығылып, жалбарынып «Үмбетім! Үмбетім!» деп бозторғайдай шырылдағанда, Аллаһтың: «Уа, Мұхаммед! Көтер басыңды! Мүминдерге шапағатшы бол. Бүгін саған рұқсат», – деп қуантары хақ. Бұл пайғамбарымыздың хақ жолынан көз жазып қалған үмбеті үшін де шапағат ететіндігінің айғағы. Хақ тағала үлкен күнәнің шырмауына шырмалған құлдарды да рақымдылықтан мақұрым етпегей!

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) барша үмбетіне жаннатты сүйіншілеп, онымен қоса, Аллаһ тағаланың тілмен жеткізгісіз нұр дидарын тамашалауға да көшбасшылық жасайды. Ол бір хадисінде: «Мүминдер жұма күні жаннатта Хақтың дидарын тамашалайды» – деген. Біз оның жөн-жосығын жете білмейміз. Сол себепті, Хақ тағаламен дидарласудың мәнісін бес саусағындай
білетін Пайғамбарымыз бізге бағыт-бағдар сілтейтін болады. «Лиуа-ул хамд»[7]  байрағының астында Аллаһ-тың жамалын тамашалау үшін Жаратушыға көп хамд, яки мақтау айтқан, Аллаһтың нығметтерінің қадірін біліп, терең сезініп, түйсінген, сол нығметтерге шүкірлік қылған «хаммадун» деп те сипатталатын мұсылман үмбеті жиналады. Адамзаттың ардақтысы хазірет Мұхаммед «Лиуа-ул хамд» саясына жиналған үмбетін Кәусар бұлағына да, Хақ жамалын тамашалауға да өзі бастап барады. Мүминдер жұмақтағы мың жылдық ғұмырдың Хақ тағаланың жамалын тамашалаудың бір сағатына татымайтын ғажап ләззатын сүйікті елшімен бірге сезінеді. Бұ дүниелік тар түсінікпен және тілмен сипаттап жеткізу мүмкін емес Аллаһпен дидарласудың шексіз ләззатын хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) арқасында бастан кешіп, кәусардан дәм татпақ. Бұған қоса, мүминдер көзді ашып-жұмғанша жаңарып, жаңғырып, ілезде өзгеріп отыратын әсемдіктерге куә болады, түгесілмейтін жан рақатына батады.

Бұл мәселеге қатысты көптеген мысалдар келтіруге болады. Мүмин құл хазірет Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Сен бүкіл әлемге рақым ретінде келдің» деу арқылы жүрек түкпірінде жатқан қуанышты жеткізе отырып, жоғарыда айтылған сипаттарды толық тануға, мойындауға ықыластанғаны жөн. Иманды жан атомдардан алып планеталарға дейінгі барлық жаратылыстың хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) нұрымен нұрланып, терең мәнге қауышқанын, әрбірі хал тілімен хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үнемі борыштарлығын білдіретінін, тіпті періштелердің өзі оған сәт сайын алғыс жолдап, Жаратушының пәктігін, мадақ атаулыға лайық екенін өздеріне тән зікірлерімен барша жаратылыстың ұдайы айтып тұратынын естен шығармағаны жөн. Мұсылман кісі Аллаһ тағаланы мадақтаудың жөн-жобасын да Пайғамбарымыздан үйреніп: «Сен Ахмед, Махмуд, Мұхаммедсің. Сен біз үшін Хақтан келген мәңгілік сұлтансың. Үмбетің болса, мақтау жаудыратын хаммадун, «Лиуа-ул хамдтың» да, кәусардың да иесі өзіңсің» – деуі керек.

Міне, өзін «мұсылманмын» деп есептейтін әрбір құл намазында тахият-дұғасын оқығанда әрі «Мухаммадун расулуллаһ» деген сайын жан-тәнімен осы мағынаның тереңіне бойлап, құрметпен тағзым етуі керек.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ғаламға рақым нұры боп жіберілуінің терең мәнін түгелдей ашып беруім қиын. Сондықтан менің жеткізудегі шалалығыма қарап, Пайғамбарымыздан кемістік іздеу жөн емес. Сіздер өздеріңіздегі жүрек пен таза ұждан тереңдігіне сай хазірет Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түсінуге тырысыңыздар. Себебі, жүрек – Хақтың қасиетті орны; Пайғамбарды жүрекпен түйсініп, сүйгендер, сезінгендер «Саған шын көңілден борыштармыз, уа, расулаллаһ!» деп шынайы берілгендігін жаңалап, жаңғыртуы қажет.

 


[1]    «Әнбия» сүресі, 105-106-аят.
[2]    «Әли Имран» сүресі, 140-аят.
[3]    Араб тілінде «рахим» сөзі – мейірімділік, қайырымдылық, шапағат, сый-тарту, есіркеушілік мағыналарын білдіреді. Ауд.
[4]    Автор жарықтан да жылдам қозғалатын періштелер, жындар сынды жаратылыс иелерін меңзеуде. Ауд.
[5]    «Ғашия» сүресі, 17-аят.
[6]    «Tәкуир» сүресі, 21-аят.
[7]    Хамд байрағы. Ақыретте мұсылман үмбеті пайғамбарға тән осы байрақтың астында жиналатын болады. Ауд.

 


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.