НАМАЗДЫҢ МӘЙЕГІ

Намазда оқылатын тәсбих, тәкбір, тахмид, субханака, Фатиха, тахииәт сынды арнайы сүрелер мен дұғалардың мағыналарына қалай тереңірек бойлауға болады?

Тәкбір (Аллаһу әкбар), тәсбих (субханаллаһ), тахмид (әлхамдулилләһ), Фатиха және Тахииәт сынды т.б. ғибадаттар – намаздың негізгі мәйегі саналады. Сонымен қатар, бұл дұғалар құлшылықтың да негізі. Сондықтан, мұнда айтылатын жайттар мүминді тәфәккүр[1]  әлеміне жетелейді. Басқаша айтқанда, жоғарыдағы дұға-тіркестер иманды жанның тәфәккүр етуінің, яғни, (Жаратушының жаратылыстағы шеберлігін, осынау дүние әлемнің жаратылысындағы таңғажайыптарды түйсіне ойланғаннан соң) ой-толғаныстарын тілмен жеткізген кейпі деуге болады. Бұл дұға-сөйлемдердің әрқайсысы мүмин жанның осынау болмыстағы ақиқатты түйсініп, сезінгендегі таңырқаған халін, қайран қалысын білдіреді.

Енді осы айтқандарымызды нақтырақ аша түссек.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Намаз – мүминнің миғражы» – деген. Аллаһ елшісінің рухы мен тәні көк жүзіне көтеріліп, ең биік мәртебеге жеткен. Аллаһтың қалауымен көруге тиіс ғаламатты көрген. Сонан соң, жер бетіне қайтып оралған. Кез келген иман келтірген мүмин егер жан-тәнімен қаласа, әрдайым қиялмен, рухпен және зейінімен миғраж көкжиегіне қол жеткізуі мүмкін. Осылайша, шынайы ғибадатымен Нәби көтерілген миғраж секілді иманының тереңдігіне сай өз миғражына талпынады.

Намаздың мәніне әлі толық бойлай алмағандықтан, мұның қандай сезім, яки, түйсік екенін сіздерге нақты баяндауым қиын болар. Десе де, намаздағы ақиқатты барынша түйсініп, қол жеткізгендердің сезінгендері мен сездіргендерінен бірсыпыра түйгендерімді айтып берейін.

Адам баласы рухани әлемінде миғражға көтерілуге талпынғанда, тәкуини (жаратылған болмысқа қатысты), сондай-ақ, әнфуси (адамның ішкі дүниесіне қатысты) сезімдерімен Аллаһтың сипаттары мен құдіретінің дәлелдерін рухани танымының тереңдігі арқылы сезеді. Қайда қарамасын, жаратылыстағы барлық нәрселерден ұлы Жаратушының құдіретін көріп, осы көрегендігімен Құран аяттары арасындағы байланысты байқайды. Табаны жерде тұрғанымен, төбесі көкке жеткендей күй кешеді. Иә, адам баласы рухани таным биігіне қанат қақса, осындай ләззатқа бөленуі бек мүмкін.

Міне, осыларды сезінген соң, Құран аяттарының көмегімен алдыңыздан тылсым сырлар шығатын болады. Ол сырлар өз бойыңыздар не ғаламнан туындауы мүмкін. Сіз бұл тамаша күйге еліткен сайын небір ғажапқа тап боласыз. Ғаламдағы тіршілік пен адам болмысы арасындағы үйлесімдікке сүйсініп, сірә, әлемде мұнан артық жарасымның болуы мүмкін еместей қайран қаласыз.

Міне, осы ғажайыпты көріп-сезінген сәтте сіз «Мұны ешкім де жасай алмайды, осынау үйлесімділік пен тәртіптің жаратушысы жалғыз ғана Жаратушы Аллаһ, Одан басқа ешкім емес!» – деп таңдай қағып, Аллаһты тақдис[2]  етіп «Субханаллаһ!» дейсіз. Тәкбір келтірісімен, «Субханакааллаһуммә уә бихамдик» деп хамд пен тәсбихті қатар айтып, «Бізге осыларды сездіргенің үшін Саған хамд (мадақ) айтамын. Сені барша кемшілік атаулыдан пәк деп біліп, нұқсансыз екеніңді мойындаймыз, Сен барсың, Сенің серігің жоқ және Сен тым пәксің!», – дейміз.

Осы айтылғандар жансарайыңыздан шығып, төңіректі жаңғыртқан сайын адам баласы өз-өзін құдды ләззаты шексіз құпия әлемге еніп кеткендей сезінеді.

Кейде осыншалықты терең сезімдер болмыстың түпкі мәнін түйсінуге апарады. Осы мәселеге қатысты бір ғалым: «Осынау Күн жүйесінің басқа бір жүйемен қақтығысуы немесе Күнді айналған планеталардың өзара соқтығысуы мүмкін бе? Әрине, теңізде жүзіп бара жатқан қос кеменің себепсізден себепсіз қақтығыспайтыны секілді мүмкін емес дүние. Жаратылған болмыстағы тәртіп пен үйлесімнің кереметтігі сонда, бір планетаның немесе аспан денесінің екіншісімен қақтығысуына еш уақытта жол берілмейді» – деген болатын.

Шынында да, адам баласы болмыстағы таңғажайып тәртіп пен үйлесімділікті көрген сайын, еріксіз «Бұл неткен құдірет, неткен ұлылықтың туындысы!» – дейді. Осылай дейді де, артынша жаратылыстың сыры хақында тәфәккурға беріліп, «Аллаһу әкбар!» – деп, Жаратушының ұлылығына бас иеді. Жиған-терген білімі мен білігіне қарай, оқыған аяттарына да сүйене отырып, ұлы Аллаһтың көк пен жердегі сансыз нығметтерін ойлап, Жаратушыға мадақ үстіне мадақ айтады. Өзіне осы уақытқа дейін бұйырған несібелерді мұнан былай берілетін нығметтердің бастауы санап қуанады. Ой-сезімдері, иманы арқылы толассыз Жаратушыға жақындағандай күйге бөленеді. Намаздың оңтайлы сәтінде ішкі дүниесіндегі сезімдерін дұға-салауат сынды жүрек жарды тілектермен безендіріп, рухани саяхатын жалғастыра береді.

Иә, намазда бірнеше рет қайталанатын, терең астарлы «Субханаллаһ», «Әлхамдулилләһ», «Аллаһу әкбар» деген сияқты қасиетті сөздер Миғраж ақиқатының белгілі бөлімдерінің ишаралары.

Біз ұлы Жаратушының құзырында сезім, түйсік, танымдарымызды тәсбих, тахмид және тәкбір ретінде ауызға аламыз. Аллаһтың бізге сыйлаған материалдық-рухани, тәнімізге және жанымызға қажетті барлық нығметтері үшін – «әлхамдулиллаһ»; Оның еш ортағы, серігі жоқ екеніне бас игенімізді көрсету үшін – «субханаллаһ», кішіктігімізді мойындап, ұлылығын қабылдағанымызды білдіру үшін – «Аллаһу әкбар» – дей отырып, құлшылығымызды орындауға тырысып бағамыз.

«Фатиха» сүресі – Құранның негізі әрі мазмұны. Құранның өне бойындағы барлық ақиқаттарды қысқа әрі нұсқа түрінде осы сүреден көруге болады. Сондықтан, біз Аллаһтың ұлылығын көріп таңғалысымызды жасыра алмай «Неткен ұлықсың Аллаһ тағалам!» деген мағынада «Аллаһу әкбар!» – дейміз. Кейде өзімізді жаннатта жүргендей сезініп, соған жетудің жолын көрсеткені үшін іштей қуанышқа кенелеміз. Сонымен қатар рухани кемелдікке бастайтын ораза, зекет, қажылық үшін «Әлхамдулилләһ» – дейміз. Реті келгенде «Күллі ғаламды, барша болмысты, дүние мен ақыретті жарататын жалғыз Аллаһ» – деп еске аламыз. Міне, осы мәселелердің барлығы Фатихада баяндалған.

Тахииәтқа келер болсақ, ол бізге Миғражды[3]  еске түсіреді. Задында Миғраж – Пайғамбарымыздың құлшылығы. Басқаша айтқанда, құлшылықтың құзар шыңына, яки кемелдікке жетуінің көрінісі. Шынтуайтында, Аллаһ тағала пайғамбарымыз Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құлшылық қақпасын ашып, сол қақпадан ішке енудің тәсілін де көрсеткен. Құрандағы «Нәжім» сүресінің 9-аятында: «Пайғамбармен садақ-тың иілген екі басындай аралықта, тіпті одан да жақын келді» – делінеді. Мұнан Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл дүниеде ешбір жан баласына нәсіп болмаған құлшылық заңғарына, Жаратушының құзырына шыққанын аңғарамыз.

Миғражды пайғамбарлықтың жемісі емес, құл-шылығының нәтижесі деп түсінеміз. Миғраж ең қиын-қыстау шақта да құлшылығына қылау түсірмеген Пайғамбарымызды (с.а.с.) айналасындағы жандардың бәрі тәрк етіп, әбден шарасыз қалған тұста, Ұлы Құдіреттің айрықша жарылқауымен жүзеге асқан.

Құрайыш мүшріктері: «Мұсылмандардан қыз алмаймыз да бермейміз, сауда-саттық жасаспаймыз, қарым-қатынасты толықтай үземіз....» – деп қысым жасап, мүминдердің жігері жаншылған кезде Аллаһ тағала Пайғамбарымызға айрықша сый тарту етіп, қамыққан көңілін жұбату үшін оны Өзінің жанына (ерекше көк қабатына) шығарған еді.

Ол кезде Пайғамбарымыз былайғы жұрттан қағажу көріп қана қоймай етжақыны дүниеден озып, қос қанаты қайырылғандай күйде еді. Сүйікті көкесі Әбу Тәліп пен сүйікті жары Хадиша (р.а.) өмірден озған-ды. Жаратқан Аллаһ сүйікті елшісінің жан жарасын жазу үшін «Барша жанды, барлық нәрсені ысырып қой. Осынау жаратылыста теңдесі жоқ Мен ғанамын!» – деп, Расулаллаһтың жабыққан көңілін жадыратып, миғражды тарту еткен болатын.

Хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қабыр-ғасын қайыстырған азабы, барлық оқыған намаздары, тұтқан оразалары, намаз, дұға, оразаның мәнісін халыққа түсіндіру жолында еткен орасан ерлігі Миғражға көтерілуіне сеп болған. Мұндай мәртебелі сапар өзге пайғамбардың маңдайына жазылмаған еді. Әрбір нәби өзінің рухани кемелдігімен Аллаһтың құзырына шығып, ерекше ілтипатқа бөленген. Алайда, көкжүзінің барша қабаттары мен жаннаттың таңғажайыптарын тамашалау бақыты тек Аллаһтың соңғы елшісіне (с.а.с.) ғана бұйырған.

Біз қадірлі Нәбидің ақиқат жолында жүру бақытына ие болдық. Сол себепті де, намаз арқылы миғраждың ләззатты тылсымын сезінуге тырысуымыз керек.

Осы айтқандарымды, намаздың немесе «Суб-ханаллаһ», «Әлхамдулиллаһ», «Аллаһу әкбардың» қысқа әрі нұсқа түсіндірмесі деуге келе қоймас. «Исра» сүресінің 84-аятында: «Әр адам өзінің мінез-құл-қына қарай амал жасайды» делінген. Әркім өзінің әліне қарай ғибадат қылады. Өз биігінде сөз сөйлеп, өз деңгейінде іс қылады. Аз ғана оқып-білгенім арқылы өз әлімше ұлы ақиқатты баяндауға тырыстым. Менің түсіндіруімдегі кемшіліктер пәк кісілерге намаздың ақиқатын тап-таза күйінде сезінуге кедергі келтірмес деп ойлаймын.

Раббым, хаммадун – хамд айтушылар үмбеті ретінде бізді Ахмед, Махмуд сипатындағы Пайғам-барымыздың (с.а.с.) хадистерінде айтылатын «Лиуаул хамд» байрағының саясында сап түзеп, хамд айтуды; бұл дүниеде: «Бізді осы жаннатқа жеткізген Аллаһқа шүкір етеміз! Егер Аллаһ бізге осы жетістікті бермегенде біз өздігімізден бұл жолды таба алмас едік»[4]  – деген аятын оқып, арғы дүниеде «Лиуаул хамд» байрағының түбінде сап түзеген сәтте «Раббымыздан күткеніміз осы еді. Иемізге осы жарасады» – деп қуануды бұйыртсын. Дүниеде де, ақыретте де Жаратқанның разы болған құлдарымен бірге болуды жазсын...

 


[1]    Тәфәккүр – Жаратушы мен жаратылыс туралы терең ойлану
[2]    Аллаһтың нұқсансыз, кемшіліксіз, пәк екенін айтып, шүкір ету – Ауд.
[3]    Миғраж – «биікке көтерілу, жоғарылау» дегенді білдіреді. Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір түнде Әл-Ақса мешітінен Сидратул-мүнтаһаға, яғни Аллаһ тағаланың «құзырына» көтерілген. «Сидрат» арабшада – «ағаш», ал «мүнтаһа» – «соңғы» деген мағына береді. Мұнан «ғаламның соңғы шегі» түсініледі. (Ауд).
[4]    «Ағраф» сүресі, 43-аят.

 


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.