ОРЫНСЫЗ СҰРАҚ ОРҒА ЖЫҒАДЫ
«Сендерден бұрынғы үмбеттер (орынды-орынсыз) көп сұрақ қоюдың кесірінен опат болды» деген хадисті қалай түсінуге болады?
Халық Пайғамбарымызға (с.а.с.) көп сұрақ қоюға үйір еді. Бұл сауалдардың кейбірі әдептен озатын-дықтан, Аллаһ елшісінің қабағына кірбің ұялайтын. Кейде бай-манаптар қалауын сыбырлап болса да, жеткізуге тырысып бағатын. Пайғамбарымызға бұл да ауыр тиетін. Дегенмен, олардың да бетін қайтармай сыпайылық танытатын.
Міне, осы себепті кейіннен «Ей, иман келтіргендер! Егер Расулаллаһпен оңаша кездескілерің келсе, онымен жүздесу алдында садақа беріңдер»[1] , – деген аят түсіп, Аллаһ расулымен жүздесердің алдында садақа беру мәснун, яғни сүннет болып санала бастады.
Бірқатар ислам ғұламаларының айтуынша, кейінірек бұл аят насх[2] болған. Негізінде бұл садақа жайындағы бұйрықта өзіне орынсыз келіп жататын сауалдардан мазасызданған Пайғамбарымыздың осы қынжылысын азайту әрі жалпы орынды-орынсыз талап етілетін жүздесулердің алдын алу көзделгені байқалады.
Дінді үйрену мақсатымен халықтан әр түрлі деңгейдегі адамдар келіп, Пайғамбарымызға кез келген мәселеде сұрақ қоятын. Көпшілік болған соң олардың арасында әр түрлі пенденің кездесуі заңды да еді. Дегенмен, Пайғамбарымыздың міндеті адамдарға дұрыс жолды сілтеу болғандықтан, ол бәріне де шыдамдылықпен қарайтын.
Бірде Аллаһ расулы (с.а.с.) мешітте көпшіліктің сауалдарына жауап беріп отырып, орынсыз қойылған бір сұраққа қатты ренжиді де, орнынан тұрған күйі «Бүгін нақ осы жерде не сұрасаңдар да жауап беремін», – дейді. Осыны айтуы мұң-ақ екен отырғандардың бірі: «Мен о дүниеде жаннатқа барам ба, әлде тозаққа ма?», − деп сұрайды. Пайғамбарымыздан «тозаққа» деген жауап естиді. Артынша, Абдуллаһ ибн Хузафа орнынан тұрып: «Менің әкем кім, уа, Расулаллаһ?», − дегенде: «Сенің әкең Хузафа», − деген жауап алады.
Міне, осылайша жұрт ойына не келсе, соны сұрап жатқанда, пайғамбардың көңіл-күйін түсінген қырағы Омар (р.а.) суырылып шығады да, баршаға естіртіп: «Біз Жаратушы Иеміз ретінде Аллаһтан, дін ретінде Исламнан және пайғамбар ретінде Мұхаммед Мұстафадан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) разымыз» дейді. Омардың осы мағыналы әрекеті Аллаһ расулының сол сәттегі көңіл күйзелісін жойып, көңілін мейірім шуағына бөлейді.
«Зияратқа шамасы жететін баршаға Бәйтул-лаһты зиярат қылу – Аллаһтың хақысы»[3] – деген аят түскен кезде көпшіліктен біреу: «Уа, Расулаллаһ! Қажылықты жыл сайын жасауымыз керек пе?» деп сұрайды. Аятта қажылықтың өмірде бір рет парыз болғаны ашық айтылған-тын. Алайда, ол бәлкім, шамасы келген жанның нәпіл ғибадат ретінде де болса, қажылыққа барғанын, Қағбада дүниенің шартарабынан келген мүмин бауырларымен қоян-қолтық араласып бауырластықтың артуына себеп болғанын қалаған-тын. Осы себепті қажылық жайында қысқа қайырып еді. Бірақ, «Қажылық жыл сайын міндетті ме?» деп тықақтап сұрағандарға, «Қажылық өмірде бір-ақ рет» деп, жауап қайтаруға мәжбүр болған-ды. Осы оқиғаның артынша төмендегі аят түскен: «Ей, иман келтіргендер, түсіндірмесін естігенде көңілдерің жаратпайтын мәселелерді сұрамаңдар!»[4].
Аллаһ расулы қажылық жайында «қажылық өмірде бір рет парыз болғанымен, көңілі қалаған, шамасы жеткендер бірнеше рет қажылыққа бара алады» деп ойлап, мәселені сол күйі қалдырғысы келген. Сұрақтар толастамаған соң: «Егер мен «иә, парыз» десем, онда жыл сайын қажылыққа баруға мәжбүр болып, шамаларыңыз жетпей қиналар едіңіздер», – деп, орға жығар орынсыз сауал қоюдың зиянына қатысты: «Мен сендерге бір мәселенің мәнін ашып айтпасам, сендер мені қыстамаңдар. Өйткені, сендерден бұрын өмір сүрген қауымдар арасында пайғамбарларына көп сауал қойып, өзді-өзі келісімге келе алмағандықтан, құрдымға кеткендер бар. Сондықтан, сендерге «мына нәрсе болмайды десем, неге олай, неліктен бұлай?» деп өздеріңе қиындық тудыруы мүмкін мәселелерді тәптіштеп сұраудан аулақ болыңдар. Ал, «жасау керек» деген бұйрықты қолдарыңнан келгенше орындауға тырысыңдар» деген.
Тағы бір жайт. Кейде Аллаһ расулына тұрмыстық маңызы бар сауалдардың орнына, құдды алдарында астроном-ғалым тұрғандай: «Ай неліктен жіңішкеріп, толып тұрады?» деген сияқты сұрақтар да қойылатын. Бұл сұрақтың артынша: «Сенен жаңа туған ай туралы сұрайды. Сен былай де: ол адамдардың пайдасы үшін, әсіресе қажылықтың уақыт өлшемі»[5] – деген аят түскен.
Негізінде, бұл олардың сұрақтарының толық жауабы емес еді. Өйткені, айдың белгілі бір уақытта жіңішкеріп, онан соң қайта толуы халыққа тікелей керекті мәселе емес-тін. Аллаһ расулы (с.а.с.) осы сияқты сұрақтардың қойылғанын қаламайтын.
Кейбіреулер Пайғамбарымыздан: «Еркек пен әйел жыныстық қатынасқа түскенде, екеуінен пайда болатын баланың жынысы қалай белгіленеді?» – деген сияқты, тіпті бұдан да ыңғайсыз сауалдарды сұраудан еш қымсынбайтын. Шын мәнінде Пайғамбардан мұндай сауал сұрау әдепсіздік болып есептелетін. Тыйым салынған сұрақтардың дені осы сарында еді.
Сонымен қатар, базбіреулер қисынға келмейтін «Адамда неліктен екі көз бар? Біреу ғана болса жетпей ме? Мұрында неге екі тесік орналасқан? Ақыры екі тесік кеңсірікте қосылса, біреуі артық емес пе? Адамда неге отыз екі тіс бар?..» деген сияқты мәнсіз-мағынасыз сұрақтармен қатар, «Барлық нәрсені Құдай жаратса, Құдайдың өзін кім жаратыпты? Аллаһ ештеңені жаратпай тұрып немен шұғылданған?» дегендей пәтуасыз сұрақтарды қарша борататын. (Мұндай сұрақтарға белгілі бір дәрежеде мағлұматы жоқтардың жауап беруге тырысуы үлкен қателік, сондай-ақ бұл тақырыптарда білімі бола тұра сұрақ қоюшыны толық қанағаттандыратын жауаптар бермеу де дұрыс емес).
Мұндай қисынсыз сұрақтар кейде бір білместікті жойғанымен, енді бірде бірнеше жаңсақтыққа жол ашуы әбден мүмкін. Сондықтан, Аллаһ расулы жоғарыдағы хадисінде: «..Сендерден бұрынғы үмбеттер (орынды-орынсыз) көп сауал қою кесірінен опат болды» – дей отырып, дұрыс жерде, дәл уақытында, дұрыс сауал қоюдың маңызына назар аудартқан.
[1] «Мүжәдала» сүресі, 12-аят.
[2] Насх – шариғаттың бір бұйрығын тағы да сол шариғаттың әмірімен үкімсіз деп жариялау. Ауд.
[3] «Ал-и Имран» сүресі, 97-аят.
[4] «Маида» сүресі, 189-аят.
[5] «Бақара» сүресі, 189-аят.
- жасалған.