ИСЛАМДА ҚҰҚЫҚ МӘСЕЛЕСІ
Исламдағы адам құқығы мәселесіне тоқталып өтсеңіз.
Ислам – жалпы адамзатқа келген дін. Ондағы құқық мәселесі адамды, жан-жануарларды, тіпті барлық жаратылысты қамтиды. Ардақты пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өмірінен бұған көптеп мысал келтіруге болады.
Бірде ол сахабаларымен бірге кезекті бір жорықтан қайтып келе жатады. Жолай ат шалдырып тынығу мақсатымен бір жерге тоқтаған кезде, сахабалар сол маңайдан бір құстың ұясын байқап, кішкене балапандарды ұстап көріп қызықтай бастайды. Сол уақытта өз балапандарын адамдардың қызықтап жатқанын көрген аналық құс жан-дәрменімен ұшып келіп, шырылдап оларды шыр көбелек айнала бастайды. Мұны көрген Аллаһ расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қабақ шытып, балапандарды ұясына салуды бұйырады[1].
Осы шағын мысалдың өзі Аллаһ расулының жан-жануарлардың құқығы мәселесіндегі қырағылығын байқатып қана қоймай, Исламның құқық мәселесіндегі ауқымдылығы мен толыққандылығын паш етеді. Жалпы алғанда, дүниежүзінде құқық мәселесін дәл Ислам дініндей кеңінен қарастырған басқа жүйені кездестіру қиын.
Құран Кәрім үкімі бойынша бір кісі өлтіру осы адамның мойнына бүкіл адамзаттың қаны жүктеледі. Бұл мәселе аятта: «Кімде кім жер жүзінде бұзақылық қылмаған, нақақтан кісі өлтірмеген біреуді өлтірсе, ол бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең; кімде кім біреуге өмір сыйласа (өлімнен құтқарса) ол бүкіл адамзатты тірілткенмен тең»[2] – деп көрсетілген.
Адам құқына соншалықты мұқият көңіл бөлуді басқа ешбір діннен, тіпті жаңа заманғы құқық жүйелерінен де кездестіре алмаймыз. Бұл мәселені терең байыптаған Ислам діні бір адамның өмірін қиюды бүкіл адамзаттың ғұмырын қиюмен тең қарастырған. Құран мен сүннетте аты аталмағанымен, Тәурат аяттарына сүйене отырып Құранның «Маида» сүресіндегі 30-аятта «Нәпсісі бауырын өлтіруге итермеледі, сөйтіп ол өз бауырын өлтірді де қасіретке ұшырады» деп баяндалатын оқиғаның негізгі кейіпкерлері Адамның ұлдары Қабыл мен Абыл екендігін байқаймыз. Құран бауырын ажалға қиған жер бетіндегі тұңғыш қылмыскердің соңы сорлаумен біткеніне көңіл аудартады.
Енді бір аятта нақақтан кісі өлтірушінің жазасы мәңгілік тамұқ екендігі былайша баяндалады: «Кімде кім бір мүминді қасақана өлтірсе, жазасы – жаһаннамда мәңгі қалу. Аллаһ қатты қаһарланып оны лағынеттейді оған арнайы ауыр азап әзірлейді»[3].
Аяттың арабша түпнұсқасындағы «халидан» сөзіне арнайы назар аударғым келеді. Бұл жерде Құранда мәңгілік деген мағынада жиі қолданылатын «әбәдән» сөзі айтылмаған. Дегенмен, Ибн Аббас пен кейінгі табиғин имамдарының біршамасы аятта кездесетін «халидан» сөзінің мағынасын түсіндіргенде, имансыздар секілді адам өлтіруші қаныпезерлердің де мәңгілік азап тартатындығын айтып өткен. Яғни, адам құқығы тұрғысынан алғанда бұл түсіндірмелер ерекше маңызға ие, себебі Исламдағы адам құқығы жүйесі осы негіздерге сүйене отырып жасалған. Тағы да Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахих хадистеріне құлақ түрсек, өз жаны, малы, ар-ұяты, ұрпағы және хақ дін үшін жан тәсілім еткен кісі сөзсіз шейіт болады. Аты аталған құндылықтарды қорғау жолында қасық қаны қалғанша күресу «жихад» деп саналады. Сол құндылықтардың кез-келгені адамзат үшін аса маңызды саналып, барлық елдердің құқық қорғау жүйелерінде айрықша орын алған. Бұл мәселе құқықтың негізі болып табылатын усул кітаптарында[4] да кездеседі.
Ең алдымен діни құндылықтардың қорғалуы міндетті. Одан кейін аталған өзге құндылықтарға да көңіл бөлінеді. Бұлардың әрқайсысының маңыздылығында дау жоқ, сондықтан біз оларды қорғауға тиіспіз.
Ислам діні адам құқығына келгенде осы негізгі принциптерді басшылыққа ала отырып, әрбір адамға өмірлік құндылықтарды көзінің қарашығындай қорғау жауапкершілігін жүктейді. Сондықтан бұндай таза дінде адам құқығының аяқасты етілуі мүмкін емес. Сонымен бірге Ислам дінінде адам – Аллаһтың жер жүзіндегі халифасы ретінде марапатталады. Өзге жаратылыстарға билік жүргізуге рұқсат берілуінің өзі адамның ерекше жаратылыс екендігін аңғартады.
Ислам діні адам баласына жеке басын және ұрпағын қорғау, еңбек ету, кез-келген кәсіппен айналысу еркіндігін берген. Ендеше, өзге құқық жүйелерінің ұстанымдарын алға тартып, Ислам құқығын жоққа шығару, я болмаса қандай да бір тұсынан олқылық табу мүмкін емес.
Иә, расында да Ислам діні адам құқығын кепілдікке ала отырып, адамның абыройын асқақтатқан ең кемел құқық жүйесі болып табылады.
[1] Әбу Дәуіт, Әдеп,164.
[2] «Маида» сүресі, 32-аят.
[3] «Ниса», сүресі, 93-аят.
[4] Ислам дініндегі негізгі қайнар көз кітаптар Ауд.
- жасалған.