ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ БЕН САХАБАЛАРДЫҢ ПЕНДЕ РЕТІНДЕГІ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Соңғы кездері Пайғамбарымыз бен сахабалар да түрлі қателікке бой алдырған» деген сарындағы пікірлер айтыла бастады. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
Соңғы кездері пайғамбарымыз Мұхаммедтен де (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пендешілік іздеп, сахабалар да қателік жіберген-ау дейтіндерді ара-кідік естіп жүргеніміз рас.
Өмірде адам атаулының бәрі де қателік жіберуі мүмкін екендігін Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзі айтып кеткен. Мәселеге осы тұрғыдан қарасақ, бұдан жоғарыда аты аталған тұлғалар да шет қалмасы анық. Алайда олардың жаза басқан жаңсақтықтары мен бұрынғылар жүріп өткен жолдың жартысын да жәукемдей алмаған қатардағы адамдардың қателіктерін бір тұғырда қарастыру орынсыз. Мысалы, ХХ ғасырда өмір сүрген түріктің ірі ойшылдарының бірі сахабалардың өзара талас-тартысқа түсуін «ижтихадтағы[1] қателік» деп қарастырған. Айталық, Әли (р.а.) мен Мұғауия (р.а.) арасында болған өзара түсініспеушілікте, кейбір сахабалар хазірет Әлиді жақтап шайқасқа шықса, енді біреулері оған қосылмаған. Әлидің (р.а.) айтқанына мойынсұнып, шайқасқа қатысқан сахабалардан себебін сұрағанда, олар «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір жерде екі имам болса, біреуінің көзін құртыңдар» деген. Әлидің (р.а.) имамдығы алдымен болғандықтан, одан кейін келген адам не өлтірілуі тиіс, не өзі келіп имамға мойынсұнғандығын білдіруі тиіс» деп хазірет Әлиді жақтайтындықтарын айтқан еді.
Ал Ибн Омар сынды Әлидің (р.а.) қолына қосылмай, үйінен шықпауды жөн санаған сахабалар: «Пайғамбарымыздың «Бір уақыт келеді. Теңіздей толқыған бүлік үйлеріңді алып кетеді (басқа бір хадисте «үйлеріңнің арасын алауыздық басқанын көріп тұрмын» делінеді) кімде кім сол кезеңге тап келсе, қылышын қынына сұққан күйі тырп етпей үйінде отырсын» дегені бар, біз осы хадисті басшылыққа алдық, арадағы келіспеушіліктерге араласпай үйде отыру себебіміз осы», – деп жауап берген.
Осы жайтты таразыласақ, сахабалардың қай-қайсысының да өзіндік дәлелге сүйенгенін көреміз. «Ижтихадта мүлт кеткен адамға бір сауап, ал дұрыс шешім шығарғанға екі сауап жазылады» деген хадисті еске алсақ, түпкі ниет барынша дұрыс үкім шығару болғандықтан бұл мүбәрак жандар сәл қателескеннің өзінде жоғарыдағы қағидаға сай сауапқа кенеліп отырған. Қысқаша айтқанда, олардың (тақуалардың) мұндай амал-әрекеттерін қазіргі қоғамдағы адамдардың әрекеттерімен салыстыру қаршығаны қарға, тұйғынды тырна орнында көретін түбегейлі шатасуға апарып соғады.
Ал Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қателік жасауы мүмкін бе деген мәселеге келсек, пенде болып жаратылғандықтан, әрине, мүлт кеткен тұстары болуы мүмкін. Дегенмен шариғат ісіне толық жауапкершілік жүктелгендіктен Аллаһ тағала оның қателік жасауына мұрша бермеген, мүлт кеткен жағдайда дереу түзеткен.
Өкінішке орай, соңғы кездері аракідік те болса айтылып жүрген «Хазірет Мұхаммед те (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) біз сияқты пенде болған, оның басынан да қателік өткен» деген сияқты керітартпа пікірлерге бей-жай қарауға болмайды. Бұл дін мәселелерімен шұғылданған ірі имамдарды көзге ілмеуден бастау алған. «Олар да адам, біз де адамбыз ғой» деген тәрізді сөздерді, «Әбу Ханифа кім сонша? Имам Шафиғи да ғалым болып па?!» дегендерді алғаш естігенімде қатты үрейленген едім. Түбі жақсылыққа апармайтынын сезіп, мұндай ойдағылардың күндердің күнінде сахабалар мен Пайғамбарымызға да өздерінше сын тағуы мүмкін екендігін әлденеше рет сақтық қылып айтқанмын. Ал бүгінде сол қылдан қиқым айыруға әуестенгендердің қарасы молайып, тіпті Құранның өзіне сын тағатынды шығарды. Өкініштісі, осындай ішмерездік кеселіне ұшырағандар қоғамда аз емес. Меніңше, ірі тұлғаларды менсінбей мұрнын шүйіріп жүргендер Әбу Ханифа былай тұрсын, оның бір шәкіртіне тап келе қалса, мысы басылып, аузына құм құйылар еді.
Тақырыпқа қатысты басымнан өткен бір жайтты айта кетсем. Бір жылдары Тоқат өңіріне қарасты Артова ауданының Шереф есімді әкімімен танысқан едім. Шереф мырза аласа бойлы, инеліктей ілмиген арық адам болатын. Әңгіме арасында бала кезімде күрестен бір де бір рет жеңілмегенімді сөз еттім. Сол-ақ екен, Шереф мырза «Менің де жаурыным жерге тиіп көрген емес» демесі бар ма?! Отырғандардың бәрі таңданып екеумізге қарады. Осы сәт үнсіздікті Шереф мырзаның өзі бұзды. Ол: «Өмірімде ешкіммен күресіп көрмесем, кімнен жеңілем?», – дегенде, жиналғандар ду күлді. Шындығында, осы сияқты өз заманының заңғар тұлғасы бола білгендерді сөзге таңып, оларды менсінбей сөйлеушілер сол алып имамдармен бетпе-бет кездесе қалғандай болса, балуанмен белдескен бейшара секілді күлкіге ұшырар еді.
Қорыта келгенде айтарым, бүкіл қателіктің бастауы – ғұлама тұлғалардың қателіктері мен өзіміздің пендешіліктерімізді бір деңгейде қарастыруда. Сондықтан сұңқар қонған тұғырға сұғанақ құстарды саңғыртпауды ойласақ мұндай пасық пиғылдан туатын пікірлерге мейлінше ықтияттылық танытқан абзал.
[1] Құран мен сүннетте кездеспейтін мәселе жөнінде жан-жақты жіті қарастыра келе мұсылман ғалымның құқықтық үкім шығаруы
- жасалған.