ІЛІМ МЕН АМАЛДЫҢ ӨЗАРА БАЙЛАНЫСЫ
Кемел (толық) адам мәртебесіне қол жеткізу жолында ілім мен амал, білмекке құмарлық пен білгеніңді жүзеге асыру сияқты заңдылықты жоққа шығара алмаймыз. Осы мәселеге қатысты Құранда өлшем бар ма?
Тарих тағылымы бойынша, бұл мәселе төңірегінде ұзақ жылдар бойы зерттеулер жасалып, көптеген кітаптар жазылғандығы белгілі. Мұндай кең тынысты тақырыпты қысқа сұхбаттың көлеміне сыйдыру мүмкін емес. Дегенмен, Құран Кәрімдегі:
«Өздеріне Тәурат жүктелген соң оны көтеріп жүре алмағандардың (бұйрықтарға қарсылық білдіріп, үдесінен шыға алмағандардың) халі кітап тиелген есектің халіне ұқсайды. Аллаһтың аятына қарсы дау айтқандардың халі мүшкіл. Аллаһ залымдар қауымын дұрыс жолға салмайды»[1] және «...Оның халі қарсы тұрсаң да, бос жіберсең де тілін салақтатып ырсылдай дем алған иттің халіне ұқсайды. Аяттарымызды мойындамаушылардың жағдайы да дәл осындай. Осы қиссаны оларға баянда, бәлкім ойланып, (ғибрат алар)»[2] деп келетін екі аятты негізге ала отырып, жауап беруге тырысайын.
Алғашқы аятта баяндалған жайттың мән-мағынасына үңілер болсақ, оқығанын көңілге тоқымайтын, өмірде пайдаланбайтын адамдарды «кітап тиелген есекке» ұқсатуы тегін емес. Бұл, сірә, олардың кейпін дөп басып суреттегендей. Өйткені адам білгенін қажетіне жаратып, күнделікті тұрмыста және қоғамдық өмірде қолданып, өзгелерге де насихаттап отырмаса, пайдасы жоқ мұндай білім арқаға таңылған зілбатпан жүкті елестетеді.
Ал екінші аятта жаратылысынан адам баласының ақиқатты сезініп-түйсінуге бейім жаратылғандықтан, ақиқаттан ажырағанда итке ұқсап кететіні баяндалған. Аяттағы адамның халі ит кейпіне теңелуіне кеңінен тоқталған жөн. Ит шаршағанда тілін салақтатып, ырсылдап жатып, ыстығын басуға тырысады. Ал ызаланғанда тісін ақситып ырылдайды. Демек, ақиқаттан бейхабар адамның жайы да дәл осы кейіпті елестетеді. Бұл мысалдар адамзатты кәміл (толық) адамдыққа үндейді. Мәселен, намаздағы қиямның, рукуғдың, сәжденің қалай жасалатыны жөніндегі ескертулер хайуани әрекеттерден алыстатып кісіні адамилыққа біртабан жақындатудан туған. Намазда имамнан бұрын рукуғ пен сәждеге барған жанның бет-әлпетінің есекке ұқсап кететіндігі, сәждеге жығылғанда қол-аяқты ит секілді ебедейсіз созып жібермеу керектігі, сәжде аралығында жем шоқыған тауықша асығыстыққа жол бермеу жайы және отырған сәтте де ит тәрізді шоқиып отырмау қажеттігі жайындағы ескертулер осының айғағы. Себебі әуел баста жаратылыстың тәжі саналатын адам баласы қимыл әрекетімен болсын хайуанға еш ұқсамай, керісінше адамзаттық мүддеге талпынып, ақыретте жаннат төрінен орын алуға ұмтылуы тиіс.
Жоғарыдағы келтірілген Құран аяттарында Тәурат кітабын жатқа оқығанымен, білгенін өмірде жүзеге асырмайтын жамағат жайы баяндалған. Аятта Тәурат жамағаты жайлы айтылғанымен мәселенің мұсылмандарға да қатысы жоқ емес. Бұл мысал Аллаһтың әмірлерінен хабардар бола тұра, соған сай әрекет жасамайтын, Құрандағы құндылықтарды селқос тыңдап қана қоятын жандарға да арналған деуге толық негіз бар. Яғни, олар Құран жамағаты аталғанмен жоғарыда баяндалған есекке ұқсас Тәурат жамағатынан айырмасы жоқ. Өйткені Құранды тыңдап, үйреніп, өзгелерге үйретіп жүрсе де, өз жүрегіне оны терең сіңіріп, соған орай ізгілікке бейімделе алмаған адамның халін бұдан артық қалай суреттеуге болады?
Сірә, аятта меңзелген адамдар адамгершілік тұрғысынан жіктелетін болса кейбіреуінде есектің, енді біреулерінде иттің мінезі бары анықталар ма еді. Мысалы, білімді бола тұра мағрифат (Аллаһты тану) пен сүйіспеншіліктен жұрдай жанның іс-әрекетін тұтас алып қарағанда есек кейпін елестетуі мүмкін. Ал білімімен тәкәппарланып өзгелерге зорлық көрсеткісі келгендердің күнделікті қылығы жан-жақты зерттелсе оның да иттен айырмасы жоқтығы көрінер еді.
Шын мәнісінде бұл өмірдегі ең маңызды іс – адам бола білу. Аллаһ бізді адам етіп жаратқандықтан, іс-әрекет және мінез-құлқымызбен осы мәртебелі атқа кір келтірмеуді міндеттеген. Өйткені адам деген ардақты атқа лайық өмір сүру арғы дүниеде «адам» күйінде қайта тірілудің басты шарты деуге болады.
Адам баласы – тәулігіне мың рет құбылып, жүз рет өзгеруге бейім жаратылыс. Ол күн сайын көңіл көкжиегін барынша кеңейтіп, өзінің де, өзгелердің де жақсы-жаман тұстарын анағұрлым жақыннан байқатады. Мысалы, айналасындағыларды дұшпан санайтын адам өзін әбжыландар арасында қалып кеткендей сезінуі мүмкін. Кісінің осындай сезім шырғалаңына тап болуы, рухани дүниесінің жұтай бастағандығын, сонымен қатар, құлқы бұзылып, қу нәпсінің ығына жығылғанын аңғартады. Кісі, өзін мінсіз санағандықтан, өзгелерді жыланның, иттің, шаянның сұрқында көріп, кемшілікті өзгелерден іздеумен әлектенеді. Бірақ, кемшіліктің өз нәпсісінде екендігін сезбейді. Ал шындығында, «Сенің ең үлкен дұшпаның – өз нәпсің» деген хадиске сәйкес кемшілікті ол өз нәпсісінен іздегені жөн.
“Aллаһуммә әнтә Рабби, лә иләһа иллә әнтә халақтана уә әнә абдукә... Уа, Аллаһ! Сен менің Раббымсың, Сенен басқа Құдай жоқ, мені Сен жараттың, мен Сенің құлыңмын» деген ақиқатты мойындаған әрбір құл, жамандық пен кесір атаулыға өзін жазғырып, өзгелердің қате-кемшіліктерін жасыруға тырысса құба-құп. Кездескен келеңсіздіктерге әрбір адам өзін себепкер деп біліп, өзгелерді жақсылықтың жаршысы деп санағаны мақұл. Қиюы қашқан барлық мәселенің шешімі осы түсініктен бастау алады. Тәрбиенің негізгі мәні де осында.
[1] «Жұма», 5-аят.
[2] «Ағраф», 176-аят.
- жасалған.