ӘЛЕМНІҢ АЛТЫ КҮНДЕ ЖАРАТЫЛУЫ


Қасиетті Құран Кәрімде «Біз бүкіл ғаламды алты күнде жараттық» деген аят бар. Осыған байланысты: «Ғаламды бір күнде жаратуға Аллаһ тағаланың құдіреті жетпегені ме?» деп сұрайтындар да табылады. Мұндай сауалға қалай жауап берген дұрыс?

Жер мен көктің алты күнде жаратылғаны туралы қасиетті Құранның бірнеше аяттарында сөз болады[1]. Сонымен қатар аспан қабаттарының екі күнде[2], жер жүзінің төрт күнде жаратылғаны[3] туралы мәліметтер де кездеседі. Бұл аяттардан жер шары мен аспан жүйелерінің өздеріне тән уақыт өлшемі бар екені және сол уақыт өлшеміндегі жаратылыс жайлы сөз болғаны аңғарылады. Демек, әрбір әлем өзіне тән уақыт өлшеміне қарай жаратылғандығы айтылуда.

Аспанмен салыстырғанда, жер жүзі көлемі мен салмағынан гөрі, қадір-қасиеті тұрғысынан аса жоғары бағаланады. Себебі ол ақырғы пайғамбар, соңғы ұстаз хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) және сол жердің халифасы ретінде жаратылған адамзатқа түкті кілемдей төселіп, ақ бесіктей тербелді. Мұнымен қоса, жер барша ғаламның жүрегі іспеттес. Ал оның көлемі өзге аспан денелерімен салыстырғанда әлдеқайда кіші. Сол себептен бұл жердегі бір күндік уақыт та қысқа болып келеді. Мәселен, ерте заманда бір тәулік 18-19 сағатқа тең болса, қазір ол 24 сағатты қамтиды. Яғни, уақыт өте келе жер бетінің салмағы ауырлай түсіп, күнді айналу жылдамдығы да бірте-бірте баяулаған. Болашақта бір тәулік 30-40 сағатқа теңелуі де мүмкін. Ол, әрине, он сегіз мың ғаламды жаратушы бір Аллаһқа ғана аян. Егер әлдекім бұл дүниедегі үйреншікті уақыт ұғымынан тысқары шықса, мүлдем басқа өлшемдегі уақытқа тап болары мәлім.

Аллаһ тағала Құранда көк жүзі деп аталған Құс жолы галактикасы мен галактика ішіндегі өзге де алып аспан жүйелерінің өздеріне тән қозғалыс жылдамдығы арқылы белгілі бір уақыт өлшемін қалыптастыратындығын меңзеген. Әр әлемге тән уақыт ұғымы олардың өз ерекшеліктеріне байланысты болғандықтан, Аллаһ тағаланың аспан әлемін жаратудағы «екі күні» мүмкін біздің түсінігіміздегі уақыт өлшемі бойынша триллион жылға тең болуы ғажап емес. Мәселен, Айға, Шолпанға не Юпитерге барсақ, Жер шарындағы уақытты өлшейтін сағатты керек етпейміз. Себебі ол планеталардың ендіктері мен бойлықтарына және оның Күн жүйесімен ара қашықтығына қарай бөлекше уақыт өлшемі болары сөзсіз.

Демек, осы дүниедегі уақыт өлшемі – салыстырмалы өлшем, сондықтан бүкіл ғаламдық деңгейде «бір тәулік нақты мынанша сағатқа тең» деп кесіп айта алмаймыз. Олай болса, Аллаһ тағала Жер шары мен Күн жүйесін өзіндік уақыт өлшемі мен заңдылықтарына сәйкес төрт күнде, (әрине, анығы Аллаһқа ғана белгілі), аспан әлемін де оның өзіндік уақыт өлшемімен екі күнде жаратқан. Ал мұны аспан әлемінің уақыт өлшемімен есептейтін болсақ, жер бетіндегі миллиард тәулікті миллиард есе көбейткенде, қас қағымдай сәт, яғни бір секундтай ғана болуы мүмкін.

Уақытқа қатысты салыстырмалылықты түсіну үшін қасиетті Құранға жүгіне отырып, мәселені тереңірек қарастырайық. Айталық, «Ясин» сүресінде Аллаһ тағала ай мен күннің уақыттарын жүйелегенде әуелі Айдың артынша Күннің қозғалысын түсіндіріп, сол арқылы бізге бір тәулік пен бір айға қатысты уақыт өлшемін белгілегендігін білдірген[4].

Періштелердің көкке көтерілуі туралы бір аятта «Раббыларыңның өлшеміндегі бір күн сендердің есептеулерің бойынша мың жылға тең»[5] делінген. Тағы бір жерде «Періштелер мен Жәбірейіл, Оның (Аллаһтың) ғарышына елу мың жылға тең бір күнде көтеріледі»[6], – деп айтылады. Келтірілген аяттардан бүкіл әлемге ортақ нақты бір уақыт өлшемінің белгіленбегенін аңғаруға болады. Бүкіл әлемді бейне бір сағат тәрізді жаратып, оны іске қосқан Жаратушы Ие қай жүйенің қанша сағатта, неше күнде, қанша айда немесе неше миллион жылда бір айналым жасайтынын, әлбетте, жақсы біледі. Жалпы Күн жүйесінде, Құс жолы галактикасында, Жер шарында бөлек-бөлек уақыт бірлігінің қолданылатынын ескеріп, «уақыт» ұғымын осы тұрғыда қабылдаған жөн.

Жоғарыдағы сауалға ой түрткі болған «алты күн» мәселесі туралы айтар болсақ, әрине, анығын Аллаһ тағала ғана біледі, бірақ бұл жердегі күн сөзінің «дәуір» ұғымын меңзеп тұрғандығы жөнінде пікір өрбітуге болады. Яғни, жоқтан бар жасаушы Аллаһ екі дәуірде аспанды, төрт дәуірде жер бетін жаратқан. Құранның бір аятында алдымен аспанның сонан соң жер бетінің жаратылғанын меңзегендей болса, енді бір аятынан әуелі жердің, соңынан аспан қабаттарының жаралғанын ұғамыз. Бұған қатысты қасиетті Құранды ерекше ыждаһаттылықпен тәпсірлеп, ақиқатты аса мұқияттылықпен зерттеген ғалымдардың түсіндір-мелері де бар.

Аятта айтылғандай, әлем жаратылысы әуелі аспан қабаттарында басталып, жер бетіне түскен соң, қайта айналып сол мекенде аяқталады. Яғни аспан қабаттары бұрын пайда болып, жер шары олардан уақыт өте келе ажырап, жер бетінде тіршілік етуге қолайлы жағдайлар жасалған соң, көк қабаттары ретке келтірілген. Хақ тағала жер бетіндегі тіршілікті жаратқаннан кейін «Артынан көк жүзін жаратуға кірісті»[7] үкімін іске асырған. Демек, Аллаһ жер шары мен аспан қабаттарын, әсіресе жер шарын қоса қамтитын Күн жүйесін (әрине ол көк жүзінің бірінші қабаты ретінде есептелсе), бірдей уақытта жаратуы әбден мүмкін.

Ал енді Аллаһтың бүкіл әлемді бірден жаратпай, алты күнге созғандығына келетін болсақ, ең алдымен жаратылыстың мәнін түсініп алу қажет. Араб тіліндегі «халқ» сөзі «жарату» мағынасын беріп, «әуелі бір нәрсенің негізін құрайтын құрамдас бөлшектерді жарату, сонан соң барып сол бөлшектерден құралған затты жасау» дегенді білдіреді. Мысалы, «пәленше бір ескерткіш жаратты» деген сөйлем мағыналық тұрғыдан түбегейлі қате. Себебі жарату сөзінің араб тіліндегі «халқ» сөзімен мағынасы бір. Құрамдас бөлшектерін жоқтан бар етіп, содан соң оларды бірлестіру арқылы бір затты ойлап шығару ғана «жаратуға» жатады. Бір заттың негізін құрайтын бөлшектерді жасау құдіретіне ие болмай тұрып, «мен жараттым» деу өзгенің еңбегін иеленгендік. Оны «Халиқ» – жаратушы деп атауға болмайды. Құрастырушы, жасаушы немесе салушы деп атау керек. Өйткені Халиқ – Жаратушы Хақ тағалаға ғана тән құдіретті есім.

Аллаһтың жарату шеберлігі – әр қилы. Ол бір нәрсені ең ұсақ бөліктерінен бастап жаратуы немесе бұрын жаратқандарын жаратушылық құдіретімен толықтыра түсуі де бек мүмкін. Осы мәселенің соңғысы, яғни жаратуын толықтыра түсу сәт сайын жалғасып келеді. Бұл жайлы Құранда былай делінген: «Ол сәт сайын (өзіне лайық құдіретті ) істе болады»[8].

Құдіреті күшті ұлы Жаратушы Аллаһ сәт сайын жаратады. Мысалы, күннің жүзінде сәт сайын түрлі процестер жүзеге асып отырады. Онда секунд сайын 564 миллион тонна сутегі гелийге айналып отырады. Сондай-ақ әрбір секундта жер жүзінде түрлі жарық сәулелері жіберіліп, оларға жауапты көптеген періштелер ұдайы жаратылады. Қас қағым мезетте ғаламшарлар мен орасан алып жүйелер әр түрлі кейіпте өзгеріп тұрады. Саналы жанға Аллаһ тағаланың үнемі жарату үстінде[9] екендігін ұзақ-сонар түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Яғни Ол (Аллаһ) әу баста жарату істерін тәмамдап болған соң, ары қарай қалған шаруаны табиғи жүйелер мен заңдылықтарға жүктеп қоя салмаған. Аллаһ әу баста жаратты, сәт сайын жаратуда және жаратуын жалғастыра береді.

Ал енді Ұлы Жаратушының бүкіл әлемді бір сәтте жаратпай, не себепті алты күнге созғандығына шама-шарқымыз жеткенше жауап беруге тырысайық:

1. Аллаһ әлемдегі әрбір құбылысты табиғат заңдылықтарымен перделей отырып жаратқан. Бұл дүниеге қатысты кез-келген мәселеде Аллаһтың жарату құдіретін перделейтін заңдылықтар бар. Аспан қабаттарындағы Айдың, Күннің, үлкенді-кішілі ғаламшарлардың және жер шарындағы барлық нәрсенің болмысы – тегіс физикалық дүниеге тән жайттар. Алайда, бұлардың болмысындағы ақиқат себеп-салдар  заңдылығымен перделенген.

Шын мәнінде табиғат заңдылықтары Аллаһтың жаратушылығын көлеңкелеп тұратын пердеге ұқсайды. Аллаһтың қалауымен жоғарыда баяндалған күн жүйесінде болатын құбылыс бізге белгілі уақыт өлшемінде емес, одан да аз уақыт ішінде жүзеге асырылады. Бірақ себептер тұрғысынан «мұнша қуатқа, орталық тартылыс пен тебіліс күшіне ие нәрседе сутегі осынша мөлшердегі гелийге айналады» деген тәрізді кейбір заңдылықтар қойылған. Егер Аллаһ тағала  хикметі өзіне аян осындай табиғат заңдылықтарымен жарату құдіретін перделемегенде тұрақты еш нәрсе, тіпті ғылым да болмас еді. Мысалы, химия ғылымының мамандары қандай да бір түзілістің қалай жүзеге асатынын жақсы біледі. Айталық, атом бомбасын жасау үшін жаңа бір түзіліс қалыптасқанға дейін уранды байыта түсу қажет. Белгілі бір уақыт ішінде химиялық түзілістердің пайда болуы және даму үрдісі микрондық есептермен болсын анықтауға болатын жайттар. Осы «микрон есебімен онға бөлінген бір нәрсенің бір бөлшегінің ішкі бөліктерінде пәлен реакция жалғаспалы түрде жүзеге асады» деп келетін дәйектер де ғылыми негізге жатады. Осы сияқты нақты принциптер белгіленбегенде, атом бомбасын жасау да, уранды байыту да мүмкін болмас еді. Міне осындай нақты заңдылықтарға сүйену арқылы физика, химия, атомдық физика, астрономия т.б. ғылым салалары ретінде айқындалғаннан кейін, ғылымда нақты нәтижелерге қол жеткізу мүмкін болып отыр.

Енді мұның өңін айналдырып керісінше талдап көрейік. Мәселен, Аллаһтың ғаламда ерекше реттілікпен орнатқан тәртібі жоқ делік. Олай болса, Аллаһ «Мен көктің астан-кестеңін шығарамын» деп қас қаққанша аспанды жермен-жексен етіп, оны «қалпына келтіремін» деп сол мезетте орнына қойса, одан «жер жүзі былайша өзгеріске ұшырасын» деген бұйрығы көзді ашып-жұмғанша солай орындалып жатса, онда адамдар осындай ешбір заңдылыққа бағынбайтын құбылыстарға таңғалумен ғана шектеледі де, олардың ғылыми жаңалық ашуға, ғаламдағы тылсым дүниелер жайында ой-тұжырым жасауға талпынысы болмас еді. Өйткені мұншалықты шапшаң жүзеге асатын, ешқандай заңдылыққа бағынбайтын, тек қана Аллаһтың қалауын көрсететін жайттардан ғылыми тұжырымдар жасау мүмкін емес. Сонымен бұл дүниеде болып жатқан барлық құбылыстар белгілі бір себептер арқылы ғана жүзеге асады.

Аллаһ жаратылыстың бастапқы сатысында-ақ өзінің құдіреті мен ұлылығын осы табиғат заңдарымен перделеген. Адам баласы осы заңдарға сүйене отырып, жер шары мен күн жүйесінің қай кезде жаратылғаны туралы ақиқатқа бір табан жақындап, «Күн бес миллиард жылдан бері бар, оның тағы да сонша жыл ғұмыры болуы мүмкін» деген тәрізді тұжырым да жасай алады. Ал аяқ астынан орындалып жататын құбылыстарды бұлай қорытындылап бағалау мүмкін емес. Аллаһ тағаланың жаратқан заңдылықтары болмаса, макро әлемге де, микро әлемге де қатысты ешқандай тұжырым айта алмас едік. Сондай-ақ лабораториялық тәжірибелер де, микроскоптар мен телескоптар да бізге нақты мағлұмат бере алмас еді. Клетканың ішіндегі құбылыстар, ДНК мен РНК-ның таңғажайып құпиялары ашылмас еді. Осы келтірілген мысалдарды бүгінгі таңда ғылыми тұрғыдан анықтап түсіндіре алудың өзі Аллаһтың барлық нәрсені перделеген себеп-салдар заңдылығын жаратуының арқасында жүзеге асуда.

2. Аллаһ не нәрсені болмасын арнайы мақсатпен белгілі бір уақыт аралығында жаратады және оны адамдарға ой-түрткі болсын деп жасайды. Аллаһтың барлық істері белгілі бір реттілікпен дами келе, толыққандылыққа ұласады.

Мысалы, жаңа туылған нәресте жарық дүниенің есігін аша салысымен, аяғын нық басып жүгіріп кетпейді, ол өсіп-жетілуі үшін белгілі бір уақытты қажет етеді. Адам баласының сана-сезімі сатылап жетілуі үшін де біраз жылдар керек. Егер де адамдарды физиологиялық әрі психологиялық жағынан бірден жетілдірем десеңіз, ол түбі ажалға соқтыратын ақылға сыйғысыз тәжірибемен аяқталады. Кез келген физиологияға (жан-жануарға) бірнеше мутацияның әсерін бірден беруге тырыссаңыз, ол дене сөзсіз өледі. Сол сияқты адамға да сырттай әсер ету арқылы бірден өзгертуге күш салсаңыз, өзгермек былай тұрсын, барынан айрылып қалуы әбден мүмкін. Негізінде адамзат ішкі жан дүниесі мен физиологиясы, белгілі бір реттілікпен дами отырып, кемелденеді. Яғни, Аллаһ әлемді жарату барысында асығыстық жасамай, себеп-салдар байланысына назар аударта отырып, бізді де ақырын жүріп анық басуға үйретеді. Сондай-ақ Аллаһтың ұлы ахлақын (пенделерге міндеттелген көркем мінез-құлық) бойымызға сіңіре отырып, соған сай жүріп-тұруға шақырады. Ғаламат әлем де сол жүйеге орай құрылған. Көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін осы ұстанымды қашанда қаперде тұту қажет. Мысалы, халық тұтастай  иманды болса екен деп армандауымыз мүмкін. Бірақ иләһи дағдыға орай бұл тілегіміз бірден орындала салмайды. Адамзаттың қордаланған мәселелерін асқан шапшаңдықпен шешуде алдына жан салмайтын теңдессіз тұлға хазірет Мұхаммедтің өзі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жиырма үш жылдық пайғамбарлық ғұмырында жүз мың кәміл адамның тәрбиеленуіне себеп бола алған. Ал Пайғамбарымыз негізін қалаған күшті мемлекеттің тарих сахынасына шығып, өзін әлемге мойындатуы – кейінгі заманның үлесіне тиген. Бұл дүниеде барлық нәрсе белгілі бір реттілікпен жүзеге асып келеді. Өйткені Ұлы Аллаһ тағаланың жаратушылық сипаты адамзатты осы тәртіпке баулуда.

3. Аллаһтың ұлылығының көрініс табуы тұрғы-сынан, ең кіші әлемді жаратуы және ең үлкен әлемді, оның ішінде планеталық жүйелерді, періштелерді, адамзатты жаратуы екі бөлек қарастырылатын жайттар. Әрбір жаратылыс Аллаһтың көркем есімдерін, сипаттарын және ұлылығын бейнелейтін айна ретінде жаратылады. Аллаһ бейне бір ұста сынды сол айналарға қарап өзінің өнеріне тәнті болады. Мәселен, Аллаһ тағаланың атомды жарату ісін алайық. Атомды жаратып, содан соң оны Өзі көріп тамашалайды. Құдіреттілік тек Жаратушыға ғана тән сипат. Лаулаған оттан сұйық газдардың пайда болуы, бұдан алып аспан жүйелерінің қалыптасуы Аллаһтың құдіреті арқасында жүзеге асып, ұлылығын дәлелдей түседі. Аталған ғарыш жүйелері белгілі бір тәртіпке бағына отырып, арада трилиондаған жылдар өткенде барып, бүгінгі қалпына келген. Бұл қалыптасу процессі барысында Аллаһ ұдайы Өзінің затына, сипатына және есімдеріне қатысты сан түрлі жетістіктерді көріп тамашалаған.

Бұл мәселе Жаратушыға тән терең ақиқат, алайда мұқият көңіл бөліп қарасаңыз, жүрегіңізге сәуле құятын тұстарын да таба аласыз. Адам баласы қалайша «көркем бейнеде» жаратылып, Жаратушыға тән ақиқаттарды аңғартса, күллі болмыстың ортақ мазмұнын, жиынтығын құраса, Күн жүйесі мен ғаламшарлардың жаратылуы Аллаһтың ұлылығын паш етеді.

4. Ғаламның пайда болуын ағаштың баяу өсуімен салыстыра отырып қарастыруға болады. Мысалы, ағаш әбден жетілгеннен кейін ғана жеміс салады. Жеміс кәдеге асатындықтан адамға пайдалы. Жемістің адамға қатыстылығы секілді өсіп-жетілуі барысында ағаштың да Аллаһқа қатысты жақтары аз емес. Адам қалай жемістің пісуін қадағаласа, Аллаһ тағала да ағаштың өсіп-жетілуін әр кезеңде назардан тыс қалдырмайды. Пайдасын көретіндіктен жеміс қалайша адам үшін маңызды болса, ұлылығы мен шеберлігін паш ету үшін: тұқымның өзек жаруы, жас өскінге айналуы, жапырақ ашуы, діңі қалыңдап ағашқа айналуы – жеміс бергенге дейінгі күтіп тұрған барлық сатылары Аллаһ тағала үшін де өте маңызды.

Қорыта келгенде, белгілі бір нәрсенің мақсаты мен хикметі адам үшін біреу ғана болса, ал Жаратушыға (Халиқ) қатысты жағы мыңдап саналады. Дүниедегі барлық нәрсе Аллаһ тағаланың ұлылығы мен қамқорлығын дәлелдей түсу мақсатында жаратылған. Алайда Аллаһ тек мұнымен шектелмей, адамзатқа ненің пайдалы, ненің зиянды екенін де есепке алған. Міне, сондықтан да Жаратушы Хақ тағала ғаламды көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәтте жарата салмай, бұл үрдісті «алты иләһи күнге» созған деп түюге болады.


[1] «Ағраф» сүресі, 54-аят, «Юнус» сүресі, 3-аят, «Фурқан» сүресі, 59-аят, «Сәжде» сүресі, 4-аят, «Қаф» сүресі, 38-аят, «Хадид» сүресі, 4-аят.
[2] «Фуссилат» сүресі, 12-аят.
[3] «Фуссилат» сүресі, 10-аят, сондай-ақ «Фуссилат» сүресінің 9-аятында жер жүзінің екі күнде жаратылғаны баяндалған.
[4] «Ясин» сүресі, 39-40 аяттар.
[5] «Хаж» сүресі, 47-аят.
[6] «Мәариж» сүресі, 4-аят.
[7] «Бақара» сүресі, 29-аят.
[8] «Рахман» сүресі, 29-аят.
[9] «Худ» сүресі, 107-аят.
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.