БАРЛЫҚ ПАЙҒАМБАРЛАР ҮНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ БІР

«Әр пайғамбардың ұстанған жолы мен бағдары әр түрлі, жасаған құлшылықтары да әр қилы болған» деседі. Осының мәнін ашып берсеңіз.

Әр кезеңде әр түрлі қауымдарға жіберілгендіктен пайғамбарлардың ұстанған жолы мен бағдары кейде бір-біріне ұқсаса, кейде мүлде басқаша сипат алған.

Ең алдымен діннің негізгі ұстанымдары тұрғы-сынан мәселенің басын ашып алсақ, кез-келген пайғамбардың өз қауымына уағыздаған діні басқа пайғамбарлардан өзгеше емес, қайта барлығының діни үкімдері өзара ұқсас келеді. Барлық пайғамбарлардың негізгі мұраты – Аллаһты таныту, пайғамбарды мойындату, өлгеннен соң қайта тірілудің шындығына иландырып, сол сенімге сәйкес тірліктерін реттеуге шақыру, періштелерге және тағдырға сенуге үндеу болған. Бұл мәселелерді насихаттауда өзгешеліктер кездескенмен, жоғарыда аталған негізгі ұстанымдар барлық пайғамбарларда ортақ.

Екіншіден, құлшылық негіздеріне қатысты мәселелерде де пайғамбарлар бір-біріне қайшы келмеген. Барлық пайғамбарлардың шариғаттарының өзегі Аллаһқа құлшылық жасауға негізделген. Қауымына «Аллаһқа құлшылық қылыңдар» деп үндеу тастамаған бір де бір пайғамбар жоқ. Біз Құран Кәрімнен барлық нәби-пайғамбарлардың үмбетіне деген үндеулерінен осыны көреміз. Олардың бәрі де «Ей, адамзат баласы! Сендерді де, сендерге дейінгілерді де жаратқан Раббыларыңа құлшылық жасаңдар!»[1] немесе «Оларға былай де «Ей, адамдар, мен сендердің бәріңе Аллаһ жіберген пайғамбармын»[2], «Мен сендерге Аллаһтан келген елшімін»[3] деген аяттарда баяндалғандай, ең алдымен өз үмбетін Аллаһқа құлшылық жасауға шақырған. Құлшылықтың пішінінде немесе атқарылуында өзгешелік кездескенімен, оның негізгі мәнінде, рухында бірлік болғаны сөзсіз. Яғни әрбір пайғамбардың өз үмбетіне құлшылықты насихаттағаны күмәнсіз.

Негізінде, байыптап зер салсақ, күнделікті тұрмысқа, отбасылық жайттарға қатысты мәселелерде де пайғамбарлар арасында қайшылық ұшыраспағанына куә боламыз. Мысалы, (хазірет Адамның балаларына уақытша берген рұқсатын санамағанда) барлық діндерде бір-бірімен үйленуге тыйым салынған жандардың санаты бірдей. Тәуратта харам саналған жұптасу, Інжілде де, Құранда да харам деп есептелген. Тек қана кейбір үмбеттерге бөлек бір сынақ ретінде өзгелерге рұқсат етілген мәселелер оларға тыйым салынды. Сондықтан да бірқатар амалдарды орындауға мәжбүрленді. Алайда, мұның өзі екінші кезектегі мәселелерде еді. Ал негізгі мәселелерде араларында айырмашылық кездеспеді.

Адам атадан бастау алған адамзат қоғамы сатылай алға жылжып, кемелдікке қол жеткізген. Алғашқыда ақыл-ой, сана-сезімдері әбден толыққанға дейін кейбір жауапкершіліктер жүктелмеген. Өйткені, Пайғамбарымыз хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дейін адамзат қоғамында бәдәуилік басым еді. Тіпті хазірет Мұса (а.с.) кезеңіне дейін басқарудың бірыңғай жүйесі мен мемлекет құруға қол жеткізе алмағаны белгілі. Адамзат қоғамы Мұса пайғамбардан кейін ғана өркениеттіліктің негізін қалап, ой-пікірдің дамуы тұрғысынан өркениетті өмірге қадам жасай бастады.

Рулық, тайпалық құрылымдағы қауым мен мемлекет құратын дәрежеге жеткен қоғамның арасында айырмашылықтардың болуы заңды. Бүгінде мұны социологтар, экономистер, философтар, тіпті теологтар да мойындайды. Адамзат қоғамы әр қилы кезеңді басынан өткерді. Мәселенің түбін қаузаса, бұл тұрғыда түрлі көзқарастар айтылуы мүмкін. Мысалы, қоғамдық-формациялық теорияны жақтайтындар адамзат қоғамының даму кезеңін феодалдық қоғам, капиталистік қоғам сонан соң еңбекші тап диктатурасына негізделген коммунистік қоғам ретінде тарихи-детерминистік тұрғыдан түсіндіреді. Мейлі дұрыс, мейлі қате, бұл да бір көзқарас. Қалай дегенде де, адамзат өркениеттің даму жолында белгілі бір сатылардан өткендігі шындық.

Адамзаттың ақыл-ойы мен рухани дүниесі бірте-бірте, сатылап дамып жетілген. Осыған орай адамзаттың сәбилік кезеңіндегі иләһи үкімдерді оның есейген шағындағы қабылдау дәрежесімен салыстыруға келмейді. Нақтылай түссек, Адам ата дәуірінде жалпылама тағылым ретінде аталған жайттар Мұса пайғамбардың заманында егжей-тегжейлі берілуі мүмкін. Ал, хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) уақытында бүкіл әлемді қамтитын кең көлемді шариғат қажет еді. Бұл түсінікті жайт. Себебі, бұл адамзаттың өзара қарым-қатынасы өркениетті деңгейге жеткен кезең еді. Қазіргі таңда әлемнің бір шетінде орын алған оқиға тез арада екінші шетіне жетіп, дүние бір шаһарға айналды. Пайғамбарымыз хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адамзат қоғамы дамуының осындай кезеңінде келген. Сондықтан басты мәселелерді айтпағанда, екінші кезектегі мәселелерде өзгешеліктердің байқалуы заңды құбылыс. Ұсақ-түйек дерлік кейбір мәселелерде болмаса, пайғамбарлар ұстанған дін негіздерінде айырмашылық жоқ. Мысалы, Мұса пайғамбардың үмбеті мінез-құлқындағы ерекшелікке сай күніне елу рет Аллаһтың құзырына шығып, құлшылық жасауға міндетті еді. Ол дәуірдің адамдары шын мәнінде дұрыс жүріп-тұру үшін күніне елу рет құлшылық жасауға тиіс еді. Ал, хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үмбеті күніне бес рет намаз оқу арқылы соншалық сауапқа кенеле алады. Мұны атақты мәуліт шайыры Сүлеймен Челеби мына өлең жолдарымен өрнектеген:
«Шын беріліп бес уақыт қылсаң намаз,
Хақ саған елу уақыттың сауабын жазар»
Шынында да, ынты-шынтысымен күніне бес уақыт намазын оқыған жанды Аллаһ, Мұса пайғамбар үмбетінің елу уақыттық құлшылығына тең сауапқа кенелтеді. Ендеше, насихаттаған құлшылық негіздеріне қатысты барлық пайғамбарлардың ұстанымдарын бірдей деп айта аламыз.

«Мәжәллә» атты еңбекте фиқһ ғалымдары бекіткен «Заманның өзгеруі үкімдердің өзгеріске ұшырауына жол ашады» деген қағида бар. Мұны да дұрыс түсінуіміз керек. Фиқһ ғалымдары әрбір кезеңнің ерекшеліктеріне сәйкес кейбір үкімдердің өзгеруі мүмкін екендігін баяндаған. Біріншіден, бұл өзгеріс жоғарыда аталып өткендей, әр дәуірдегі адам рухының сатылай дамуына байланысты. Екіншіден, Құран мен сүннетте ашық түрде көрсетілмеген, кейбір жасырын мәселелерді Құран мен сүннетті басшылыққа ала отырып сол замананың фиқһ ғалымдарының тарқатып түсіндіруі де жоғарыдағы қағиданы басқа бір қырынан аша түседі. Жалпы Құран мен сүннетте баяндалғанымен, кез келген адам түсіне бермейтін жасырын мағыналарды шығарып жұртшылыққа түсіндіру өз алдына бөлек әңгіме, мұны да қаперде ұстаған абзал.


[1] «Бақара» сүресі, 21-аят.
[2] «Ағраф» сүресі, 158-аят.
[3] «Саф» сүресі, 6-аят.
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.