ТАҢДАУЛЫ ТӨРТ САХАБАНЫҢ ХАЛИФАЛЫҚҚА ЛАЙЫҚТЫЛЫҒЫ

Мұсылман елін басқарған алғашқы төрт халифаның ерекшелігі және олардың халифалық реттері туралы ара-кідік айтылып қалатын алып-қашпа әңгімелерді қалай түсінген дұрыс?

Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пен «таңдаулы төрт дос» деген атқа ие алғашқы төрт халифа – Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әлилердің (р.а.) арасында тығыз қарым-қатынас болған. Пайғамбарымыз көзі тірісінде-ақ бұл достықты ерекше бағалап, ол төртеуінің де өзінен соң халифат үрдісімен елді басқаратындықтарын алдын ала болжай білген. Тіпті Аллаһтың білдіруімен, өзінен кейін ел басқаратын осы төрт адал достың халифалыққа келетін ретін де айтып кеткен. Ендеше, «әділетті халифалар» деген құрметті атқа ие болған осы төрт халифаның басшылыққа сайлану реті жайлы сыңарезу әңгімелердің ешбір негізі жоқ.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүние сал-ғаннан кейін төрт сахаба рет-ретімен халифалық міндеттерін атқарған. Олар ел басқару ісінде өздеріне тән тұлғалық қасиеттерін халыққа дәлелдей білді. Мысалы, Әбу Бәкір (р.а.) әрбір іске ерекше ұқыптылы-ғымен қатар әмірге мойынсұнушылықтың маңызын өте жақсы білген. Бұл тұрғыда одан асқан жан жоқ десе артық айтқандық емес. Сонымен қатар, ол алмағайып кезеңдерде айрықша алғырлық танытып, барынша салмақты, байсалды әрі әділ шешім қабылдаушы ретінде де алдына жан салмаған. Сол себептен болса керек, хазірет Әли бірде «Егер Әбу Бәкір болмағанда, мұсылмандық жойылып кетер ме еді» деген.

Алайда, Әбу Бәкірдің (р.а.) ел басқару тұсында  діннен безгендер ұшырасып, ел ішінде алып-қашпа әңгіме көбейген. Әбу Бәкірдей жедел әрі дұрыс шешім қабылдай алатын басшы болмағанда, ел басына күн туған осындай қиын-қыстау кезеңнен халықты аман алып шығу оңайға түспес еді. Әуелі Аллаһтың қамқорлығы, содан соң Әбу Бәкірдің (р.а.) дер кезінде  дұрыс шешім таба білу қабілетінің арқасында қандай да бір түйткілді мәселенің түйіні тез тарқатылып отырған. Сондай аумалы-төкпелі кезеңде елге Әбу Бәкір (р.а) сияқты көреген басшы ауадай қажет-тұғын. Сондықтан бұл ауыр жауапкершілік халифа Әбу Бәкірге жүктелген-ді.

Мемлекет жеңістен-жеңіске жетіп жатқан мерейлі шақта халыққа әскери тәртіп пен әділеттілікті қатаң ұстаған Омар (р.а.) сынды өжет басшы, ал аласапыран кезең орнап түрлі талас-тартыс көбейгенде хақтан бір елі ажырамаған Әли (р.а.) секілді ірі тұлға қажет еді. Хазірет Әлидің (р.а.) ел басқарған кезеңінде, халифалық қызметте өзге біреу отырса, әділетсіздіктердің орын алуы әбден-ақ мүмкін еді.

Бірде хауариж бен нәуасыб деп аталатын екі топ-тың өкілдері бірігіп, Халифа Әлиге қарсы шығудың жоспарын жасайды. Бұл жоспардың жай-жапсарын ең жақын кеңесшілерінің бірі Әлиге (р.а.) жетгізгенде: «Рас-өтірігіне кім көз жеткізіпті оның?!», – дейді. «Уа, имам! Олардың сізге шабуыл жасау үшін жиналып жатқаны рас», – деп шындықты дәлелдегісі келген кеңесшісіне хазірет Әли: «Нақ шабуыл жасағанға дейін мен ештеңе істей алмаймын», – деп жауап берген. Бұл оның хақтан бір елі ажырамағандығына дәлел.

Бір ғалымның айтуы бойынша, «кейіннен ел ішінде туған бүлікке «хашимилер мен әһл-и бәйт» сынды қуатты, құрметті әрі хазірет Әлидей ер тұлғалы халифа ғана төтеп беріп, ерекше батылдық пен парасаттылық танытқан».

Аллаһ елшісі осы төрт тұлғаны халифалыққа пайғамбарлық тағылыммен тәрбиелей отырып, бойларында жасырын жатқан даналық қасиеттерін ашты. Оқытып, жетілдіріп, тәрбиелеу арқылы ел басқару қабілеттерін шыңдай түсті. Әрине бұл ұзақ жылдарды қажет еткені анық.

Сонымен Әбу Бәкір (р.а), Омар (р.а), Осман (р.а.), Әли (р.а) және Халид (р.а) сынды сайыпқыран сахабалар бар ынта-жігерімен Пайғамбарымыздан көп нәрсе үйренді. Олар хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әрбір қимылын қалт жібермей бақылап, өздеріне үлгі тұтып, ұқсап бақты. Аллаһ расулының әрбір сөзіне ілім деңгейлері жеткенше түсіндірмелер жасап, зейінді түрде талдап отырды. Өз пікірлерін Пайғамбардың ұлық парасатының сынынан өткізіп, ұдайы әміріне мойынсұнды. Туралықтан таймайтын дара  қасиеттерінің арқасында үмбет ішінде шоқтығы биік ұлы тұлғаларға айналды. Бұйрыққа қалтқысыз мойынсұнуды меңгеріп, Пайғамбарымызды тереңірек тану бақытына қол жеткізді.

Үнемі уахиге сүйеніп іс жасайтын Аллаһ расулын  (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жақыннан танып қалтқысыз сенумен қатар, халифалар ақылға салып іс жасауды да білген. Мысалы, Омар (р.а) өз пікірін айтуда Әбу Бәкірден (р.а) батылырақ көрінсе, Әбу Бәкір сыддық өз кезегінде Омарға (р.а) қарағанда едәуір байсалдылығын байқатты. Бұл олардың жеке бас ерекшеліктері еді. Батылдық пен байсалдылықты салыстыра қарағанда, екеуі де тең дәрежеде маңызды екенін көреміз. Сондықтан үлкен тұлғалардың бойында кейбір қасиеттердің басым түсіп, кейбіреулерінің азырақ болуы кемшілік емес. Содан да болар, осы төрт сахаба Ғаламның рақым нұрының (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлығына тән тереңдікті өзара бөлісіп алғандай әсер қалдырады.

Хазірет Омардың «Менің үш ойым Раббыммен бірдей шықты» деген сөзі бар. Осы үш мәселенің бірі әйелдердің орамал тартуы мен киім кию үлгісіне қатысты еді.

Бірде Пайғамбарымыздың пәк зайыбының бірі Сәуда анамыз (р.а.) кешқұрым көшеде кетіп бара жатады. Омар (р.а) оны ұзын әрі сымбатты бойына қарап танып, басына жаулық салмай шыққанына наразы күйде: «Әй, Сәуда, мен сені танып тұрмын. Апақ-сапақта көшеде жүргенің не?!» деп дауыстаған. Кейін Омардың (р.а.) бұл әрекетін жөнсіз дегендер де шыққан. Ал негізінде Омардың (р.а) Сәуда анамызды көре сала оны танығандығын айтудағы мақсаты, пайғамбардың аса пәк әрі құрметті зайыбы жайлы өзгелердің басқаша ойлауына жол бермеу болатын. Кімде кім жаман ойға барып, артынша ол әйелдің Пайғамбардың жары, күллі мұсылмандардың анасы екенін білсе, іштей қаншалықты ар азабын шегетіні айтпаса да түсінікті.

Әбу Бәкір де бұл мәселеге аса қатты мән берген. Пайғамбардың жары болғандықтан кенже қызы Айшаны «Уа, уммаһ – анам» деп атауға дейін барған. Мұндай асыл қасиет мұсылмандардың тәлім-тәрбиесіне қатты сіңген. Аллаһ тағала «Ахзаб» сүресінде былай деген: «Пайғамбар мүминдер үшін жеке бастарынан да аяулы. (Ол әке орнында болғандықтан) пайғамбардың әйелдері мүминдерге – ана»[1]. Демек, әрбір мұсылман Пайғамбарымыздың жарларын өзіне анасындай қабылдап, қадір тұтуы тиіс. Білместіктен болса да ол кісілер жайлы жағымсыз ойлау ақыретте көп сауаптан қағумен қатар ар-ұжданға да оңай соқпайды. Міне, осы себептерге байланысты хазірет Омар да жоғарыдағы сөзін құрмет пен қамқорлыққа негіздеп айтқан. Сол оқиғаның артынша Аллаһтан әйелдердің әурет (жат көзден жасыруға тиісті ұятты) жерлерін жабатындай киім киюі қажеттілігін баяндайтын аят түскен.

Хазірет Омардың (р.а.) Аллаһтың әмірімен дөп келген екінші мәселесі – ішкілік туралы. Алғаш түскен аяттарда оның зияны да, пайдасы да бар екендігі айтылған. Омар (р.а) тағы да уайым кешіп, екіұдай ойда қалған соң Жаратушыға: «Аллаһым! Көңілдегі түйткілдерді жуып-шаятын баяныңды жеткізе гөр!», ­­­– деп жалбарынды. Негізінде Пайғамбарымыздың ойы да осындай еді. Аса қамқор Аллаһ тағала артынша түсірген аятында бұл мәселені де егжей-тегжейлі түсіндіреді. Аллаһ мұндай маңызды мәселелерге түйінді үкімді не себептен Омардың (р.а.) ойы мен тілегіне орайластыруы мүмкін? Бәлкім, Аллаһ тағала сол кездегі қоғамда орын алған маңызды мәселеге назар аударуда Омардың көрегенділігі мен данышпандығын көрсеткісі келген болар?!

Хазірет Омардың Аллаһ әмірімен дөп келген үшінші ойы – пайыз мәселесі. Бұл жолы да Омар (р.а.) өз қалауын Жаратушыға жалбарына жеткізіп, артынша оның ойын бекіткендей Аллаһтан аят келіп түседі.

Осыған қарамастан хазірет Омар өте кішіпейіл әрі қарапайым еді. Негізінде оның Аллаһ әмірімен астасқан ойлары бұдан да көп. Бірақ ол осы үшеуін ғана айтумен шектеледі. Хадис ілімін зерттеушілердің пайымдауынша, ұлық Омардың (р.а.) он үш тілегі дәл осылай қабыл болған. Тумысынан кішіпейіл Омар (р.а.) халифа солардың тек үшеуін ғана есінде сақтаған.

Омардың Худайбияда өз пікірінше әрекет жасамақ болып, кейіннен бұған қатты өкініш білдіруі де ғибрат аларлық оқиға. Ол Худайбияда мүшріктермен бейбіт келісім жасауға наразы екендігін Пайғамбарымызға барып ашық айтқанда: «Уа, Омар! Мен Құдайдың құлы әрі елшісімін, сол себепті Жаратушының әмірін ғана орындаймын», – деген жауап естіген. Омар сонда да тынши алмай, өз пікірін Әбу Бәкірмен (р.а.) келіп бөліседі. Ақырында әлгі ойының орынсыз екенін ұғады. Осы қылығы есіне түскен сайын хазірет Омар (р.а.) өмір бойы қатты өкініш білдірген. Сол күнгі Расулаллаһқа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқан сөздерінің кінәсін жуып-шаю мақсатымен күндіз-түні намаз оқып, ораза тұтып, садақа беріп, қаншама құлды азат еткен.

Бұған ұқсас мысалдар жетіп артылады.

Жалпы таңдаулы халифалар Әбу Бәкір, Омар (р.а) және басқалары ислами әмірлерді қалтқысыз орындаумен ерекшеленген. Алда-жалда қателік жіберіп алса, кешірім сұрап кішірейе білген.

Қорыта келгенде, олардың өмір жолдарына көз салсақ, Исламды қабылдаған күннен бастап, хақ жолында бастарына төнген қиындыққа, Пайғамбарға мойынсұнулары мен діннің өзегіне бойлауына, ғибадат жасаудағы ынталарынан діннің әмірлеріне сай болуға деген ұмтылыстарына дейін барлық жерде танытқан терең ықыластары мен жеткен жетістіктеріне қарасақ – әрбірінің халифалыққа әбден-ақ лайық болғанын көреміз.


[1] «Ахзаб» сүресі, 6-аят.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.