АҚЫЛ МЕН ЕРІКТІҢ МӘНІ

«Ақылға жөн сілтеуге болады, алайда мәжбүр-леуге болмайды» дегенді қалай түсіндірер едіңіз?

Ғалам – Аллаһтың іліміне негізделіп, құдіретімен жазылған алып кітап. Ғалам кітабының ең негізгі ерекшелігі – барлық жағынан Жаратушыны танытатындығында. Бұл кітап, сондай-ақ адам баласын Аллаһ жолында ұдайы махаббатпен, құштарлықпен зерттеуге жетелейді. Ол кез-келген жанның ізденуге деген құмарлығын арттырып, зерттеу, талдау, жинақтау сезімдерін жандандырады. Түбі мағрифатқа жақындатады. Демек, ғалам кітабы – адамға жан-жақты әсер ететін мазмұны терең кітап. Осыншалықты таңғажайып кітаптың жалғасында ақырет сынды мәңгілік байлыққа негізделген әлем жатпаса, бұл кітапты жазушы (Жаратушы) бос іспен шұғылданғаны дегенге саяды. Әлбетте, Хақ тағаланың мәнсіз іспен айналысуы мүмкін емес, яки Ол хикметсіз іс жаратпайды. Жаратылған бар нәрсенің астарында орасан даналық бар екені баршаға аян.

Ғалам кітабының негізі, өзегі, оны жазған сия – Адамзат тәрбиешісінің нұры, қасиетті үні, киелі демі болмағанда, ғалам сыры ашылмай, Жаратушыны дұрыс тануы мүмкін емес еді. Мәселеге осы тұрғыдан қарағанда алғашқы бастама мен соңғы жаратылысты бір арнада тоғыстырған Ақиық елші адамзат үшін де, жалпы жаратылыс үшін де өте үлкен маңызға ие.

Бұған дейін де талай рет айтып өткеніміздей, осынау ғалам кітабының әрбір парағы Жаратушыны сипаттайды. Бірақ ғаламдағы құбылыстар мен оқиғалардың барлығы белгілі бір заңдылықтарға байланысты тамаша реттілікпен жүзеге асады. Мысалы, құрсақтағы сәбиді Аллаһ жаратады. Алайда бұл жарату процесі аналық және аталық ұрық, жатырдың осы процеске дайын болуы сияқты сыртқы себептерге де байланысты. Шындығында ғаламдағы барлық нәрсенің өлең ұйқасындай белгілі бір ырғақпен, тәртіппен жүзеге асуы – осынау жаратылысты реттеп отыратын Назым (жүйелеуші) Ағзам Жаратушының бар екендігінің дәлелі. Дегенмен Жаратушы Аллаһ қара ниетті Әбу Жахилді алмас рухты Әбу Бәкірден айыру үшін дүниені сынақ орнына айналдырып, барлық нәрсені белгілі бір себептерге тәуелді еткен. Олай болса, бойдағы ерік-жігерді ақылмен басқара біліп, ақылы мен ар-ұжданының үніне құлақ асқандар ғана ақиқатқа көз жеткізеді. Ақылды жандар үшін Пайғамбардың үндеуі ескертуші азан әуені іспетті, осы әуенге құлақ асқандар ғана көзі ашық, көкірегі ояу күйде ізгілікке қауышады. Ал адамдағы ерік пен ақыл «Іс-әрекеттерінде тек қана Соны (Аллаһты) қалайды»[1] делінгендей, мәңгілік хақ жолына бет түзегендердің аса маңызды қозғаушы күші болмақ. Бұл күшті орынды пайдаланғандар еш уақытта діттеген мақсаттарына жетпей қоймайды.

Дұрыс (тура) жолды да, теріс жолды да жаратушы – Аллаһ. Алайда адамның жеке таңдау еркі бұдан қалыс қалмаған. Кейде Аллаһтың бөлекше сыйы арқылы да адамдар тура жолды таңдауы мүмкін, бірақ бұндай бірді-екілі ерекше жағдайлар жалпы ережені өзгерте алмайды. Осындай таңғажайып нығметке мысал келтірсек.

Бірде Пайғамбарымыз дінді түсіндіріп, бір араб бәдәуиді иман келтіруге шақырады. Бірақ бәдәуи құлақ асқысы келмейді. Сонда Пайғамбарымыз:
– Қазір қайда бара жатырсың? – деп сұрайды.
– Үйіме бара жатырмын.
– Сені одан да қайырлы, құтты жолға бағыттасам бармас па едің?
– Ол қандай жол?
Пайғамбарымыз сонда жол шетіндегі бір ағашты қасына шақырады. Ағаш жерді жарған күйі Пайғамбарымыздың қасына дейін келеді де, әлгі бәдәуиге естіртіп: «Мухаммәдур-расулуллаһ» дейді. Сонда барып араб бәдәуи құтты жолдың мәнін ұғып, Исламды таңдайды.

Мұғжиза – пайғамбарларға берілген Жаратушы-ның айрықша тартуы. Ол халықты өзіне сендірудің құралы.  Хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)
әрбір мұғжизасы көптеген жандардың иманға бетбұруына себеп болған. Дегенмен оның ең негізгі қызметі – адамның таңдау еркін оятып, ақылға түрткі салуы. Мұғжизалар – иманды оятатын, оны жақсылыққа итермелейтін алғашқы адым десек, ақыл мен ықтияр – көкірекке құйылған нұрлы сәуле арқылы көңіл көкжиегін кеңейтеді.  Пайғамбарымыз ақылға жол сілтеген, бірақ ешкімнің еркіне бөгет қоймаған және ешкімді де күшпен иманға мәжбүрлемеген.

Көпшілік арасынан Пайғамбарымыздың мұғжиза-ларын «Бұл бар болғаны сиқыр, көзбояушылық қана»[2] дегендер де табылған. «Ақылға жөн сілтеуге болады, алайда мәжбүрлеуге болмайды» деген сөздің мәні осы болса керек.

Сонымен, ғалам – кітап, ал ондағы әрбір ақиқат бізге Жаратушымызды танытады. Құран өзіндік таңғажайып мазмұнымен бізге Жаратқанды және нәбилер сұлтаны Пайғамбарымызды танытады. Дегенмен ақиқатты жақыннан танып білу үшін ыстық ықылас, нұрлы ақылмен Жаратушыға толықтай бетбұру керек. Ал, ақиқатты сынап-мінеушілер, қырсығып-қасарысатындар, күмәнмен қарайтындар ешқашан ізгілік таппайды. Мұндайлар ұдайы қараңғылықта ғұмыр кешіп, ақыреттегі мәңгілік түнекке де өз ықтиярымен бет түзейді.


[1] «Әнғам» сүресі, 52-аят; «Кәһф» сүресі, 28-аят.
[2] «Маида» сүресі, 110-аят; «Юнус» сүресі, 76-аят; «Нәмл» сүресі, 13-аят; «Сәбә» сүресі, 43-аят; «Саффат» сүресі, 15-аят; «Аһқаф» сүресі, 7-аят; «Сафф» сүресі, 6-аят.
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.