ТАҚУАЛЫҚ ЖАЙЫНДА
Тақуалықты шыңдау үшін қоғамнан алшақтап, жұртшылықтан жырақтап кету дұрыс па?
Қоғамның бір мүшесі болғандықтан адамға халықтан жырақ өмір сүру қиын. Әлеуметпен бірге біте қайнасып өмір сүрудің, сондай-ақ дүниелік шаруаларды атқарудың дінді ұстануға кедергі келтірмейтіні Құранда нақты аяттармен көрсетілген: «Ол қаһарман жігіттердің саудамен айналысуы Аллаһты зікір етулеріне, намазды толық орындап, зекет берулеріне кедергі жасамайды»[1]. Олай болса, көпшілікпен бірге өмір сүру жүректегі Хаққа деген махаббатқа көлеңке түсіре алмайды. Ал пайғамбарымыз хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде «Көпшілікпен бірге болып, елден көрген ауыртпалықтарға шыдамдылық танытқан мүмин, көпшіліктен жырақтап, жеке өмір сүрген мүминнен әлдеқайда қайырлы» деген.
Тағы бір хадисте: «Ең жақсы адам – басқаларға пайдасы тиген адам» – делінген. Сол себепті айналасындағыларға пайдалы болу үшін жұртпен бірге өмір сүру керек.
Оның үстіне бұл мәселеге сүннеттік өлшеммен қарау да аса маңызды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бала кезінен ел ішінде өскен. Есейген кезінде не көрсе де халықпен бірге көрген, ақыретке аттанар шағына дейін осы ұстанымын өзгертпеген. Ол Фижар шайқасында көкелеріне қару-жарақ тасып көмектескен. Сондай-ақ Хылфул-фудул[2] мәжілістеріне қатысып, кейінірек сол жайлы сөз қозғалғанда «Қазір де сондай шара болса, қатысудан бас тартпас едім» деген. Бұл оқиғалардың орын алған кездері Пайғамбарымыздың балалық, жастық шақтары еді. Соған қарамастан ол қайнаған қоғамдық өмірдің бел ортасында жүрді. Бұл Хақ нәбидің жастайынан халықпен етене араласқандығының айғағы.
Көпшіліктен ажырамаудың маңыздылығын көрсететін айтулы оқиғалардың тағы бірі – Хубайбиядағы бейбіт келісім еді. Аллаһ тағала «Саған нақты жеңіс сыйладық»[3] деген Құран аяты арқылы Пайғамбарымызды сүйіншілеген бұл келісім қоғамды түсіністік пен бейбітшілікке бастаған. Сахабалар да осы аяттағы жеңістің Меккені алуға қатысты емес, Хубайбиядағы келісімді меңзейтінін білдірген. Себебі, Худайбиядағы келісімнің нәтижесінде, мүшрік, христиан, яхуди не мұнафиқ екендіктеріне қарамастан түрлі топтардың өкілдері үшін өзара ымыраластықпен бейбіт өмір сүруге жол ашылған.
Осы тұста «Ел-жұртпен қоян-қолтық өмір сүру мүминге қиындық туғызбай ма?» деген ой келуі мүмкін. Мұндайда басты мәселе – көп ішінде жүрсең де, өз ұстанымдарыңнан таймауда жатыр. Бұған таңырқап қарайтындай ештеңе жоқ. Өйткені Аллаһпен арадағы байланысы күшті мұсылман адамға сырттай ешкім де кері ықпал жасай алмайды. Меніңше, әркім өзінің жүріс-тұрысын қадағалап, өз дінінің жеңілмейтін, мұқалмайтын күшіне сенуі тиіс. Бұл мәселеде Исламның, Пайғамбарымыздың, Құранның жеткілікті екендігіне ешбір муминнің зәредей де күмәні болмағаны жөн. Ал «Ойпырым-ай, иманымды шайқап, тақуалығымды әлсіретпес пе екен?» деп не болса содан үркіп жүретіндерді өздерінің рухани құндылықтарына күмәнмен қарайтындар дер едім.
Пайғамбарымыз да ешқашан мұндай әрекетке бармаған. Ол өзіне берілген міндет бойынша елмен емен-жарқын араласып, әр мүмкіндікті пайдаланып, қолынан келгенше дінді жаяюуға тырысқан. Аллаһ расулының пайғамбарлық міндетінің өзі адамдармен үздіксіз байланыста болуды қажет ететін. Пайғамбарымыз жақсылыққа үндеу жолында толассыз жихад етуге тиіс еді. Жихад[4] – Жаратушыны адамзатқа таныту болғандықтан Пайғамбарымыз үнемі халықпен араласып, ақиқатты жаюға тырысқан.
Негізінде жұртшылықпен түсіністікте өмір сүре білу – мұсылмандық мінезді шыңдай түсетін жайт-тардың бірі. Өйткені халыққа дінді насихаттаудың бірден-бір жолы – көптің ішінде жүру. Аллаһ тағала құдси хадисте: «Құлым маған бір қадам жақындаса, мен оған қарай адымдаймын. Егер құлым маған қарай жүрсе мен оған қарай жүгіремін...» деген. Бұдан мынадай қорытынды түйеміз, Жаратушыға жақындау мақсатымен жасалған әрбір қадамның өзі Аллаһ назарынан тыс қалмайды. Бұл ақиқат Пайғамбарымыздың да басты ұстанымы болғаны белгілі.
Мәселеге әлсіз хадистер қатарында аталғанмен, мағынасы терең мына хадис тұрғысынан да қарап көрейік. Пайғамбарымыз бір сөзінде «Аллаһтың ахлақынан үлгі алыңыздар» деген. Меніңше, бұл сөздің мағынасы: «Аллаһ сіздерге қалай қараса, сіздер де айналаңыздағыларға солай қараңыздар» дегенге саяды. Ендеше, құдси хадисте баяндалғандай, бір қадам басқан құлына қарай Аллаһ жылдам жүре бастаса, ал жақындау мақсатымен өзіне бет алған құлын жүгіріп қарсы алса, онда біз де құл ретінде елмен тіл табысу үшін жақындық танытып, қадамды бірінші болып жасауға тиіспіз. Пайғамбарымыздың өмірінен бұған мысалдар көп. Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дінді тарату үшін қолынан келгенше айналасындағылармен тіл табысуға, бейбіт бітімге, ымыраға келуге тер төккен. Орайы келген сәттің бәрін Аллаһты танытуда тиімді пайдалануға тырысатын.
Аллаһ расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ауқатты емес еді. Кейбір сияр жазушыларының баяндауына сүйенсек, оған атасынан да, әкесінен де мирас қалмаған. Жомарттықпен аты шыққан атасы Әбдімүтәліп пен дәулеті бір басына жетерлік көкесі Әбу Тәліптің қамқорлығында жүріп Хадишамен (р.а.) үйленген. Сөйтіп бірден Меккенің санаулы ауқаттыларының қатарына қосылған. Алайда, бір таңғаларлығы, пайғамбарлығының бесінші, алтыншы жылында осы байлықтан уысында ештеңе де қалмаған. Хадистерге сүйенсек, жұпыны өмір сүріп, көбіне аш жүрген. Хадишадан (р.а.) қалған байлықты қайда жұмсағандығы туралы нақты мәліметтер жоқ.Сірә, қолындағы барын аш-жалаңашқа таратып, дінді түсіндіріп, иманға үндеу жолында сарп етті.
Расында да, біреуге өзің алдымен бірдеңе бермес-тен одан қайтарым күту қиын. Бабаларымыз «Әркім – жақсылықтың құлы» деп бекер айтпаса керек.
[1] «Нұр» сүресі, 24/37.
[2] Пайғамбарымыздың жас кезінде ел ішіндегі игі істерді жақтаған ұйым.
[3] «Фәтиһ» сүресі, 1-аят.
[4] Аллаһты тануға жол ашу, рухани ізденістегі жандарға Жаратушыны тану мүмкіндігін туғызу мағынада қолданылған. Ауд.
- жасалған.