ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫ ЗИЯРАТ ЕТУ

Пайғамбарымызды жүрекпен зиярат ету дегенді қалай түсінген жөн? Ол үшін қандай шарттарды орындау керек?

Аллаһ елшісі Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) рухани тұрғыдан сезініп, жүрекпен зиярат ету үшін діни сеніміміз бен имани діліміз қуатты болуы керек. Жүректегі иманымызды, санадағы ой-пікірімізді тегеурінді қалыпта сақтау үшін де хазірет Мұхаммедпен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) рухани байланыс орната білу маңызды.

Мен Аллаһқа деген сенімінің нәтижесінде Пайғамбарымыздың атын атап, сүйіспеншілігін арттыра түскісі келген жанның рухани ләззатқа бөленетініне сенемін. Өйткені Ғаламның рақым нұры (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) иман дүниесінің жарқыраған Күні іспетті. Біздің көңілімізде ерекше орын тепкен әулие-әнбиелер, ғұлама-ғалымдар, иман қаһармандары – бәрі дерлік рухани күштің қайнар бастауы сол бір аяулы тұлға деп білген. Бұл иман қаһармандарының біз секілді қарапайым адамдардың көңіл төрінен орын тебуі адамзаттың мақтанышы бола білген Таңдаулы тұлғамен байланыстарына тікелей қатысты. Қысқаша айтқанда, Нұрлы Нәби жайлы терең ойға бару рухани дүниемізді байытып, көңіл көкжиегімізді кеңейте түсері анық.

Сахабалар Хабибуллаһтың (Аллаһтың сүйікті құлы) қасында болуды материалдық және рухани рақаттың барлығынан артық көріп, сол жолда небір қиыншылықтарға, ауыр азаптарға шыдап бақты. Қасында болған сәтте дүниелік уайымнан арылып, мал-жан, бала-шаға, үй-жайларын ұмытатын. Олар үшін екі әлемнің сардарының аузынан шыққан әр сөз қасиетті лебіз саналған. Тіпті Пайғамбарымыз сахабаларына «Төрткүл дүниеге тараңдар» десе, олар сөзге келместен бұйрықты жүзеге асыруға асығатын. Пайғамбарға ынтықтық сахабаларда оның әрбір айтқанын мүлтіксіз орындауға деген ерекше құлшыныс оятқан. Олар пайғамбарға және Исламға берілудегі сенімдеріне сәл-пәл селкеу түскендей болса, қатты қайғырып, өздерін екіжүзді санауға дейін барған. Мұны әйгілі сахаба Ханзаланың басынан өткен мына бір оқиғадан көре аламыз.

Ханзала ибн Рәби – мұсылмандықты берік ұстан-ғандардың бірі. Пайғамбармен сұхбаттас болған сәтте терең рухани сезімге бөленетін, алайда дүниелік шаруамен айналысқан кезде әлгі сезімдерінің самарқау тарта бастайтынын байқап, іштей бұған қатты қиналатын. Ақыры бұл ой мазасын ала берген соң хазірет Әбу Бәкірге (р.а.) барып «Пайғамбардың қасында болғанда руханиятым тереңдей түседі, ал сәл алыстап дүниелік істеріме кіріскенде әлгі сезімдерім солғын тарта бастайды. Менің бұным екіжүзділік емес пе?» деп сауал тастайды. Ханзаланы мұқият тыңдаған Әбу Бәкір (р.а.) өзіне де осындай ой келетінін айтып, мәселені екеулеп Пайғамбарымыздың өзінен сұрап білуді ұйғарады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Ханзаланың «Уа, Расулуаллаһ! Ханзала мұнафық болды» деп бастаған әңгімесін тыңдаған соң: «Егер менімен сұхбаттасқан кездегі өрекпіген көңіл күйлеріңді кейін де бұзбай сақтай алсаңдар, сәт сайын періштелер сендерге қол беріп амандасар еді. Уа, Ханзала, уайымдама, адам баласының күйі шалқымалы, кейде олай, кейде бұлай», – деп жауап берді.

Пайғамбардың бұл жауабынан Ханзаланың жан дүниесіндегі толқынды күйдің қалыпты жағдай екенін, яғни адам баласының кейде пенделікке бой ұрмай тұра алмайтынын, кейде рухани әлемге дендей еніп періштедей пәк күйде жүретіндігін аңғаруға болады.

Сахабалар ерекше игілікке бөленген бақытты жандар еді. Өйткені, кез келген мәселеде тікелей Пайғамбармен кеңесетін. Ал хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дәуірінен жырақ өмір сүріп жатқан біздер мұндай олқылықты толтыруға тырысып, қолымыздан келгенше Пайғамбарға деген сүйіспеншілігімізді арттырып, қиялмен жақындап, ойша да болса зиярат етудің жолдарын қарастыруға тиіспіз. Алдымен осы қажеттілікті сезінуіміз керек, себебі Пайғамбармен рухани байланысты керек етпейтіндерге айтар уәж жоқ. Кейбіреулер намаздарын оқып, оразаларын ұстаумен ғана шектеліп, көңілдерінде Пайғамбарға, оның рухани болмысын жүрекпен сезініп, ләззатты күйге бөленуге деген мұқтаждықты сезінбеуі мүмкін. Бұлар көбіне мұсылман бола тұра бірсыдырғы қалыптан ауытқымайтындықтан руханиятқа тереңдей бермейді. Ал Аллаһ елшісін жүрекпен сезініп, оған көңіл төрінен орын бергендер Мехмет Акиф сынды біртуар шайырымыздың тілімен айтқанда «Гүл дәуірін білгенде оның бұлбұлына айналар ем, уа, Раббым, мені неге ертерек жаратпадың?» деп, сағынышын тілге тиек етумен  болады.

Ақиық елшінің Әнәс ибн Малик, Жабир ибн Абдуллаһ сынды сахабалары, Пайғамбарымыздың бақилық болғаннан соң оны әрдайым еске алып, салауат айтып, әркез түстерінде көріп, көңілдерін жұбатқан. Менің ойымша, біздің замандастарымыздың арасында да Ақиық елшіге деген махаббаты күшті, оны түстерінде қонақ қылып күтіп, нұр бейнесінен қуат алып, насихатымен сусындап жүрген жандар жоқ емес.

Екі жиһан сардарын (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) еске алу, оған деген жақындықты әрқашан жүрекпен сезіну (бұл жоғарыда «рухани әлемде зиярат ету» деп аталды) адамның жеке сенімінің беріктігіне байланысты. Себебі мәшһүр шайыр Сағдидің тілімен айтқанда «Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) басшылығындағы кеменің жолаушыларына қайғы-қасірет жолай алмайды». Теңіздің толқындарының күші қаншалықты жойқын болса да, кеменің жолаушыларына әсте залал келтірмейді.

Иә, біздің жолбасшымыз – Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм). Оған шын көңілмен берілгеннен басқа, қолымызда сүйенер, сенер рухани байлығымыз жоқ. Ақыретте де оның шапағатымен жақсылыққа жететінімізге сенеміз. Міне, ойымызды осылай өрбітсек қана, Пайғамбар сүннетін, оның ғибратты ғұмырын жиі еске алып, өзді-өзімізге «Біздің халіміз нешік? Өсиеттеріне қаншалықты мойынсұнудамыз?» дей отырып, ар алдында, мүминдік жауапкершілігіміздің алдында бұған жауап іздеуге талпынатын боламыз.

Иә, хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) – адамзатты нұрға бөлеген жан. Онсыз өткен өмір зая. Сахабалардың сүйікті Пайғамбарымызбен жүздесіп, сұхбаттасып қол жеткізген рухани халдеріне біздердің оның мәңгілікке бастар мәнді сүннетімен сусындай отырып қол жеткізуден өзге амалымыз жоқ. Ал бұндай рухани байланысты жүзеге асырудың жолы Сүйікті елші Мұхаммед Мұстафаға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қаншалықты жақын екендігімізді сезіну және өзімізді әрдайым оның қасында деп білу арқылы жүзеге асады.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.