«Реинкарнация» деген не? Ислам діні бойынша бұл дұрыс па?

Реинкарнация − рухтардың денеден денеге көшуі дегенді білдіреді. Арабша «танасух», ал французша оны «метемпсихоз» деп атайды. Реинкарнацияны жақтайтындардың айтуынша, әр дене – бір рухқа лайықты пішін тәрізді. Рух осы пішіннің ішіне кіріп өмір сүреді, жан бітіріп, құлпыртады. Кірген денелері іске жарамай қалған шақта басқасына, одан кейін тағы да басқа бір пішінге еніп, осылайша өмірін үнемі үздік-создық жалғастыра бермек.
Танасух сенімін ең ежелгі қауымдар арасынан да ұшырастыруға болады. Бірақ сенім, ұлттық мәдениет, салт‑дәстүр тұрғысынан өзіндік өзгешеліктері байқалады. Танасух турасында мәңгілік құштарлыққа арбалған гангалық пен мысырлықтың арасында едәуір айырмашылық бар. Әсіресе, гректің элленистикалық философиясында мүлде басқаша сипатта түрлене түседі.
Реинкарнацияға деген иланым оккультизм[1] кең тараған бүгінгі таңда да жоқ емес. Қазіргі уақытта жанның ауысатынын сенім жүйесіне негіздеп түсіндіретін секталар да бар. Әсіресе, ақсүйек топтар арасында өздерін материалистік түсінік қанағаттандыра алмағандықтан осындай оқиғаларға жүгінетіндер көп. Тіпті бірнеше адамның басы қосылса болды әңгіме төркіні дереу әруақтың көрінуі, кеңес бергені, физика заңдылықтарына антифизиканың әсері, тіпті, кейбір әруақтардың ескерту жасағаны мен жол сілтегені яки адастырғаны сынды тақырыптарға ойысады. 
Сұрақ-жауап ауқымы мәселенің күллі тарихи аспектілерін яки бүгінгі таңдағы мистикалық теорияларды тегіс қамтуға келмегендіктен, кеңкөлемді мысалдармен тек реинкарнация сенімінің қайдан шыққандығына сәл тоқталып барып негізгі мәселеге көшкенді жөн көрдім.
Кей кісілер бұл сенімінің түбірі сонау ежелгі дәуірлерге барып тірелетіндігін алға тартады. Бұған бірқатар тарихи аңыздарды негіз етіп, Геродот келтірген хикаяларға бұлжымас шындық ретінде қарауда. Тіпті Овидийдің[2] шығармаларындағы аңыз-әңгімелерді дәлел ретінде көрсетуге тырысады.
Кейбіреулер жанның ауысуы тек адамдарда ғана емес, жан‑жануарларда, тіпті, өсімдіктерде де болады деп сенеді. 
«Жамкитинума» түсіндірмесі бойынша, реинкарнацияға сенетіндер рухтардың көшуі бүкіл әлемді қамтуы тиіс деп санайды. Жан адамдардың денелерінен өтіп, жан‑жануарларға, одан әрі қарай өсімдік әлеміне, тіпті, ақырында жансыздар мен жер асты кендеріне өтпек. Осылайша құрлықтан теңіздерге, теңіздерден құрлықтарға дейінгі аралықта үздіксіз ауысып тұрмақ. Араб тілінде жанның адамнан адамға өтуін «нәсх», өзіне лайық жануардың денесіне өтуін «мәсх», өсімдік пен ағаштарға енуін «рәсх», кендерге түсуін «фәсх» деп атайды.
Осындай ойдың қалыптасуында жалпыәлемдік рух түсінігінің әсері болған ба? Рухтың кірігуі мен астасып кете баруындағы ара қатынас қаншалықты?
Реинкарнация түсінігінің қалыптасуында осы екі қате пікірдің ролі болмаған деп нақты кесіп айту қиын. Тіпті, ағылшын эволюционисті Тэйлор реинкарнацияны әрбір жекелеген жанның мәңгілік екендігі түсінігімен байланыстырып қарайды[3]. Бұл түсінік бойынша ғасырлар бойы аталарына балалары мен немерелерінің бет-пішіні, бойы-басы ұқсауын да реинкарнациямен түсіндіруге тырысқан. Бүгінгі таңда ғана оның генетика заңына бағынатындығы анықталып отыр. 
Әуелде реинкарнация түсінігінің Ніл өзені жағасында пайда болғандығы айтылады. Ол мумиялардан, талай сырды ішіне бүгіп тұрған алып пирамидалардың құрылысынан сезілетін секілді. Египеттен Үндістанға, ол жерден ежелгі Грецияға тараған бұл көзқарас бір жағы философтардың сиқырлы сөз бояуына елітіп, бір жағы Ганга мен Инда өзендері аңғарында мекендейтін жұртшылықтың мәңгілікке құштар көңіліне жұбаныш болған тәрізді.
Бұл пікір Каббалистер арқылы кейінгі діндерге де өткен, тіпті кәламшылар қанша қарсы тұрғанына қарамастан кейбір сопыларға да жұққан. Реинкарна-цияға сенгендердің әрбірі түрлі дәйексіз дәлелдерді алға тартып отырған. Айталық, Каббалистер Тәураттағы Ниобтың тасқа, Лұт пайғамбардың әйелінің мүсінге айналуын және де кейінгі кезеңдерде еврейлердің кейбірінің маймылға, ал, кейбірінің доңызға айналуын дәлел етіп көрсеткен. Кейбіреулер жан‑жануарлардағы түйсік пен өсімдік әлеміндегі таңғажайып жүйе мен үйлесімдікті, ағашқа яки жан‑жануарға айналған адамдардың жаны басқарады деп ойлаған, барлық нәрсенің жаны, иесі бар деп түсінген. 
Бұл жаңсақ пікірдің жансыз заттар мен өсімдіктер әлеміне қатыстылығын былай қойғанда, адамдарға қатысты жағының өзі қаншалықты негізсіз екендігі сәл-пәл ой жіберген адамға тайға таңба басқандай анық көрінеді. 
Жансыз заттар мен өсімдіктер үшін арнайы бағдарлама әзірленіп, о баста тағдыр бекітілгені күмәнсіз. Солндықтан олардағы белгілі бір жүйе мен үйлесімдіктің себебін араларында бұрыннан өмір сүріп келе жатқан тәжірибелі рухтардан іздеу күлкілі һәм негізсіз. Мәселен, ағаш пен шөптердің өсімдікке тән тіршілігі бары рас, бірақ ол жамандыққа салынған я ізгілікке бет алған кісінің, я болмаса адам болуға бет түзеген рухтың белгісі емес.
Өсімдікте оны басқаратын тәжірибелі бір адамның рухы бар екендігі, адамның бұрын өсімдік яки жануар болып өмір сүргендігі жайлы дерек ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген. Алайда, бұл пікірді жақтаушылар әлгіндей негізсіз «дәлелдерге» сүйенеді. Әсілі, бір-екі есінен ауысқан адамның айтқан сандырағы болмаса, бұған келтірілген басқа дәлел естіген емеспіз.
Тәуратта айтылған Ниобтың – тасқа, Лұт пайғамбардың әйелі Эдитаның – тас мүсінге айналуы реинкарнацияға дәлел бола алмайды. Бұны мақұлдаған күннің өзінде, дене апатқа ұшырағанда жан одан шығып кеткен дейміз. Немесе жан күлге айналған, не лавалар атқылағанда астында қалып кеткен жансыз денелер тәрізді тас болып қатып қалған. Әлемде мұндай тасқа айналған қалдықтар көп кездеседі. Везувий вулкандарынан атқылаған лавалардан Помпей қаласының күлі көкке ұшқаны мәлім. Арада бірнеше ғасыр өткен соң жасалған қазба жұмыстарында сол аймақтан тасқа айналған көптеген Ниобтар табылған болатын. Яғни мұқият көз салғанымызда, олардың қатты азғындағандықтан Жаратушының қаһарына ұшырағандықтарын байқаймыз. Келешек ұрпаққа ғибрат мақсатында сақталып келген осы бір этнографиялық материалды реинкарнациямен түсіндіруге тырысу ешбір айғаққа сүйенбестен жасалған асығыс болжам әрі мәселеге тым үстірт қараушылық.
Реинкарнация – өлген адамдардың рухы басқа денелерге ауысатынын білдірсе, бұл жерде қай рух, қай денеге кірген? Шамасы, күнәға батқан қоғамның рухы бірден алынып, кейінгі ұрпаққа сабақ болу үшін денелері қара тасқа айналдырылған шығар. 
Египет, Греция және Ганга бойындағы реинкарнация иланымы ақыретке деген сенімнің бұрмалануынан, пенделердің мәңгілік өмір сүруге деген құштарлығынан барып туындаған.
Атонға сенген Египетте де, пифагорлық білімді ұстанған Грецияда да мұндай сенім болмаған. Атон бойынша, адам жер бетіндегі өмірін тәмәмдаған соң көкте жаңа бір өмір бастайды. Яғни, адам өлісімен дереу «үлкен сотқа» бару үшін көкке көтеріліп, Осиристің құзырына кіреді. Сол жерде рух былай есеп береді: «Құзырыңа күнәсіз кірдім, өмірімде діндарларға ұнамды барлық іс‑әрекеттерді жасадым. Қан төкпедім, ұрлық жасамадым, бүлік шығармадым, жаман мінез танытпадым. Зина жасамадым...». Осы сөздерді айтқан рух Осиристің тобына қосылады. Айта алмай мүдіргені, таразысы ауыр баса алмағаны тозаққа тасталып, азапталады.
Сондай‑ақ, Атон дініне қатысты сенім ақиқатын таныта білген кітаптарда мынадай тап‑таза пәк сенімді көреміз. «Сенің жасағандарың өте көп, бірақ көпшілігін біз көре алмаймыз. Ей, жалғыз Құдай! Сенің құдіретіңе ешкім шақ келмейді. Сен мына жерді қалауыңша жараттың. Сен жалғызсың. Адамдар және үлкенді‑кішілі жер басып жүрген барлық жан‑жануарлар һәм шарықтап ұшқан құстардың бәріне де лайықты жерді сен таңдайсың әрі күллі қажеттіліктерін де сен бересің... Барлық әсемдіктерді сен түрлендіресің, осылар арқылы барлық көздер сені көреді. Сен менің жүрегімдесің...»[4].
Профессор Брестедтің «Египет тарихы» атты кітабынан еш өзгеріссіз сол күйі келтіріліп отырған бұл сөздер осыдан төрт мыңдай жыл бұрын Египетте күмәнсіз ақиқат ретінде қабылданатын.
Грецияда да қайта тірілу мен рухтың өлмейтіндігі жөніндегі сенім берік болатын. Ұлы философ Пифагор да денесінен айырылған рухтың өзіне тән өмірі, жерге түспей тұрып та ғұмырының болғандығы, жер бетіне арнайы міндет арқалап келетіндігі, бұл жақта жамандық жасаса, өлген соң тозаққа тасталатыны, ал жақсылық жасаса, рухы кемелденіп, жоғары мәртебеге шығып, бақытты өмірге кенелетіндігін айтады. Бізге дейін жету барысында бұл ұғымдардың түрлі өзгерістерге ұшырайтындығын ескерсек, Пифагордың о дүниеге, қайта тірілуге байланысты сенім турасында шындыққа өте жақын пікір айтқанын көреміз.
«Республика» атты кітабында айтылған Платонның сөздері де осыған саяды. Платон бойынша, «Жан денеден ажырағанда тәнге қатысты тіршілікті біржолата ұмытып, ақиқатты ғана ойлауға бой ұрады. Осы халі арқылы ол өзіне лайық бір әлемге, хикмет пен мәңгілікке толы иләһи әлемге көтеріліп, сол жерде кемістіктер, қателіктер, қорқыныштар тіпті, өткінші дүниеде мазалаған махаббат мұңы мен ғашықтық күйіктерінен де арылып, ұлы бақытқа қол жеткізіп, салиқалы тақуалармен бірге болады».
Негізі әлгіндей айтылған пайымдағы ұлттардың сенімінде «реинкарнацияға» ұқсайтын пікірлер кездесіп жатса, оның бұрмалаушылықтан туғандығы айқын.
Реинкарнация сенімі Египетте тамырын жая отырып, кейіннен Ніл бойын жайлаған халықтардың жыр-дастандарынан көрініс тапты. Артынша грек философтарының әсіре боямалауымен келе-келе жер бетінің ортақ ертегісіне айналды.
Осы түсініктің шырмауынан шыға алмаған үнділер материяны – Брахманның ақырғы көрінісі деп ұғып, жан мен тәннің бірігуін – жамандыққа, кері кетушілікке балаған. Өлімді қайта – пендеуи кемшіліктерден арылу, рухани қуаныш пен бақытқа кенелу деп есептеген. Индуизмнің «Веда» кітабы бойынша, жан – Брахманның бір бөлшегі не ұшқыны болғандықтан денеден-денеге өтіп, түп негізіне оралғанға дейін түрлі қиындықтардан құтыла алмайды. Рух менмендіктен арылып, күллі жамандықтардан тазарып, бұлақтың өзенге, өзеннің теңізге асыққанындай Ұлы Жаратушыға қауышуға асыққанда ғана түпкі мақсаты – Қасиетті Мағрипатқа қол жеткізбек. Оған жеткенде Буддизмнің Нирванасы тәрізді толық бақытқа кенеліп, көңілі жай таппақ. Буддизмде талапсыздық пен солғындық басым болса, керісінше брахманизмде рухтың қарқындылығы байқалады.
Реинкарнация сенімін кейіннен яһудилер де қабылдап алған. Каббалистер арқылы Александрия шіркеуі тәрізді кейбір монастрларға кірген бұл пікір шиизмның «ғулат» ағымы арқылы кейбір мұсылман топтарға да аз да болса әсер еткен. Реинкарнация пікірі тараған барлық елдерде «хулул – иттихад» атты ортақ идея кездеседі. Ол – Құдаймен бірлесу, бірігіп кету пікірі. Тәңір адамның ішіне ұялап, әлгі адам Құдайға айналмақ. Осы түсініктің нәтижесінде Эхнатонизмде Эхнатонды Құдайға айналдырса, брахманизмде Брахманы, еврейлерде Үзәйірді (а.с.), христиан дінінде хазірет Исаны (а.с.), шиизмның Ғулат ағымы хазірет Әліні (р.а.) Құдайға айналдырып әлемдік деңгейде өте ірі қателікке ұрынды. Бұдан басқа да кейбір сопылар-дың сөздерінде осыған ұқсас бұлыңғыр мағыналар кездеседі. Бұлар – шамасы әдейі бұрмаланған я болмаса байыпты түсіндірме қажет ететін рәміздер.
Суннит ғұламалары, атап айтқанда, хадисшілер, фиқыһшылар, тәпсіршілер, кәләмшылар – бәрі де бұндай бұлдыр түсініктің Ислам негізіне қайшы екендігін бірауыздан құптайды. Исламда әрбір адам өз тағдырымен өмір сүріп, өз жазмышы арқылы өліп, өз амалы арқылы қайта тіріледі. Одан кейін өз істеген ісіне ғана жауап беретін болғандықтан реинкарнацияны теріске шығарған.
Мәселені ұғынықтырақ ету мақсатында төмендегі мәселелерді айшықтап өткен дұрыс деп санаймыз. Иә, төмендегі мәселелерге зер салсақ, реинкарнация түсінігін қабылдау мүмкін емес.
Бірінші, «хашыр» (о дүниеде қайта тірілу) сенімі тұрғысынан әр адам өзінің қалай өмір сүргеніне қарай есеп бермек. Ендеше, мыңдаған дене ауыстырған рух қай денесімен қайта тіріліп, қай денесінің амалына қарай жаза яки сауап алмақ?!
Екінші, бұл дүние сынақ үшін жаратылған. Сынақ ғайыпқа иман негізінде іске аспақ. Келесі өмірде жаман мақұлықтың денесіне кіру арқылы жасаған жамандықтарының жазасын тартқан рух осы бір азаптан құтылу үшін денеден денеге өтуді тоқтату жолын жанталасып іздей бастайды. Яғни туындаған мәселе ешқандай да ғайып болмай қалады. Ал бұл болса реинкарнацияның өз-өзіне қайшы келіп, өз ойларын өзінің жоққа шығаруы деген сөз. 
Үшінші, әр адам толық бақытқа жету үшін рухтардың осындай ауыр да азапты жолдан өтуін қажет деп санаса, онда Аллаһ тағаланың залымдарға жаза, ізгілерге сый‑сияпат беру уәдесі іске аспайды. Ұлы Жаратушы жайында бұлай келте ой түю −қателік әрі адасушылық. 
Төртінші, Құран және қасиетті кітаптарда күнә-лардың кешірілетіндігіне қатысты айтылған сөздер − жанның денеден-денеге ауысып азап шегуінің мәнсіз екенін көрсетуде. Рақымы шексіз Ұлы Жаратушыға лайықтысы да осы. Көп дене ауыстыратын қиыншы-лығы мол, соқтықпалы, соқпақты реинкарнация тәсілінен гөрі адам рухының мәңгі бақытқа кенелетін ең биік дәрежесі «Нирвана» деп есептегендіктен, Будда брахманизмнің азап тартушыларын осы жолға шақыруда.
Ал Исламда кешірілмейтін күнә жоқ. Аллаһ тағала тәубе етушілердің бәрінің де күнәларын кешіретіндігін уәде етуде. Ол күнәнің көбіне де, азына да, тіпті ақтық сәтіне дейін күнәға батуына да қарамайды. Күллі ғұмырын күпірлікпен өткізген бір күнәһар пенде ақтық сәтінде тәубе етіп, Хақ тағаланың рақым-шапағатына бөленуі бек мүмкін...
Бесінші, сондай‑ақ, рухани дәрежесін көтеру үшін реинкарнацияда ұзақ уақыт ауыр да азапты сапар шегу мәселесі −Хақ тағаланың жеке ілтипат пен рақымына қайшы. Өйткені, ол қалаған кезде түкке тұрмас заттың өзін саф алтынға айналдырып, бәрінен де бағалы ете алады. Бұл − Оның ерекше рақым-шарапаты.
Алтыншы, пайғамбарларға ергендер арасында бұрынғы өмірі жамандыққа толы адамдар бар еді. Соған қарамастан солардың арасында дінді қабылдаған соң әулиелердің өзін артта қалдыратындай өте биік рухани мәртебеге көтерілгендері аз болмаған. Бір дегеннен осындай серпіліс арқылы толық адам деңгейіне жету – Аллаһ тағаланың шарапатының белгісі әрі бұл рухтың кемел адам деңгейіне жетуі үшін денеден-денеге көшуінің орынсыз екендігін көрсетеді.
Жетінші, әр дененің өзіне тән жеке бір рухы бар деп қабылдау − Аллаһ тағаланың жарату құдіретінің шексіздігін мойындаудың белгісі. Ал санаулы рух қана жаратып, оны қисапсыз денелерге алма-кезек жүгіртіп қою – Жаратушының құдіретін шектеушілік. Осы тұрғыдан да реинкарнация сенімінің қисынсыз екені өзінен өзі байқалуда.
Сегізінші, жер бетінде өмір сүрген алты миллиард адамның тым құрыса бірнеше миллионының бойында алдыңғы тіршілік еткен тәніне қатысты кейбір ұқсастықтар, ерекшеліктер болуы қажет емес пе? Тым құрыса, кей кісілерде бірнеше рет дүниеге келіп-кеткенде қалыптасқан бір ұғым-түсінік пен ділі сақталып қалмай ма? Бұндай кісілер мың да біреу болғанның өзінде миилиардтаған адамның ішінде олар әлемнің кез-келген жерінен ұшырасуы керек еді ғой. Бірақ, қайда олар?
Тоғызыншы, егер қоғамның түрлі саласында бұрынғы рухпен өмір сүрген адамдар болса, төрт‑бес жасқа келгенде алдыңғы өмірінде жинаған қарым-қабілеттері мен өзіндік тәжірибесін байқатуы керек қой? Бұған қатысты осы күнге дейін бірде‑бір нақты мысал келтіру мүмкін бе? Ал кей данышпан кісілердің бойынан көрінген тосын жайттар бұрынғы өткен рухтардан жинақталған дайын мағлұмат емес, Жаратушы берген қасиеттен не ерекше тума дарындығы арқылы терең пайымдаудан пайда болады.
Кейбір танымы таяз жандар мен кей газеттердің дүдәмал мәліметтерінен басқа әлі күнге дейін кез-келген дененің өзге біреудің рухымен өмір сүріп жүргендігіне қатысты нақты дәлел келтіру мүмкін емес.
Оныншы, өзге тіршілік иелерінің бойынан адамға тән ерекшеліктерді көрсететіндей белгі табылмаған. Алайда кейіннен қаншалықты төмен дәрежедегі денеге қонса да рух алдыңғы тәнінде жүріп игерген кейбір қасиеттерін байқатуы тиіс еді. Ботаника саласы ғалымдарының қаншама зерттеулеріне қарамастан әлі күнге дейін реинкарнацияға қатысты бірде‑бір белгі табылмаған.
Сөз түйіні, реинкарнация − ежелгі қауымдарда көп бұрмалауға ұшыраған сенім. Қазіргі заманда жын-шайтандардың адамдарды алдап, басқа денелерге кіріп көрінгендіктері болмаса бұған дәлел боларлық ешқандай жайт жоқ. Осы тұста Пайғамбарымыздың «Шайтан адамның қан тамырларында жүреді»[5] деген сөзін еске алсақ, оның жүрек пен санаға да әсері барын біліп, реинкарнацияның мәнсіздігі қайдан туатынын анағұрлым жақыннан ұға түсеміз. Ешқандай тәжірибеге сүйенбейтін, не қисынға келмейтін, әсіресе уахи арқылы қуатталмаған мұндай пәтуасыз көзқарасқа бүкіл мақлұқат ішіндегі ерекше абырой иесі болып жаратылған адам баласының илануы мүлде қисынсыз.
Анығы бір Аллаһ тағалаға ғана аян.

Сілтемелер

[1] Оккультизм (лат. occultus – жасырын, қастерлі) – дүниеде аса құдіретті, ғылыми зерттеуге келмейтін ғажайыптар мен күштердің бар екенін мойындайтын және солармен өзара іс-қимылдың ерекше «практикалық» әдістерін жасайтын ілімді білдіретін термин.

[2] Овидий Публий Назон (43 ж. б.з.д. – 17.) – римдік ақын. Әлемдік құбылыстардың жаңа пішінге айналғаны жайындағы грек-рим аңыздарын көркем өңдеуден өткізгенді ұқтыратын «Метаморфоз» секілді бірқатар поэма жинақтарының авторы.

[3] Тэйлор Э.Б. Первобытная культура. М., 1989.

[4] A. History of Egypt, 371-376, Prof. Breasted, ауд: Ö. R. Doğrul

[5] Бухари, Ахкам 21, Бәдул‑Халқ 11; Әбу Даууд, Саум 78

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.