Бес уақыт намаз оқу парыз екені белгілі. Сонда алты ай түн, алты ай күндіз болатын полярлық аймақта намаз қалай оқылады?

Бұндай сұрақты кімнің қандай ниетпен қоятынын білмейміз, әрине. Осы күнге дейін бұл сұрақты қойып келгендердің көбісі Ислам дінінің әлемдік дін екендігін мойындамаған жандар болғаны рас. Олар: «Сендер «Ислам − әлемдік дін» дейсіңдер. Бірақ, намазы бар, оразасы бар, түні де, күндізі де алты айға созылатын полюстерде бұл дінді қалай ұстанбақсыңдар?» – деп мысқылдайтын.
Төтесінен айта кетейін, мейлі (экономикалық болсын) әлемдегі ешбір жүйе әсте Исламның әлемдік деңгейіне жете алмайды. Қазіргі таңда бірегейліктен жұрдай мың сан кемшілігі бар «жүйелер» көз алдымызда. Бұлардың арасында тіпті негізін қалаушылардың көзі тірі кездің өзінде бірнеше рет қайта түзетілген теориялар бар. Мысалы, Маркс экономикалық жүйесін Энгельспен бірге бірнеше мәрте қайта қарап шығып өзгеріс енгізгенімен, кейіннен қайта қаралып, әлі күнге дейін өзгертулер енгізілу үстінде.
Мұндай кемістік кез-келген экономикалық жүйеде орын алғаны секілді бұрын-соңды болған өзге жүйе-лерде де көптеп кездеседі. Себебі бұл −адам табиғатына тән ақаулық.
Мен осы салыстыру арқылы бұл сұраққа тым жеңіл-желпі қарап я жауаптан жалтарып тұрғаным жоқ. Бірақ, амал нешік, кейбіреулер бүкіл нәрсені материалистік-диалектика шеңберінде ғана пайымдағандықтан, бізге де осы тұста осы методологияны қолдана отырып түсіндіруге тура келді...
Екіншіден, ғаламдық деңгейдегі Ислам дінін сынға алатындай жер бетіндегі халықтардың қанша бөлігі полярлық аймақта өмір сүріп, діни міндетін атқаруға қиналуда? Миллионның бірі де емес қой. Ендеше, жер бетіндегі халықтардың бәрін бір шетке ысырып қойып, полюстегі бірнеше адамның жеке мәселелерін желеу етіп, Ислам дініне қатысты күмән тудыруға тырысу ғылымилыққа және жалпы адамгершілікке жата ма?!
Дей тұрғанмен Ислам діні бұл тақырыпты да жауапсыз қалдырмаған. Иә, мұсылмандықтың сонау алғашқы ғасырында-ақ бұл мәселенің жауабы хадис арқылы шешілген. Имам Муслимнің «Сахих» және Ахмәд ибн Ханбәлдің «Муснәд» атты хадис жинақтарында Пайғамбарымыз бен сахабалар арасында мынадай әңгіме өрбиді. Пайғамбарымыз: «Адамдар діннен көптеп бет бұрып жатқан кезде тажал (дәжжәл) шығады». Басқа бір хадисінде: «Ол шығыстан көрініп қырық күнде жерді бұ басынан о басына дейін аралайды. Оның бір күні сендердің бір жылдарың... Ал кейбір күндері сендердің бір айларың. Келесі бір күні бір апталарың, қалған күндері сендердің бір күндерің тәрізді» дейді. Сонда сахабалардың бірі: «Бір жылға созылған сол күнде бір күндік намаз жеткілікті ме?»,– деп сұрайды. Ол: «Жоқ, өлшеп, есептейсіңдер»[1],– деп жауап қатады. Яғни, бұл ұзақтығы бір түн мен күндізді құраған айлар мен апталарды жиырма төрт сағаттық күндерге бөліп, құлшылықтарыңды соған орай жасайсыңдар дегенді білдіреді.
Кейіннен бұл мәселені фыкыһ ғалымдары қолға алып, (Шафиғидың «Әл‑Умм» кітабынан бастап, оның мәзһабындағы «Минһаж» атты кітапқа дейін, сондай‑ақ, ханафилардың ең көне кітаптарынан бастап «Тахтауидың» түсіндірмесіне дейін) әбден талқыдан өткізгеннен кейін оқырмандар назарына ұсынған.
Аталмыш тақырып кітаптарда уақыттардың намазға себеп болу бөлімінде түсіндіріледі. Біз бұл жерде тек қана тақырыпқа қатысты жағын ғана қозғаймыз.
Уақыттар − намаздардың өтелуінің негізгі себептері. Уақыты келмесе намаз да парыз болмайды. Мысалы, бір жерде құптан намазының уақыты кірмесе, құптан намазы міндеттелмейді. Бірақ, бұл қағида күннің белгілі бір уақыты болмаған жерге қатысты айтылған. Болмаса, тажал туралы хадисте айтылғандай жылдың басым бір бөлігі түн яки күндіз болған жерлерде күндеріміз бен түндерімізді өлшеміне қарай бөліп, есептеп құлшылықтарымызды сол уақытқа сай орындаймыз. Яғни сол аймаққа жақын жердің уақытын пайдаланып, күн мен түнді арнайы бөлімдерге бөліп, түнде жасайтын құлшылықты түнгі уақытта, күндіз жасайтын ғибадаттарды күндіз орындаймыз. Яғни, күнделікті тамаққа, тынығуға, жұмысқа т.б. арнайы уақыт бөлу секілді.
Иә, айлар бойы күннің батпайтын яки шықпайтын аймақтарында жаратылыс заңдарына қалай бағынсақ, ораза, намаз және қажылық тәрізді құлшылықтарда да өмірімізге лайықты түрде дәл сол тепе‑теңдікті сақтауымыз қажет.
Қысқасы, Ислам бұл мәселені де көзден таса қалдырмай, полюстерге ең жақын бес мезгілдік намаз уақыты бар аймақтың намаз кестесін пайдалануды ұсынған.
Бұл жерде басқа бір мәселені де айта кеткен жөн болар деп ойламыз. Уақыт дәл анықталмаған жерде қалай намаз оқу мәселесі. Иә, уақыттар намаздардың өтелуінің себебі деп көрсетілсе де намаздың негізгі себебі − Аллаһ тағаланың әмірі. Сондықтан да уақытты анықтау қиынға соғатын кей жерлерде сол намаздың қазасын басқа уақытта өтеген абзал.
 Ақиқатын Аллаһ тағала ғана біледі.

Сілтемелер

[1] Муслим, Фитән 110; Ахмад бин Ханбәл, әл-Муснәд, 4/181

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.