Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм)көп әйел алуының мәнін түсіндіріп бере аласыз ба?
Ең алдымен айта кету керек, бұл мәселе туралы алып-қашпа сөз таратып жүргендердің ілім іздеп, ой қорытатын жандар екеніне күмәнім бар. Егер сәл-пәл көңіл бөліп, ізденіп «Мағази» мен «Сиәрді»[1] оқып көрсе, өздерін ұятқа қалдырар мұндай жөнсіз сұрақты қоймас еді.
Маған бұл сұрақ осы уақытқа дейін бес-алты жерде қойылды. Әр сұраған сайын шамамның келгенінше азды-көпті ұғындыруға тырыстым. Бұл жолы да есімде қалғанынша түсіндіріп көрейін.
Пайғамбарлар сұлтаны Ардақты елшінің неке қидыруының өзіндік көптеген қыр-сырлары бар. Атап айтқанда, олар: оның өзіндік ерен тұлғасына, көзделген ұлық мақсаттарына, кейбір мәжбүрліктің тууына, ақырғысы әйелдерінің жеке бас жағдайларына қатысты мәселелер. Енді кезекпен осы мәселелерге талдау жасайық.
Әуелі мәселенің осы бір пәк тұлғаның өзіне қатысты жағын қозғамақпын. Ең алдымен мынаны ескерген жөн: ол жиырма бес жасқа дейін үйленбеген. Климаты ыстық жердің өзіндік ерекшеліктерін есепке алсақ, бұл хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) арды қаншалықты биік қоя білгенін, нәпсіге болаттай беріктігін, жанкешті жігерлілігін көрсетеді. Егер осы тұста шалт басып, сәл бір осалдық танытқанда, дұшпандары жерден жеті қоян тапқандай жер-жаһанға жар салып, бетке басқан болар еді. Алайда, адам айтқысыз небір жала жабуға беті шімірікпеген ата жаулары осы уақытқа дейін бұл жөнінде жақ аша алмаған.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) алғаш рет жиырма бес жасында үйленген. Бұл неке Аллаһ тағала мен Әз елші үшін тым қадірлі еді. (Хадиша бұрын екі рет тұрмысқа шыққан, жасы қырыққа келген әйел болатын). Жиырма үш жылға жалғасқан осы бір киелі шаңырақтың баянды бақыты пайғамбарлықтың сегізінші жылы үзіліп, көкіректе орны толмас қасірет тастап кеткені белгілі. Жиырма бес жасқа дейінгі жалғыздық Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) басына қайта орнаған-ды. Отбасы-ошақ қасында бала-шағасымен өткізген жиырма үш жылдық бақытты ғұмыр лезде түгесілгенде, төрт-бес жыл салт басты өмір сүруге тура келді. Бұл кезде жасы елу үшке толған.
Кейінгі некелесулері осы егде тартқан шағында орын алған. Сондықтан климаты ыстық аймақта елу бес жастан асқан егде тартқан адамның үйленуін нәпсіқұмарлыққа жатқызу орынсыз.
Ендігі бір мәселе «пайғамбарлық» міндетті орындаудың көп әйел алуға қатысы турасында болмақ. Мұны да бір-екі ауыз сөзбен түсіндіре кетейік.
1. Алдымен мынаны жақсы білген дұрыс: осы мәселені тілге тиек етіп жүргендер көбінесе ешбір дінге сенбейтін, белгілі бір ұстанымға бас имейтіндер. Олардың көп әйел алу мәселесіне уәж айтып, сын тағатындай құқықтары да жоқ дер едім. Неге десеңіз, өздері заңды да, құқықты да белден басып, көрінген әйелмен қойындасып, тіпті өз жақын туысқандарымен некелесуді де ерсі көрмейді. Немесе бұлар христиан, еврей тәрізді кейбір өзге дін өкілдері болуы мүмкін. Бірақ бұлардың да кінә тағуы орынсыз. Өйткені, христиандардың қасиетті Інжілі мен еврейлердің Тәурат кітаптарында олар пір тұтатын көптеген пайғамбарлардың көп әйел алғандықтары жазылған. Айталық, Сүлеймен (а.с.) де, Дәуіт пайғамбар да көп әйелмен некелескен. Сондықтан да, көп әйел алуды Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бастағандай орынсыз шүйлігу қате. Керек десеңіз, көп әйел алу пайғамбарлыққа оғаш қылық емес. Пайғамбарлық міндеті тұрғысынан қарағанда «көп әйел алудың» қайта өзіндік пайдалары да болған. Бұған төменде жеке-жеке тоқталмақпын.
Иә, көп әйел алу әсіресе Аллаһтың жарлықтарын жеткізген пайғамбарлар үшін бір қарағанда зәрулік болғанын аңғарғандаймыз. Өйткені, отбасы өміріне, сондай-ақ ерлі-зайыптыларға қатысты ішкі мәселелер төңірегінде діннің қандай үкімдері барын сол шаңырақтағы некелі зайыбы ғана жақсы білген. Бұларды жұмбақтап я астарлап жеткізу ұғымға салмақ туғызатындықтан осы тұрғыда дінді ашық түсіндіре алатын тәлімгерлер керек болғаны анық.
Осы себепті қасиетті табалдырықты аттаған пәкиза жарлары әйелдер қауымына дінді дұрыс жеткізу тұрғысынан Пайғамбарымыз үшін, пайғамбарлық міндет үшін, әрі әйелдер қауымы үшін де аса бір қажеттілік болып табылады.
2. Келесі бір мәселе әйелдерінің жалпылама жағдайына қатысты.
Жарларының жас мөлшері жағынан әркелкілігі: үлкен, орта, кіші жастағылардың кездесуі әр жас шамасындағы ерекшеліктерді ескеретін діни үкімдерге негіз болған. Бұл Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) шаңырағындағы осы пәк ханымдар арқылы жүзеге асқан.
Әйелдерінің әр рудан болуының да өзіндік пайдалары бар еді. Қай тайпадан қыз алса, әуелі сол тайпада, кейіннен Ізгі кісімен (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) туыстық орнат-қан бүкіл тайпалар арасында тамырын тереңге тартқан сыйластық, өзара құрмет оянған. Әр ру оны іш тартып, діннен бөлек туыстық арқылы да Пайғамбарымызға жылы шыраймен қарай бастаған.
Өзінің көзі тірі кезінде әрі бұл өмірден өткеннен кейін де әр рудан алған әйелдері өз руына дінді насихаттаған. Алыс-жақын ағайындарына хазірет Ахметтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) ел ішіндегі, үй ішіндегі қасиеттерін танытқан. Осының арқасында Құран, тәпсір, хадис ілімін үйреніп, сол рудың адамдары исламның негіздеріне тереңірек бойлаған.
Осындай некелесу арқылы Хақ нәби бүкіл араб түбегімен етене жақындық құрып, әр шаңырақтың құтты қонағына айналғандай еді. Барша жұрт туыстығы арқылы оған бір табан жақындап, дінді түп негізден үйрену мүмкіндігіне ие болды. Бұған қоса, жекелеген ру-тайпалар өздерін Пайғамбарға жақын туыс санап, бұны мақтан тұтты. Махзум руы – Умму Сәләмә арқылы, Омаяттар – Умму Хабиба арқылы, Хашимиттер – Зейнеп Жаһшқызы (р.а.) арқылы өздерін Пайғамбарға жақын есептеп, бұны бұйырған бақыт деп білді...
3. Бұл жерге дейін айтылғандар жалпылама әрі кей тұста өзге пайғамбарларға да қатысты еді. Енді жеке тұрғыда Пайғамбарымыздың әр жарына өз қадір-қасиеті шеңберінде тоқталмақпыз:
Иә, бұл жерде де пенденің ойы уахидан қуат алған Пайғамбар парасатымен салыстырғанда тым төменде екеніне көз жеткіземіз. Басқаша айтар болсақ, адамзаттың ақыл-санасы пайғамбарға тән ұлық парасат алдында бас иеді.
Алғашқы әйелі ардақты Хадиша (р.а.) анамыз болған. Өзінен он бес жас үлкен осы әйелмен құрған отауы өзгелер үшін үлкен өнеге іспетті. Жарларына адалдық танытып, өмір-бақи сыйлап өткені сондай, өмірден озғаннан кейін де Хадишаны (р.а.) көкейінен шығармай үнемі есіне алып отырды.
Хадиша анамыз бақилық болғаннан кейін Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) төрт-бес жыл үй-ленбеді. Қолына қараған шиеттей жетімектерінің бар қиыншылықтарын көтеріп, әке де, шеше де өзі болды. Егер әйелқұмар жан болса (Құдай сақтасын!), ол осылай жасар ма еді?
Пайғамбарымыздың келесі жары[2] – өзінің ең жақын досы Әбу Бәкірдің қызы Айша (р.а.) еді. Бұл ғұмыр бойы өмірдің бар ыстық-суығын өзімен бірге бөліскен жан досына деген Пайғамбарымыздың жасаған ерекше сыйы болғандай. Дүниедегі бүкіл туысқандықтар аяқталатын ақырет күнінде Ізгі елшінің жанында болу мәртебесі осы мұқалмайтын туыстық жақындық арқылы ғана жүзеге аспақ еді. Міне, Әбу Бәкір қызы Айшаны Пайғамбарымызға некелеу арқылы екі дүниеде де оған жақын тұру мәртебесін иеленді.
Бұған қоса, Айша (р.а.) зерек, алғыр, ерекше сұңғылалығымен Пайғамбарымыздың бастаған ісін сенімді түрде жалғастыра алатындай қабілетте еді. Тұрмыстағы кезінде әрі Пайғамбарымыз көз жұмғаннан кейінгі атқарған еңбегі шын мәнісінде оның тек әз Пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) жар бола алатындай деңгейдегі жан екенін дәлелдеді. Өйткені, ірі хадисші, ғажап тәпсірші әрі қайталанбас фықықшы ретінде көзге түсіп, Пайғамбардың ішкі-сыртқы мәселелердегі жай-күйін өте жақсы білетіндігімен ерекшеленді.
Осы себепті, Айшамен (р.а.) бас қосатындығы Пайғамбарымызға түсінде аян арқылы сездіріліп, Айша анамыз уыздай жас күйінде пайғамбар шаңырағына қадам басқан еді.
Айша (р.а.) осылайша Әбу Бәкір (р.а.) абыройы-ның асуына себепкер болумен қатар, әйел қауымы-нан шыққан Пайғамбарымыздың алғашқы алғыр шәкірттерінің бірі ретінде болашақ тәлімгерлікке, ұлағатты ұстаздыққа дайындалып жатқандай еді. Осы тұрғыдан қарағанда ол құтты шаңырақтың табал-дырығын әрі аяулы жар, әрі ұстаз тағылымын көруге келген шәкірт есебінде аттаған.
Жарларының тағы бірі – Махзум руынан шыққан алғашқы мұсылмандардың қатарындағы Умму Сәләмә анамыз (р.а.). Дінсіздер Меккеде күн көрсетпегендіктен ол алғаш Эфиопияға, кейіннен Мәдинаға хижрат жасаған.
Осы тар жол, тайғақ кешуде оның өзіне сүйеніш бола білген Әбу Сәләмә атты күйеуі бар еді. Умму Сәләмә үшін өмірлік қосағы әлемдегі теңдессіз жан болатын. Бар ауыртпалықтарды қайыспай бірге көтерген күйеуі Мәдинада көз жұмғанда, жас балаларымен аңырап жесір қалды. Туған елінен жырақта бірнеше жетім баланы бауырына басып, тағдыр тауқыметін арқалап жүрген шағында, көмек қолын алғаш Әбу Бәкір, кейіннен Омар (р.а.) созды. Бірақ, Үмму Сәләмә екеуінің де ұсынысын қабылдамады. Өйткені, жан жары Әбу Сәләмәнің орнын өзге ешкім толтыра алмақ емес еді.
Ақыр соңында, Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) өзі оған үйленуге ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс та орынды еді. Неге десеңіз, дін үшін ешбір қиындыққа мойымаған, көп жыл араб ақсүйектерінің арасында өмір сүріп келген өжет мінез әйелді жалғыз қалған шағында қара басын қаңғыртып қараусыз қалдырмау керек еді. Әсіресе, Исламға деген ықыласы мен адалдығын, ауыртпалықтарға танытқан сабырлылығын ескерсек, оған қамқорлық танытудың қажеттігі ап-айқын аңғарылатын. Міне, Хақ пайғамбардың оны өзіне некелеуінің астарындағы мән-мағына осында жатты. Жастайынан қанына сіңісті қорғансыздарға қарасып, жетімдерге қол ұшын созу секілді жанашырлықты сол заманның жағдайына қарай Пайғамбарымыз осылай іске асырған.
Айша (р.а.) секілді Умму Сәләмә (р.а.) да парасатты, жігерлі әйел еді. Болашақта ұстаздық етуге әбден-ақ лайық болатын. Сондықтан, Пайғамбарымыз оны бір жағы аялы қамқорлығына ала отырып, екінші жағынан әйелдер әлеміне үлгі ету үшін ілім медресесіне шәкірт ретінде қабылдаған.
Болмаса, алпысқа таяп қалған Хақ пайғамбардың көп балалы жесір әйелді алып, өзін ауыртпалыққа салуын басқаша түсіндіру қиын. Бұны әсіресе, нәпсіқұмарлық я әйелқұмарлыққа жатқызу тіптен қисынсыз.
Келесі әйелі – ұзақ жыл Исламмен жауласып келген Әбу Суфиянның қызы Рәмлә (Умму Хабиба) (р.а.). Мұсылмандықты алғаш қабылдаған ең алдыңғы қатарлылардың бірі еді. Ол Меккеде көп қағажу көрген, алғашқы жылдары Эфиопияны паналап, сол жақта ерінің христиан дініне өткеніне, артынша қайтыс болғанына қатты қайғырып, көп жапа шеккен әйел болатын.
Ол кез біреуге қол ұшын беріп, ауыртпалықтарын қоса көтеретіндей заман емес, сахабалардың сан жағынан әлі аз, қатты кедейшіліктегі тұсы еді. Осындай балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен қиын-қыстау шақта хазірет Умму Хабиба не істемек? Христиандық-ты қабылдап телміріп солардан көмек сұрай ма, жоқ күпіршілікте жүрген әкесінің қолына бармақ па? Әлде тентіреп қайыр тілеп кете ме? Дініне берік, өзі ақсүйек, бай жерден шыққан әйел мұның бірін де жасай алмас еді. Мұндайда, жалғыз ғана жол бар. Ол – осы мәселеге Пайғамбарымыздың өзі араласып, дертке дауа табуы.
Умму Хабибамен (р.а.) некелесудің түп төркіні осында жатты. Дін жолында ерге бергісіз қайсар мінез танытып, барлық қиындықтарға төзе білген, елінен шалғай жүрген, күйеуінің діннен безіп, артынша өлім құшқанына қатты құлазыған уақыттарында Пайғамбарымыздың Нәжәшиге өтініш жасауымен ақ некесін қидыруын қандай сөкеттікке жатқызуға болады?! Бұған сын тағу былай тұрсын, «әлемдерге рақым ретінде жіберілгендік» міндетін іске асырғаны үшін қайта Пайғамбарымызға дәл осы тұста терең құрмет көрсету қажет.
Бұған қоса, бұл өжет мінезді әйелдің де болашақта мұсылмандардың өрелі өміріне қосар үлес-салмағы көп еді. Сол себепті, ол да әрі аяулы жар, әрі алғыр шәкірт ретінде құтты шаңырақтың бір құрметті мүшесіне айналған болатын.
Осы некенің арқасында Әбу Суфиянның отбасы да Пайғамбар шаңырағымен жақын араласу мүмкіндігіне ие болып, баяғыдай емес Исламға жылы қабақ таныта бастады. Бұл тек Әбу Суфиянның жанұясымен шектелмей, күллі Омаяттар әулетіне әсер еткендей оқиға еді. Умму Хабибамен некелесудің арқасында тоңмойындықта алдына жан салмайтын осы бір жанұяның адамдары барынша жұмсарып, ізгілікті мақұлдайтындай дәрежеге жетті.
Құтты босағаны аттағандардың және бірі Жаһшқызы Зейнеп (р.а.) болатын. Ақсүйек тұқымынан шыққанына қарамастан өте биязы мінезді Зейнеп Пайғамбарлар Сұлтанының жақын туысы әрі көз алдында өскен қыз еді. Зәйітті (р.а) үйлендірмек ниетпен Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) алғаш Зейнепке құда түсіп барғанда, үй-іші тосырқап қалған. Іштей оны Пайғамбарымызға лайық көретіндей сыңай танытып еді. Ақырында Пайғамбарымыздың қатты қолқа салуымен қыздарын Зәйіт ибн Харисаға беруге ризашылықтарын білдірген.
Зәйіт о баста тұтқында жүргенде Хадиша анамыз босатып, кейіннен Пайғамбарымызға сыйлаған құл болатын. Бірақ Пайғамбарымыз оны асыранды бала есебінде бауырына басқан. Осы неке арқылы[3] Пайғамбарымыз адамдар арасында тепе-теңдік орнатуды қалап, бұл ауыр істі неде болса өз жақындарынан бастаған-ды. Бірақ, Зейнептей (р.а.) ерекше жаратылған асыл жан бұйрыққа бойсұнып тұрмысқа шыққанмен, бұл некенің ұзаққа бармайтыны сезілді. Зәйіт те бұл бақыттан баян таппай, жұп жарастыра алмағанына іштей күйзелумен жүрді.
Пайғамбарымыз Зәйітті жанұя бірлігін бұзбауға шақырып, сан мәрте райынан қайтаруға тырысса да ақыр соңында екеуі амалсыз ажырасты. Дәл осы тұста Жебірейіл (а.с.) келіп, Пайғамбарымызға иләһи жарлықпен Зейнепті өзіне некелеуді нұсқаған бұйрықты жеткізді. Бұл тым ауыр сынақ еді. Өйткені, бұл бұрын-соңды болмаған әрі халықтың арасында әбден тамырын жайған салт-санаға жалғыз өзі қасқая қарсы тұрып, соғыс бастау дегенді ұқтыратын. Аллаһ тағала әмір еткені үшін ғана жасамаса, бұл тым ауыр сынақ еді. Жаратқанға құл болудың мәнін терең түсінгендіктен Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) өзіне батпан салмақ бұйрыққа көнді. Хазірет Айшаның да айтқанындай, егер Пайғамбарымыз өзіне түскен уахилардың бірін жасырып қалмақ болса, Зейнепке үйленуді бұйырған аятты жасырар еді. Иә, Хақ пайғамбарға бұл өте жайсыз тиді...
Осы бір пәкизат әйелді Пайғамбарға үйлендірудегі иләһи хикмет оған да терең ілім игертіп, ұстаздыққа дайындау еді. Солай болды да! Зейнеп кейінгі өмірінде Пайғамбар жарына тән қасиеттердің баршасын бойына сіңіре білді.
Жаһилия заманында асыранды бала туған баладай саналып, оның әйелі келін ретінде қабылданатын. Ескіліктен қалған бұл әдеттің жойылуы алғаш рет Пайғамбарымыз арқылы іске асты. Аллаһ тағала «Асыранды бала туған баладай болмайды, «балам» деп бауырға басқандарыңның алған әйелі келінге жатпайды»[4], – деп үкім түсірген.
Пайғамбарымыздың Зейнеппен бас қосуының басқа да қырлары бар, дегенмен сұрақ-жауап шегінен аспау үшін өз алдына кең талқылана жатар деумен әзірге осы жерден ат басын іркиік.
Қасиетті шаңыраққа құтты қадам басқан бақытты жандардың бірі – Харисқызы Жуәйрия (р.а.). Рулас-тармен болған ғазауат соңында әйел-еркегі түгелдей мұсылмандардың қолына тұтқынға түсті. Әлбетте, осындай сын сағатта Жүәйрия (р.а.) тауы шағылып, көңілін мұң басқан кезі еді. Ақсүйек тұқымынан шыққан қайратты әйелді Пайғамбардың құзырына әкелгенде, тұла бойының ашулы кекке тұнып тұрғандығы да байқалмай қалмап еді.
Міне, осы сәт биік парасат иесі Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) мәселенің ең оңтайлы шешімін тапты. Жуәйрия Пайғамбарымызға жар болу арқылы демде «мұсылмандардың анасы» деңгейіне көтеріліп, сахабалардың құрметіне ие болды. Әсіресе, сахабалар «Аллаһ елшісінің туыстарын тұтқында ұстай алмаймыз» деп қолдарындағы тұтқындарды тегіс азат еткенде, Жуәйрияның да, руластарының да көңілі иіп, қатқан жүректері жібіді.
Байқасаңыздар, алпысты алқымдап қалған жастың өзінде Пайғамбарымыз осы үйленуімен көптеген күрделі мәселенің түйінін тарқатып, шырғалаң шақта алауыздықтың алдын алып, татулықтың саф самалын естірген.
Асыл шаңыраққа мүше болу бақытына ие болғандардың қатарында Сафия Хуәйқызы (р.а.) да бар болатын. Ол Хайбар әміршілерінің бірінің қызы еді. Атақты «Хайбар» шайқасында қатарынан әкесі, бауыры, ері ажал құшып, руластары тұтқынға түскен болатын. Осы себепті Сафияның мұсылмандарға деген қанды кегі бар еді. Кейіннен ақ неке қиылып, Пайғамбарымызға жар болу мәртебесіне көтерілгенде әрі сахабалардың әрбірі «анам» деп құрметтегенде, сондай-ақ, Пайғамбарымыздың ерекше кемеңгерлігінің алдында хазірет Сафия (р.а.) өткеннің бәрін ұмытып, Пайғамбарымызға жар болғанын ерекше мақтан тұта бастады.
Сонымен қатар, көптеген яһудилер хазірет Сафия арқылы Пайғамбарымызды жақыннан танып, жүректері жұмсара түсті. Әрбір ісінде мыңдаған хикмет тұнған Аллаһ тағала осы бір қасиетті неке арқылы көптеген ізгілік пен берекетке жол ашты.
Пайғамбарымыздың және бір бақытты жарларының бірі – Сәудә анамыз. Ол – Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) алғаш қолдау танытқан ізгі кісілердің бірі. Ерімен бірге Эфиопияға қоныс аударып, Умму Хабиба секілді оның да ері сол жерде қайтыс болып, жесір қалған-ды.
Пайғамбарымыз мұның да торыққан көңіліне жұбаныш сыйлап, жан жарасын жазды. Қараусыз қалдырмай қамқорына алды. Негізінде, Пайғамбарымызға ғана адал жар болуды ойлаған осы бір кең жүректі әйел бұл өмірден басқа ештеңе қаламағандай еді.
Міне, әр үйленуі осындай ерекше мәнге ие Хақ пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бұған ешқашан нәпсіқұмарлықтан бармаған. Туыстық орнату (алғашқы екі әділетті халифамен болғандай), әйелдің бойынан өзіне жар боларлық, болашақта дінге қызмет ете алатындай ерекше қасиеттер көргендіктен немесе әр бірінің жағдайына байланысты түрлі хикметтер мен қайырымды мақсаттарды көздегендіктен осындай ауыр жауапкершілікті иығымен көтерген.
Сонымен қатар, жарларын үй, нәпақа, киім-кешек тәрізді қажеттіліктермен теңдей қамтамасыз етуі, бәрін қара қылды қақ жарған асқан әділеттікпен басқаруы, әрбірінің кісілік ақысына көңіл бөліп, араларында туындауы мүмкін келіспеушіліктердің дер кезінде алдын алуы, түсініспеушілік бола қалған жағдайда мәселені сары майдан қыл суырғандай еш қиындықсыз шеше білуі – барлығы, Бернард Шоудың сөзімен айтқанда: «ең үлкен проблемалардың өзін кофе ішіп отырғандай емін-еркін шешкен» сол бір ерекше тұлғаның пайғамбарлығын қапысыз дәлелдейді...
Бір әйел мен бір-екі баланы басқарудың өзі қаншалықты қиын екенін білетін біздер мен сіздер бұрын басқа үйдің түтінін түтетіп, сол тұрмысқа бейімделген, әрбірінің өзіндік мінез ерекшеліктері бар бірнеше әйелді бір шаңырақтың астында теңдей ұстап, жарасымды сыйластықпен тамаша басқара білген ғазиз жанның алдында еріксіз бас иеміз.
Ендігі бір мәселе – алған жарларының саны үмбетіне рұқсат етілген мөлшерден асып кетуі. Бұл – Пайғамбарымыздың жеке өзіне қатысты шариғат. Оның бізге белгісіз хикметтері көп деуге болады. Бір уақыттарда толықтай рұқсат берілгенмен, кейіннен сан жағынан шектеу қойылып, тыйым салынған[5].
Сұрақтың маңыздылығына қарай сөзімді соза түсуге тура келді. Ғафу етерсіздер деген ойдамын.
Сілтемелер
[1] Мұхаммед пайғамбардың өмірбаяны жайлы кітаптар.
[2] Жауапта Пайғамбарымыздың жұбайлары рет бойынша берілмегенін ескертеміз.
[3] Пайғамбарымыз Зәйітті текті тұқымнан шыққан Зейнеппен некелеу арқылы Ислам дінінің таптық алауыздыққа жол бермейтіндігін, адамдардың бәрі тең екенін іс жүзінде қолға алмақ еді. Оның үстіне Ислам діні асыранды бала – өз балаңа жатпайды деген жаңа түсінік әкелген болатын.
[4] «Ахзаб» сүресі, 33/4.
[5] «Ахзаб» сүресі, 33/52
- жасалған.