Сұрақ: Жан салынарда немесе ана жатырында-ақ адамның жұмақтық не тозақтық болып жазылуын қалай түсінуге болады?

 Сұрақ: Жан салынарда немесе ана жатырында-ақ адамның жұмақтық не тозақтық болып жазылуын қалай түсінуге болады?

Жауап: Бұл мәселеге бұған дейін де жеткілікті дәрежеде тоқталсақ та, осы тұста және бір рет байыппен түсіндіруге тырысайық:
Ең алдымен, Аллаһ тағала әуел бастан құлдарының болашақта қалай жүріп-тұратын, жұмақтық не тозақтық амалдар істейтінін біледі және білгендіктен жазады. Әйтпесе, Аллаһ тағала о бастан маңдайына жазып тастағандықтан адам жұмақтық не тозақтық, бақытты не бақытсыз болмайды.

Екіншіден, Аллаһ тағала құлдарының өз қалауын қандай жолда қолданатынын біледі, әрі қылықтарына ықпал ететін бүкіл себептерді де біледі және соған қарай жазады. Ол адамға отбасының ықпалы мен тәрбиесі қандай, өскен ортасының әсері қаншалықты, имандылыққа немесе күпірлікке апаратын қандай себептер болады және ол өз еркімен осыларды қалай қабылдайды, міне, осылардың бәрін Аллаһ тағала күні бұрыннан біледі және соған қарай жазады.

Біз адамның жұмақтық немесе тозақтық болатынын білмейміз, өйткені тағдырдан бейхабармыз. Хадис-те баяндалғандай, біз тек қана адамның сыртқы жүріс-тұрысына, сөздеріне қарап, діни өлшемге салып бағалаймыз. Егер күпірлік сөздері мен амалға барса, ең ары кеткенде «кәпір» дейміз, бірақ тозақтық дей алмаймыз. Өйткені сыртқы көрінісіне қарай баға беруге мәжбүрміз. Түпкілікті ақиқатын білмегендіктен, ол адамның жан дүниесін және ақтық демін қалай шығаратынын топшылай алмағандықтан, бұл мәселелерді Аллаһ тағаланың еншісіне қалдырамыз. Бүгін дінсіз, құдайсыз болған адамның бір күні тәубә жасап, толық иман келтіргенін көруіңіз мүмкін.

Бірде Германиядағы бір мұғалім досым мына бір оқиғаны айтып берген еді. Мешіттерде күнбе-күн уағыздар жүріп жатады. Сондай уағыздардың бірінде соңына таман бір жігіт: «Білесіңдер ме, мен де кезінде коммунист едім», – дейді.

Енді осы жігітке бірден «тозақтық» деу дұрыс па? Бұл жігіт ниеті таза жақсы жігіттермен танысып, олардан иман мәселелерін үйренеді. Кейінен қараса, қасына басқа бір жігітті ертіп келіпті, имандылық жайында досының да естігенін қалаған екен.

Иә, бұл жігітке «Мен коммунист болған едім» дегенде, бірден «тозақтық» деген айып тағып, бетін қайтарғаныңызда не пайда табар едіңіз? Ертең оны өзіңіздің дін бауырларыңыздың арасынан көріп ұяттан өртенбес пе едіңіз? Адамдар жайында үкім беру біздің міндетіміз емес әрі оған құқығымыз да жоқ.

Басқа бір жігіттің қазіргі жастардың жағдайын тілге тиек еткен мына сөздеріне құлақ түрейік:
«Мен Кёлнде қызыл ту ұстап митингілерге қатысатынмын. Бір күні достарымның жанына бардым. Сұрақтар қойылып, оларға жауаптар беріліп жатты. Өзім коммунист болғандықтан, айтылғандарға аса құлықсыз құлақ салып отырдым. Коммунизмге тиісер ме екен деген іштей қаупім де болғаны рас. Алайда мен күткен жағдайлар болмады. Қайта өзім бұрын-соңды естімеген имандылық туралы әңгіме тиегі ағытылды. Олар маған түсіністікпен қарамағанда мен бәлкім әлі де имансыз жүрер ме едім, кім білсін?!».

Осы жерде тағы да сұрап көрелік:
Бүгінгі күні иман ақиқатын өзге адамдарға да түсіндіру үшін барын салып жүрген осы жігітті сол қалпымен әрі сол жасында қалайша тозаққа қияр едіңіз? Пайғамбарымыздың ізгі дәстүрі бойынша өзіне «Ясир» атты есімді жөн көрген бұл жігітті қалайша тозаққа тастамақсыз?

Міне, осы мысалдардан да байқаған боларсыздар, Аллаһ тағала адамның қалауын бүкіл себептерімен бірге қандай жолда қолданатынын және соңғы демін қай жолда беретінін білгендіктен, рухтар әлемінде немесе шешесінің жатырында оның бақытты не бақытсыз, жұмақтық не тозақтық болатынын жазады. Сондай-ақ адам, хадисте айтылғандай, қалай өмір сүрсе, солай өледі; қалай өлсе, солай қайта тіріледі.[1] Біздің міндетіміз – Аллаһ тағалаға сенім артып әрі жас ұрпағымыздың келешегінен де үміт үзбей, аянбай тер төгу және басқа адамдардың иманға, тура жолға бет бұруына барынша дәнекер болу.


[1] Қараңыз: Мүслім, Жәннат 83; Ахмад ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 3/331.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.