Сұрақ: Адамдағы болмашы ерік қалайша біздің мәңгілік жұмаққа немесе тозаққа баруымызға себеп?
Сұрақ: Адамдағы болмашы ерік қалайша біздің мәңгілік жұмаққа немесе тозаққа баруымызға себеп?
Жауап: Жоғарыда тоқталып өткеніміздей, негізінде, біз жәннат секілді болашаққа қатысты иләһи сый-тартуларды емес, әуелі Жаратқанның бізге сәт сайын нәсіп етіп отырған көл-көсір нығмет-ризықтарының өтемін қалайша қайтара аламыз деп ойлауымыз керек. Тегіннен-тегін, толасыз беріліп жатқан нығметтерге деген шүкіршілігімізді өзіміздің жасаған құлшылықтарымызбен толық өтей алмаймыз. Күнделікті күйбең тіршілікте күн көру үшін күні бойы бел жазбай еңбек етеміз. Бір күн өмір сүру үшін бір күн тер төгіп, алты ай өмір сүру үшін алты ай жұмыс істейміз. Әрі «әттең, алты ай жұмыс істеп, бір жыл өмір сүрсем ғой», – деп екі күндік өмір үшін бір күнімізді қуана-қуана беруге разы боламыз. Шындық осы болса, онда бұ дүниелік нығметтермен мүлдем салыстыруға келмейтін жәннатқа бару үшін көп бөлігі ұйқымен, балалық бал дәуренмен, күйбең тіршілікпен өтетін қамшының сабындай келте ғұмыр қалайша жеткілікті бола алады? Оның үстіне бұл олжаға кенелуде адамның бар істегені саусағын қимылдатқанмен бірдей болмашы ғана әрекет емес пе? Сонда адам осындай қарапайым ниетпен мәңгілік тозаққа қалай лайық бола алады? Енді осы мәселені бірнеше жағынан талқылап көрейік:
а) Ниет арқылы
Мәңгілік жұмақ, мәңгілік нығмет, мәңгі бақи Аллаһтың жамалын тамашалау – әлбетте, мұның барлығы да біздің өткінші ғұмырымыздың нәтижесі бола алмайды. Біздің тәндік болмысымыздың да мәңгілік ғұмыр сүруге қабілетсіз екені айдан анық. Алайда біздің мәңгілік иманға деген кәміл ниетіміз бізді мәңгіліктің бақшасына жетелейді. Жаратқан Иемізге иман еттік. Иман етуді нәсіп еткен Аллаһқа мың да бір шүкір. Міне, осы иманымызға адал болып, бойдағы еркімізді сол жолда қолданғанда ғана мәңгілік бақытқа қол жеткіземіз.
Жүрегімізді нұрландырып, бізді тура жолға салуы да Жаратушымыздың өз қалауымен іске асты. Егер жетпіс жыл ғұмыр сүретін болсақ, жетпіс жыл бойы иманымыздан танбауға бел байладық. Жаратқан Иеміз жетпіс емес, жүз жетпіс жыл, тіпті жетпіс мың жыл өмір берсе де ниетімізге селкеу түсірместен иманымызға деген адалдықты сабырлықпен жалғастырамыз. Соңғы деміміз таусылғанша, тіпті мына жалған дүниеде мәңгілікке қалсақ та, иманымыздан танбай мәңгі–бақи бір Жаратқанға ғана иман етеміз.
Міне, жұмақ пен тозаққа кіруге негіз болатын да осы ниет. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да: «Әркімнің амалы ниетіне байланысты», – деген. Әрбір адам ниетіне қарай сауабын не жазасын алады. Егер мәңгілік иман етуге ниет еткен болсақ, онда соған сай марапатталамыз. Жаза мен марапат амалдың түріне қарай белгіленетіндіктен мәңгілік иман етуге ниеттенсек, оған мәңгілік жұмақ, керісінше, мәңгілік күпір ниетіне мәңгілік тозақ беріледі. Аллаһ тағала бет-әлпетімізге, сыртқы келбетіміз бен пәни дүниеде қанша ғұмыр сүргенімізге емес, иманымыздағы шынайылық пен табандылығымызға қарайды.
Мына қысқа ғұмырда адал да табанды түрде иман етумен өмір сүрмесек те, сүргендей мәңгілікке де-йінгі аралықты сәулелендіретін нұр – ниет. Ал, барлық нәрсені қапас деп ойлайтын қара ниетті кәпірдің мәңгілік өмірі тозақ секілді қап-қараңғы. Өйткені кәпір мәңгілік иман нұрын, турасын айтқанда, ерік түймесін Аллаһ тағаланың адамның көңіл сарайын нұрландыруына дәнекер етпеу үшін қасарысып, қыр-сығуда және миллиондаған жыл ғұмыр сүрсе де, осы қыңырлығынан тайынбайды әрі бір рет болса да, әлгі түймені көңіл сарайын нұрландыру үшін қолданбайды. Осылайша жан-жүрегін, пәни ғұмыры мен мәңгілік өмірін қарайтқан қара ниетінің құрбаны болады.
Ниеттеріңіз мәңгілікке ұлассын! Ұласып да, мәңгілік бақытты өмір сізге құшағын жайсын! Нағыз шынайы ниетпен өткен әр сәтіңіз құт-берекеге тола берсін!..
ә) Сот жазасы қылмыстың қаншалықты уақытта жасалғанына емес, оның ауырлығы мен істелген кездегі ниетке, мақсат пен нәтижеге қарай белгіленеді.
Қылмыскер бес минутта жасалған кісі өлімі үшін кейде 25 жыл, кейде өмір бойы түрмеге қамалады. Тіпті өлім жазасына да кесіліп жатады. Демек, сот ісі қылмыстың қанша уақытта жүзеге асқандығына байланысты емес, қылмыстың ауырлығы мен оны істеудегі пиғылға, ниет пен нәтижеге байланысты қаралады.
Күпір мен имансыздық – адам өлтіруден де ауыр қылмыс. Жаратылыс әлеміндегі Жаратушысының бар екенін дәлелдейтін атомдар, жасушалар, періштелер, жаңбыр тамшылары мен молекулалар секілді сансыз көп куәгерлер бар. Күпірлік осыншама куәгердің куәлігін жоққа шығарып, бүкіл ғаламды қапасқа айналдыру деген сөз. Сонымен бірге осыншама куәгерлерге өтірікші деп жала жапқандай болады. Сондай-ақ күпірлік Ұлы Жаратушыны келемеждеп, Оның ғаламдағы таңғажайып өнер туындыларына құрметсіздік танытып, сансыз дәлелдерін өтірікке балап, өте үлкен ауыр қылмыс жасайды. Одан да бетері сол – ғұмырында бір ауыз өтірік айтпаған мыңдаған пайғамбарды, миллиондаған әулиені және адалдығымен аты шыққан миллиардтаған мүмінді жоққа шығарады, өтірікші етеді және оларға сенбейді. Мұндай қылмыстың жазасы сол қылмыстың түріне қарай беріледі, сондықтан да оның жазасы – мәңгілік тозақ болмақ.
б) Расында да пендедегі шектеулі ерік түкке татымайды, дегенмен оның нәтижесі өте үлкен. Сондықтан Аллаһ тағала да нәтижеге қарай жаза береді.
Бір түймені басу арқылы әп-сәтте миллиондаған лампаны сөндіріп, өте үлкен мемлекетті қараңғылыққа көме аласыз. Не болмаса бір ісіңізбен (Бірінші Дүниежүзілік соғыста болғаны сияқты) миллиондаған адамның өліміне, миллиондаған шаңырақтың жойылуына, қалалардың жермен-жексен болуына, ғасырлар бойы тер төгілген ерен еңбектің босқа кетуіне және бүкіл жер бетінде үлкен өзгерістерге себеп бола аласыз. Дәл сол секілді бір сіріңке шырпысымен үлкен орманды өртеп жібере аласыз немесе бір тірегін жұлып алып, үлкен сарайдың тас-талқанын шығара аласыз. Күпірлік те бұзудың өзгеше бір түріне жатады. Бұзу оңай, алайда апарып соқтыратын салдары, келтіретін зияны тым сұрапыл. Міне, кәпірлер өз қалауын күпір жолында қолдану арқылы нәтижесі осындай үлкен апаттарға себеп болғандықтан, олар мәңгілік тозаққа лайық болады. Ал бұған керісінше, мүмін өз еркін ізгі іске қолданса мына өмірін де, ақыретін де нұрландырады.
в) Көл-көсір нығметтің Иесін көргісі, танығысы келмей тайсақтаған адам, әлбетте, жазаға лайық.
− Аллаһ тағаланың шексіз ұлылығы мен құдіретін көрсететін және бүкіл болмыс атаулы үшін өте құнды болып саналатын шексіз нығметтердің иесіне сырт айналған;
− ар-ұждан сияқты Аллаһ тағаланың бар екеніне іштей куәгерлік танытатын «кітапты» жинап қойып, сана-сезімін, ақылын тұмшалаған;
− жаратылыс кітабын Құран арқылы түсіндіріп мәңгілік бақыттың жолын көрсеткен пайғамбарды көрсе де, көрмегенсіп, естісе де, естімегенсіген;
− көкірек сарайын тарс бекіткен адам жаратылыстағы осы бағалы нығметтердің орнына өз қалауымен түкке тұрғысыз біршама қияли әрі жөнсіз нәрселерді ойша таңдап, соған табынғандықтан нәпсісі мен шайтанға арбалғандығы үшін әлбетте, ауыр жазаға лайықты.
г) Аманатқа қиянаттың жазасы аманат иесінің қадір-қасиетіне қарай белгіленеді.
Бір терезенің әйнегін сындырған балаға берілетін жаза мен патшаның өте бағалы тәжіне зақым келтірген уәзірге берілетін жаза бірдей болмайды. Сондай-ақ әскер мен қолбасшы – екеуіне әскери лауазымдарына лайықтап қаражат берілсе және екеуі де базарға барып қаражаттарын болмашы нәрселерге жаратып тауысса, әлбетте, қолбасшы әскери сотта сотталады әрі қатардағы жауынгерге берілетін жазадан да ауыр жазаға тартылады. Сонымен бірге, өмірін тауда қой бағумен өткізген қойшы мен өмірін үлкен ғылыми жаңалықтар ойлап табумен өткізген ғалымға жағдайлары мен деңгейлеріне қарай қаражат берілсе, ғалым ол қаражатты малшы сияқты жұмсаса, әлбетте, жазасы да соған қарай беріледі. Әсіресе Аллаһ тағаланы танып білу, құрметтеу және сүю арқылы рухани толысу үшін жаратылған пенде бұдан жырақтап, адамдықтан алыстаса, ол әрине тозаққа тасталуға лайық болады. Ендеше, ерікті игі істерге қолданып, жүрегі иманға толып, жаратушыға пәк болып баруға күш салу керек.
- жасалған.