Сұрақ: «Ислам болмысы» деген не? «Тура жол» (һидаят) деген не және тура жолға қалай дәнекер болуға болады?
Сұрақ: «Ислам болмысы» деген не? «Тура жол» (һидаят) деген не және тура жолға қалай дәнекер болуға болады?
Жауап: Бір сахих хадисте: «Дүние есігін ашқан әрбір нәресте ислам болмысымен дүниеге келеді. Кейін ата-анасы оны христиан, яһуди немесе мәжуси (отқа табынушы) етіп өсіреді»[1], – делінген.
а) Әрбір адам жаратылысынан кіршіксіз, тап-таза болып, тәухид пен Исламды қабылдауға бейім түрде дүниеге келеді.
Адам жаратылысы мен табиғаты жағынан кіршіксіз, тап-таза болып, иман мен Исламға ең лайықты күй-де дүние есігін ашады. Рас, адам дүниеге келген кезде күнәсіз, пәк, ақ қағаздай немесе әлі ештеңе басылмаған үнтаспадай, барлық пішінге келе беретін пластилин, қалыпқа төгілуге дайын бағалы металл немесе майысқақ жас шыбық тәрізді болады. Мәселен, мөп-мөлдір, тап-таза бұлақ суы өзінің мөлдірлігі мен пайдалы әрі шипалы болу қасиетін сақтап қалатыны секілді, дүниеге келген әрбір нәресте жаратылысынан ақиқатты мойындауға, қисық жолдан бас тартуға лайықты түрде дүниеге келеді. Сол себепті 5-15 жас арасындағы балаларға не түсіндірсеңіз, олар оны бірден санасына жазып алып, иман мен Исламды тез қабылдайды. Мысалы, «Кез келген ауылдың бір әкімі, кез келген иненің бір ұстасы болады. Сол секілді мына алып жаратылыс әлемінің де бір иесі бар. Оның иесі – Аллаһ тағала» десеңіз, сізді тыңдап отырған бала да соны өз пәктігімен, алғырлығымен дереу қабылдайды. Өйткені айтылған жайттың мөлдірлігі мен бала жанның тазалығы бір жерден шығып, бір-бірін магнитше тартуда. Кейде адамдар арасынан жүзінен нұр төгілген, балаша пәк кісіні көргенде, «Ойпыр-ай, не деген көркіне көз тоятындай, ақжарқын мінезді, таза жан», – деп тамсанатынымыз да осыдан.
ә) Адамның таза әрі кіршіксіз табиғаты күпірлік пен күнәлар арқылы кірленіп көмескіленеді.
Адам күпірлік жасап, имансыздыққа салынса, мына жаратылыс әлемінің сұлулығын байқамайды, ол туралы ештеңе естігісі келмейді. Сөйтіп, ар-ұжданын өлтіреді, табиғатын кірлетеді әрі жан дүниесі бүкіл жарық көздерінен жырақтап, қараңғы қапасқа қамалады. Және тап-таза жаратылысы Аллаһ тағала сүймейтін қап-қара дақпен былғанады. Ал иманы берік, ғибадатына адал жандар онсыз да таза табиғатын уыз күйінде сақтап қалады. Мұнан адамға имандылық жаратылысынан дариды күпір кейіннен пайда болады деген тұжырым жасауға негіз бар. Жаратылысы таза болған адам табиғаты кейіннен кірленеді. Егер де табиғатының алғашқы саф күйі сақталмаса, сақтау үшін алғышарттар орындалмаса, адамның христиан, яһуди, мәжуси болып шығуы, не болмаса кез-келген дінсіз ағымдардың бірінің жетегіде кетуі ғажап емес.
б) Табиғаты ластанған соң, адам екінші бір бұзылған лас табиғатты иеленеді.
Жұмыртқаны жарып шыққан балапан, ұша алмаса да, құс болып саналады. Себебі ол жаратылысынан ұшуға бейім. Оның балапан кезінде жүгіріп секіргенін, бір сүрініп, бір тұрып ұшуға талпынғанын көріп, «бұл әлі-ақ құстай самғайды», – дейміз. Тек сырттан оқыс жағдаят болып, балапанның ұшу қабілетін жойса, онда ол қанша құс болса да, ұша алмайды. Міне, күпір де осындай. Яғни күпірлік адамның туа бітті кіршіксіз табиғатын бұзып, оны екінші бір кемісті бітіммен ұша алмайтын жағдайға душар етеді. Өмірде дұрыс таңдау жасай алмай сыртқы ортаның әсерімен бұзылған адам о бастағы кіршіксіз таза табиғатынан айрылады. Қалайша құстың алғашқы жағдайына қарап: «Бұл балапан ұшады», – десек, солайша жаңа туған нәрестеге де «Бұл бала – мұсылман» немесе «Бұл бала – мұсылман болады», – дейміз. Тек уақыт өте келе, ол нәрестеге сыртқы орта әсер етіп, дұрыс таңдау жасай алмай, «қол-қанаты» сынып, күпірлікке ұрынып адасып кете барады. Сөйтіп, тура жолды табудың дұрыс арнасына түспегендіктен діттеген жеріне жете алмай, өмірден опық жеп қала береді.
в) Айтылып жатқан бүкіл мәселелерде тағдырға қатысты екі ұғым әрқашан алдымыздан шығуы мүмкін: олар – сыртқы себептер мен адамның өз еркі.
Шындығында, мына дүниеге көзін ашқан әрбір нәресте ислам болмысымен туылады, дегенмен ата-ана, құрбы-құрдас, өскен орта, қоғам және мектеп сияқты сыртқы орта мен кісінің өз жақсы-жаман таңдауы – адам табиғатына ықпал етеді. Тағдырда осылардың бәрі есепке алынып, «Бұл адам о баста саф болмысын таза сақтап бақытты болады, не нұқсан келтіріп, күпірлікке батады да бақытсыз болады», – деп жазылады.
[1] Бұхари, Жанаиз 92; Әбу Даууд, Суннә 17; Тирмизи, Қадар 5.
- жасалған.