ҚҰРАННЫҢ АЛЛАҺ ТАҒАЛАНЫҢ СӨЗІ ӘРІ ӘЗ ЕЛШІНІҢ ПАЙҒАМБАРЛЫҒЫНЫҢ ЕҢ ҮЛКЕН КУӘГЕРІ ЕКЕНДІГІНІҢ ДӘЛЕЛДЕРІ:
Құран Кәрім
1. Тереңіне дендеп бойламай-ақ, Құран мәтініне қатысты аз-кем зерттеу жүргізген кез келген адам тілдік, әдеби-көркемдік, стиль мен мағыналық тұрғыдан оның теңдесі жоқ жазба екеніне көз жеткізеді. Демек, бұдан Құран не барлық жазылған мәтіндердің ішіндегі ең нашары (бұған шайтан да келіспес) не бүкіл кітаптармен салыстырғанда ең озық, ең үлгілі бірден-бір кітап деген қорытынды шығарамыз. Олай болса, Құран – пенденің сөзі емес.
2. Құран Кәрімде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жайлы былай делінген: «Сен бұдан бұрын (яғни Құран түскенге дейін) бір кітап оқымаған едің, оны өз қолыңмен жазбаған да едің. Егер солай болғанда, әрине қара ниетті адамдар (Құраннан) күдіктенетін еді»[1].
Иә, сол уақыттан бері әлемнің бүкіл оқымыстылары мен сөз зергерлері үмми кісімен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сөз таластыруға қауқарсыздық танытып келген. Ғылым-білім әбден кемеліне келді деп санайтын бүгінгі күннің физиктері мен химиктеріне, астрономдары мен дәрігерлеріне, әлеуметтанушылары мен әдебиетшілеріне, яғни ғылым мен көркем сөз майталмандарына Ақиық елші (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қане, (бәрің бірігіп), Құран сүрелерінің тек бір сүресінің ғана ұқсасын жасап көріңдерші?!»,[2] – деп келеді. Бірақ осы күнге дейін бірде бір адамнан жауап келмеген. Осының өзі-ақ Құран Кәрім сол үмми Тұлғаның емес Аллаһ тағаланың сөзі екеніне дәлел емес пе?
3. Сондай-ақ Құранда: «Егер құлымызға жібергенге (Құранға) күдіктерің бар болса, онда, қане, оған ұқсас бір сүре әкеліңдер. Аллаһтан басқа көмекшілеріңді де шақырыңдар, егер бәстеріңде шыншыл болсаңдар»[3] және «Жоқ әлде оны (Мұхаммед) ойдан шығарды дейді ме? (Оларға) айт: Егер сендер шыншыл болсаңдар, Аллаһтан басқа арқасүйерлеріңді де шақырып, оған ұқсас сүре әкеліңдер»[4], – делінген.
Қай адамның сөзінде кемістік, қателік, жаңсақтық, қарама-қайшылық пен күдік болмайды? Ал Құран болса, осы шындықты нұсқап, өзінде мүлдем күдік пен қайшылықтың жоқтығын «(Олар) Құран жайлы неге ойланбайды? Егер Аллаһтан басқадан келгенде, онда одан көптеген өзгешеліктер (күдіктер мен қайшылықтар) табар еді»[5] деген аят арқылы тайға таңба басқандай етіп көрсетуде.
Құдай кәламынан кінәрат, күдік, кемшілік не қателік тапқысы келген кейбір ақымақтардың ойдан шығарып таратып жүрген пікірлеріне, меніңше, басқалар былай тұрсын олардың өздері де сенбейтін шығар.
4. Құранның тілі сөз саптауы Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мүлдем өзгеше. Құранның терең мағыналы сөздері мен сөз саптаудағы шеберлігі ешбір адамның қолынан келмейді. Оның басқа ерекше қасиеттері секілді осы қасиетін түсіндіру үшін де том-том кітап жазылған. Мысалы, тек қана «Әл-хамду лиллаһ» сөзінің тәпсірі жүздеген беттен тұрады. Қолданылған әрбір әріп, әрбір сөз өзінің орны, саны, әуені, орналасқан жері, олардың Құрандағы бүкіл сүрелермен байланысы, тіпті математикалық құндылығы жағынан ою ішіне ою салынғандай әрі суреттегі әрбір бояудың жеке-жеке түстерінің өз алдына бөлек мағынаны білдіретін айрықша қасиеттерімен ерекшеленеді.
5. Құран түскен дәуірде ақындық өнер ерекше дамыған еді. Адамдар ауызекі әңгімеде, сөз жарыстырғанда қарсыласына әрдайым өлеңмен жауап беретін. Жыл сайын айтыс ұйымдастырылып, жеңімпаздың өлеңі алтын әріптермен жазылып, Қағбаның қабырғасына ілінетін. Ақындар өз ұлтының мүддесін қорғайтын қаһарман саналатын әрі олардың бір ауыз сөзімен ру-тайпалар кейде өзара соғысып, кейде бейбіт келісімге келіп жататын.
Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) олардың арасында өссе де, өлең, ұйқас, проза, қарасөз секілді әдепкі сөз өнерімен айналыспаған. Сосын Құрандағы сырға толы, терең мағыналы сөздер пайғамбардың да, басқа адамның да сөздеріне ұқсамайды, әрі өлеңнің, прозаның ешқандай саласына жатпайды. Десе де өзінің ерекше қасиетімен барлық адамды баурап алатын.
Сондықтан елді Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбардан бездіруге тырысқан азулы мүшріктер: «Өлең десек, өлең емес, проза десек, проза емес, көріпкел десек, ол да емес. Жындының сөзіне де ұқсамайды. Ең дұрысы, оны «сиқыршы» дейік. Оны тыңдаған адамның басы айналып қалатынын алға тартайық», – деп өздерінше жұртты оған қарсы қоюға тырысып бақты.[6] Алайда олар түн қараңғылығын жамылып, бір-бірінен тығылып Құран тыңдауға баратын[7].
Ханса, Ләбид сияқты атақты ақындар мұсылмандықты қабылдағаннан кейін ақындығын біржолата тастаған. Өлең жазуды өтінгендерге Құраннан бір сүре жазып «Құранды оқығаннан кейін, өлең жазуға менің арым дауаламайды», – дейтін[8].
6. Сол дәуірде ақындық өнер шарықтау шегіне жеткен болатын. Дегенмен араб тілі метафизикалық, ғылыми, діни әрі философиялық ұғымдар мен сөздерден, мәдени сөздіктен жұрдай еді. Шөлдегі бәдәуидің ой-сезімі мен қарапайым өмірін жеткізуге жарайтын бұл тілдің сөздік қорының Құранмен байығаны сонша – бүкіл ғылыми, саяси-әлеуметтік, экономикалық, әкімшілік және метафизикалық мәселелерді жеткізе алатын деңгейге жетті.
Басқа тілдердің тарихында мұндай құбылыс болған емес. Бүкіл кеңістік пен уақытты қамтитындай деңгейде тілдік реформа жасау жүздеген филолог-ғалымдардың қолынан келмейді, бірақ оны бір үмми Тұлға жүзеге асырды. Өйткені араб тілінің бұл жетістігі әдеттегі тарихи даму үрдісіне жатпайды. Керісінше, араб тілі пайғамбар жасаған үлкен бетбұрыспен таңғажайып биік деңгейге бір-ақ секірді, бірден мешеуліктен құтылып, тың мәдениеттің таным-түсінігін, сөз шеберлігін бейнелейтін деңгейге жетті. Әрине, мұндай үлкен жетістіктің бір адамның қолынан келмейтіндігі айдан анық.
7. Шамасы, осы күнге дейін жалпы көпшілік қауым: оқығаны, оқымағаны бар, оқушы, студент, ғалым, физик, химик, малшы секілді әр түрлі жастағы, әр түрлі деңгейдегі адамның қал-қадерінше оқып түсінетін, ұғымына сиятын бір кітап жазылды ма екен? Ақын, сазгер, шешен, әлеуметтанушы, экономист, заңгер, басшы, саясатшы, тәрбиеші, оқушы, діндар – бәрі де оқып пайдаланатын, өз саласына қажетті ақпарат алатын, бар мәселесін шешетін, дертіне дауа болатын, тіпті жол қатынасы нашар ең шалғай ауылдарға, көшелерге қол ұшын созған бір ғана кітап бар: ол – Құран Кәрім.
8. Адам өмір бойы бір кітапты қайталап оқи алмайды. Алайда адам Құранды қайталап оқудан ешқашан жалықпайды. Құран кез келген жерде, кез келген уақытта оқылып келеді, бірақ ешқашан ешкімді зеріктірмеген, жалықтырмаған. Кез келген адами туынды, шығарма, өлең – бәрі де өзінің ерекше қасиеті мен құндылығын жоғалтады. Адамның қаламынан шыққан, өзекті мәселелер жазылған кез келген еңбек бірнеше жылдан кейін, тіпті бірнеше айдан соң құндылығын сақтап қала алмайды, не шынайылығын, не өзектілігін жоғалтады да ескірген газет сияқты бір жерде қалады немесе жыртылып жоғалады.
Алайда Құран сөз, мағына, мазмұн, өзектілік, шынайылық жағынан құндылығын жоғалтпақ түгілі, күн өткен сайын адамның жан дүниесіне, ар-ұжданына, ой-түйсігіне сәуле түсіріп, тың пікірлер, мәліметтер ұсынуда. Сөйтіп, өзектілігі мен шынайылығын сақтауда әрі маңызы да артып келеді.
9. Құран Кәрім адамды бүкіл рухани-материалдық жағымен түсіндірген, өмірдің әрбір саласына қатысты тақырыптарды қарастырған, барлық саяси-әлеуметтік, экономикалық, құқықтық, әкімгершілік түйткілдерді шешетін қағидалар әкелген, бұ дүние мен ақыретте бақытты өмір сыйлаған, ақылды да, рухты да қанағаттандыратын қағидалар орнатқан. Әлбетте, мұндай иләһи кітап адамның туындысы бола алмайды. Адамның бар салада бірдей шебер маман болуы мүмкін емес. Пенде өзінің шектеулі ақылымен ешқашан әр ғасырдағы, салт-санасы бөлек, әр деңгейдегі кез келген адамның бүкіл проблемасын шеше алатын қағидалар ойлап таба алмайды. Адам орнатқан қағидалар ғасырлар бойы өміршеңдігінен айнымай адамзатқа бақыт сыйлай алмайды. Адамзат орнатқан жүйелер иләһи кітапқа негізделмесе, уахиға сүйенбесе, жарты ғасыр да ғұмыр кеше алмайды. Адам жасаған қағида, жүйе, пікірлер, идеологиялар ескіретіндіктен, не кері әсер туғызғандықтан, көп жыл өтпей-ақ жаңартылады не өзгертулер енгізуді қажет етеді. Ал Құранда қозғалған ешбір мәселеде, қағидада, негіздемеде ешқандай ақау, нұқсандық жоқ.
Байлықтың тек байлардың қолында ғана айналып жүрмеуі керектігі[9], әр адамның қарымы өз еңбегіндей ғана екендігі[10], аманат пен міндеттің лайықты адамға берілуі, әділ басқару керектігі[11], бір адамды өлтірудің бүкіл адамдарды өлтіргенмен тең болуы[12] т.с.с Құранның нағыз бұлжымас қағидалары мен заңдары; сондай-ақ жеке тұлға, отбасы мен қоғамды іштен іріп-шірітетін пайызға, құмар ойындарына, ішімдікке, зина түрлеріне, өрге бастырмайтын өтірікке, жалақорлыққа, астамшылық пен ысырапқа тыйым салынуы; адамгершілік құндылықты салт-санаға сіңіруі; адамның бұ дүниедегі жеке өмірі мен қоғамдық өмірін пейіштегі өмірмен теңестіретін намаз, ораза, қажылық, зекет т.с.с. ғибадаттар, әдептілік қағидалар; ақыл мен рухты жұмақтағы мәңгілік өмірге бейімдеу; жүрекке Аллаһтан қорқуды сіңіру, Аллаһты сүюге құлшыну; жеке тұлға мен қоғамды бақытқа кенелтетін өмірлік өлшемдер, қағидалар, ұстанымдар – барлығы Құранның Әзәли (басы жоқ мәңгілік) және Бақи (соңы жоқ мәңгілік), Хаким (барлық ісінде хикмет бар) және Рахим (бүкіл тірі жан иесіне мейірімді) Жаратушының кәламы (сөзі) болғандығының ап-анық дәлелдері емес пе?
Адам мен жаратылыс кімнің өнер туындысы болса, Құран да соның сөзі. Өйткені Құран Кәрім адамға өзін әрі жаратылыс «кітабын» түсіндіруде. Иә, Құран әрі адамның бүкіл кемшіліктері мен артықшылықтарына, әрі жаратылыстың барлық тылсымы мен бүге-шігесіне түсініктеме беруде. Барша ғаламзатқа әмірін жүргізе алмаған пайғамбардың мұндай сөз сөйлеуі мүмкін емес.
10. Адам өз кітабында өзін толықтай сипаттап, яғни ой-пікірлерін, мінезін, жан дүниесінің түйткілдерін айқара ашып қағаз бетіне түсіре алмайды. Бұған шамасы жетеді деп ойлаған күннің өзінде оның ой-пікірі, мінез-құлқы мен іс-әрекеттері өзгермей тұрмайды. Құран мен Пайғамбарымыздың өміріне назар аударып көрейікші. Құран аяттарының оның ұлы тұлғасы мен ғибратты өміріне берік орныққанын әрі мінез-құлқының Құраннан нәр алғанын көреміз, сондай-ақ 23 жыл бойы сөз, мінез және ой-мақсатының мүлдем өзгермегенін, Құранның әр үкімі оның өмірінде толық жүзеге асқанын және ең басында не айтса, ақтық деміне дейін одан қия басып ауытқымағанын байқаймыз.
Мейлі, ол Құранды ойынан шығарды деп ойласақ, (мейлі деп, шартты түрде орынсыз нәрселерді мысал етсек те, бәрібір бұл әдептілікке жатпайды, сондықтан пайғамбарымыз бізді кешірсін!), онда қалайша өзінің ұрыс-соғыспен өткен тауқыметті ғұмырында әу бастағы сөзінен соңғы деміне дейін қасиетті жазу бойынша жүрді? Олай болса, ол – Аллаһ тағала тәрбиелеген, желеп-жебеген пайғамбар әрі барша пайғамбарлар Төресі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) . Ал Құран – Аллаһтың оған уахимен жіберген кітабы.
11. Кез келген жазушы көбіне өзі өмір сүрген кездегі шарттылықтан аспай, көрген оқиғаларының, қоршаған ортаның әсерімен, сол кездегі уақыттың ағымымен кітап жазады. Ал Құранда жаратылыстың бастауы мен соңы, адамның жаратылысы мен келешегі жайлы нақты мәліметтер келтірілген. Олай болса: «Бұл кітап адамның сөзі болуы мүмкін емес» дейміз еріксіз.
12. Жазушы көбіне өз басынан кешкенін немесе өзі нақты білетін белгілі бір тақырыпты ғана жаза алады. Әсіресе мамандықтың неше түрі кездесетін қазіргі уақытта әрбір адам тек өз саласының ғана маманы болып табылады. Алайда Құран әлеуметтік, экономикалық, құқықтық, психологиялық, саяси, әскери, медициналық, физикалық, биологиялық, қысқаша айтқанда, әр саланың қағидалары мен заңдылықтарының негізін қалап, олардың өткені мен келешегінен хабар беруде. Бүгінгідей ғылыми-технологиялық мүмкіндіктер жоқ заманда үмми адам мұндай кітап жаза ала ма?
Тікелей Құранның өзінде Пайғамбарымыз жайлы: «Сен бұдан бұрын (яғни Құран түскенге дейін) бір кітап оқымаған едің, оны өз қолыңмен жазбаған да едің. Егер солай болғанда, әрине қара ниетті адамдар (Құраннан) күдіктенетін еді»[13] және «Сен (бұрындары) кітап пен иманның не екенін білмейтін едің»[14] делінген, яғни сауатының болмағаны айтылады. Мүшріктер көз алдарында өскен осы бір ұлы тұлғаның қандай адам екенін және оның хат танымайтынын жақсы білетіндіктен, ол Құранды өзі шығармағанына бір сәт күмәнданған емес.
13. Өз кітабының ешбір сынға ұшырамайтынын, жазғандарының ғасырлар бойы ұмытылмайтынын және оған ұқсас ешбір кітаптың ешбір салада жазылмайтынын қай жазушы нық сеніммен айта алады? Ол мейлі жазушы философ, ғұлама, әдебиетші, кемеңгер болсын, ешкім өз туындысының ғасырлар тозаңына көміліп қалмайтынына кепілдік бере алмайды. Адамның қолынан шыққан туындылар, тіпті қазіргі бұрмаланған Тәурат пен Інжіл де уақыттың бұғауынан өздерін құтқара алмаған, көптеген құндылығынан айырылған. Тек Құран ғана өзіне қарсы шыққандарға, жала жапқандарға, өзінен қайшылық, қателік іздегендерге, кейбір аяттардың жиі қайталануына, қолданылған сөздерге, көркемдігіне сын айтқандарға және өзіндегі ақиқаттарға әркез тіл тигізгендерге – бәріне тиісті жауабын беріп, күн сайын жаңарып, жасарып, ақиқаты ашылып, адамның санасы мен жүрегіне орнығуда әрі бүкіл жаратылысқа шынайы үстемдік құруда. Ғаламзатқа күн сайын тағы бір жарық түсірген сол нұрды жағушы – ғаламзаттың нағыз иесі – Аллаһ тағала болғандықтан, әлбетте, оны сөндіруге ешкімнің күші жетпейді!
14. Егер сіз жұмысшы, оқытушы, сатушы, басшы не қолбасшы болсаңыз, онда жұмысшылар ұйымы атынан, әр саланың мұғалімдері атынан, алпауыт өнеркәсіп иелері атынан, импорттаушы-экспорттаушылар атынан, елбасы, премьер-министр не министрлер атынан, яғни барлығының атынан бір кітап жаза аласыз ба, сөз сөйлей аласыз ба? Мейлі жазды деп қабылдадық, онда бұл жағдайда сіздің бүкіл сөзіңіз әлгі мамандық иелерінің аузынан шыққандай бола ала ма? Яғни, олардың сөздерін, бұйрықтарын, тыйымдарын, уәделерін қаз-қалпында жеткізе аласыз ба? Осыны жасай аласыз ба? Әсіресе, барлығы сізді мүлдем өтірік айтпаған адам ретінде танитын болса? Бұл жағдайда қолыңыздағы осы кітапты көпшілікке: «Бұл – сендерге тәлім беруім үшін, айтып жеткізуім үшін маған Аллаһ тағала жіберген кітап», – деп түсіндіргеннен басқа не айта аласыз?
Енді Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мүбәрак аузынан шыққан хадистерге және Құранның сөздеріне қарайық. Жаратылысты жоқтан бар еткен Ұлы Жаратушыға жарасатын сөздерді бір пайғамбар айта ала ма? Аллаһ тағаланың атын жамылып оны ойдан шығара ала ма?
15. Жарату, өмір беру және өлтіру жайлы ғайыпқа тән сырларды сенімді түрде айтуға Аллаһ тағаладан өзге ешкімнің батылы жетпеген. Жеті қабат көк, жер, жұлдыздар, таулар, ағаштар, жан-жануарлар, адамның жаратылуы секілді әзірге ғалымдар да түсіне алмаған жаратылыс сырын қарапайым адам түгілі ғылым-білім жетілген мына ғасырда өмір сүрген данышпан адам да ешқашан Жаратушы атынан ештеңе айта алмайды. Айтса да, өзімен пікірі бір жерден шығатын жақтас таба алмайды әрі сөздері баянды болмай, тез ұмытылады. Жалған пайғамбарсымақтар мен аузына келгенін көпіретін білгіштердің жағдайы бұған ап-айқын дәлел.
16. Құранда Аллаһтың Елшісіне: «Ей, пайғамбар, айт..!» деген сөздер өте жиі қайталанады.[15] Тіпті «Қул» (айт) әмірі 332 жерде кездеседі[16]. Әлемдегі ең ұлы данышпандардың өзі адамзатқа жол көрсету әрі айтып жеткізу жолында Аллаһ тағаланың осы тәрізді әмірлерінің қолданылу орнын дұрыс анықтай алмайды.
Құрандағы «Қул» әмірі қолданылған аяттарда әр түрлі мақсаттар бар: тәлім бар; насихат пен жұбату бар; тосыннан қойылған сұрақтарға жауап бар; фықыһ қағидаларының негізін салу, өмірде туындайтын проблемалардың шешімі бар; мүшріктер мен Кітап иелерін[17] бір жерінде тура жолға шақыру, бір жерінде қорқыту бар; адамның бітім-болмысын, сезім-қабілеттерін, рухани жағын түсіндіру бар; басқа әлемдерге ишараттар, ақыретке қатысты ескертулер, жаман қылықтарға тыйым салу, жақсы мінезге ынтықтыру, азаптан қорқыту бар; болашаққа қатысты сөздер, ишараттар, ғылыми ақиқаттарға ишара-белгілер бар. Осылар және осы сияқты тағы басқа көптеген мәселелерді қамтитын «Қул» (айт) сөздерін бір жерге жинақтап, Аллаһ атынан сөйлеу қандай адамның қолынан келеді?
17. Қолына қалам алған қай адам, мейлі ол басқа біреудің атынан сөйлесін, өзін жаманатты етіп көрсетеді дейсің?! Тіпті өзінің Аллаһ атынан сөйлеп тұрғанын біле тұра, өзінің осындай «иләһи» сөздеріне кір келтіретін сөздер айта ала ма? Өзіне қарата айтылған сын-ескертулерді кітабына енгізе ме? Алайда Құранда «Егер ол елші (Мұхаммед) кей сөзді өзі шығарып, Бізге таңса (Құранға кейбір сөздер қосқанда), Біз оның оң жағынан алып, күре тамырын қияр едік»[18], – делінген.
Тәбук соғысынан сұранғандарға рұқсат бергенде «Оларға неге рұқсат бердің?»[19] – деп ескерткен. Сондай-ақ Пайғамбарымызға Зейнеппен (р.а.) үйлену жайлы ауыр талап қойылған[20]. Демек, Құран Пайғамбарымыздікі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) емес, толығымен Аллаһ тағаланың сөзі.
18. Ешбір жазушы өткен мен болашақ жайлы мәселелерді қамтыған өмір, жаратылыс, оның басы мен соңы, өмірдің әр түрлі саласына қатысты қағидалар мен жалпы ұстанымдар орнатқан, жүздеген жылдан кейін ашылатын ғылыми-технологиялық жаңалықтарды көрсеткен, қысқаша айтқанда, негізінде, бір адамның аузынан шығуы мүмкін емес сөздерден тұратын кітабында өз сөзін өзі өтірікке шығарып, өз-өзіне қарсы пікір білдіріп, басқаның табасына қалдыратын өзі туралы «Сенің сауатың жоқ» деп айта ала ма? Тарихты жақсы білетін көпшілік қауым алдында, тарихты тереңнен зерттейтін болашақтағы ғалымдар алдында ежелгі дәуірлерде болған бағзы оқиғаларды толық сеніммен айтқан адам: «Мен бұларды айтып жатырмын, бірақ мен сол оқиғаларды көрмедім, олар туралы ештеңе оқыған да емеспін», – десе, оның сөзіне сенесіз бе?
Алайда Құран Кәрімде пайғамбарымыздың сауаты болмағаны, яғни өмір бойы қолына кітап алып оқымағаны және ешқандай кітап жазбағаны[21], әрі өткен дәуірдегі оқиғалардың ішінде болмағаны және сол уақытқа дейін әлгі оқиғалар жайлы білмегені айтылады[22]. Хат танымағандықтан кітап оқымаған, өткен дәуірлердегі оқиғалардың ортасында болмаған, олар жайлы ешкімнен естімеген, үйренбеген Тұлғаның өмірдің барлық қыры мен жаратылыстың барлық сырынан нақты мәліметтер бергеніне куә болған біздер оның барлық нәрсені білетін Аллаһтың елшісі екеніне күдік келтіруіміз ақылға сыя ма?!
19. Ешбір жазушы кітабында өзінің және кітабының қорғалатынын және айтқан ақиқаттарының алдағы уақытта барша әлемнің төрінен орын алатынын сеніммен айта алмайды. Мына біздер басымызда жайлы баспана, астымызда жап-жаңа көлік, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өзіміздің барлық қауіп-қатерден аман қалатынымызды сеніммен айта аламыз ба?
Біз қалайша өмірімізге кепілдік бере алмасақ, кітабымызға да дәл сол секілді кепілдік бере алмаймыз. Адамзат сөйлеуді, жазуды-сызуды үйренгелі бері хатқа түскен, айтылған, шырқалған мақала, кітап, әндер кезінде жұрттың аузынан түспегенмен, олар да уақыт өте келе ескіріп, із-түзсіз жоғалады.
Алайда Құранда «Аллаһ сені адамдардан қорғайды»[23] және «Құранды Біз түсірдік әрі оны қорғайтын да Бізбіз»[24], – делініп, пайғамбарымыздың да, Құранның да түрлі қауіп-қатерден сақталатыны, ескірмейтіні, қысқасы, барлық материалдық-рухани тұзақтардан қорғалатыны ап-анық айтылған. Бұл әлі күнге дейін жалғасып келеді әрі қиямет-қайымға дейін де жалғаса бермек.
20. Жазушы кітабында табиғатты суреттеген кезде әдетте қоршаған орта, ауа-райы, жер бедері, өсімдік әлемі, т.б. жайлы көрген-білген мәліметтерін қолданады.
Алайда Құранда шөл мен шөлейттегі тіршілік емес, керісінше, гүрілдеп аққан өзендер, жап-жасыл ормандар, жер анаға нәр берген жаңбырлы бұлттар, жеміске мәуелеген бау-бақшалар, асқар таулар, теңіздер, т.б. бейнеленген. Мысалы, «Нұр» сүресінің 40-аятында «теңіздің түпсіз тұңғиығы, бір-бірін жарыса қуалаған толқындар, теңіздің бетін жапқан қошқыл бұлттар, өз қолыңды өзің көре алмайтындай (көзге түртсе көргісіз) қою қараңғылық» сияқты өте қызықты теңеулер қолданылған. Сол кездегі араб географиясы мен сол дәуірдегі теңіз тіршілігіне қатысты мұндай ұғымдар болмаған. Ол ол ма, шөлде туып өскен әрі жас кезінде бір-екі мәрте ғана Сирия жаққа тек бастан-аяқ шөл даламен саяхатқа шыққан Пайғамбарымыз Құранда баяндалған табиғат құбылыстары мен өсімдік жамылғысын көрмеген әрі теңізге де шықпаған. Бұл жағдайда, осындай әдемі суреттеулер мен теңеулерді бүкіл өмірі шөлде өткен, шөлден басқа жерді көрмеген адамның қиялдан тудыруы мүмкін бе?
«Әнғам» сүресінің 125-аятында кәпір адамның кейпі аспанға көтерілген сайын тынысы тарыла түскен адамның жағдайына теңестірілген. Сол мағынаны білдіретін сөз де өте орынды таңдалған, яғни бұл сөздегі бірінен соң бірі қосарланып келген «сад» және «айн» әріптерін айтқан кезде, бейне ауа жетпей ашылып қалған ауызды көз алдыңа келтіреді (иәссағғаду). Бұл аяттың ақиқаты ғылыми тұрғыдан енді ғана дәлелденді, яғни аспанға көтерілген сайын оттегі азаятындықтан, адамға ауа жетпей, тынысы тарылатыны осы ғасырда ғана белгілі болды. Пайғамбарымыз өмір сүрген дәуірде әуе шарымен аспанға ұшу ешкімнің қиялына да кіріп шықпайтын әрі Арабияда тынысты тарылтатындай биік таулар атымен жоқ. Олай болса, мұндай теңеулер ілімі шексіз Аллаһ тағалаға ғана тән.
21. Жазушы өз туындысын қандай да бір ой-сезімнің жетегінде, былайша айтқанда, шабытты шағында жазады әрі қайғы-мұңы мен қуанышын қағазға түсіреді. Көптеген кітаптар сұлу жар, адал дос, жанашыр адамдар жайлы жазылған. Абақтыдағы азапты күндер, қиялдан қалықтаған асқақ армандар, қызмет бабындағы ащы-тұщы тәжірибелер, қайғы мен қуанышқа бөленген сәттер – бәрі өз алдына бір-бір тақырып. Көріп отырғанымыздай, жан дүниемізде терең із қалдырған оқиғалардың ыстық табы көпке дейін суымайды.
Енді Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) азап-қорлық, қиындық, талас-тартыс секілді тауқыметке толы өміріне үңіліп көріңіз. Бір жағынан, сыртқы жаумен үздіксіз арпалысқан тынымсыз өміріне, екінші жағынан, теңдесі жоқ жамағат тәрбиелегеніне назар салыңыз. Ал, сіз оның азапқа толы өмірі, тап болған қиындықтары, тіпті бауырына басқан балаларының өмірі мен өлімі жайлы Құраннан аят таба аласыз ба, іздеп көріңіз! Ең қиын-қыстау сәттерде өзінің қайғы-қасіретін бөліскен өмірлік жары Хадиша (р.а.) мен арқасүйер көкесі Әбу Талибтен айырылған кездегі «қаралы күндер» жайлы, меккелі мүшріктер шөлге тықсырып, араласуға үзілді-кесілді тыйым салып елге жолатпағанда Хашимұлдарының үш жыл бойы шыжыған күннің астында аштықтан қырылып қиналыспен өткерген күндері, өзінің қабырғасын қайыстырған сүйікті ағасы Хамзаның өлімі мен жауыздардың оның өкпе-бауырын шайнап қорлағаны және өзінің өлімін тілеп тісін қайраған жауыз мүшріктер туралы бір ауыз сөз жоқ. Олай болса, Құран онікі емес. Пайғамбар – Құранды адамзатқа жеткізуші арадағы дәнекер ғана.
22. Жазушы ең алдымен дүние табуды, баюды, шен-шекпен алуды, арман-аңсарын жеткізуді, абыройын көтеруді көздейді. Мәселен, Құранды Пайғамбарымыздың өзі жазды, сөйтіп, осылайша дүние таппақшы болды дей аламыз ба? Әсте! Оның 23 жылдық пайғамбарлық ғұмырына қарасақ, дүниеге мүлдем қызықпағанын, тіпті мешітте жамағатпен намаз оқып жатқанда, намазын бұзып, үйіндегі қалған-құтқан тиын-тебенді садақа етіп таратқанын, көбіне аштықтан қарнына тас байлағанын, тіпті сахабалардың жағдайы түзеле бастаған шақта әйелдері жақсы-жайлы өмір сүргісі келгенде «не мені, не байлықты таңдаңдар» дегенін көреміз. Хунәйн шайқасынан түскен олжадан 8 мың оққа күміс, жүзге жуық түйе, мың шақты қой өз үлесіне тигенімен, қайтыс болғанда үйіне жүрек жалғарлық талшық әкелу үшін кепілдікке қалдырған қалқанын кері қайтарып ала алмағанын көргенде көзімізге еріксіз жас үйіріледі.
Осыларды көре тұра, оның мақсаты лауазым, атақ, абырой алу еді дей аламыз ба? Әсте! Әу баста Меккеде болған кезде, яғни өзіне пайғамбарлық келген кезде мүшріктер оған «Меккенің әкімі бол, бұрын-соңды ешкімге берілмеген дүние береміз, Меккедегі ең сұлу қызды әперейік...» деген секілді ұсыныстар жасаған. Алайда ол осы ұсыныстардың бәрін «Оң қолыма Күнді, сол қолыма Айды ұстатсаңдар да, уаллаһи, мен қызметімнен бас тартпаймын», – деп, кері итеріп, ондай ұсынысқа көз қиығын да салмаған еді[25].
Сосын атақ соңында жүгірген адам кітабында өзі туралы ештеңе жазбай кете ала ма? Алайда Құранға қарасақ, басқа пайғамбарлардың есімі шамамен 500 рет өткенін, ал «Мұхаммед» есімінің тек 4 жерде айтылғанын[26] көріп, таң қаламыз, Оның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдында тағы бір рет: «Әшһәду әннәкә Расулуллаһ»[27], – деп бас иеміз.
23. «Әсбәбун-нузул» деп аталған ғылым саласы әр аяттың қандай оқиғаға байланысты түскенін зерттейді. Құранда он бес шақты аятта «Иәсәлунәкә» (Сенен сұрайды) түріндегі пайғамбарымызға қойылған сұрақтар туралы айтылады да, оларға «Қул» (айт) деп басталған жауаптар беріледі[28].
Әр түрлі үкімдер: харам мен халал, олжаны үлестіру, жаңа туған ай, ақырзаман, Зұлқарнайын, зекет, рух секілді ешбір пенде жауап бере алмаған сан алуан тақырыптар бойынша қойылған сұрақтарға жауап берген бір Аллаһ екені ап-анық. Өйткені әр сұраққа жоғарға деңгейде жауап беру және әр оқиғаға байланысты ең өзекті шешімді қамтыған аят жіберу ешбір пенденің қолынан келмейді. Сосын осындай сұрақтарға пайғамбарымыз кейде біршама үнсіз қалған кездері болғанды, яғни жауап ретінде түсетін аятты күтетін. Бірде өзінен «рух» туралы сұралғанда осылай болған еді.[29]
24. Кез келген адам, кез келген жазушы ел алдында абыройынан айрылмау үшін бір кездері «дұрыс» дегенін бұрысқа шығарып екі сөйлемейді, көзқарасын жөнсіз өзгертпейді, құбылмалы әрекетке бармайды. Ал қандай да бір адам барша адамзатқа Жаратқанның жолдауын жеткізбекші болып жолға шықса, айтқан немесе айтпақшы болған сөзін өзгерте ала ма?
Алайда Құранда Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбардың тек меккеліктер мен мәдиналықтар немесе араб түбегіндегі адамдар үшін емес, тіпті жер бетіндегі адамдар үшін емес, бүкіл он сегіз мың ғаламның тұрғындары үшін «мейірім» ретінде жіберілгендігі айтылған[30]. Міне, осындай ұлы қызметпен жіберілген ұлық Пайғамбар кей-кейде Құранның ескертуімен істеген немесе істеуге ниет еткен әрекетін өзгертетін, әрі әрдайым Құранның жаңадан түскен үкімі бойынша жүретін.
Ол – адамдарға тура жолды көрсету үшін жіберілген еді. Оның жатпай-тұрмай Әбу Талибті тура жолға шақырғаны да өзінің міндетіне адалдығынан туындаған. Өйткені Әбу Талиб – әрі өзінің немере ағасы, әрі 40 жылға жуық өзін қамқорына алған жанашыры еді. Алайда мәселенің негізгі кілті – Аллаһ тағаланың қалауы болғаны шындық. Міне, Аллаһ елшісі ағасының иман келтіргенін қалап, ажалы таянған сәтте қайта-қайта: «Лә илаһә иллаллаһ» де, ақыретте шапағат етейін, – деп жалына-жалбарына өтінген еді. Алайда Әбу Талиб оның өтінішін құлағына аспады.[31] Міне, осы мәселе жайлы түскен аят: «Сен сүйгеніңді тура жолға сала алмайсың. Аллаһ қана қалағанын тура жолға салады»[32], – деп оған ескерткен еді.
Тағы бірнеше мысал берейік: мұнафықтардың басшысы Абдуллаһ ибн Сәлул мұсылман болып көрінгендіктен, оның жаназа намазын оқымақшы болғанда, Аллаһтың зілді ескертуімен ниетінен бас тартады.[33] Азаттық алып берген қызметшісі Зәйдті «балам» дейтін. Түскен аят оның бала асырап алуына тыйым салды.[34] Мүлдем ойына кіріп шықпаса да, иләһи әмірге мойынсұнып, қызметшісі Зәйдтен ажырасқан Зейнеппен отау құрады.[35] Бәдір тұтқындарына кешірім беріп, босатпақшы еді. Бірақ Аллаһтың әмірімен тұтқындар фидия[36] өтеу шартымен босатылды[37].
Осы және осыған ұқсас әмірлер мен тыйымдар мынаны көрсетеді: ол ешқашан өз білгенімен жүрген қатардағы адам болмаған, керісінше, Аллаһтың үкімдерін орындаған елші еді. Ісін өздігінен емес, Аллаһтың ескертуімен өзгертетін, Құран тілімен айтқанда «Ол өз ойынан сөйлемейді. Тек көкейіне салынған уахиды ғана айтады»[38].
25. Ешбір адам қараптан-қарап намысына кір келтіруді, жұрттың өсегіне қалуды қаламайды. Әсіресе өмір бойы «әмин» (сенімді) болып танылған арлы, адал кісінің бұндай нәрсені ойламайтыны айдан анық. Пайғамбарымыздың өміріне тағы бір мәрте зер салайықшы, сонда мұнафықтар ұйымдастырған бір оқиғаны байқаймыз. Аттай бір ай бойы қабырғасын қайыстырған, ауыр азапқа салған, тек өзін ғана емес, кіршіксіз пәк әйелі Айша анамызды (р.а.) және ең жақын досы Әбу Бәкірді (р.а.) және басқа мүміндерді қатты ренжіткен «ифк»[39] оқиғасын алалық.
Егер Құранды өзі жазған дейтін болсақ, онда мұнафықтар Айша анамызға бәле-жала жапқанда, шындықты көрсету үшін, ар-намысының таза екенін дәлелдеу үшін бір ай күтер ме еді? Сосын қандай адам өз жанұясына қатысты мәселелерді жұртқа жайып салады? Алайда Құранда пайғамбарымыздың әйелдеріне қатысты «Үйлеріңде отырыңдар. Алғашқы жаһилият әйелдерінің ашылып-шашылғаны сияқты ашылып-шашылмаңдар»[40] және «Егер тақуалық қылсаңдар, қылымсып сөйлемеңдер»[41] түріндегі әмір, тыйым, ескертулер бар. Тек осының өзі Құранның Аллаһ тағаланың сөзі екенін дәлелдеуге жетпей ме?
[1] Әнкәбут сүресі, 29/48.
[2] Қараңыз: Бақара сүресі, 2/23; Юнус сүресі 10/38.
[3] Бақара сүресі, 2/23.
[4] Юнус сүресі 10/38.
[5] Ниса сүресі 4/82.
[6] Ибн Хишам, әс-Сиратун-нәбәууия, 2/105-106.
[7] Ибн Хишам, әс-Сиратун-нәбәууия, 2/156-157.
[8] Құртуби, әл-Жамиу лиахкамил-Құран, 1/153.
[9] Хашр сүресі, 59/7.
[10] Нәжм сүресі, 53/39.
[11] Ниса сүресі, 4/58.
[12] Маида сүресі, 5/32.
[13] Әнкәбут сүресі, 29/48.
[14] Шура сүресі, 42/52.
[15] Қараңыз: Әнфал сүресі, 8/70; Ахзаб сүресі, 33/28, 59.
[16] Қараңыз: М.Фуад Абдулбаки, Мұғжамул-муфахрас лил-әлфазил-Құранил-Кәрим.
[17] Христиандар мен яһудилер (ауд.).
[18] Хаққа сүресі, 69/44-46.
[19] Тәубе сүресі, 9/43.
[20] Ахзаб сүресі, 33/37.
[21] Қараңыз: Әнкәбут сүресі, 29/48.
[22] Қараңыз: Әли Имран сүресі, 3/44; Һуд сүресі, 11/49; Қасас сүресі, 28/44.
[23] Мәида сүресі, 5/67.
[24] Хижр сүресі, 15/9.
[25] Ибн Хишам, әс-Сиратун-нәбәууия, 2/101.
[26] Әли Имран сүресі, 3/144; Ахзаб сүресі, 33/40; Мұхаммед сүресі, 47/2; Фәтх сүресі, 48/29.
[27] Сенің Аллаһ елшісі екенің рас! деген мағынаны білдіреді
[28] Қараңыз: Бақара сүресі, 2/189, 215, 217, 219, 220, 222; Мәида сүресі, 5/4; Ағраф сүресі, 7/187; Әнфал сүресі, 8/1; Исра сүресі, 17/85; Кәһф сүресі, 18/83; Таһа сүресі, 20/105; Назиат сүресі, 79/42.
[29] Қараңыз: Тәбари, Жамиул-баян, 8/301; 18/180.
[30] Әнбие сүресі, 21/107.
[31] Ибн Кәсир, әл-Бидая уән-ниһая, 3/122.
[32] Қасас сүресі, 28/56.
[33] Қараңыз: Тәубе сүресі, 9/84.
[34] Қараңыз: Ахзаб сүресі, 33/4.
[35] Қараңыз: Ахзаб сүресі, 33/37.
[36] Бұл жерде тұтқыннан босатылу үшін берілетін ақша деген мағынаны білдіріп тұр (ауд.)
[37] Қараңыз: Әнфал сүресі, 8/67.
[38] Қараңыз: Нәжм сүресі, 53/3-4.
[39] Хижраның 5-жылы Шағбан айында «Бәни Мұсталық» не «Мүрәйси» деп аталған жорықтан қайтқанда Айша анамызға таңылған жала. Дәрет сындырып қайтпақ болып көштен қалып кеткен анамызды сол кездегі екіжүзділер жаманатқа қалдырған.
[40] Ахзаб сүресі, 33/33.
[41] Ахзаб сүресі, 33/32.
- жасалған.