ҚҰРАН КӘРІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ

Толық дәлелденген мәліметтерді нақты тәжірибеде «ғылым» деп, нақты дәлелденбеген мәліметтерді «ықтималдылық» деп атаймыз.

Ғылым болашақ жайлы пікір білдірмейді, тек нәтижені ғана айтады. Алайда Аллаһ Расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) таңғажайып мұғжиза ретінде кейбір ғылыми анықтамалар жайлы ғасырлар бұрын хабар берген әрі айтқандары айнымай жүзеге асқан. Оның сол кезде айтқан кейбір сөздерінің ақиқатына ғылым осы ғасырда ғана көз жеткізді. Құран Кәрімде де осы мәселеге қатысты бірнеше аят бар. Құран Кәрім пайғамбарлардың мұғжизалары арқылы немесе теңеу, мысал беру, ишарат жасау секілді тәсілдерді қолдану арқылы болашақ жайлы алдын-ала хабар берген. Осылайша мұғжизалық қасиетінің тағы бір қырын көрсетіп, Аллаһтың сөзі екенін басқа тұрғыдан дәлелдеген. Өйткені терең ғылымы жоқ біреудің түрлі ғылым саласының араға көп ғасырлар салып барып қана қол жеткізетін жетіс-тіктері жайлы алдын-ала ишарат жасауы, тіпті олар туралы анықтап айтуы мүмкін емес.

Алайда Құран мұны толық орындаған. Олай болса, ол – Аллаһтың сөзі.

Құранда қай нәрсе қаншалықты мөлшерде бар?

1. Жаратылыс пен адамды түсіндірген Құранда барлық нәрсе баяндалған, ештеңе кем-кетік қалмаған. Яғни ылғал болсын, құрғақ болсын – барлық нәрсеге қатысты ғылыми түсініктеме берілген.[1] Ибн Мәсуд: «Құранда барлық нәрсе баяндалса да, біздегі ілім ондағының барлығын толықтай түсіне алмайды.[2] 

Ибн Аббас: «Түйемнің жібі жоғалса, оны, шамасы, Аллаһтың Кітабынан табатын шығармын»[3], – дейді. Ал Суйути болса, Құранда барлық ғылым саласы қамтылғанын айтады[4].

Құран – соңғы пайғамбармен кемеліне жеткен ең ұлы дін – Исламның кітабы, сондықтан бүкіл ғаламзатты, бүкіл дәуірлер мен мекендерді қамтыған. Ол күллі адамзатқа: тәпсірші, фықыһшы, социолог, психолог, тасауыфшы, философ, физик, химик – бәріне бүкіл ғасырда әрі барлық ғылыми деңгейде тәлім үйретеді. Құранның мәнін ұғынып оқыған адам: «Құран маған айтып жатыр, маған өзімді түсіндіріп жатыр», – дейді. Оны шын ықыласымен оқи білсе, міне, сол кезде басына келген, келетін барлық нәрсені, өміріндегі тосқауылдарды, өмірінің ақ-қарасын, ауру-сырқауларын, яғни бүкіл жағдайына қатысты мәліметтерді табады, әрі дертіне дауа, ауруына шипа болатын дәрілерді де оның «дәріханасынан» ала алады.

Құранда нәпсі тәрбиесі, ар-ождан тазалығы, өз-өзіне есеп беру, жанұяны басқару, бала тәрбиесі, әлеуметтік қатынастар, әдептілік қағидалары, адамгершілік нормалар құқық, экономика, жаратылыс заңдылықтары, ғылым салаларының негіздері, мәдениет ғажайыптарының мазмұны, т.б. көптеген жайттар қамтылған.

2. Құранда қасиеті, маңызы мен бағасына қарай барлық нәрсе бар.
а) Иә, Құранда барлық нәрсе бар. Бірақ олардың барлығы да мәселенің, маңызына, қасиетіне, құндылығы мен мәніне қарай берілген. Онда ең маңызды мәселе қайсысы?

Тәухид, пайғамбарлық, хашр (өлгеннен соң қайта тірілу), ғибадат, мәңгілік бақыт, азаптан сақтану... Бұлардан басқа Аллаһ тағаланың жаратылыстағы ұлы істері, теңдессіз өнер туындылары, ұлық сипаттары мен есімдерінің бейнелері, аспан жүйелері мен ғаламшарлардың керемет тепе-теңдігі мен үйлесімділігі... Бұлардың бәрі бүге-шігесіне дейін анық та қанық түсіндірілген. Сондай-ақ белгілі бір дәуірлерде жарыққа шығатын ғылыми жетістіктер мен технологиялық жаңалықтар да маңызы мен бағасына қарай ашық түрде болмаса да Құранда ишарат түрінде, астарлы мағынада орын алған. Неге ашық түрде емес? Себебі мынау: мысалы, адамзат үшін маңызы зор электр тогы, ұшақ пен зымыран секілді заманауи техникалық жетістіктер ғайыптан тіл бітіп: «Біз неге Құранда ашық айтылмағанбыз?» – деп сұрай қалатын болса, оларға Күн, Ай және жұлдыздар, галактикалар: «Өз орындарыңды біліңдер, өйткені сендермен салыстырғанда шыбынның өзі сендерден қалыспайды, тым шебер жаратылған, өте ғажайып. Сендер тек деңгейлеріңе қарай Құраннан орын ала аласыңдар», – деп жауап берер ме еді, қайтер еді[5].

ә) Құранда барлық нәрсе бар, бірақ әр түрлі дәрежеде және сан алуан қасиеттерде қоғамдық қағидалар мен физикалық заңдылықтар түрінде бар. Көп нәрсе адамдардың ізденуіне, тер төгуіне, қайрат-жігеріне негізделген «дәнек» түрінде берілген. Дәйлами риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Шынында, әр аяттың сыртқы жағы және ішкі жағы, тура мағынасы мен астарлы мағынасы, сондай-ақ қол жеткізуге болатын, түсінуге болатын бір шегарасы; бұдан басқа әрбірінен тарайтын тал-бұтақтары (пәндерге қатысты мағыналар) бар», – деген.[6]

б) Құранда барлық нәрсе бар, бірақ оны сол күйі көру қиын. Ғазалидің «Ихиа улумид-дин» атты еңбегінде ишарат етілгендей, Құран Кәрімдегі тура мағыналы аяттарды ғұламалар да, қарапайым адамдар да түсіне алады, ал астарлы мағыналарды ғұламалар ғана түсіне алады. Құранда «Ғылымға тамыр салып, терең бойлағандар»[7] деп суреттелген ғұламалар Құранның мағынасына терең үңіліп, небір інжу-маржандар шығарады. Бірақ Құран өзіне ден қойып, қолынан тастамайтын адамға ғана сырын ашады. Көне тарихи бұйымдарды темір ұсталары тек ауырлығына қарап бағалайды, дегенмен тарихи бұйымдарды жинайтын зергерлер оларға жоғары баға береді. Демек, Құранда көп нәрсе тек үздіксіз тер төккен, терең ойланған, соңына түскен ғалымдар түсіне алатындай ишара-белгі, тұспал түріндегі бар.

в) Құранда барлық нәрсе бар, әйтсе де олар өздерін танытуды мақсат етпейді. Олардың міндеті Жаратушыны танытып, Соның ұлылығын паш ету. Бір жазудағы «а» әрпінің өзінен гөрі жазушының өнері мен қабілетін көрсеткені секілді, Құран аяттары да Аллаһты тану, Оны іздеп табу үшін қызмет етеді. Өйткені Құранның ең басты және ең бірінші міндеті – адамға адамзат пен жаратылысты жаратқан Ұлы Жаратушыны таныту, құлшылық міндетін ұғындыру, өзінің, жанұясының және қоғамның өмірін ретке келтіру, мәңгілік бақытқа жетелеу, бүкіл тіршілік пен барша адамзаттың қайнар бұлағы болу. Егер бұлай болмай, Құран ХХ ғасырдағы бірталай мәдениет ғажайыптарын, ғылыми жетістіктерді бүге-шігесіне дейін анықтап түсіндіргенде, онда маңызы зор мақсаттардың өзектілігі жойылып, әлемнің патшасы әрі ең жетілген болмысы – адамның мән-маңызы қалмас еді. Бұл Құранның негізгі мақсаты мен рухына толығымен қайшы келеді. Аллаһ тағала жаратылысты Құранмен түсіндірген. Сондықтан жаратылыстың шынайы мән-мағынасын жарыққа шығарған ең абзал болмыс – адамға қатысты мәселелер мен ғылыми ақиқаттар да қалыс қалмай, маңызы мен қасиетіне қарай, әлбетте, Құраннан өз орындарын алады. Құран физика, астрономия не медицина кітабы емес, дегенмен осы ғылым салаларына қатысты мәселелер мен ақырзаманға дейінгі ғылыми анықтама, зерттеу және адам өмірімен байланысты технологиялық құралдар – бәрі деңгейіне қарай түрлі жолдармен: тұқым, ишарат, белгі, астарлы мағына, формула тәрізді заңдылықтар, қағидалар түрінде Құраннан орын алған.

Құран ақырзаманға дейінгі адамзат шұғылданатын ғылымның ешқайсысын қалыс қалдырмай, әрбіреуіне жол сілтеп, соңғы тұжырымын жасаған. Адамдарға түбі бағындыратын биіктерді нұсқап, саналы адамзатты осы салаларды зерттеуге шақырады.


[1] Қараңыз: Әнғам сүресі, 6/59.
[2] Бұхари, әл-Куна, 44-бет; Алуси, Рухул-мағани, 27/98.
[3] Суйути, әл-Итқан фи улумил-Құран, 2/273.
[4] Қараңыз: Суйути, әл-Итқан фи улумил-Құран, 1/3; 2/277-278.
[5] Қараңыз: Б.С.Нұрси, Сөзлер, 347-348-беттер.
[6] Абдурраззақ, әл-Мусаннаф, 3/358; Әбу Яғла, әл-Мүснәд, 9/278; Табарани, әл-Мұғжамул-аусат, 1/236.
[7] Әли Имран сүресі, 3/7.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.