Мұғжизалар жайында
Мұғжизаларды жоққа шығаруға болмайды
1. Мұғжизаны, оны жаратушыны не мұғжиза көрсеткен пайғамбарларды жоққа шығарудың адамға келтірер ешбір пайдасы жоқ. Оның үстіне, саналы адам кез келген жайтты «көңіліме қонбады» деп жоққа шығара салудың орнына әуелі сабыр сақтап, содан соң ой елегінен өткізіп барып ақиқатын іздестіруі қажет.
«Көңіліме қонбады» деп ой жүгіртпеу не мұны дағдыға айналдыру – ақыл мен ғылым тұрғысынан үлкен қылмыс болып саналады. Бастапқыда негізсіз көрінген немесе кейбіреулердің ойына қонбаған, дегенмен кейіннен ел игілігіне айналған көптеген ғылыми жаңалықтар мен технологиялық жетістіктердің барлығы ұдайы ой еңбегінің жемісі. Тіпті қырынуға уақыт таптырмай, киім ауыстыруға да мұршасын келтірмей үйіне барар жолды ұмыттыратын да сол баяғы ой еңбегіне деген берілгендік.
Ойлану немесе ой қорытып шешім қабылдау қабілетінен жұрдай өзге тіршілік иелері де өздерінің жаратылыс мақсатына сай міндеттерін бұлжытпай орындауда. Егер адам баласы осы баға жетпес ойлану қабілетін өз орнында қолданбаса, онда ең болмағанда, кімдерден және қандай дәрежеде мешеу қалатыны жайында бір сәтке ойлансын!
«Көңіліме қонбайды» деу – сылтау емес. Керісінше, сәл ойлансақ, осынау Ұлы тұлғаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұғжизаларды оп-оңай көрсете алатынын барынша жеңіл мойындаймыз. Өмірі бір ауыз өтірік айтып көрмеген, Жаратушының ерекше қорғауында болған Ұлы тұлғаның мұғжизаларын күмәнсіз мойындаудан басқа шарамыздың жоқтығын түсінеміз. Пайғамбарымыздың өзін де, мұғжизаларын да өтірікке шығара алмай кезінде «ол сиқыршы» деп күстәналағандар былай қалып, бүгінгі күні де олардан асып кетпесе кем түспейтін жаптым жала, жақтым күйені көздеген бүгінгі имансыздарға, олардың ақылдарының таяздығына таңданбасқа шара жоқ...
2. Мұғжизаларды жоққа шығару, бір жағынан, Аллаһ тағаланы, Құранның Аллаһ сөзі екендігін және Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлығын жоққа шығару деген сөз. Негізінде, мұндай жоққа шығарудың өзі ақыл мен сананың аясынан мүлдем тысқары жайт. Өйткені осы ақиқаттардың бір емес, мыңдаған дәлелі бар, ал жоққа шығарушылардың сөзін растайтын ешбір дәлел жоқ әрі болуы да мүмкін емес. Ал, олардың дәлел дегендері – Күнді көрмеуге тырысып көзін тарс жұмған немесе өзіндегі жарықты сөндіру арқылы бүкіл әлемге қараңғылық орнатқысы келген ақымақ адамның қылығы секілді.
Он мыңдаған пайғамбар, миллиондаған әулие мен миллиардтаған мүминге қарсы шығып «жоқ, сенбеймін» деп қасарысқан пенденің жағдайы түбі тесік шелекпен су тасығанға, я болмаса кең сарайды аралап жүріп ондағы тұнып тұрған керемет өнер туындылары мен сәулет өнерін елемей, жерде жатқан тасқа қарап: «Бұл сарайдан ешқандай да әсемдік, жүйе, тәртіп, үйлесім көріп тұрғаным жоқ, барлығы кездейсоқ нәрселер», – деген адамға, не болмаса мыңдаған есігі ашық тұрса да, сарайдың жабық тұрған бір есігін меңзеп: «Бұл сарайға кіру мүмкін емес», – деп табандап тұрып алған бейшараның күйінен еш айырмашылығы жоқ.
3. Миғраж – Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құлшылығының жемісі. Кімде-кім нәпсісін тәрбиелесе, жан-дүниесі байып, рухани өскенін көреді. Екі жыл нәпсіңізді арам заттардан тазаласаңыз (риязат), сіз де бірден өскеніңізді сезесіз. Әулиелерде жиі кездесетін осы құбылыстарды жан дүниенің қадірін білу, сана-сезімнің мәнін ұғу сияқты ұғымдармен түсіндіруге болады. Дәмін татып көрмеген, сезінбеген жандар ештеңе түсіне алмайды. Егер бұлар галюцинация болса, ол иманы кәміл адам үшін емес, сыраханадағы, пұтханадағы адамдар үшін қиял шығар. Бұлар – жан-тәнімен беріле ғибадат жасаудың нәтижесінде Аллаһ тағала берген қасиеттер. Алайда, бұл рухани биіктеу мәселесін физикалық өлшемдермен өлшеуге тырысу материядан тыс әлемдерге қатысты мәселелерді фәни дүниелік өлшемдермен өлшеп-тартқанға ұқсайды. Арпа мен ұн қабын тартқан таразымен алтын мен алмастың салмағын тартқанын көрдіңіз бе?
4. Бұрынғы пайғамбарлар да мұғжиза көрсеткен, оларды яһудилер мен христиандар мойындаған. Олай болса, осыған ұқсас құбылыстың басқа бір пайғамбарда қайталануында тұрған ештеңе жоқ. Біздің де мойындағанымыздай, мәдениет пен технологияда үлкен жетістіктерге жеткен батыстықтардың түсінігінше, Исаның (а.с.) көкке көтерілуі; Тұр тауында Мұса пайғамбардың Аллаһпен сөйлесуі мүмкін бола тұра, басқа бір құлдың дәл сондай және ұқсас мұғжизаларды көрсетуі неге мүмкін болмасқа?
5. Адам мен Һауаның және Иса Мәсіхтің (а.с.) жаратылуы себеп-салдар заңдылықтарынан тыс. Ол -ғылыми өлшемдермен түсіндіруге келмейтін мұғжиза. Біздің ғылымға, себеп-салдар заңдылығына сүйеп түсіндіре алмаған мәселелерде Аллаһ пен елшісінің түсіндіргеніне мойынсұнғаннан басқа жол бар ма?
Адам ата мен Һауа ана әке-шешесіз, ал Иса (а.с.) әкесіз дүниеге келген. Адам атаның (а.с.) жаратылысында сперма да, ұрықтану да жоқ. Жер бетінің түрлі элементтерінен жинақталған, топырақ «ашытқысынан» бір «протеин қоспасы» жасалғаннан кейін қаңқасы дүниеге келген. Һауа анамыз да, бір көзқарас бойынша, оның қабырғасынан алынған бір бөлік пен бір ұйытқыдан жаратылған. Бұл – анық мұғжиза.
Барлық нәрсені ғылыми тұрғыдан түсіндіруге тырысу, ғылымның түсіндіре алмағанына «аңыз-ертегі» деп қол сілтеп мән бермеу, негізінде, ғылымды аңызға айналдыру болып саналады. Өмірде ғылым түсіндіре алмаған қаншама құбылыстар мен оқиғалар бар. Бір үндінің шеге мен тікенге жатқанын, шоқ басса да күймейтіндігін, жіңішке темірді дәл ортасынан сұқса да, тілінен қан ақпауын; қанжармен кесіп темірге өткізген тілін қайтадан орнына жабыстыруын және орнында ешбір іздің қалмауын қандай ғылыми қағидамен түсіндіре аласыз. Қала берді, бұла мұғжиза да емес.
6. Күнделікті тіршіліктегі үйреншікті әрекеттерді де тереңірек зерттеп көретін болсақ, ғылыммен үйлеспейтін қаншама құбылыстарды көріп аң-таң боламыз. Алайда, бұлар да мұғжиза емес.
7. Мұғжизаларды «таңғажайып құбылыстар» дедік. Алайда, күнделікті тіршілігіміз де таңғажайыптарға толы. Бір адамның әке-шешесіз дүниеге келуі – таңғажайып құбылыс болса, онда қарапайым бір тамшы судың тылсымды жолдармен өтіп, жұмыртқа жасушасымен бірлесіп, жаны бар тіршілік иесіне айналуы, яғни көретін, ойлайтын, білетін әрі сөйлейтін 60 триллион жасушадан тұратын адамға айналуы таңғажайып құбылыс емес пе?
Өкінішке қарай, біздің көзіміз үйреніп, етіміз өліп кеткендіктен, мұндай таңғажайып құбылыстарды қарапайым құбылыс ретінде қабылдаймыз. Ой-санамыз, себеп-салдар қатынастарына және физикалық заңдылықтардың ықпалына қарай қалыптасқандықтан, әрдайым сезгендеріміз бен көргендерімізді, айналамызда болып жатқан барлық құбылыстарды осы негізде қабылдауға тырысамыз. Олай болса, әуелі, ой-санамызды жақсылап реттеп алуымыз керек.
8. Мұғжиза болсын, үйреншікті іс болсын, себеп-салдар заңдылығы болсын – бәрінің де сүйенген негізі бір емес пе? Шыққан тегі бірдей, тіршілігі әр түрлі, қайнар көзі бірдей, ағар арығы өзгеше, түп негізі бірдей, жүзеге асырылуы сан алуан. Сосын Адам атаның (а.с.) жаратылысы мен біздің жаратылысымыздың арасында, айтарлықтай көп айырмашылық та жоқ. Ол – жер бетіндегі элементтерден жинақталып, бір «протеин қоспасына» айналып, балшық түріндегі қаңқасы мүсінделіп, ішіне жан берілумен мұғжиза ретінде спермасыз жаратылса, біз сәл өзгеше жолмен Аллаһ тағала орнатқан заңдылықтар мен себептер шеңберінде, дәл осы жер бетінің элементтерін қамтыған азықтардан нәр алған ағзадан өріп шыққан сперманың ана жатырында түрлі сатылардан кейін қаңқа болуы, осы қаңқаға рухтың берілуі арқылы жаратылдық.Бұның өзі мұғжиза емес пе? Түп негізі бір, Жаратушымыз бір, бар болғаны жүзеге асу барысында себеп-салдар заңдылықтары араласқандықтан, аздаған айырмашылық бар. Міне, бар айырмашылық осында ғана!
9. Ең негізгі нәрсе – адамға жанның салынуы. Тәнге қатысты қасиеттер ғана өзгереді. Мұның себеп-салдар заңдылығы негізінде жасалуын «табиғи құбылыс» деп, ал, себеп-салдар заңдылығынан тыс жүзеге асуын «мұғжиза» дейміз.
10. Жаратылыста «уақыт» сияқты ұғымдар да салыстырмалы түрде алынған. Секунд, минут, сағат тілдерінің әр түрлі уақытты көрсетуі, Жерде, Айда, т.б. ғаламшарларда уақыттың салыстырмалы түрде алынуы секілді, құдірет, күш ұғымдары да осындай салыстырмалы түрде алынған ұғымдар. Ғылымның соңғы жетіс-тіктеріне сүйене отырып, жаратылыста бесінші және алтыншы күштердің бар екенін де еске сала кеткенді жөн көріп отырмыз.
Адамдар арасында да, дәрежесі адамнан жоғары немесе төмен тіршілік иелері арасында да күш айырмашылығы бар. Мәселен, жындар мен періштелердің күші белгілі бір шамада бізден өте жоғары. Біз 100 кг жүкті көтере алмаймыз, ал жындар тонна-тонна жүктерді қаңбақ құрлы көрмейді, періштелер әлемдегі тартылыс күші заңдылығын басқарады. Бұл – біз үшін таңғажайып мұғжизалық құбылыс. Періште мен жындардың бір мезетте әр түрлі жерлерде болуы да осындай құбылыс.
Енді бұл мәселеге басқа қырынан қарасақ күш тұрғысынан бізден әлсіз болмыстар да бар. Мысалы, 100 құмырсқаның жиналып, бір жылда істеген ісін бір адам бір минутта бұзып, қайтадан жасай алады. Бұл да құмырсқалар үшін бір мұғжиза сияқты.
Ендеше, бүкіл күштен үстем, барлық нәрсеге құдіреті жететін Аллаһ тағала бар. Аллаһ үшін таңғажайып деген ұғым болмағандықтан, Ол құлдарының қолымен, қаласа, бір нәрсені біз үшін «мұғжиза» етіп жаратады, қаласа, кәдімгі үйреншікті іс етіп жаратады.
11. Мұғжизалар бізге өте сенімді риуаяттармен жеткен. Ақыл-ойдың өзіндік шегі бар. Мәселен, 10 кило тартатын таразыға 100 килолық затты тарта алмаймыз. Сол секілді ойлау қабілетінің шегі бар ақыл да өзінен жоғары бір күшті қамти алмайды. Ақыл өзінен жоғары әрі ойлау шеңберінен тыс мәселелерді жоққа шығарады, не оларға амалсыздан бас иеді. Мәселен, ақыл Аллаһтың болмысын мүлдем түсіне де, ұғына да алмайды, Ол туралы ойлай алмайды, танып-білуге шама-шарқы жетпейді. Өйткені, Аллаһ тағала ойға келген еш нәрсеге ұқсамайды. Адамның міндеті – Оған иман етіп, Оның ұлық сипаттары мен есімдерінің көріністеріне, құдіретіне ой жіберу және Оны тануға тырысу. Жаратқан Иеміздің өнер туындысы болып табылатын ақыл өзінің Иесін түпкілікті ұғына алмайды. Сондықтан мұғжизалардың шынайы қасиеттерін, яғни Аллаһтың себеп-салдар заңдылығынан тыс іс-әрекетін ұғыну рухты түсіне білу іспетті едәуір қиын мәселе. Сондықтан рас екені анық, сенімді риуаяттармен жеткен мұғжизаларды мойындау – ақылға қонымды әрі ең төте жол.
12. Ақылдың екі түрлі тәжірибе саласы бар. Біріншісі – бұған дейін дәл өзі немесе ұқсасы кездеспеген, сондықтан да салыстыруға келмейтін құбылыстар. Бұлар кейде жеке – дара құбылыс болып қалады, кейде өзіне ұқсас түрлері мен үлгілері көбейіп кетеді. Адамның алғаш жаратылысы – осы саланың бірінші бөліміне жатады, яғни әке-шешесіз жаратылу – ешқашан қайталанбаған құбылыс. Соған орай оны салыстыру мүмкіндігі де тумаған.
Екіншісі – салыстыруға және ғылыми заңдылықтарға тәуелді, қайталанатын ұқсас құбылыстар. Бұл саладағы қалыпты себеп-салдар заңдылықтары иләһи құдіретке перде болып көрінгендіктен, ақыл көбіне осылармен шұғылданады. Ал, енді салыстыруға келмейтін, ұқсасы болмаған алғашқы жаратылысты жалғыз әрі ұқсасы жоқ деп жоққа шығаруға тырысу, ең кемінде, ойлау, ғибрат алу секілді ақылдың мүмкіншіліктерін шектеу, шектен шығу әрі ақылға, қисынға саламын деп, ақылсыздық пен қисынсыздыққа ұрыну болып табылады.
13. Қалыпты дағдыдан тыс жеке-дара болған құбылыстарды «шузузат-ы иләһия», яғни сирек кездесетін тосын құбылыстар дейміз. Негізінде, себеп-салдар заңдылықтары шеңберінде өмір сүріп отырған физикалық кеңістікте де осындай құбылыстарды анда-санда кездестіреміз әрі мүлдем жоққа шығармай, ғалымдардың бұларды зерттеп, жаңа жетістіктер мен жаңалықтар тауып, қисынға қонарлық түсініктеме беруін күтеміз. Мысалы, Англияда дәрігерлер асқазандағы жараны емдеуде дәрі-дәрмекті жиыстырып қойып, ақырындап «гипнотерапия» делінген сөзбен емдеу тәсіліне көшті. Сөзбен дұға ету арқылы емдеу – бұрын кездеспеген айрықша құбылыс болса, мұны ақыл мен ғылым тұрғысынан жоққа шығаруымыз керек пе? Ендеше, ақыл да, ғылым да себеп-салдар заңдылықтары шеңберінен тыс жүзеге асқан мұғжизаларға қырын қарамайды.
14. Аллаһ өз ұлылығымен барлық нәрсені себеп-салдар заңдылықтары шеңберінде жаратады. Сонымен бірге, Оның «Хаким» деген ұлық есімі бар, Ол ештеңені бостан-босқа істемейді, оның бүкіл ісінде «хикмет» бар. Алайда, Ол себеп-салдар заңдылықтарына бағынуға, әрбір ісін міндетті түрде хикметпен істеуге міндетті емес. Иә, Аллаһ үшін мәжбүрлік деген ұғым жоқ. Сондықтан да ештеңеге мәжбүр емес екенін көрсету үшін, ақыл мен жүректің себеп-салдар заңдылықтары шеңберімен шектеліп қалуына тосқауыл қою үшін, қалауын ап-ашық көрсету үшін, Өзіне назар аударту үшін Аллаһ тағала кейде бұрын-соңды болмаған жайттарды жаратады, себеп-салдар заңдылықтарынан мүлдем тысқары құбылыстарды көруге итермелейді.
Біздің күнделікті тіршілікте көріп-біліп жүрген көптеген оқиғаларымыз бар. Мысалы, үшінші қабаттан ересек адам құлап өледі, бірақ бесінші қабаттан құлаған нәрестеге түк болмайды. Бір ұшақ апатында ешкім тірі қалмаған, бірақ құндақтағы сәби жараланбастан аман қалған. Екі басты, төрт аяқты баланың дүниеге келуі, Күн мен Айдың тұтылуы, денелері бір-біріне жабысып туған егіздер, сым өткізілген денесімен йоганың өмір сүруі, отта жанбауы, т.б. осыған ұқсас таңғажайып істері – бәрі де себеп-салдар заңдылықтарынан тыс құбылыстар.
Егер осы және бұдан жоғары деңгейде болып жатқан мұғжизалар ақыл мен ғылымға үйлеспесе, онда ақыл мен ғылымды қабылдаудың да ешбір мән-мағынасы жоқ.
15. Ғылым мен ақылды атомның қозғалысымен, материямен, рационализммен шектеп қоюға болмайды. Неге десеңіз, ақылын қолданып, ғылыммен айналысқан адам тек қана материя мен денеден тұрмайды. Мыңдаған әлемнен тек біреуі ғана адамның тәніне қатысты. Мұғжизаларды ақылымен қабылдай алмаған адам ғылыми жетістіктерді біраз ақтарып, ғылым мен технологиядағы жаңалықтардан хабардар болатын болса, онда иесіз сандалып жүрген ақылы да өз қазығын іздеп табады.
Адамда рух бар, рухтың атқаратын көптеген қызметтері әлі де бізге беймәлім. Рухқа байланыс-ты қазіргі зерттеу жұмыстары – ғылыми кеңестердің барынша көңіл бөліп, зерттеліп жатқан алғашқы мәселелерінің бірі. Барлық нәрсені материяға апарып тіреп қоятындардың ақылы тек көзіне ғана сенеді, ал көз болса, руханиятты мүлдем көре алмайды. Мұғжизаларды жоққа шығаратындар, шамасы, дінге деген жабайылықтарынан және үрейлерінен осылай істейтін шығар. Алайда, осы күнге дейін адамзатқа жан бітіріп келген дін – келешекте де жүректерді сусындата бермек.
16. Қазіргі ғылым көбіне кеше «қате» дегеніне бүгін «дұрыс» десе, керісінше, «дұрыс» дегенін «қате» деп тауып жатады. Бүгін дұрыс деп табылған нәрсенің ертең қате болып шықпасына және бүгінгі қателіктің ертең дұрыс болмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Мұнымен қоса, бүгінгі ғылым түсініктеме бере алмаған мәселелерді және себеп-салдар заңдылықтарынан тыс көптеген құбылыстарды «ғылым жақында мұның да анық-қанығына жетеді» деп күтіп, өткен замандарда болып кеткен құбылыстарды «мүмкін емес» деп жоққа шығаруға талпыну ешбір ақыл-ынсаппен түсіндіруге келмейді. Неліктен «мұғжизалар» үшін де «бұларға біздің ақыл-санамыздың шамасы жетпейді» деп біршама сабырлық пен парасаттылық танытпаймыз?!
17. Атеизмді негізге алған ақылдың «ғылым» деп сүйенген себептері мен заңдылықтары жаратушы бола алмайды. Сондықтан да олар мұғжизаларға үстемдік жүргізе алмайды әрі мұғжизаларды түсіндіруде өлшем де бола алмайды. Тиянақсыз тізбектеліп кете бермейтін, бір жерде тоқтайтын себептер де, мұғжизалар да – құдіретті Жаратушының туындысы. Ғаламда қатаң детерминис-тік жүйенің үстемдік ететініне сенетіндер ең алғашқы себепті түсіне алмай, қауқарсыздық танытуда. «Неліктен» деген сұраққа жауап бере алмаудың салдарынан, олар әркез, «қалайша» деген сұрақтың жауабымен әуре-сарсаңға түсуде.
18. Ғылымның атын жамылып, мұғжизаларды жоққа шығаратындар мәселенің ақиқатына көз жеткізгенде, пұшайман күй кешетін болады. Бұған Құран мен хадиске негізделген ғылыми-технологиялық жаңалықтар мен жетістіктерді қарастыратын алдағы бөлімдерде көз жеткіземіз. Көптеген ғылыми-технологиялық жетістіктердің бастауында мұғжизалар тұр. Барша пайғамбарлар және соңғы Елші (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адамдардың ақылы бүгінгі адамның ақылымен салыстыруға да келмейтін сонау ерте кезеңдерде, бәлкім бүгінгі ақылмен де түсіну қиынға түсетін мұғжизалар арқылы қазіргі заманғы ғылым мен технологияға жол сілтеген. Мұнымен қоса әзірге ғылым мен технологияға қол жетпес арман болып көрінетін шыңдарды да нұсқаған. Әрі сол шыңдардың өресіне ту тігіп, тек желбіретуді ғана қалдырған.
- жасалған.