АДАМДАРДЫ АЛЛАҺ НЕГЕ БІРДЕЙ ЕТІП ЖАРАТПАҒАН? БАЙЛАР ШАЛҚЫП ӨМІР СҮРCЕ, КЕДЕЙЛЕР ЖОҚШЫЛЫҚПЕН АРПАЛЫСАДЫ.
Әсіресе, бүгінде адамдарды қатты мазалап жүрген осы сауалдарға барынша қысқа әрі нұсқа жауап беруге тырысып көрелік:
1. Адам нені қаншалықты таныса, соны соншалықты өзіне жақын тартады
Адам өзі танығанын, білгенін, көзі жеткенін сүйеді, ал өзіне таныс емес нәрсеге тосырқап қарайды. Негізінде, наразылық тудыратын бүкіл сұрақтардың өзегінде мәселенің мәніне бойламау яки жеткілікті танымау жатыр. Егер адам баласы Жаратушыны тануда ең құрығанда бір атақты тұлғаны тануға құлшыныс жасағандай құлшыныс білдірсе... Жаратқан Иесін танытып, жөн сілтеген кемеңгер ұстаздарының ақыл-кеңесіне құлақ түріп, бүкіл ғаламды Құран Кәрімнің асыл өлшемдерімен зерттей білсе... Бүкіл заттар мен құбылыстардың иләһи сипатын ашып, жүрегін нұрландыратын тіршілікке сән берген Пайғамбарымыздың хақ сөздеріне бір сәт құлақ түргенде, осының өзі оның санасын сарғайтқан сан сауалдарға жауап болар еді. Амал қанша, ғылым мен терең ойдан (тәфәккүр) қол үзіп қалған бүгінгі заманда әлгі айтылғандардың ешбірімен де мақтана алмаймыз.
2. Бүкіл болмыс та, адам да Аллаһтың мүлкі
Адам көптеген нәрселерге иелік етіп, бара-бара қожайындық жасайды. Дегенмен ол мәселені біршама ақылға салып қараса, олардың шын мәніндегі иесі һәм қожайыны Аллаһ тағала екенін бірден түйсініп, бастапқы райынан қайтар еді. Шындығында, біз аузымызға салған бір үзім нанның да иесі бола алмаймыз. Өйткені сол бір үзім нанның дайын күйінде дастарқанымызға келуі үшін бүкіл ғалам бір кісідей атсалысуы керек. Демек, бізге әлгі бір үзім нанды бүкіл ғаламды жаратуға құдіреті жететін Біреу ғана тарту ете алады. Ал бүкіл болмыс атаулының иесі Өзі болса, онда иелігіндегі мүліктерді қолдану құқығына да Өзі қожалық ететіні даусыз. Сөз жоқ, мүліктің қожайыны қол астындағы мүліктерді қалағанынша қолдана алады.
Дәл осы жерде адамның көрсоқырлығы мен әді-летсізділігіне қараңыз: киімді тігіншінің қалағанынша өлшегеніне, қиып-пішкеніне, ұзартып-қысқартқанына еш қарсылық білдірмейміз, бірақ дәл сондай құқықты Ұлы Жаратушымызға қиғымыз келмейді.
3. Аллаһ тағаланың ұлық есімдері шексіз
Әрбір ұлық есім өзінің шағылысын байқататын «айналарды» қажет етеді. Мәселен, «Рәззақ» есімі ризыққа мұқтаж жандарды, «Шәфи» есімі ауру-сырқауды не ауырған жандарды қажетсінеді. Бізге қатыстылық жағына қарап біз бұл құбылысты «Ұлық есімдердің көмекке асығуы» дейміз. Аллаһ тағала «Мужиб» (бүкіл тілектерді қабыл алып, жауап беруші) есімімен тығырыққа тірелгендердің; «Қабид» есімімен надандықтан көз аша алмай жүргендердің; «Басит» есімімен көкірегі қайғы-қасіретке толған жандардың жанына демеу болуға асығады. Егер есімді өз алдына жеке саралап, олардың әрбірінің сипатын түпкілікті тани алсақ, сонда ғана ол есімдердің астарындағы даналықтың мәні ашылар еді.
Демек, Аллаһ тағала өзін осы шексіз ұлық есімдерімен бізге танытуда, ұлылығы мен теңдессіз сұлулығын көрсетуде. Бір гүлдің тікенегімен де, жапырақтарын-дағы әсем нақышпен де бізге өз сұлулығын танытуда.
Көктемнің сұлулығын, қыстың әсемдігін байқатып орманның әріне әр қосып ағашқа оралған жыланнан сурет салып, да бедерлеуі, сылдырай аққан бұлаққа құрақ жалғап, қасына тастар тізгені секілді Аллаһ тағала да қоғамдық өмірдің тыныс-тіршілігін өзінің түрлі ұлық есімдерімен бедерлеуде. Шынында да, мұны Одан да көркем етіп кім жасай алар?
4. Ғалам қарама-қайшылықтардан тұрады
Ең ұсақ бөлшектерден бастап, орасан зор аспан денелеріне дейінгі әрбір нәрседен плюс-минус зарядтары секілді қарсы жақтарын көруге болады. Негізінде, жаратылыстағы таңғажайып үндестік пен кемел тәртіптің бірлігі де осы қарсы мәндерден туындаған деуге болады. Қоғамдағы бірлік сақталуы үшін адамзат та осы жаратылыс заңдылығына мойынсұнуы тиіс. Олай болса, бұл адамдар арасында да осындай бір-біріне қарама-қарсы жағдайлар болуы керек дегенді білдіреді. Бұл өз кезегінде, қоғамдағы бір топтың бай, қалғандарының кедей; бір бөлігінің тоқ, ал бір бөлігінің аш; біреулерінің ауру немесе мүгедек, енді біреулерінің дені сау болуы сияқты қарама-қарсы жағдайлардың болуын қажет етеді. Қалайша бүкіл ғаламды бір полюске ғана топтастыруға келмейтіндей, адамдарды да бірдей дәрежеде не бірқалыпты жағдайда ұстап тұру мүмкін емес. Сырттан оны түзетуге жасалған әрбір әрекет осы орнатылған тепе-теңдік пен бірліктен туындаған үндестікті бұзады. Жыландар мен тышқандардың көзін жоюдың өзі табиғатта экологиялық тепе-теңдікті бұзып, қоршаған ортаға адам айтқысыз үлкен зиян келтіреді. Барлық адам не кедей, не бай болсын деу барлық адам бірыңғай не әйел, не еркек болсын дегенге саяды.
5. Көзделген мақсатқа жетуде түрлі мамандық иелеріне жасалатын «сынақтар» мен берілетін «тест сұрақтары» да әр түрлі, олардың жеңілдігі мен қиындығы да әркелкі
Тозаққа бармай, жұмаққа кіру әркімнің аңсаған арманы шығар. Міне, осындай ұлы мақсатқа қол жеткізу үшін белгілі бір сынақтан неге өтпеске?! Дәрежесіне қарай неге есеп бермеске?! Адам баласы күндегі күйбең тіршілікте болар-болмас аз ғана жалақы алу үшін, таңертеңнен қара кешке дейін, тіпті кейде күндіз-түні аянбай еңбек етіп, тер төгеді. Тіршіліктің тауқыметіне, ауыр азабына шыдаған адам баласы бұ дүниеден де қымбат жұмаққа кіру үшін, қажет болғанда жанын да пида ететіндей кейбір қиындықтарға төзуіне тура келеді. Бұдан шығатын қорытынды: қоғамдық өмірдегі қарама-қайшылықтар – әрбір адамның басына түскен өмір сынағы екендігі. Барша адамзат сынақтан өтеді, одан ешкім де қалыс қалмайды.
6. Бұ дүние – бейнетке, о дүние – зейнетке толы
Бүкіл тауқымет осында, ал соның жақсылығын көру о дүниеде болады. Өлімнен кейінгі өмірде еңбек ету, ұдайы өзін-өзі жетілдіру әрекеттері болмағандықтан, бүкіл қиындықтарды осында бастан өткіземіз. Егер осы өмірімізде үлкен сабырлық танытып өтсек, о дүниеде жан рахаты мен мәңгілік бақытқа кенелеміз. Өйткені бұ дүние о дүниеге, о дүние де бұ дүниеге негізделеді. Жан семірсе тән азып, тән семірсе жан азбақ. Сондықтан пәни дүниенің алдамшы ләззаты үшін өмір сүруге тырысқандар о дүниеге барғанда, қатты опық жейді. Ал бес күн жалған дүниенің уақытша қиындықтарына төзе білгендер о дүниеде сол тартқан тауқыметінің сыйы ретінде шексіз жан рақатына кенеледі.
Бір құдси хадисте бұл мәселе былайша айтылады: «Екі жан рахатын және екі үрейді бірге бермеймін»[1].
Аллаһ тағала сүйікті құлдарының ақыреттегі игіліктерді бұ дүниеде түгескенін қаламайды. Сол үшін оларға түбінде опық жегізбейтіндей өмір сүруді тарту етеді, тіпті мәжбүрлейді. Әрине, мұндай мәжбүрлікке жан құрбан!..
7. Қиындықтар мен ауыртпашылықтар өткінші, ол адам өмірінің аз ғана бөлігін құрайды
Адам баласы өткен өміріне ой жіберіп қараса, басым бөлігін молшылықта, жан тыныштығында, рахатта өткізгенін байқайды. Енді күнделікті әдетке айналып, қадірін ұғына бермейтін жалпыға ортақ кейбір нығметтерді еске ала отырып, жалпылама, төмендегідей сұрақтарға жауап іздеп көрелік: Күн біздің мүлкіміз бе? Өмірімізде тым құрыса бір рет күннің жылуына ақы төледік пе? Жаңбырға, бұлтқа, желге, топыраққа – бәріне бізге жасаған игіліктері үшін осы уақытқа дейін қанша ақша төледік, қалтамыздан қанша шығын шықты? Ауаның бір сәт жоқ болғанын көрдіңіз бе? Күннің мүлдем шықпай қалған уақыты болды ма? Бір жылда қанша күнімізді аурудың әуре-сарсаңымен өткіздік?
Шынында да, дені-қарнымыз сау, көңіл-күйіміз орнында, молшылықта өткізген уақыттарымыз бен ауырып, сырқаған, қиналған күндерімізді салыстырсақ, қиындық тартқан күндеріміздің өмірдің аз ғана бөлігін қамтитынын әрі олардың өткінші екенін көреміз. Оған қоса, адамның тауқыметпен өткен күндері оның ақыреттік өміріне орасан пайда келтіріп, керісінше, мына өткінші өміріне болмашы ғана ақау түсірмек.
Өкінішке қарай, осындай өткінші әрі қысқа мерзімді жағдайларға көбіне адамдардың өздері кінәлі. Әттегенайлар мен кесір әдеттер жекелеген адамдардың ғана емес, тұтастай бір ұлттың өміріне салқынын тигізіп жатады. Оның үстіне, қайғы-қасіреттер мен әрбір дерттің соңы тек ауру әкелмейді, керісінше мұның көптеген пайдалары да бар.
Әлем тарихына қарасақ, бейбітшілікке қарағанда соғыспен өткен кезеңдер аз. Дәл сол секілді жүз жылдың ішіндегі зілзала болған минуттарды қосатын болсақ, бір сағатқа да жетпейді. Тіпті, садақ қисық болғанмен, оқ түп-түзу зымырап нысанаға дөп тиеді.
Бір суретке жақыннан қараған сайын ондағы өте ұсақ дақтарды аңғарамыз. Ал егер осы нұқсандық сол суреттегі әсемдіктермен біртұтас ретінде қарастырылса, олардың орынсыз кемшілік емес екенін, керісінше, мағыналы бір үндестік пен сұлулыққа үлес қосып тұрғанын байқауға болады. Ең бастысы, әрбір нәрсеге ақыл көзімен қарай білуде.
8. Әділдік – тепе-теңдіктің сақталуы
Түйеге тиелген жүк шайқалмай, таразының екі басы тең тұрса, сөзбе сөз айтқанда әділдік өз орнын тапты деуге болады.
Аллаһ тағала өте әділ, тепе-теңдікті осы әділдіктің тұғырына орнатқан. Атомдардан галактикаларға, өсімдіктерден жан-жануарлар әлеміне, олардан адамдарға дейінгі әрбір болмысқа өз қажеттілігі мен жаратылысына сай қабілеттер мен ерекшеліктер берген. Осы берілгендерге ешқайсысы ештеңе төлеген емес. Егер әділдік алмағына қарай салмағы, қолма-қол есептесу болса, онда, Аллаһ тағаланың бергендерінің қайырымын төлеп көрейік!
Барша заттың, дүние-мүліктің егесі – Аллаһ. Бізге тиесілі не бар? Аллаһ тағаланың иен-тегін берген нәрселерін немен өтей аламыз? Егер Аллаһ тағала: «Құлым, ғұмыр бойы тұтынған өз затыңды ал да, Менікін бөлек қой», – дей қалса, қайтер ек?! Онда адамға ештеңе де тимейтін шығар. Олай болса, барша дүниенің егесі Аллаһ өз мүлкін қалай қолданам десе де ерікті. Оған біздің араласуға құқымыз жоқ. Тегін берілген нәрсеге қайтарым не болатынын қайдам, дегенмен адамның қолынан келетіні – өз үлесіне тиген несібеге шүкіршілік ету ғана.
Мына мысалмен тақырыптың мәнін аша түсейік:
Әрең күнін көріп жүрген ешкімі жоқ үш кісі бар деп ойлайық. Бай кісі келіп оларды қолынан жетектеп, Сәлимияның[2] мұнаралары секілді мұнараға үш бөлек жолмен алып шықса. Баспалдақпен әр көтерілген сайын әрқайсысына мол сый-сияпат үлестіріп отырса. Бұл сый-тартулар жоғарылаған сайын арта түссе. Бірақ үшеудің біреуі бірінші қабатта қалдырылып сыйлық беру оған сол жерде доғарылса, екіншісі екінші қабатта, үшіншісі одан да жоғарыға шықса. Енді осы жерде әуелгі адам өзінен жоғарыдағыларға қарап бұртиюы, екінші өзінен жоғарғы қабатқа көтерілген үшіншінің көбірек сыйлығын қызғанып: «Маған неге аз бересің?» – деп тулауы дұрыс па? Бай кісіге ренжіп, алакөзденуі жөн бе? Жоқ, ешқайсысының да көңіл толмастықпен ләм-мим деуге құқы жоқ. Қайта олар өздеріне жақсылық жасаған ол кісіге шын көңілмен алғыс айтуы керек.
Міне, Аллаһ тағаланың нәсіп еткендерін де осы негізде бағамдаған жөн. Бұл тұстағы адамның міндеті – әр жақсылық үшін шүкіршілік білдіру, Жаратушының барша игіліктеріне шүкіршілікпен ғана қайтарым жасау.
Адам тағы ойлана түссе шағым айтпақ түгілі, Аллаһ тағаладан бір нәрсе тілеуге де қысылатындығын түсінеді. Өйткені өткен өмірінде өзіне берілген нығметтерге шүкіршілік етпегені үшін алдағы уақытта Одан бір нәрсе сұрауға ар-ұяты жібермейді. Ал Одан сұрау мәселесіне келсек, бұл Аллаһтың шексіз рақымдылығына сенгендігімізден және осы сұрау түсінігін де Өзінің бергендігінен.
9. Материалдық тұрғыдан адамдарды бірдей дәрежеге жеткізу мүмкін емес әрі оның пайдасы да жоқ
Қара суды қайғысыз ішкен кедейдің бір күндік алаңсыз өміріне жете алмай жүреген небір байлар бар. Тіпті сол үшін бүкіл байлығын ұстатып жіберуге бар. Басынан сор арылмай ақыр аяғы өз-өзін өлтіріп тынған байлар да аз емес. Әрине, бұл бақыт кедейлікте жатыр екен дегенді білдірмейді. Әр күні налумен, кіжінумен өтетін кедейлер бар. Бұдан шығатын қорытынды: байлық та, кедейлік те бақыттың кілті бола алмайды. Себебі адам құлқынның ғана қамын күйттейтін мақұлық емес. Оған тәнмен қоса, жан, рух секілді түрлі сезімдер берілген. Бұл адамды басқа тіршілік иелерінен ерекшелейді. Егер осы жағы қанағаттандырылмаса, адамға бүкіл ғалам берілсе де, бақытты бола алмайды. Демек, адамзат мәңгілік бақытқа кенелетін мекенге лайық етіп жаратылған. Әйтпесе мына пәни дүниеде оған не берсеңіз де, бақытты ете алмайсыз...
10. Теңдік түсінігі
Байдан алып кедейге беру, негізі, теңдік әкелмейді, керісінше, адам бойындағы қабілеттің төмендеуіне, өнімнің азаюына, сүйіспеншілік, құрмет, жанашырлық сияқты сезімдердің суалуына соқтырады. Еңбегінің нәтижесінде адамның қолына ештеңе түспейтін болса немесе түскен жағдайда да қолынан тартып алынса, онда байлық жинау үшін кімнің жұмыс істегісі келеді? Сол үшін коммунистік жүйе меншіктік құқықты мойындауға мәжбүр болып, өз жүйелерінің іргетасын өз қолдарымен жермен-жексен етті. Олай болса, байдың мүлкін қолынан зорлықпен алу мәселенің шешімі бола алмайды. Тығырықтан шығудың жолы – байдың көңіліне жол тауып, мұқтаждарға көмек беруге әзірлеу, осылайша оның бойында адамгершілік сезімін қалыптастыру.
Сауда-саттықтың қағидасына сүйене отырып сауда жасап, маңдай терімен байлыққа қолы жеткен адамның дүние-мүлкін қолынан тартып алып, сыраханалардан шықпай бекерге уақыт өткізген жалқауларға таратып беру әділдік болып санала ма? Онда қоғамның бір бөлігінің көз жасына қалып, бір бөлігін тек қана басқаның арқасында күнелтуге итермелеген болмаймыз ба? Мұндай әділдікті ұсынғандар, шын мәнінде, бар байлығы қолынан зорлықпен алынып кедейлерге берілген адамдар мен жалқаулыққа салынған кедейлер арасында туындайтын кек пен қастықтың қалайша алдын алмақ?
Исламның кереметтігіне қараңызшы: дініміз адамға Аллаһ тағаладан алшақтатпайтын байлыққа да, еңбек етуге де жеткілікті мән берген. Құран сөзімен айтқанда, байлардың қолына ғана бар байлықты жиып бермей[3], садақа, зекет, қарыз-хасан[4] тәрізді қайырымдылық шаралары арқылы қайтарымсыз көмек жасауға шақырған. Сондай-ақ Ислам діні, бір жағынан, алаяқтық жолмен ақша табуға, жағдайы жоқтарды қанауға тыйым салса, бір жағынан, «маңдай тері кеппей тұрып жұмысшыңның еңбекақысын бер»[5] деген алтын ереже бекіткен. Мінеки, Ислам діні, бір жақтан, осындай сақтандыру шараларын қолға ала отырып, екінші жағынан, Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жұпыны тұрмысын үлгі етіп қарапайым өмір сүрудің қаншалықты маңызды екенін көрсеткен. Соның арқасында байларынан мейірім, ал кедейлерінен құрмет пен ізет ескен бақытты қоғам қалыптастырған. Ислам тарихы – осындай сезім-түсініктердің, ақыл мен жүректі қоса жаулап алатын иләһи қағидалардың іс жүзінде жүзеге асқанының ең кемел көрінісі. Егер дәл қазір адамдар оны осы жағынан алып бағалайтын болса, онда көптеген пайдалы нәрселерге қол жеткізетініне, әлеуметтік проблемалардан құтылудың ең төте жолын табатынына сенімім мол.
Байлықты немесе кедейлікті таңдау толығымен адамның жан дүниесіне байланысты. Ұлы мақсатты көздеген, адамзатты адамгершіліктің ұшар шыңына шығаруға бел буған адамды қанша қинасаңыз да, оны байлықтың уысына түсіре алмайсыз. Жеке адам үшін бұл осылай болса да, халықтық деңгейде мемлекеттің күшті болуы үшін қажетті шарттарды орындауды естен шығармаған жөн. Міне, Ислам діні осы тепе-теңдік арқылы адамзатты қамқорына алуда. Оның әкелген қағидалары орындалса, осы тепе-теңдіктің сақталатыны белгілі.
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өлшемдері бо-йынша, бұ дүние ақыреттің қасында бір көлеңке, бір ағаш түбінде қонақтау, бір сауық-сайран, бір ойын, мәңгілік өмірмен салыстырғанда Аллаһ тағала үшін шыбын құрлы қадірі жоқ тозығы жеткен мекен. Алайда дәл осы жалған дүние, басқа тұрғыдан алғанда, Аллаһ тағаланың ұлық есімінің туы тігілген биік шыңдарға шарықтаудың ең маңызды дәнекері. Осы дәнекерді орынды қолдана білген мүміндер жер бетіндегі елдердің арасында бір тепе-теңдік орнататын, түрлі дипломатиялық қатынастарда бүкіл ел аузына қарайтын орасан зор құдірет күшке ие болады.
Омар (р.а.) жорық аттарынан бөлек әр қиырда үйірімен жылқы бағатын еді. Әзіреті Осман (р.а.) мыңдаған түйені жүгімен бірге тарту ете алатындай бай әрі асқан жомарт еді. Екеуін де бір мақсатқа жұмылдырған ортақ жайттар бар еді: екеуі де барынша қарапайым ғұмыр кешетін, бір тілім қатқан нан жеп, халифа болғанына қарамастан кейде құм үстінде көз шырымын алып, халықпен бірге өмір сүретін. Бұлар мәжбүрлеумен істелінетін істер емес, керісінше, Исламның олардың жүректеріне берік орнауының белгісі. Ислам діні олардың және олар сияқты қаншама ізгі жандардың жүрегіне жол тауып, оларды халыққа аянбай қызмет ететін тау тұлға етіп жетілдірді.
Егер адамзат мәселесі шынымен де басты орында тұрса, (адамға қамқорлық жасауды өздерінің тозығы жеткен пікірлерін жаю үшін қолданғандардың ниеттері адал болса), онда, келіңіздер, бұл мәселені шешудің жолын бірлесе қарастырайық. Яғни, он төрт ғасыр бұрын табылған шешім жолын қайтадан бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналдырайық. Өйткені адамды ең абзал мәртебеге шығаратын жалғыз жол – сол Ұлы Жаратушының әмірлерін орындау. Одан бас тартып, өзге жол іздейтін болсақ, онда тек қана дертімізді асқындыра түсеміз.
11. Қорытынды
Бұл мәселенің қайғы-қасіретке, ауруларға қатысты жағына жоғарыда тоқталдық. Енді осыған қатысты сөзімізді қорытындылайық:
Кесел-кесапат, ауыртпашылық, ауру мен кемтар-лық адамға елеулі зиян келтіргенімен, негізінде, олардың да бірқатар пайдалы жақтары бар екенін айтпай болмайды. Турасын айтар болсақ, кейде тәрбиелеу мақсатында баламыздың құлағынан тартамыз, қолымызды сақтап қалу үшін асқынып кеткен (гангрена) саусағымызды кесеміз, керек кезінде жыланның уынан дәрі жасаймыз, әрі бұлардың ешбіріне де ешкім қарсы шыққан емес. Өйткені нәтижесі біз тартқан аздаған зиян мен жанкештілікті ақтайды.
Сырт көзге ол үрейлі, азапты көрінеді. Алайда, іліп кетер сұңқарды көрген торғай зымырап қашуды үйренбей ме? Кейде жаңбыр, электр тогынан, өрттен жарақаттанғандар болады, дегенмен жалпы адамзатқа тигізетін пайдасының қасында ешкім өртті, жаңбырды және электр тогын қажет емес деп айта алмайды. Бір қарағанда, ораза тәнге қиындық келтіретін сияқты көрінуі мүмкін. Алайда ол тәнге тың күш-қуат береді. Әскер үшін де әскери жаттығулар мен тәлім-тәрбиені дәл сол секілді түсінуге болады. Рухымыз ше: ол да аурулармен, қиындықтармен тазарып, нәтижеде жәннатқа лайықты күйге неге енбесін? Бұған елеусіз қарауға болмайды.
Көл-көсір етіп беріп, аз ғана нәрсе талап ету – Аллаһ тағаланың ұлық сипаттарынан. Ол бәлкім адамның көзінен, яки аяқ-қолынан айырып мүгедек еткенімен оның қарымына күмәнсіз жұмаққа апаратын шейіттік мәртебе беруі мүмкін. Дүние-мүлкін алғанымен, оның орнына ақыретте шексіз нығметтермен марапаттайды; сабыр сыйлайды, дегенмен оның орнына шексіз сауап береді.
Қайғы-қасірет пен қиындыққа сабыр – ғибадаттың асылы. Иә, қиыншылықтарға төзіп тартқан тауқыметі үшін де адам сауап табады, әрі бұл ісінде зәредей де жасандылық болмайды. Өйткені ешкім де мақтану, жұртқа жария ету мақсатында қасақана ауырмайды.
Кесел-кесапаттар мен қиындықтар адамның рухани дәрежесін де биіктетеді. Таудың биігіне шыққан сайын оттегінің аздығынан адамның тынысы тарыла бастайды. Қар, дауыл, суық жел көбіне биік таулардың шыңында болады. Сондықтан ең ауыр тауқыметке пайғамбарлар мен әулиелер іспетті ұлы тұлғалар душар болған. Биікке ұмтылған адамдар да осы жолмен шыңдарға шарықтаған.
Кесел-кесапаттар мен қиындықтар адамдарға нығметтің қадірін білдіріп, оларды шүкіршілік етуге шақырады. Аш адам қара нанды қаттама самсадай жейді, ал ораза айында ауызашар кездегі бір жұтым судың қадірін айтпасақ та түсінікті. Ауырған адам денсаулықтың қадірін барынша түсініп, шүкір етеді, сол секілді бір мүшесінен айырылған мүгедек адам да басқа мүшелерінің қадірін түсінуде басқалардан бір саты озық тұрады.
Адам баласы нәпсі мен шайтан сияқты дұшпандардың зиянынан сақ болуы үшін үнемі ескертуге мұқтаж. Міне, кесел-кесапаттар мен қиындықтар адам үшін осы міндетті атқарады, күнәларға қарсы тұруға оның көзін ашады, олардан сақтайды. Өзгенің қорығына түсуге ұмтылған қойға қойшының лақтырған тасы нендей қызмет атқарса, түрлі дерттер мен қиындықтар да мүмін үшін дәл сондай қызмет атқарады. Қалтасы қалың дені-қарны сау адамның күнә істеуі оңай. Ал, басыңызға келген ауру не басқа да түрлі қиындықтар сізді осындай сүрінуден сақтайды. Сондай-ақ ауру адамның өзінің әлсіздігін түсініп, тәкаппарлық мерезінен айығуына түрткі болған ауру мен қиындықтар да ол адамға пайдасын тигізеді. Тіпті олардың кешірілуіне тек қайғылы қазалар ғана дәнекер бола алатын үлкен күнәлар бар: рас, көптеген қайғылы қазалар мен ауыртпалықтар желдің ағаш жапырақтарын ұшырып әкеткені сияқты күнәларды өшіріп, адамды рухани тазартады. Негізі, жәннатқа осындай тазарған жандар ғана кіре алады.
Мәселенің жекелеген топтарға қатысына тоқталайық. Белгілі бір мақсаттағы адамдардың рухани жетілуіне басқа түскен қиындықтардың да тигізер ықпалы зор. Аллаһ тағала ұлы міндетті мойнымен көтеретін жігерлі әрі өз қызметіне берілген жандарды пайдакүнем, ерік күші әлсіз адамдардан айыру үшін әр түрлі жағдаймен сынайды. Осылайша Жаратқанға жанын беретін ұлы тұлғаларды електен өткізеді. Соның нәтижесінде, жарты жолда ой-пікірін өзгертетін жігерсіз адамдар жігерлі адамдарды қажет ететін шешуші сәттерде халықты қан жылатпау үшін өздері-ақ жаңқа секілді жағаға шығып қалады.
Кесел-кесапаттар мен қиындықтар кейде жалпы халықтың басына келеді. Мұндай апаттар бейкүнә жандарды да қоса ала кетеді. Өйткені сынақ сыры оның осылай болғанын қажет етеді. Негізі, бейкүнә жандар ақыретте ниеттеріне қарай қайта тіріледі, басқалары да өздерінің ниеттеріне қарай есеп береді. Пайдасы болса да, жамандықты тілеуге болмайды. Ал жамандық келген кезде, сабыр етіп, төзе білу керек. «Мейірімің де ұнамды, қаһарың да ұнайды» деген сөздерді айту тек әулие жандардың ғана қолынан келсе керек.
Жасалған күнәлар бәле-жала, қиындықтардың келуіне жол ашады. Өткен ғасырларда көптеген халықтардың жермен-жексен болып, жер бетінен жо-йылып кетуіне өздерінің жасаған үлкен күнәлары себеп болған. Осындай кесапаттар мен қиындықтарға, сөз жоқ, өз күнәларына жылағаны тәрізді басқалардың күнәлары үшін де көз жасын төге алатын асқақ рухты жандар ғана тосқауыл бола алады.
[1] Әл-Хайсами, Мәжмәуз-зәуәид, 10/308.
[2] Сәлимия – Түркиядағы мешіттің атауы. Оның әрбір мұнарасында жоғары шығатын үш баспалдақ бар. Олардың үшеуі де бір-бірімен қиылыспайды (ауд.).
[3] Қараңыз: Хашр сүресі, 59/7.
[4] «Қарыз-хасан» сөзін арабшадан аударғанда, «Тек қана Аллаһ тағаланың разылығы үшін берілген қарыз немесе пайызсыз берілген қарыз» деген мағыналарды білдіреді (ауд.).
[5] Әл-Хәйсами. Мәжмауз-зәуәид, 4/97.
- жасалған.