РУХ, ПЕРІШТЕ, ЖЫН-ШАЙТАННЫҢ БАР ЕКЕНДІГІ ЖАЙЛЫ

1. Олардың бар екені аят - хадистер арқылы расталған
Құранның Аллаһ тағаланың кітабы екенін айғақтайтын, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «пайғамбарлығын» растайтын барлық дәлелдер мен дәйектер – рух пен періштенің, жын мен шайтанның да бар екенін дәлелдейді. Әуелгілерін мойындаған жан соңғыларын да жоққа шығармайды. Өйткені бұндай жаратылыстардың бар екендігін Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қасиетті сөздері растайды.

Аят пен хадис – періште, рух, жындар мен олардың көсемі шайтандардың бар екеніне жеткілікті дәлел. Өйткені он төрт ғасыр бойы Құранның не Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) еш сөзі күмән туғызбаған. Дәуірлер жаңарған сайын ғылым қандай жаңалыққа қол жеткізбесін, түп негізі Құраннан табылып отырған. Өмірде өзіміздің бар екенімізге қалайша күмән келтірмесек, Аллаһ пен Пайғамбарымыздың сөздеріне де солай сенеміз. Ал бұларға сенген жан аталмыш жаратылыстардың да бар екеніне иланады. Алда-жалда иланбайтындар кезігіп жатса, ол жалған намысқойлықтан, өркөкіректіктен не Исламға деген жат пиғылдан туындайды ғой деп топшылаймыз.

2. Бұл жаратылыстардың бізге көрінбеуі олардың жоқ екеніне дәлел бола алмайды
Адамның көру қабілеті шектеулі, сол себепті көрмеген нәрсесіне «жоқ» деуі негізсіз. Көзге көрін-бейтін қаншама болмыстар бар. Көпшілігі бүгін ғана нақты анықталу үстінде. Бір нәрсені көзбен көре алмау – ол нәрсенің жоқтығын білдірмейді. Білген сайын білмейтін нәрсеміздің көптігін ұғамыз. Сондықтан беймәлім нәрселерді танып-білуге барынша құштарлық танытқан жөн. Бұл рух, періште, жын, шайтандарға да қатысты.

3. Бұл жаратылыстар көзден таса өмір сүреді
Рух, періште, жын, шайтандар бізден өзгеше өмір сүретіндіктен, олардың көрінбеуінде тұрған таңданарлық еш нәрсе жоқ. Біз осы әлемдегі нәрселерді ғана көріп сезе аламыз. Негізі, өлшем бірліктері де болмыстың жеке бас ерекшеліктеріне қарай өзгеріп отырады. Арақашықтық, салмақ, тығыздықты өлшейтін өлшем бірліктерінің әрқайсысы әр түрлі. Тәндік сипаты жоқ болмыстарды тәндік өлшемдермен анықтауға тырысу (көріп не ұстау арқылы) – оттың ыстықтық дәрежесін қол тигізбей не ыстықты өлшеу құралын қолданбай білуге тырысқанмен тең. Таңдалған екі тәсіл де қате.

4. Тән мен жан қалай ажырағысыз болса, ғалам мен періштелер де дәл солай бір-бірінен ажырағысыз
Шын мәнісінде, жаратылыс әлемінде материя емес рухани ұғымдар үстемдік жүргізеді. Тұңғыш жаратылған нәрсе де материя емес, анти-материя. Әуелі, нұр мен рух, материяға пішін беретін ұғымдар жаратылған. Бұл – ең кішкентайы бар, ең үлкені бар, барлық болмыс үшін бұлжымас қағида. Ал материялық денелер кейінірек белгілі бір уақыт аралығында әлгі ұғымдарға сай пішінге ие болған.

Барлық болмыс атаулының өзіне тән тағдыры, математикалық өлшемі, жоспары мен бағдарламасы болады. Табиғаттағы заңдылықтар мен бұлжымайтын қағидалардың арқасында барлық нәрсе өз табиғи қалпынан аумай тіршілік етуде. Осы тұста тағы бір айта кететін жайт: көзге көрінетін нәрсенің ар жағында бізге көп көріне бермейтін күштер байқалады. Мәселен, егер біз дәннің тілін түсінсек, ол да біздің тілімізді түсінсе (бәлкім, түсінетін де шығар), оған: «Сен не болғың келеді?» – деп сұрасақ, ол: «Ағаш», – деп жауап берер еді, әрі түбінде ағаш болып шығады. Маусымдардың өзгеруі, басынан қаншама дәуірлердің өтуі, басқа жерге ауысуы – бәрі оның бұл сөзін теріске шығара алмайды. Өйткені оның ағаш болуы – заңдылық. Осы жерде біз дәннің ағаш болу заңдылығын түсіндіре аламыз ба? Жоқ. Олай болса, оны жоққа шығаруымыз ақылға сыя ма? Әрине, жоқ.

Ұйытқыған жел мен дауыл алып ағашты тамырымен қопарып тастайтындай, үйдің шатырын жұлып әкететіндей жойқын күш-қуатқа ие. Біз жыл сайын осындай табиғат құбылыстарының қаншамасына куә болып жүрміз. Сөйте тұра көрмейміз деп, олардағы күш-қуатты қасақана жоққа шығаруымыз дұрыс па?

Электр тогы белгілі бір жүйеге енгеннен кейін, түймесін кім басса да, орасан зор фабрикаларды, зілмауыр машиналарды іске қосады. Біз оның күшін осы әсерінен ғана біле аламыз. Негізі, оның күшін осы уақытқа дейін ешкім көрген емес, әрі ешкім де ондағы осы күшті жоққа шығарған емес. Алайда көрмеген нәрсесін жоққа шығаратын ақымақтарға не деуге болады?

Баршаға мәлім ғаламдағы тартылыс заңы мен тебіліс заңы да осындай. Осы заңдардың арқасында бүкіл ғаламдағы тепе-теңдік бұзылмай келеді. Енді көзге көрінбегені үшін, оларды да жоққа шығаруымыз керек пе?
Мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Дегенмен, барлығының нәтижесінде, болмыстар мен құбылыстар бізге мынаны айтатын болар: «Пәтшағар-ау, сен бізден ғана көз алмай астарымыздағы сырды көре алмадың. Біз соларға тек перде болудамыз, біз бізге берілген әмірлерді ғана орындаймыз. Біздің үстімізде де бізді қарауылдайтын рух пен періште атты бақылаушылар бар. Сен әлеміңе ғайыптан келіп тұрған бұтақтарды ғана көрудесің, негізгі кеуде мен күш рух пен періштенікі. Ал олардың тізгіні Аллаһта. Мынаны есіңнен шығарма: кіші «әлем» болып табылатын адамды рух, ал «үлкен адам» болып табылатын ғаламшарды періштелер басқарады!..

5. Бүкіл ғалам саналы болмыстар үшін жаратылған
Тіршілік материяға емес, керісінше, материя тіршілікке тәуелді. Топырақ, ауа, күн, жел, жаратылыстағы заңдылықтар, осы заңдылықтар арқылы қамтамасыз етілген үндестік пен тәртіп – бәрін өз алдына бөлек зерттейтін болсақ, барлығының мына жер бетінде тіршілік иелерінің, әсіресе, саналы болмыстардың тіршілік етуіне жағдай жасау үшін жаратылғанын көреміз. Жаратылыста мәнсіз еш нәрсе жоқ. Егер тіршілік болмағанда, осы шығындардың бәрін ысырап деп санауға болар еді. Өйткені тіршілік болмаған соң, болмыс пен болмысқа тән қасиеттердің де еш мән-мағынасы қалмайды. Ал тіршілік болып, сана болмаса, онда ол кезде де еш нәрсенің сәні болмайды. Олай болса, мына жаратылыс әлемі саналы тіршілік иелеріне арналған. Салыстырмалы түрде біздің планетамыздың көлемі кішкентай болғанына қарамастан, көптеген тіршілік иелеріне толы болса, онда жерден мыңдаған есе үлкен жұлдыздар да, әлбетте, ондағы шарттарға лайық өмір сүретін саналы тіршілік иелеріне толы болуы керек. Міне, олар: періштелер мен жын-шайтандар.

6. Тіршілік материяға тәуелді емес
Егер тіршілік материяға тәуелді болғанда, кішкене нәрселерге қарағанда үлкен нәрселердің қабілеті зор болар еді. Мәселен, піл мен мүйізтұмсық бүргеден де жылдам, тым сезімтал әрі өте сақ болар еді. Тіпті шыбындағы ең нәзік әрі өткір сезім тауда болуы керек еді. Эверест сияқты шыңдар тұрғанда, құстар жер бетін өзінің кішкене бақшасына айналдыра алмас еді. Демек, материя тұрақты және пассив, ал мағына, рух пен тіршілік белсенді әрі актив. Тіршілік – іш және өзек, ал материя – қабық. Материя тіршілікке қызмет етеді. Олай болса, ең негізгісі – көзге көрінетіндер емес, керісінше, көзге көрінбейтіндер...

7. Жаратылыстағы құбылыстарды кейіннен табылған заңдылықтар туғыза алмайды
Салыстырмалы түрде кейіннен табылған «тартылыс заңы» алып аспан денелерін көтере алмайды.
Адамның қимылына ықпалы зор мидың қызметін елемей, оны тек химиялық реакциялардың нәтижесі деп бағамдау дұрыс емес. Олай болса, жаратылыс заңдылықтарын басқарған періштелерді, миға бұйрық беретін рухтың бар екенін мойындауға мәжбүрміз. Періште мен рух тұрғанда, толып жатқан құбылыс-тардың бәрін кейіннен табылған заңдылықтар мен тұрақсыз материяның еншісіне беру ақылға қонбайды.

8. Періште, жын мен рухтың бар екеніне дәлел болатын көптеген оқиғалар бар
Жер беті тіршілік иелеріне толы, ал әрбір тіршілік иесі өзінің өмір сүру қабілетіне сай қасиеттерге ие. Құрлықта тіршілік ететіндер, теңізде тіршілік ететіндер, қысқаша айтқанда, барлық тіршілік иесі өз табиғатына сай қасиетке ие. Бұл тіршілік иелері өздері тіршілік ететін әлемнен тысқары шығып, басқа әлемге өте алмайды. Адам баласының қабілеті қанша жетілсе де, балық секілді суда өмір сүре алмайды. Тек белгілі бір құрал-жабдықтарды қолдана отырып, уақытша ғана, олардың теңіз түбіндегі әлеміне ене алады. Біздің айналамызда түрлі-түрлі мақұлықтар тіршілік етеді: алып мұздықтарда тіршілік ететіндер, шөлде өмір сүретіндер, еріген оттегімен демалатындар, топырақтан өсіп-өнетінді қорек ететіндер, топырақтың өзінен нәр алатындар, жорғалаушылар, қанаттылар, суда жүзетіндер, және тағы сондай қаншама тіршілік иелері бар!

Өзге аспан денелерімен салыстырғанда жер шарында тіршілік етудің түрлі қағидалары бар. Жер бетіндегі жағдай осындай болса, онда жер шарынан қаншама есе үлкен жұлдыздарда, галактикаларда, аспан жүйелерінде, Күн мен ғаламшарларда сол жерлердің шарттарына лайықты тіршілік ететін саналы тұрғындары жоқ па деген сұрақ туындайды. Оған ойланбастан бірден «жоқ» деу орынсыз. Өйткені адамзат әлі күнге дейін ол жерлерге қатысты жеткілікті зерттеу жасаған емес. Мұхиттардың түбіне түсіп, ондағы тіршілік иелерін көрмегендіктен, оларды жоққа шығару мен басқа әлемдерде болуы мүмкін тіршілік иелерін жоққа шығару арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Теңіз түбінде ауасыз өмір сүре алатын жәндіктердің болғаны сияқты оттың ішінде де күймей тіршілік ете алатын тіршілік иелері болуы бек мүмкін. Мұндай тіршілік иелері үшін ең лайықты мекен жер емес, күн не күн секілді жұлдыздар. Оның үстіне, жердің өзінде шоқ ұстаса күймейтін қаншама ерекше қабілетті адамдар бар. Сондықтан өмір шарттарын тек қана өзіміздің әлемімізбен салыстырып, басқа жұлдыздарда саналы тіршілік иелері жоқ деу әсте қате пікір.

Химик, физик не астрофизик маманымен сұқбаттасып, биолог, зоолог, геолог не археологпен әңгімелесе қалсаңыз, көз алдыңызға небір таңғажайып әлемдер келіп, адам айтса нанғысыз жағдаяттарға қанығар едіңіз.

Өзі біліп, айқын көз жеткізбеген осы секілді мәселелерді естігенде қабылдамаса да, оны бірден жоққа шығармау – ақылдылықтың белгісі. Сізге бұл жайттарды айтып отырған кісілер – өз саласының білгір мамандары. Біз қозғап отырған мәселеге қатысты расында да өз көзімен көрген, басынан кешірген немесе көрген адамдардан естігендері бойынша, ғылыми тұрғыдан дәлел келтіре алатын мыңдаған мамандар және олар айтқан жүздеген оқиғалар бар. Айтылған оқиғалардың көптігі сондай – оларға сенімсіздікпен қарау мүмкін емес. Олай болса, осы айтылғандарға сенбесек те, ең болмағанда, жоққа шығармау керек емес пе?

9. Басқа жұлдыздар мен планеталарда да жер бетіндегідей тіршілік көзі болуы мүмкін
Бұл тақырыпты мынадай мысалмен бастайық. Өте бай, өзі асқан шебер бір патша болыпты. Ол кісі сарайлардан тұратын алып қала жасайды. Сол керемет қаланың бір бұрышынан кішігірім лашық орын те-уіпті. Алып шаһардағы дәл осы лашықта ғана тіршілік қыз-қыз қайнап жатады. Ал керемет зәулім сарайларда ешқандай тіршілік нышаны жоқ. Мұның себебі неде? Мұнда екі түрлі себеп болуы мүмкін: алғашқысы, біздің көру қабілетіміз шектеулі не ол жердегі тұрғындар зәулім қамалдар қоршап тұрғандықтан көрінбейді. Екіншісі, онда ешкімнің жоқтығы. Егер осы соңғы пікір дұрыс десек, онда әлгі үлкен қаладағы мыңдаған сарайдың қаңырап тұрғандығымен, жалғыз лашықта ғана тіршіліктің барымен келісуге тура келеді. Әрине, бұл саналы адамның ақылына сыймайды. Сол себепті алғашқы жорамалға тоқтаймыз яғни көру қабілетіміз шектеулі болғандықтан, оларды көре алмайтынымызды немесе ондағы тұрғындардың бізге беймәлім жолмен жасырулы екенін мойындаймыз.

Мысалдағы «кішкене үйшік» – жер беті, «қала» – жаратылыс әлемі, ал «сарайлар» – ондағы жұлдыздар. Мына жер үйшігіндегі мұншама жарық, сәуле, түр, түс, дыбыс, үндердің сауық-сайранын тамашалаған адам қалайша әлгі алып жұлдыз сарайларында тіршілік жоқ.  Сөзсіз оларда да тіршілік бар, олардың да саналы тұрғындары жеткілікті. Әлбетте, бізге көрінбеуі олардың жоқ екендігін білдірмейді. Демек, бұның себебі мынау болса керек: не біздің көру қабілетіміз шектеулі, не олар басқа бір әлемде жасырынған.

Қорыта айтқанда, жер шарының тірі организм екенін ескерсек, онда адамды рух басқарғаны секілді, жерді де періштелер басқаруда. Әрине, бұл аспан денелеріне де қатысты...

10. Бау-бақшаның сұлулығына сұлулық қосатын бұлбұлдар секілді,  жаратылыстың да сұлулығын дәріптейтін өз «бұлбұлдары» бар
Жаратылыстың әсемдігін ұлықтап, үнемі дәріптеуден тынбайтын мақұлықтар бар. Бақшадағы бұлбұлдар сияқты, олар да көк аспанның «бақшаларындағы» жұлдызды «гүлдерге» қонақтап, Иесіне мадақ айтып, шүкіршілік етіп, дамыл таппай шырқайды. Олар кейде бір болмыстың денесін мекендейді. Ұлы құдірет Иесінің табиғатқа шағылыса түскен теңдессіз сұлулығын тамашалап, өздерін ұмытып кетеді. Кейде орасан зор галактикалардың зікірін Жаратқан Иелеріне жеткізеді. Олар мәңгі-бақи құлшылық жасайды, олар тек құлшылықпен ғана ғұмыр кешеді!.. Бұлар – періштелер... және де олардың табиғаты өздерінің құлшылықтарына қарай бейімделген.

11. Періште, жын-шайтан секілді рухани болмыстардың бар екенін пайғамбарлар мен әулиелер айтқан, фәлсафашылар мен ғалымдар дәлелдеген
Рух, періште, жын секілді болмыстардың бір түрін дәлелдеу – барлығының бар екеніне дәлел. Себебі бөлшек бүтіннен алынады. Мәселен, бір не бірнеше адамда бүйректің бар екенін көргеннен кейін, барлық адамда бүйректің бар екеніне көзіміз жетеді. Сондай-ақ жануардың бір түрін көру – сол  түрдің жер бетінде бар екендігіне дәлел...

Ғұмыр бойы өтірік айтып көрмеген жүз жиырма төрт мың пайғамбар мен сан мыңдаған әулиелер, саны белгісіз қаншама адамдар періштелер мен жындарды көргенін, олармен сөйлескенін айтқан. Сол айтылғандар ауызша әрі жазбаша түрде бізге де жеткен. Шыншылдығымен әйгілі, ұйымдасқан түрде өтірік айтуы мүмкін емес жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған адамның әр түрлі кезеңдерде және әр жерде айтқан сөздерінің бір жерден шығуына күмәндануға бола ма? Ондай күмәнға не деген жөн?

Сондай-ақ, тумысынан туралығымен танымал қаншама ойшылдар мен ғалымдардың нақты дәлелдермен осы мәселенің ақиқатына көз жеткізуі жоғарыда айтылғандарды нақтылай түседі.

12. Періште мен шайтан – адам бойындағы ізгілік пен зұлымдықтың белгісі
Жаратылыстағы кез келген нәрсенің өзіне қарама-қайшы нәрсемен танылатын ерекшелігін айтып өткен-біз. Соған сүйене отырып, мынаны айтуға болады: әлемде жақсылықтың жаршысы періштелер болса, жамандыққа азғырушы – шайтан. Дегенмен, шайтанның да кейбір пайдалы тұстары бар.

Шайтан жамандыққа азғырып пендені тура жолдан тайдыруға әрекет жасағанымен өздігінен еш нәрсе жарата алмайды. Жақсылықты да, жамандықты да жарататын – Аллаһ тағала. Аллаһ тағала – әсемдік пен ізгілікті, игі істерді сүйетін нағыз сұлулық пен кемелдік Иесі. Ол өзі жаратса да, жамандық пен зұлымдықты мүлдем жақсы көрмейді. Аллаһ тағала жамандыққа разы болмағаны секілді, құлдарына зұлымдық та жасамайды. Яғни адамның қол-аяғын байлап, оған зорлықпен күнә жасатпайды. Аллаһ тағала адам баласын пәк етіп жаратқан, бірақ адам шайтанның амал-айласына алданып, өз қалауымен нашар қылықтар жасайды. Жамандықты жаратқан Аллаһ, бірақ оны істеткен ол емес.

Адамдардың жануарға ұқсайтын жақтары бар. Бұларды ел арасында таралып кеткен тұрақты тіркес-тер мен қалыптасқан ұғымдардан да көруге болады. Мәселен, мінезі жайсаң, жақсылыққа жаны құмар абзал жандарды яки  жамандықты білмейтін жас сәбилерді періштеге теңейміз. Дәл сол секілді қатыгездігі ай-уаннан өтіп кететін, мінезі нашар, сатқындыққа жақын, арам ниетті, қастық жасағанда жаны кіретін қаскөй адамды «сайтан» деп айту жиі кездеседі. Бұл ұқсастықты халықтың ойдан шығаруы мүмкін бе? Әлде жай ғана кездейсоқ айтылған сөз бе? Білгіңіз келсе, Алексис Каррелдің еуропалық адам үшін жасаған «адам..!» формуласына бір қарап көріңіз! Соңында, бір сөз зергерінің[1] дегеніндей, қазіргі заманда көптеген адамдардың бет пердесін сыпырып алар болсақ, оларды қасқыр, түлкі, қоян секілді түрлі аң кейпінде көрер ме едік. Ендеше, Құрандағы «Олар хайуандар сияқты, тіпті олардан да бетер»[2] сөзіне сүйене отырып, әрбір адамның өз дәрежесіне қарай қоршаған ортадан жұқтырған бір қасиеті бар екенін айтуға болады. Расында, кісі табиғатында жануарларға тән мінездердің белгісі байқалады. Мысалы, арыстан – адамның батырлығын бейнелейді, сондықтан батырларды «арыстанға», өжет жандарға «өзің қасқыр мінезді екенсің» деп, ал момын, кішіпейіл жандарды қойға ұқсатып жатамыз. Жылан дегенде, көз алдымызға өңі суық, қатыгездеу адам елес-тейді. Ал бұлбұл дегенде, денемізге қан жүгіргендей болады, неге десеңіз адамзаттың бұлбұлы – хазірет Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) емес пе?!

Барлығымыз да жылқыны жақсы көреміз. Тұлпардың арнайы жылы үйі не демалатын жұмсақ төсек-орны жоқ. Тоқтағанды білмейді, шаршамайды, діттеген жеріне жеткенше шабады... бар күшін сарқып, әлі біткенде бір-ақ құлайды, қайта бас көтерместен сол құлаған жерінде жан тәсілім етеді. Қазіргідей ұшақ пен ғарыш кемесіне міну ешбір пайғамбарға бұйырмаған есесіне: пайғамбарлар мен сахабалардың, басқа да ізгі жандардың иелігіне Жаратушысының ұлы есімін теңіз асырғанда мінген желдей ескен сәйгүліктері болды емес пе? Ол сәйгүліктер қаншама Халид, Сағыд, Әйюб, Тарық, Ұқба секілді сахабалар мен ержүрек батырларды жалымен жебеп, тұяғымен демеп тарихта абыройлы атын қалдырды. Мінушісі асқақ рухты, аты да қанатты – екеуі бір-бірімен тауып қосылған соң, теңіздер, құрлықтар, елдер – бәрі шағын ғана ауылға айналды. Амал не, қайғымызға қасірет қосып, бүгінгі күні қазанат аттар көзден ғайып болды... Қазір олар цирктер мен иппадромдарда. Ал ерге қонған азаматтар ше? Олардың қандай оқиғалардың кейіпкерлері болып жүргенін кім білген?! Абырой болғанда, өсіп келе жатқан жаңа ұрпақ бар, ендігі бар үмітіміз соларда.

Сөзімізді жалғастырсақ, кек сақтауда түйені, қырсықтықта ешкіні, қызғанбауда еті харам хайуанды, басқаларға жалтақтап бүкіл сана-сезімімен батыстанып кеткен жандар үшін жарқанатты, ал әркімнің аузын бағып құбылып отыратындарға қарап маймылды елестеткеніңіз жөн шығар!

Иә, адамның жанын тербетіп, жүрегі мен санасында бүршік жарған мыңдаған әсем ойлар мен асқақ сезімдер әрі соған сай тамаша мінез бен адамдағы басқа да жағымсыз қылықтар бір-бірімен айқасқан екі күшті елестетеді: жақсылық пен жамандық. Ал осыған итермелеп, қызықтырып яки үнемі көкейіне сыбырлап, азғырып тұратындар: періште мен шайтан болып табылады.

Адам – жаратылыс әлемінің кішірейтілген үлгісі. Біреуі – ағаш болса, екіншісі – дән: бірінде бар нәрсе екіншісінде де бар. Мысалы, жүрек – Арш ағзам[3]; ми – Күрсі; ақыл – Ләухы махфұз[4]; сүю мен жек көру – тартылыс заңы мен кері тебіліс заңы; ашу-ыза – дауыл мен толқын; қуаныш – күн мен көктем; рухани ояну мен құлдырау – куасар мен аспандағы қара құрдымдар; атом – күн жүйесі; қан тамырлары – өзендер... Сол секілді шабыт, ізгі сезімдер мен жақсылықтар – періштелер; ал әзәзіл, жиіркенішті сезімдер мен жамандықтар – шайтан! Яғни, жақсылық пен жамандық адам бойындағы бүкіл сезім-түйсіктерді бейнелейді. Халықтың да даналыққа негізделген әлгі екі теңеуін еске түсірелікші: «Адам емес, бейне бір періште дерсің», «Адам емес, шайтанның нақ өзі»...


[1] Автор: Түркияда (1873-1944) өмір сүрген белгілі мұсылман ойшылы және дін ғалымы Бәдиуззаман С.Нұрсиды айтуда.[2] Қараңыз: Ағраф сүресі, 7/179, Фурқан сүресі, 25/44.
[3] Аллаһтың үлкен тағы (ауд.).
[4] Сақтаулы тақта: бүкіл жаратылысқа тән нәрселердің негізгі жады (ауд.).


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.