ТАБИҒАТ, ТАБИҒАТ ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫ, СЕБЕПТЕР ТІРШІЛІКТІҢ ТҮП ИЕСІ НЕ ЖАРАТУШЫСЫ БОЛА АЛМАЙДЫ

1. Заңдылықтар мен себептер материямен тығыз байланысты
Заңдылықтар мен себептер материямен тығыз байланысты, сондықтан оларды материядан бөлек қарастыра алмаймыз. Демек, материясыз заңдылықтар мен себептер де болмайтындықтан, оларды матер-иялдық әлемнің жаратушысы, қайнар бастауы, негізі деп санау бекершілік. Материяны және ондағы құбылыстарды заңдылықтар мен себептер тудырмайды, қайта заңдылықтар мен себептер материядан және ондағы құбылыстардан туындайды.
Жұлдыздар мен ғаламшарлар өз орбиталарында белгілі бір тәртіппен айналады. Әйтпесе олар Ньютон ойлап тапқандықтан айналып жатқан жоқ. Сірә, кейіннен жаратылғандықтан әрі сол іс өздеріне жүктелгендіктен айналуда. Ньютон секілді жаңалық ашқан ғалымдардың бар жасағаны ғаламда материяға дарытылған заңдылықтарды ойлап тауып, оған бір атау беру ғана.
2. Заңдылықтар мен себептер ықтимал нәрселерге жатады
Заңдылықтар мен себептердің болу-болмауы бірдей дәрежеде. Бар болуы материяға тәуелді болғандықтан, материяның бар болу шарттары да оларға қатысты. Қалайша материя себепсіз пайда болмайтын болса, заңдылықтар мен себептер де өздігінен пайда бола алмайды. Бұл – ықтималдықтың басты қасиеті. Өздері қандай да бір себепке тәуелді болғандықтан, олар өздігінен ештеңені жарата алмайды, өйткені ең алдымен жаратылуға өздері мұқтаж.
3. Заңдылықтар мен себептер кейіннен пайда болғандықтан мәңгілік емес
Заңдылықтар мен себептер кейіннен пайда болған. Демек, олар мәңгі тұра алмайды. Егер кейіннен пайда болған нәрсені басқа бір кейіннен пайда болған нәрсе жаратқан десек, онда ішекше созылып кете беретін ұзын-сонар тізбекті мойындаған боламыз. Бұл ақылға сыймайды.
Материя секілді заңдылықтар мен себептер де бір күні жоқ болады. Ғалымдар материяның жоқ болып кетуі, жұлдыздардың үзілген моншақтай шашырап, әлемдік жүйенің астан-кестең болуы, қиямет-қайымның орнауына түрткі болуы кәдік көптеген жайттарды тілге тиек етуде. Ұзын сөздің қысқасы, ажалы келіп, бір күні көзден бал-бұл ұшатындар жаратушы бола алмайды.
4. Заңдылықтар мен себептер басқа себептерге мұқтаж
Заңдылықтар мен себептер өздігінен пайда бола алмағандықтан, әрқашан басқа себептердің әсерінен пайда болады. Бұндай бір-біріне тәуелді себептердің тізбегі шексіз жалғаса бермейді, сондықтан оларды бір жерде тоқтатуға мәжбүрміз.
Осы айтылғандарды түсінікті ету үшін, мынадай мысал берейік: ағаштың шығуына дән себеп. Ал дәнге не нәрсе себепкер? Тауықтың бар болуына себепкер – жұмыртқа, ал жұмыртқа қандай себепке тәуелді? Немесе бір алманы алып қарайық: Алманың бар болуы гүл мен бүршікке тәуелді, гүл мен бүршік талға, бұтақ пен тамырға; олар дәнге; дән топырақ пен топырақтағы минералдарға, жылуға, күн сәулесі, ауа мен климатқа т.б. тәуелді. Осылайша «Тартылыс заңына» барып тірелеміз, бірақ сұрақтар бітпейді. «Ал, ол ше?» – деп ары қарай сұрай береміз. Ақыры, бір жерде тоқтау керектігін түсінеміз. Міне, осы соңғы нүкте ең алғашқы себеп болып табылады. Ал ол, еш күдіксіз, «Бұл кімге тәуелді?» – деп сұралмайтын ұлы Жаратушымыз, яғни Аллаһ тағала. Әйтпесе әрбір себепке бір құдайлық таңу керек болады, ал бұл – соңы жоқ, ақылға симайтын түйінсіз шатпақты мойындау.
5. Заңдылықтар мен себептер – белгілі бір пішіні жоқ шартты ұғымдар ғана
Кейбір заңдылықтар мен себептер – қолмен ұстап көруге келмейтін және ойдан шығарылған қияли нәрселер. Жоғарыда айтылған «тартылыс заңына» тоқталып өтейік. Ол өмірде бар нәрсені түсіндіру үшін берілген атау ғана. Оның үстіне ол көзбен көрінетін, қолмен ұсталатын, зертханада зерттелетін зат та емес. Көрінетін әрі естілетін жағы тек оның нәтижелері ғана. Яғни заңдылықтар – жекелеген болжамдардан тұратын күштер. Дәннің өніп-жетілу заңы, судың ауырлықты көтеру заңы, ДНК-дағы шифр заңы мен магниттегі тартылыс заңы – бәрі осыған жатады. Олай болса, материалдық кәдімгі көзге көрінерлік денесі жоқ әрі ойдан шығарылған күш, яғни заңдылықтар мен себептер, қалайша орасан зор бөлшектерден тұратын миллиондаған тонна ауыр салмақтағы аспан денелерін аспан кеңістігінде шыр айналдыра алады?! Бұндағы ұшқыр есеп-қисапты, тәртіпті, таңқаларлық күшті қайда жатқызасыз? Көрмеген нәрселерін жоққа шығаратындар ғаламның пайда болуына осы қияли заңдылықтар мен негізсіз себептер түрткі болған деп қабылдайды әрі көрмесе де сенеді. Олардың Ұлы Жаратушыға беруге қимаған күш-қуатты әлгі қияли себептерге телуін пайымды пікір ретінде қабылдау мүмкін емес. Оны бар болғаны ақыл-ойдың мешеулігіне ғана жатқызуға болады.
6. Заңдылықтар мен себептер өздері тәуелді басқа заңдылықтар мен себептерге, құбылыстардың пайда болуына түрткі
Заңдылықтар мен себептер өздері мұқтаж болған басқа заңдылықтар мен себептерге арқа сүйеп, белгілі бір нәтиженің дүниеге келуіне себепкер болады. Әйтпесе олардың жоқтан бар жасайтындай ықпалы жоқ. Бір жасушаның пайда болуына дәнекер барлық заңдылықтар мен себептерді бір жерге жинауға болады, алайда олардан жаны бар жасушаны дүниеге келтіру мүмкін емес. Жоғарыда бірнеше рет айтып өткеніміздей, бір тіршілік иесінің пайда болуы үшін мыңдаған себептің «ақылдаса» отырып бір жерге жиналуы шарт. Алайда, бұл әлгі себептердің қолынан келетін іс емес.

7. Заңдылықтар мен себептердің және олардан туындаған нәтижелердің арасында сәйкестік пен үндестік жоқ
Заңдылықтар мен себептер өте әлсіз, қарапайым, мардымсыз, білімсіз әрі ерік-жігерсіз бола тұра, олардан туындаған нәтижелер барынша жетілген, құнды және аса маңызды. Демек, себептер мен олардың нәтижелері арасында болмашы ғана байланыс болғанымен, шынайы сәйкестік пен үндестік жоқ. Мәселен, салмағы елу килограмдық адам бес жүз килограмм жүкті көтерсе немесе бала бір ғана саусағымен автобусты тартса, сөз жоқ, оны көрген барлық адам таңданбай қоймайды. Дәл сол секілді айналамызда үздіксіз қозғалыс үстіндегі заттар мен құбылыстарға себеп-нәтиже арасындағы сәйкестік пен үндестік жағынан қарайтын болсақ, орасан зор айырмашылықты, кісі таңғаларлық теңсіздікті көруге болады. Неге десеңіз, саусағымызды тастескіш құрал ретінде пайдаланып, тасты тесуге тырыссақ, саусағымызды сындырғаннан басқа еш нәрсе ұтпаймыз. Өйткені тасты тесуге саусағымыздың күші де, мықтылығы да жарамайды. Алайда өсімдіктердің жібектей нәп-нәзік әрі жіп-жіңішке тамырлары жартасты қақ ортадан жарып өтеді. Ар жағынан күн көрінетін жұқа жапырақтар күннің бет қаратпас ыстығында солмақ түгілі өңін де бермейді. Жемісі, гүлі, бұтақтары бар ағаштың программасын бойында сақтай білген дән өте қарапайым, тым кішкентай емес пе?! Бұған қоса ең кемелденген қабілеттермен жаратылған адам баласы мен оның барлық қабілеттерін бойына сіңірген әрі дінімізде нәжіс[1] болып саналатын спермаларды бір салыстырып көріңізші! Тәттілігімен тілді үйіретін жемісі бар інжір ағашының дәнін,  ағашымен салыстырғанда ол дәннің тым кішкентай боларына бір терең ой жіберіңізші?! Міне, осыншама көптеген мәселелерден біздің ұғынатынымыз әрі мойындайтынымыз: заңдылықтар мен себептер өздерінің сондай қарапайымдылығына, қауқарсыздығына қарамастан, әрдайым керемет нәтижелерге себеп болуда. Дәл осындай толықсыған, жетілген нәтижелердің қайнар бастауы, жаратушысы әлгі қарапайым, әлсіз, өткінші заңдылықтар мен себептер бола алмайды. Сондай-ақ себептер өздерінде жоқ мұндай қасиеттерді басқасына береді деу де ақылға сыймайды. Аз ғана уақыттың ішінде көзден ғайып болғанын көре тұра, адамдағы теңдессіз қабілет-сезімдерді бір тамшы жиіркенішті судың еншісіне (спермаға) беру бос сандырақ қана.
8. Заңдылықтар мен себептер өзіне қарсы мәндес болмысқа мұқтаж, сондықтан жаратушы бола алмайды
Заңдылықтар мен себептер ештеңені де жарата алмайды, өйткені олардың да сыңары бар. Бір жағынан, заттарды өздерінің қарама-қарсы түрлерімен тануға болады. Тартылыс заңы мен тебіліс заңы, плюс пен минус, ыстық пен суық, күндіз бен түн – бәрі бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар ретінде белгілі. Айқындалу үшін өзіне қарама-қарсы түрге мұқтаж болғандар жаратушы бола алмайды.
Шебер өзі жасаған затқа ұқсамайды. Үй мен үйді салған ұста бірдей бола алмайды. Егер солай болады десек, онда бір нәрсені әрі болады, әрі болмайды деген сияқты қисынсыз тұжырымды қабылдағанымыз.
9. Кейде барлық себептер үйлесе тұра нәтиже шықпайды, ал кейде себептерсіз де нәтиже шығады
Кейде барлық себептер бола тұра нәтиженің шықпауы бізге мынаны көрсетеді: нәтижені тудыратын күштің себептерге еш қатысы жоқ. Кейде себептерсіз-ақ нәтижені көруге болады. Бұлардың бәрі жарату не жаратпау жөнінде өз еркі өзіндегі біреудің бар екенін білдіруде. Әрине, ол – Аллаһ тағала.
10. Себептер арасындағы ең күштісі және ең қабілеттісі – адам, бірақ оның қажеттіліктері шексіз, мүмкіндіктері шектеулі.
Себептер арасындағы ең күштісі және ең қабілеттісі адам болып табылады. Заттар мен құбылыстар соның билігіне берілген. Әлемдегі жаратылыстардың ішінде адам ғана ақыл, сезім, қалауымен ерекшеленеді. Сөйте тұра, ең әлсізі, ең мүсәпір, ең бейшарасы да осы адам. Кейде бір микропқа шамасы келмейді, кейде болмашыға күші жетпей жігері жасиды. Қажеттілігі шексіз бола тұра, күш-қуаты шектеулі. Осындай кейіптегі адам бүкіл себептердің төресі бола тұра неліктен қол жайып жәрдем тілейді? Шексіз қажеттілігіне кімнен көмек сұрайды?
Әрине, оның да қол жайып, сырын ақтаратын біреуі бар: ол – бүкіл себептерге қалауынша билігін жүргізетін Аллаһ тағала.

Сілтемелер

[1] «Нәжіс» деп намаз оқуға кедергі жасайтын таза емес нәрселерді айтады (ауд.).

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.