Табиғат
Табиғат – жалпы алғанда күллі болмыстың және оның ерекшеліктерінің жиынтығы. Ал адамға келетін болсақ, табиғат – оның мінез-құлқы. Қай тұрғыдан қарастырылса да табиғат – Құдіреті Шексіз Жаратушының құдіретімен өрілген шілтер, Жаратушы Күштің (Аллаһ) иелігіндегі заңдылық пен Оның хикметтерін паш ететін өзінше бір кітап. Табиғат та материя сияқты – сезім, ақыл, түйсік дегендерден мақұрым. Осы тұрғыдан алғанда, ол бауырында сәт сайын жаратылып жатқан әрі ақылды, ерікті және арнайы ғылыми жобаларды қажет ететін бүкіл болмыстың тілімен өзінің дәрменсіздігін және мұқтаждығын сездіреді. Яғни, ол сол арқылы шексіз ілім және таңғажайып құдірет пен керемет ерік Иесін айқын танытып тұр.
Табиғат – материяның табиғи қасиеттері мен ерекшеліктерінің жиынтығы болғандықтан, өз болмысы оған қарыздар табиғаттың материядан бұрын болуы мүмкін емес. Олай болса, оны барлығының бастауы деп санау, болмыстар мен құбылыстарды онымен түсіндіруге тырысу тек адамның өзін-өзі алдауы ғана болмақ.
Қазіргі таңда жаратылыстану ғылымдарынан аздап хабары бар адам табиғаттың соқыр және мылқау күштен тұратынын және оның еш нәрсені жарата алмайтындығын өте жақсы біледі. Ал соны біле тұра табиғатты Жаратушы Күштің орнына қоюға тырысу – күпірліктің бірбеткейлігінен басқа еш нәрсе де емес...
Табиғаттың болмысы анық белгілі болғанның өзінде, оны басқаша етіп көрсету – ғылымға қайшы келу әрі әрқайсысы өз алдына дара өнер туындысы болып табылатын осынау дүние көрмесіндегі барлық антикварлық туындыларды қорлау деген сөз.
Егер табиғат болмыстардан тұратын болса, «табиғат жаратты» деушілер осы сөздері арқылы «болмыстар өз-өзін жаратты» дегендерін ұғына ма екен? Ал «табиғат» сөзін астарлап мінез, сипат, заңдылық, жүйе деген түсініктерді меңзеген болса, табиғат өзінің пайда болуына себепкер болған заттар мен құбылыстарды қалай жаратып, қалай бір жүйеге келтіргенін түсіндіруі қажет емес пе?
- жасалған.