Әйел

Балалардың тәлім-тәрбиесі, отбасындағы мамыражай бейбіт өмірдің ұйытқысы, алғашқы ұстазы – әйел. Қоғамда әйелге сан алуан міндеттер жүктелген қазіргі кезеңде Құдіретті Жаратушының оған әу баста сый етіп берген мүлдем айрықша әрі шынайы орнын еске салу көптеген қажетсіз әуреден құтқарар еді.

Арлы, тәрбиелі және өз ошағына берік әйелдің үйі – Жәннаттың бір бұрышы. Ол жерден шыққан баланың уілі, отағасының емен-жарқын күлкісі және ананың мейірімге толы үні бейне бір жәннат тұрғындарының салған әндері мен Кәусардың сылдыр қаққан үніндей.

Өзінің сыртқы әдемілігіне есі шыға алданған әйелді көрген кезде «әйелдің ажарын ашатын ар, намыс секілді асыл қасиеттерге терең мән бере ме екен?» деген қанжылым ойға еріксіз қаласың.

Әйелді періштеден де мерейін асыратын қасиеттер – оның ішкі дүниесінің тереңдігі, намысы мен парасаттылығы. Намысы тапталып, өсекке ілінген әйел жалған ақша сияқты, ал жеңілтек әйел болса – масқараға айналған қуыршақ қана. Осындай азғындаған әйелдер үстем ортада түтіні түзу ошақ, салиқалы ұрпақ туралы ойлаудың өзі мүмкін емес.

Ішкі жан дүниесі нұрланып, ізгілікке жеткен әйел – хрус-тальден жасалған люстра сияқты. Оның әр қылығынан самал есіп, үйдің іші самаладай жарқырап, жылы шуақ орнайды. Қараңғы ойлардың қапасына қамалып қалған әйел кейпіндегі сормаңдай бейшаралар жүрген жерін ластап кететін қапас түнек пен тұманның қайнар көзі ме дерсің.

Әйелдің қолынан тастамай оқитын кітабы – «қоғамдық тәрбие» кітабы. Алайда, оны мінсіз әрі толық жазылып бітті дей алмаймыз.

Өзін нәпсінің құрбаны еткен әйелдерді көрген кезде «әйелдің ақылы қысқа» деген адамдарды түсінуге болады. Осылай дегендер әйелдің жарнаманың құралына айналғанын көрсе, айтуға сөз таппас еді.

Ата-бабаларымыз «әйелдің қолындағы ине жауынгердің қолындағы найза сияқты» дейтін. Мұнда ешқандай да әсірелеу жоқ.

Әйелдің тарихта басқалардың қолындағы мал-мүлік, ойыншық және жарнама құралына айналған кезеңдері көп. Бірақ, Құдайға шүкір, бұл бақытсыздық белең алған кезеңдер әрқашан оның қайтадан жаңарып өзінің әу бастағы болмысына оралуының басы болған.

Біздің ата-бабаларымыз ұл баланы «махдум», қыз баласын «кәрима» дейтін. Осының өзі олардың балаларын «көздің қарашығы» деп аса қажетті, баға жетпес, өте нәзік адам мүшесіндей көріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген.

«Абайла, үстіңді былғап алма» деп бір-бірімізге ескертіп жатамыз. Бірақ көздің қарашығындай болған әйелді қорғап-қолпаштау қажет екенін ұғына білдік пе?

Текті әйелдің көркі, әшекейі – ар-намысы мен абыройы, ал оның ең таңқаларлық, құрметке лайық қасиеті – көрегендігі, тәрбиелігі мен жарына деген адалдығы.

Жақсы әйелдің сөзінде даналық, рухында нәзіктік пен кіршіксіз тазалық, адамдармен қарым-қатынасында әрдайым өзін еріксіз сыйлататын және құрмет тудыратын қасиет болады. Парасатты жандар оның әлгіндей асыл қасиеттерін сезіп, пенделік сезімдерін ғибрат пен терең ойға еріксіз бұрады.

Тәні мен жанын жарастыра алмаған, жүрегі мен рухын кемелдендіре алмаған әйел белгілі бір уақыт аралығында хош иісімен сүйсіндірген гүлге ұқсаса да, уақыт өте келе солып, жапырақтары төгіліп әйелге тән қадір-қасиеттен айырылады. Мәңгілік жолын таппаған бейбақтардың ертеңгі күні қандай өкінішті десеңізші!

Әйел – алдауға немесе ар-намысын қаралауға болмайтын аса нәзік гауһар тас. Ғылым-білімді игеріп, ақиқатты таныған келешек бақытты ұрпақтың оны көздің қарашығындай қорғайтынына сенімдіміз...

Бізде әйел – ұлттық абыройымыз бен тектілігіміздің іргетасы. Көп ғасырлық әрі даңқты тарихымызды қалыптастыруда оның орны& жаумен арпалысқан қаһармандарымыздан кем емес.

Әйелдерге қорған боламын деп өзеуреп, олардың құқығы мен еркіндігінің «апостолы» болғандардың көпшілігі олардың тәндік құмарына шоқ тастап, рухтарына қанжар сұғып жаралаумен ғана айналысуда.

Өзін де, ұрпағын да ізгілікке тәрбиелеген әйелдің береке-құт қонған ошағына ешқандай кесел жоламайды, ол ол ма, кесел меңдеген жарымжан пенделердің өзі ондай ошақтан жанға дауа, тәнге шипа табады. Тәңірдің ырыздығы жа-уып, ырыс дарыған мұндай ошақ – суреттеуге тіл жетпес нағыз Жәннат бағы.

Жүрегін иман нұрымен, санасын ғылым және қоғамдық құндылықтармен нұрландырған әйел үйін күн сайын құлпыртып отырады, әрі жан жадыратар шуаққа бөлейді. Ал азғындықтың ауылына аяқ басқан парасатсыздар мен санасыздар болса, жоғарыдағыдай әсем үй тұрғызу былай тұрсын, бар үйлерді қиратып, үйіндіге, қараңғы мазарға айналдырады.

Әйел – арзанқол әрі жай материалдың қиындысы емес және оның орны жуылмаған ыдыс-аяқ пен темір-терсектің арасында да емес. Ол баға жетпес бриллиант іспетті болғандықтан, өзінен де құнды және аса нәзік талғаммен безендірілген құтыда сақталуы керек.

Әйел нәзіктігімен, сезімталдығымен ерекше бір қасиетке ие. Ол осы қасиеттерін өзінің нәзік болмысын ескерген жағдайда ғана сақтап тұра алады. Тек осылай еткенде ғана ол отбасына, демек қоғамға да пайдалы бола алады.

Бүгінгі күнге дейін феминистердің көлденең тартқан әр ұсынысы әйелді өрескел жан көріп, масқарампазға айналдырып келеді. Алайда, әйел жаратылыстың маңызды бір бөлігі емес пе?! Ал оның маңыздылығы – өз болмысы мен табиғатын сақтап, оның өлшемдерін қастерлеуде жатыр.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.