Парасаттылық

Көрегенділікке тәжірибені, талдай білуді және ғылыми һәм түйсікке негізделген танымды жатқызамыз әрі көріп-сезуге арқау болатын мәселелерді егжей-тегжейлі түсіну де осы ұғымның төңірегінен табылады. Демек, көрегендік қабілетке ие кісінің бұл дүниеден тысқары әлемге де көкірек көзі ояу болса, онда ол кемел адам болу жолындағы ақиқат пен руханияттың қаһарманы деген сөз.  

Ақыл – ғылымның аса маңызды қайнары. Парасаттылық болса, танымның өте маңызды бастау бұлағы. Ақылды бола тұра парасаты болмаған адамның көп нәрсе біліп, түсінгенімен белгілі бір жетістікке жетуі нейғабыл.

Парасаттылық қандай да бір құбылысты сол күйінде немесе оны жақыннан түсінуге мүмкіндік береді, алайда әрбір ақыл иесі парасатты бола алмайды.

Парасатсыз ақыл-есте күмән, дәйексіздік пен сенімсіздік жиі бой көрсетсе, парасат патшалығынан жанға жайлы жарасымдылық, тәуекел мен сенімділік есіп тұрады.

Ақыл мен ой ми қызметінің ең жоғарғы сатысы болса, парасат – рух танымының алғашқы баспалдағы. Парасаттың шыңы – даналық. Құранда «кімге даналық берілсе, ол шындығында көптеген жақсылыққа қол жеткізген болып саналады» деп осы ақиқатқа ерекше назар аударылған.  

Жаратылысқа тек көзімен көргені бойынша баға беретіндер болмыстың астарын түсініп жарытпайды. Ал болмыс атаулыға парасат назарымен үңілгендер араның гүлдерден бал жинағанындай кез - келген құбылыстың астарына шекер-шәрбат татитын мағына тауып алады.

Көз заттың немесе құбылыстың пішіні мен сыртқы келбетін ғана көреді. Парасат одан тереңге құлаш ұрады, яғни дәнектің қабығына ғана емес, сонымен бірге сол дәнек қабығының ішіндегі дәнге «үңіледі». Сонымен қатар адамның парасат-пайымын, рухани деңгейін және тағы басқа сол секілді асыл қасиеттерін танып-біле алады.

Көз заттар мен құбылыстардың сыртқы көріністері мен материялық жағын, ал парасат оның ішкі мазмұнын, пайдасын, мақсаты мен хикметін және сол секілді басқа да құндылықтарды ішкі мәнімен қоса көріп, тануға жол ашады.

Парасат ақыл да емес, ой немесе ойлау жүйесі емес. Ойлау қабілетінің ақыл мен оның жемістерінен биік тұратыны іспетті, парасат та ойлаудан тұғыры биік тәңірлік рухани қабілет.

Адамның жануардан ерекшелігі – оның ақылы, парасаты, мұнымен қоса шабыт пен хикмет иесі екендігі. Мұндай қасиеттері жоқ жандар қалай құбылса да, қажетті даму деңгейіне жетпеген болып саналады.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.