Сезім мен түйсік
Сезім – адамның сезіп-білу қабілетімен танылатын жағдаяттарды сыртқы және ішкі сезім мүшелері арқылы қабылдауы. Сондықтан бір немесе бірнеше нәрсені бірден қабылдайтын адамды сезімтал дейді.
Ақыл – мидың, ар-ождан – рухтың сезіп-түйсінуі. Алғашқысын «білім» десек, екіншісін «сезім» деу дұрыс болады. Сондықтан да ақылын қолданбаған, сезімдері өлі жандар жаратылысты сезе де, ондағы болып жатқан құбылыстарды танып-біле де алмайды.
Түптеп келгенде, сезім – рухтың тікелей түйсіну тетігі саналатын ар-ождан. Сондықтан сезімсіз адамды арсыз, арсыз адамды сезімсіз деуге болады.
Сезім хикметпен тәрбиеленіп, кемеліне келеді. Материалистік философия оны жоққа шығаруға тырысады. Осы себепті кез келген мәселені ақылға апарып тірегендер сезімнің нұрлы аясын ешқашан тани алмайды.
Шынайы сезім кіршіксіз таза сезімталдықты қажет етеді. Ал шынайы әрі толық сезімталдық шынайы әрі толыққанды сезімнен туады.
Сезімнен жұрдай, арсыз адамдар қол жеткізген жеңістердің барлығы – хайуанға тән жеңістер және масқаралықтың көрінісі ғана. Мұндай жеңістер түбі жақсылыққа апармайды: адамның хайуанға тән инстинктісі оянып, нәпсіге ерік береді. Ал нәпсіге ерік берілген жерде адамның бойындағы жасампаз күштің қанаты қайырылып, ар-ұят ұмытылады.
Дін, отан және халықтың басына келген апаттар мен ауыртпашылықтарға қабырғасы қайыса күйзелгендерді сезімі сетінемеген асқақ рух иелері деуге болады. Олар өздері пір тұтқан жоғарғы құндылықтар үшін жанын құрбан етуге бар. Ал сезімнен жұрдай, түсінігі таяз адамдар ерлікті дәріптегенімен, сөздері мен істері алшақ кетіп жатады...
Өзіне зиян келсе де басқаларды ойлап, олар үшін өмір сүру, олардың қайғысы мен қуанышын бөлісу сияқты маңызды қасиеттерді бойына жинақтай білген адам – рухани жағынан толысқан адам. Мұндай асқақ сезімдерден мақұрым болғандардың бойынан бұл қасиеттердің біреуін де таба алмайсыз. Мұндай адамдардың бойындағы ізгілік пен жомарттықтың деңгейіне келер болсақ, олар көбіне басқалардың жазып, орындаған музыкалық шығармасына сырттай міңгірлеп қосылғандардың үніне ұқсайды.
Халықтың дамуы мен өркендеуі жеке тұлғалардың ауызбіршілігі мен қаншалықты сезімталдығына байланысты. Сезімі терең жандар идеалдары үшін барлық асылын ойланбастан пида етеді. Ал дәрменсіз қалған жағдайда өз отына өзі жанып кетеді немесе айықпас ауруға шалдығады.
Сезімнің күндей жарқырап көрінетін сәті – діни және ұлттық құндылықтарға зиянкес қаскөй күштер шабуыл жасағанда пайда болатын алапат ашу-ыза. Ол сезімтал жандардың бар болмысын жаулап алады, ол ол ма, одан өліп кетуі де мүмкін. Мұны «қайырымды» қызғаныш деп атауға болады.
Мұндай «қайырымды» ашу-ызаны – құндылықтардың, ұлы қасиеттердің аяқ асты болған кезінде пайда болатын рухтың қынжылуы мен азап шегуі деп түсіндіруге болады. Нағыз адам мен адам бейнесіндегі жаратылыстарды бір-бірінен ажырататын ең айқын ерекшелік те – осы. Барлық биікті бағындырған Ұлы Рухтан осы күнгі тақсырет пен қасіретті көп көрген азап шегушілерге дейін басына түскен осынау безгектен көз жасы құрғамай, бірде тау басын, бірде үңгірлерді, бірде мазараттарды паналап, ойға батып, қайғыдан қан жұтқан. Меніңше, тарихтағы ең керемет кезеңдер мен дәуірлерді осындай сезім қаһармандары құрған.
- жасалған.